ҚазҰУ – Ресей аумағында филиал ашқан алғашқы қазақстандық университет – Торғын Ашенова

Бөлісу

22.09.2025 5469

Биыл Ресейдің Омбы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы 2025-2026 жылғы оқу жұмысын бастады. Өткен жылдың қараша айында екі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Ф.М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында Қазақ Ұлттық университеті филиалын ресми түрде ашу рәсімін бейнебайланыс арқылы жүзеге асырған болатын. Биыл университет талапкерлерді қабылдап, жаңа оқу жылын бастап кетті. Омбыға барған сапарымызда филиал директорының орынбасары Торғын Ашеновамен кездесіп, филиал жұмысы жөнінде сұрап білген болатынбыз.   


- Торғын ханым, Ресейдің Омбы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ресми түрде жұмысын бастады. Білуімізше Ресейде филилалын ашқан алғашқы қазақстандық университет. Ресейдегі қазақтар қалай қабылдап жатыр? 

- Шынында да өзіңіз айтқандай, ҚазҰУ – Ресей аумағында филиал ашқан алғашқы қазақстандық университет. Бұған дейін де қазақстандық жоғары оқу орындарының шетелде филиалдары бар екен. Бірақ Ресейде былтырға дейін ашылмапты. ҚазҰУ алғашқы болып ашып отыр. Былтырдан бері филиал ашылады, ашылмайды деген көп сұрақтың астында болды. Бұл филиалдың ашылуын Ресейдегі қазақтар да қатты күтті. Жергілікті қазақ ғалымдары да қуанышпен қарсы алып, филиал жұмысына сәттілік тіледі. 

Өткен жылдың күзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин кездесіп, филиал ашу тапсырмасын берген болатын. Биыл мамыр айында ресми құжатымызды алып, алғашқы талапкерлерімізді оқуға қабылдадық. Алғашында көбісі сенбей, ашылмайтын шығар деп жүрді. Енді міне ашылып, жұмысымызды бастап кеттік. 

- Омбыдағы филиалдың болашақтағы жұмыс-жоспары қандай? Биылғы оқу жылында қандай мамандықтарға басымдық бердіңіздер. 

- Омбыдағы филиал ҚазҰУ-дың үшінші филиалы. Бұған дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түркияның Ыстамбұл және Қырғызстанның Бішкек қалаларындағы филиалы ашылған болатын. Филиалдардың ашылуы академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясындағы жобаларды жүзеге асыруды, оқытушылар мен студенттер алмасуды, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын  жүргізуді көздейді. 

ҚазҰУ-дің Омбыдағы филиалы «Халықаралық құқық», «Кеден ісі» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалавр даярлайды.

Ресей мен Қазақстан экономика және мәдениет саласындағы ұзақ уақыттық серіктестер. Сондықтан «Халықаралық құқық» және «Кеден ісі» мамандықтары бойынша маман даярлау екі елдің болашағы үшін сұраныстағы мамандықтар. 

Ресейде бір миллионға жуық қазақ тұрғандықтан «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын ашу өте орынды ұсыныс болды. Тіпті одан бөлек екі елдің бизнес саласын жүргізу үшінде аудармашылар қажет. Тіл мамандары осы олқылықтың да орнын толтырады. Ресей бойынша мектептерге қазақ тілі пәнінің мұғалімдері де қажет. Бұл пән Ресейдегі ешбір жоғары оқу орнында оқытылмайды. Сондықтан тіл мамандары болашақ та Ресей мемлекеті үшін білікті маман ретінде сұранысқа ие бола алады. 

- Биыл филиал алғашқы оқу жылына қанша студент қабылдады? Олардың басым көпшілігі қай өңірлерден? 

- ҚазҰУ филиалы бакалавриаттың үш бағыты бойынша студенттер қабылдады. Олар филология факультеті базасындағы – қазақ тілі мен әдебиеті, заң факультеті – кеден ісі, халықаралық қатынастар факультеті – халықаралық құқық. Биыл 68 студент бірінші курсқа қабылданды. Университеттің өзі 50 студентке арнайы грант қарастырды. Яғни олар 100 пайыздық грант негізінде оқу оқиды. Стипендия ғана қарастырылмаған. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына 15 талапкер түскен. Талапкерлердің барлығы Ресей азаматтары. Көбісі Омбы облысы, Алтай Республикасы және Ямал-Ненец автономды округінен келген. Біздің филиалға барлық азаматтар, ҚР азаматтары мен Ресей Федерациясының азаматтары және шетел азаматтары түсе алады.

