Шәкәрім шығармашылығының философиялық құндылығы -

Бөлісу

31.07.2025 828

Биыл қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Абайдың бай мұрасы бүгінгі қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, өнері мен біліміне, руһанияты мен ділінің дамуына негіз бола алды. Оның шығармашылығы арқылы қазақ қоғамы білімге, прогреске, жаңа мәдени дамуға жол бағыттады. Абай Құнанбайұлының есімі аталған тұста оның жақын бауыры, һәм бас шәкірті ретінде Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы аталады. 


Дала данышпаны атанған Шәкәрім дана Абайдың, хакім Абайдың туысы ғана емес, руһани інісі шәкірті ретінде оның бай-мұрасын бүгінгі ұрпаққа насихаттады. Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезов Абай мұрасымен таныс болып, шәкірті атанғандар туралы:  «Мұндай ақын төртеу. Оның екеуі – Ақылбай, Мағауия Абайдың өз балалары. Қалған екеуі – Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірт­тері» деп зерттеулерінде айтып өтеді. Сондықтан Абай есімі аталған жерде Шәкәрімнің есім сойы қатар жүретіні сондықтан. Ұлы ойшылдың  «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» және «Мұсылмандық шарты» ат­ты тарихи, философиялық, діни еңбектерінің жазылуына ағасы Абайдың себепші болғанын да абайтанушы ғалымдар жиі айтады. Абай інісі Шәкәрімді Мекке-Ыстамбұл-Париж бағытында сапарға барып, оның білім-ғылымды, өнерді меңгеруге кеңес береді.  Осы орайда хакімнің туғанына 180 жыл толу қарсаңында оның бас шәкірті атанған Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығындағы  философиялық ерекшеліктерге тоқталып өтпекпіз.  

Адамдық борышың,-

Халқыңа еңбек қыл.

Ар жолдан айнымай

Ар сақта, оны біл.

Талаптан да білім мен өнер үйрен,

Білімсіз,

Өнерсіз,

Болады ақыл тұл.

Мақтанба салынба,

Мансаптың тағы үшін.

Нәпсіңе билетпе,

Басыңның бағы үшін  – деген өлең жолдары арқылы Шәкәрім Құдайбердіұлы ұлт руханиятына терең ой тастап, болашақ ұрпаққа философиялық бағдар көрсетті. Бұл – ақынның ғана емес, халықтың атынан айтылған ұлы аманат. Алаш мұратына адал ойшыл, дала философы атанған Шәкәрім шығармашылығына үңілген сайын, оның адам болмысына, ұлтқа деген сүйіспеншілігіне, ар мен ұятқа, ақыл мен еңбекке негізделген дүниетанымына таңғаласың.

Шәкәрімнің философиялық көзқарастары Абай мұрасымен тығыз сабақтас. Абай іліміндегі ішкі рухани тазалық, ғылым мен ар ұғымдарының үйлесімі, адам болмысына қатысты терең толғамдар Шәкәрімде әрі қарай дамып, жүйелі философияға айналды. Абайдың дүниетанымын тек «материалистік» не «идеалистік» деу – сыңаржақты көзқарас. Ол қазақ қоғамындағы алауыздықты, рухани тоқырауды еңсерудің жолын іздеді. Бұл ізденістерді Шәкәрім өз шығармаларында тереңдете түсті.

Шәкәрімнің прозалық трактаттары

Шәкәрімнің прозалық еңбектері – қазақ философиялық ойының биік белесі. Атап айтқанда, «Мұсылмандық шарты» мен «Үш анық» атты еңбектері көркем прозадан гөрі философиялық трактатқа жақын. Белгілі шәкәрімтанушы Балтабай Әбдіғазиұлы бұл шығармалар туралы:
«Оларда автор оқырмандарына ғылым тілі, дін, халықтық философия мәселелері жөнінде алуан түрлі ой тастайды» [1.], – деп жазады.

«Үш анық» еңбегі – сенім, ғылым және жан ақиқатын негіз еткен үштаған жүйе. Мұнда:
    •    Сенім ақиқаты – Жаратушыны мойындау, жанның мәңгілік сипаты.
    •    Ғылым ақиқаты – рационалды ойлау мен сезімдік тәжірибеге негізделген таным.
    •    Жан ақиқаты – адамның ар-ұжданы, рухани негізі.

Шыныменде бұл екі көркем прозалық туындылардан таза адам, таза иман іздеу концепциясын жалғастырып, толықтыра түсетін философиялық эсселер десе де болатын сияқты. Бұл көркем прозалық туындыларында ақыл ой мәселесі, ақыл ұғымы, сондай ақ жақсы мен жаман, ақ пен қара, ардың тазалығы мен моральдық-эстетикалық категориялар төңірегінде кемеңгер ақын философиялық ой қорытады. Қандай мәселе төңірегінде ой айтса да Шәкәрім оны қазақ өмірінің шындығына мейлінше жақындата түсіндіруге ұмтылады. Мәселен «Үш анық» еңбегінің негізгі идеясы: Сенім ақиқаты, жаратушы болмысын мойындау, жан мәңгілігі туралы идея. Ғылым ақиқаты, сезімдік қабылдау нәтижелері және рациональды-логикалық ойлаумен негізделген тұжырымдар. Жан ақиқаты, субстанциональдық негізі болып ар-ождан табылады.  Тіпті жоғары айтылған идеяларды ол бәрінен де жоғары қояды. Поэзиялық шығармаларында да ол ойлар басты нысанаға көзделеді.

