Қазақтың қыз ұзатуындағы дәстүрлер

Бөлісу

17.09.2025 6078

Қазақ халқында неке – тек екі жастың бірін-бірі таңдап, қол ұстасып өмір сапарына аттануы ғана емес, екі елдің жаңа қарым-қатынасының орнап, төс қағысып құда болуы. Сондықтан да «қыз – өріс», «күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» деп айтылады. 


Қазақ үшін некедегі ең басты қағида – жеті ата заңы. Бұл медицинада да дәлелденген қан тазалығын сақтаудың қазақ дәстүрінде көрініс табуы. Енді біз қыз баланың босаға аттап, құтты орнына қонғанға дейін жасалатын жоралғылар мен салт-дәстүрлердің бір шоғырын тізбелеп көрейік.

Қыз айттыру – құдалықтың басы

Қазақ халқының неке салт-дәстүрінде ерекше орын алатын ғұрыптардың бірі – қыз айттыру. Айттырудың тарихы тереңде, түркі тектес халықтарға ортақ ғұрып ретінде қалыптасқан. Ежелгі қазақ қоғамында ұл балаға қалыңдық таңдауды ата-анасы жасынан ойластырған. Ұл 3 пен 10 жас аралығында болғанда-ақ ата-анасы оған лайық қызды қарастыра бастайтын болған. Бұл жерде басты мақсат – екі әулеттің теңдігі, әлеуметтік мәртебесі мен тұрмыс жағдайының сәйкес келуі. Бұны қазақ «тең – теңімен, тезек – қыбымен» деп бір ауыз сөзбен-ақ түйіндегенін білеміз. Ал жас айырмашылығына қатты мән берілмеген көрінеді. Тіпті қыз ұлдан үлкен болуы да мүмкін. Қалыңдықты таңдау көбіне әкесінің дәулеті мен абыройына байланысты жүрді. Бұл – байлыққа ұмтылу емес, «құданың құты тең болсын» деген қағиданың көрінісі.

Ұлдың әкесі терезесі тең деп санаған үйдің қызының басы бос екенін білгенде, арнайы адам жібереді немесе өзі барады. Осыдан кейін қызға жігіттің, жігітке қыздың атын айтқызған деседі. Сондықтан да бұл ғұрып «айттыру» деп аталса керек. Қыз айттыру – құдалықтың басы. Айттырудан кейін екі жақ арасындағы қарым-қатынас күшейіп, сый-сыяпат алмасу басталады. Қыз айттырылғаннан кейін жастардың некесі бірден қиылмайды, әдетте бірнеше жылға созылады. Осыдан кейін құдалық рәсімі өтетін болған. 

Құдалық 

Айттыру мен құдалықтың рәсімдері ұқсап кетеді немесе екеуі бір ұғым аясында да өрбіп жататын кездер болады. Құда түсіп келген жігіт жақтың сыйлы адамдарын қалыңдықтың әкесі төрге шығарып, әңгіме барысында қалыңмалдың мөлшерін айтады. Қалыңмалға жылқы, түйе, ірі қара сұраған. Оның көлемі де екі жақтың әлеуметтік жағдайына байланысты болған. Осыдан кейін жастардың алғаш кездесулері өтеді.

Айттыруға қатысты ырымдар

Қамшы ілу. Жігіттің әкесі құда болар үйдің төріне қамшысын іліп: «Құдалықтың басы осы болсын» деп ырым жасаған.

Үкі тағу, сырға салу. Қызды айттырып қойған белгі ретінде болашақ енесі үкі таққан немесе сырға салған.

Ақсарбас атау. Айттырудың ескі мағыналарының бірі құрбандық шалумен байланысты. Қыз үшін ақсарбас атап, әулие-әмбиелерге тәу ету дәстүрі болған.

Өлі-тірі (өлтірі): Құдалар қыз үйіне келгеннен кейін көп ұзамай «өлтірі» рәсімі өтеді. Бұл – құдалықтың ұзақ болуын қамтамасыз ету үшін «екі жақ өлі мен тірінің алдында ант етеміз» деген ниетпен (көне атаулардағы «өлі», «тірі» тұтастығымен) мал сою жоралғысы.