- Алдағы уақытта ҚазҰУ-дың Алматыдағы және шетелдегі филиалдарымен студент алмасу жұмыстары жүргізіледі ме? Бітіруші түлектер қандай диплом алып шығады. 

- Әрине болашақта студенттерімізді Алматыдағы және Бішкектегі филиалдарымызға жіберіп, студент алмасу бойынша жұмсыс атқарамыз.  Осы жылдың қараша айында студенттеріміз Алматыдағы бас ғимаратта болып, студенттік қабылдау кешіне қатысады. Әзірге ҚазҰУ дипломын алып шығу мәртебесі бар. Болашақта қос дипломды беру бағдарламасы жүзеге асуы мүмкін. 

- Филиалдың оқу әдістемелік мүмкіндіктері қандай? Қанша мұғалім жұмысқа кірісіп жатырсыздар. Қандай кедергілер болып жатыр?

- Филиалдағы оқу үдерісін, оқу бағдарламаларын ұлттық университеттің профессор-оқытушылар әзірлеп беруде. Қызметкерлердің көпшілігі Ресей азаматтары. Филиалдың оқу-әдістемелік қызметі толық жасақталған. Студенттер Шоқан Уәлиханов атындағы кеден ісі, Абай атындағы қазақ тілі және Нәзір Төреқұлов атындағы халықаралық құқық кабинеттерінде дәріс тыңдайды. Одан да бөлек 7 оқу аудиториясы, коворкинг орталығымыз бар. Бұдан бөлек, басшылық пен профессор-оқытушылар құрамы үшін қосымша кабинеттер қарастырылған. Дәрістер қазақ және орыс тілдерінде, ішінара ағылшын тілінде де жүргізіледі.

- Филиалдың болашақтағы жұмыс-жоспары қандай? Алдағы уақытта тағы қандай мамандықтарға басымдық бересіздер?

- Болашақта студенттер санын көбейтіп, жаңа мамандықтарға бакалавр және магистратура мүмкіндіктерін ашу. Ғылыми кітапханамыздың қорын көбейтіп, студенттер мен оқытушылар пайдаланатындай мүмкіндіктерді қарастыру. Цифрлы, электронды кітап қорымызды құру. Омбыдағы ҚазҰУ филиалына Омбы облысының ғана емес, Ресейдің барлық аймақтары мен Қазақстаннан талапкерлерді оқуға шақыру жұмыстары күтіп тұр. 

- Сұхбат соңында e-history.kz порталының оқырмандарына өзіңізді таныстырып кетсеңіз. 

- Мен Омбы облысының Қоңырау ауданы Бәйімбет батыр ауылында дүниеге келгенмін. Бәйімбет Төбетұлы – қазақтың даңқты батыры, жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресте қазақ қолын басқарған әскери қолбасшылардың бірі. Шыққан тегі – Орта жүздің керей руынан. Батырдың мекендеген жерлері Омбы мен Көкшетау өңірлерінің төңірегі. Бүгінде батыр ауылын түлетіп отырғандар қазақтар. Олар ұлттық дәстүрімізді сақтап, ана тілімізде еркін сөйлеп, қазақы тіршілік кешуде. Мектепті сол ауылдан бітіріп, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетін тарих мамандығы бойынша бітірдім. 

2008 жылы Омбы академиясының аспирантурасына оқуға түсіп, 2015 жылы Мәскеудегі РҒА мемлекет және құқық институтында диссертациямды сәтті қорғап, заң ғылымдарының кандидаты дәрежесін алдым. Оқу бітіргеннен соң Ресейдің Ішкі істер министрлігіне қарайтын Омбы академиясында оқытушы болып қызмет атқардым. «Омбы қазақтары» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымын басқарып, «Омбы қазақтары» газетін құрып, бас редакторы қызметін атқарып келемін. Газетіміз өткен жылы «URKER-2024» Ұлттық сыйлығының халықаралық БАҚ-та Қазақстан туралы жарияланған үздік материал номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Омбы қазақтарының рухани және мәдени шамшырағы болып 10 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келе жатыр. 

- Сұхбатыңызға рақмет! Жұмыстарыңыз алға баса берсін! 

Бөлісу