Таза ақыл мен ізгі еңбек туралы ойлар

Философ Ғарифолла Есім Шәкәрім ілімін талдай келе, «таза еңбек», «таза ақыл» және «ізгілікті еңбек» ұғымдарына ерекше мән береді. Оның айтуынша: «Шайтандық әрекет зұлымдыққа бастайды. Шәкәрім адал еңбек дейді, мен ізгілікті еңбек дер едім. Ізгілікті еңбектен таза ақыл шықпақ. Мейірім – ізгіліктің формасы» [2].

Шәкәрімнің айтуынша, адам болмысының өзегі – адалдық, ақыл мен ар. Ол рухани-адамгершілік тәрбиені қоғам дамуының басты тетігі деп түсінді. 

Шешендік дәстүр мен риторикалық ойлау

Шәкәрім шығармашылығында шешендік дәстүрдің рөлі зор. Оның өлеңдеріндегі риторикалық сұрақтар – қазақ фольклорының философиялық ойлауымен үндеседі. Балтабай Әбдіғазиұлы атап өткендей, «Шешендік сөздердің дәстүрлі сипаттарының бірі – өмір түйіндеріне жауап іздеу» [1]. Мысалы, мына өлеңдерде терең философиялық сұрақтар қойылады:

«Бір күні дәурен солмай ма?»

«Бірдей адам қайда бар іші тысы?»

 «Абай марқұм өткен соң, өзіме айтқан жырларым». Бұл өлеңдер – өмір мен өлім, әділет пен ар, адамдық пен залымдық арасындағы шекараны терең пайымдауға арналған.

Ақынның қырық жасынан кейінгі шығармаларында дүниетанымдық жаңа сапа байқалады. Өзі де:

«Қырықтан соңғы қырымды,
Сынамақ болсаң түрімді,
Көрейін десең нұрымды,
Жидағы оқы жырымды» [3.], – деп жазады.

Бұл жас – Шәкәрім үшін ақылдың жетілу кезеңі. Грек философиясында бұл – акмэ (ең биік даму кезеңі) деп аталады. Дәл осы уақытта Шәкәрім өмірдің мәні туралы терең ойларға бой ұрып, Меккеге барып, рухани сұрақтарға жауап іздеген. Шәкәрімнің философиясы – адамшылық ұғымын ізгіліктің ең жоғарғы формасы ретінде танытатын ілім. Ол адам мен айуанның арасын ажырататын – ар мен ақыл екенін дәлелдейді:

Шәкәрім адам өмірін арманмен байланыстырып, оны диалектикалық категория ретінде қарастырады:

«Жасты көксеп кемпір мен шал арманда,
Өсіп үлкен бола алмай бала алманда…» [3].

Арман – адамның рухани ізденісінің көрінісі. Ол өмірдің өткіншілігін, адамның шексіз тілегін, болмыстың ішкі қайшылығын поэзиялық жолмен жеткізеді.

Ғылым-білімге үндеген ойшыл

Ақынның бар арманы – жастардың білім алып, халқына пайда келтіруі:

«Сен ғылымға болсаң ынтық,
Бұл сөзімді әбден ұқ:
Білгеніңнің жақсысын қыл,
Білмегенді біле бер…» [3].

Шәкәрім философиясы – тек ақыл мен арға ғана емес, парасат пен ғылымға сүйенетін тұтас рухани жүйе. Бұл жүйенің түп қазығы – адам болмысының рухани кемелденуі.

Шәкәрім Құдайбердіұлы – қазақ философиясы мен әдебиетіндегі қайталанбас тұлға. Оның шығармашылығы – адамзат болмысы туралы ілім, адамгершілік, ар-ұят, ақыл мен еңбектің үйлесімі. Ол өз дәуіріндегі рухани тоқырауға қарсы тұрып, қазақ ойының, әдебиетінің, дүниетанымының биігін көрсетті. Асан қайғы секілді ұлтының қайғысын ойлап, оның рухани тірегі болуға ұмтылды. Ұлт идеясына айналған Шәкәрім ілімі – мәңгілік рухани бағдар.

Пайдаланған әдебиеттер:

Әбдіғазиұлы Б. Шәкәрім әлемі.-  Алматы: Раритет, 2008.-408 б.

Ғарифолла Е. Қазақ философиясының тарихы: Оқулық. – Алматы: Қазақ университеті, 2006.- 216 б.

Құдайбердиев Ш. Шығармалары.-  Алматы Жазушы, 1988.-560 б.

Бөлісу