Қыз тұрмысқа шыққанға дейін әке-шешесінің үй шаруасына жәрдемдесіп, еркін өмір сүруі үйренген. Ұлды да қызды да тұрмысқа ерте бастан баулыған. Сондықтан да қазақ «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп жатады. Айттырылған қыз кәмелетке толғанда, яғни 13 жас шамасында, қалың малдың негізгі бөлігі төленгеннен кейін ұзатылған. Егер қыз жағы уағдасын бұзса, қалың малды қайтарып, үстіне түйе бастатқан тоғыз айып төлеген.

1868 жылғы «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарының далалық облыстарын басқару жөніндегі Уақытша Ереже» қыздардың құқығына қатысты өзгеріс енгізді. Онда қыз өз қалауымен ғана тұрмысқа шығуға тиіс және 16 жасқа толмаған қызды ұзатуға тыйым салынады деп көрсетілген. 

Құдалық – қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріндегі аса қасиетті институт. Ол ұл мен қыз арасындағы некені бекітіп қана қоймай, екі жақтың, бүкіл ру-тайпаның арасындағы мықты достық байланысты қамтамасыз етеді. 

Қыз жасауы

Қыз ұзатылғанға дейін қыздың жасауы дайындалып, тұрмысқа қажетті бұйымдары түгендеген. Яғни қазақ дәстүрінде қыз жасауы – ұзатылатын қыздың төркінінен жаңа отауына алып баратын дүние-мүліктерінің жиынтығы. Ол – қызға берілетін енші әрі келіннің жаңа ортада абыроймен түсуіне жасалған ата-ананың қамқорлығы. «Жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген сөз бар. 

Жасауға үйге қажетті тұрмыстық бұйымдар (төсек-орын, ыдыс-аяқ, кілем, сырмақ, сандық, көрпе-жастық), киім-кешек, зергерлік әшекейлер, мал (жылқы, түйе, қой) кірген. Көне замандарда қыз жасауына қызметші күң немесе атшы жігіт те енген екен. Қыз жасауы, біріншіден, қыздың төркінінің әлеуетін көрсетсе, екіншіден, ол жас отаудың тұрмысын жеңілдету мақсатында дайындалған. 

Қыз ойнақ

Қыз ойнақ ұзату тойының алдындағы жастарға арналған дәстүрлі ойын-сауықтарының бірі. Яғни бұл – ұзатылатын қыздың туған-туыстары мен құрбы-құрдастарымен өткізген соңғы ойын-сауығы. Ол қыздың жаңа өмірге қадам басқалы тұрғанын, енді «қыз дәуренінің» артта қалғанын білдіреді. Қыз ойнақ – қыз ұзатудың алдындағы күндері немесе ұзату тойынан бір-екі күн бұрын ұйымдастырылған. Кей өңірде ұзату тойының ішінде бөлек бөлім ретінде де өткен.

Ұзату тойы

Ұзату тойы – қазақ халқының тұрмыс-салт жоралғыларындағы ең маңызды мерекелердің бірі. Бұл қыздың төркінімен қоштасып, жаңа өмірге қадам басатын сәті. Келісілген күн болғанша қыздың төркіні де, туыстары да тойға қызу дайындалады. Қыз жасауынан бөлек қалыңдықтың қыз жақтағы киетін киімі мен келін болып түскендегі киімдері де алдын ала тапсырыспен тігілген. Қыз тойы өткеннен кейін ұзатылар қызды төркінінде еру қондырған. Бүгінгідей түнгі 12-ге дейін алып кету деген ұғым болмаған. Қонағасын жеп, жасауын артып аттанар кезде екі жастың некесі қиылып, үлкендердің ақ батасын алған. 

Қазіргі үрдістер мен жаңғыру

Бұл қыз ұзатуға дейінгі барлық дәстүр емес. Біз ел есінде қалған бірсыпырасын ғана санамалап көрдік. Ал қазір заман талабына сай аталған дәстүрдің барлығы бірігіп, жаңарып, жаңғырып жатыр. Дегенмен, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Кей кейде асыра сілтеу де, өзгенің қаңсығын таңсық көру де белең алып қалатыны өтірік емес. Қалай дегенмен де екі жастың ертеңі үшін істелетін игі істердің өз жөнімен жалғасын тапқаны оңды. Қарызданып, аста-төк той өткізу ата-анаға, ағайынға ауырлық қана емес, құда болған екі жақтың сыйластығына да сызат түсіріп жататын кездері болады. Сондықтан атадан қалған құндылықтарды екі жастың алдағы өмірінің мағыналы да мәнді болуы үшін, екі елдің сыйластығының артуы үшін қолданса құба-құп.  

Бөлісу