Биыл Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 125 жыл. Осыған орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «1925 жыл: ұлт мұраты шыңдаған қайраткерлік» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл жай ғана даталық іс-шара емес, ұлттың тарихи жадын қайта жаңғыртып, мемлекетшіл тұлғаның еңбегін түбегейлі зерделеуге бағытталған, жас ұрпаққа тағылым ұсынған үлкен рухани басқосу болды.
Смағұл Сәдуақасұлы – қазақ халқының ұлт болып ұйысу жолында тер төккен, тұғыры биік, тағдыры күрделі, тағылымы мол тарихи тұлға. Оның артында қалған мұра – тек архивтік құжат емес, ұлттың бағыт-бағдарын анықтаудың үлгісі.
Конференция қатысушылары алдымен «Бабалар қорымында» болып, Смағұл Сәдуақасұлы мен Кенесары жасақтарының рухына құран бағыштап, ескерткіш маңына шырша отырғызып, тағзым жасады. «Күлтегін» атриумында өткен кітап көрмесінде қайраткер туралы жазылған еңбектер мен ғылыми зерттеулер көпшілік назарына ұсынылды.
Конференция Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатымен ашылды. Мемлекет басшысының құттықтауын Президент кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омаров оқып берді. Құттықтау хатта Президент қайраткердің ел тарихындағы орнын ерекше атап өтіп, оның мәдениет пен білім саласындағы сіңірген еңбектеріне тоқталды:
«Смағұл Сәдуақасұлы – халқымыздың біртуар перзенті. Ол күрделі кезеңде маңызды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып, көптеген игі бастамаларға ұйтқы болды. Тұғырлы тұлға, төл руханиятымызды өркендетуге зор еңбек сіңірді. Тұңғыш қазақ драма театрының ашылуына, Қазақ педагогика институтының іргелі оқу орнына айналуына ықпал етті. Бүгінгі «Егемен Қазақстан», «Ақиқат» сынды бірқатар басылымның тарихи бастауында тұрды. Қазақ баспасөзін дамытуға белсене атсалысты. Халқымыз Смағұл Сәдуақасұлының есімін ешқашан ұмытпайды. Оның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі», – делінген мемлекет басшысының құттықтауында.
Конференцияда баяндама жасаған белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қайраткердің ұлтқа сіңірген еңбегін түрлі қырынан тарқатып айтты. Академик Дихан Қамзабек: «Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, жазушы, экономист, басқа да көптеген салалардың бастауында тұрған Смағұл Сәдуақасұлы біздің сапалы дамуымызға, елдің жаңа деңгейге көтерілуіне көп қажыр-қайрат жұмсады. Мемлекеттік қызметте бар болғаны жеті жыл ғана қызмет еткен екен. Жеті жылдың ішінде оның атқарған қызметі ұшан-теңіз. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда «қазақ» атауын қалпына келтіргеніне 100 жыл толғаны айтылды. Бұл да біздің үлкен белесіміз. Сол 1925 жылғы сәуірде өткен жиында Смағұл Сәдуақасұлы Халық ағарту комиссары, бүгінгі тілмен айтқанда министр болып тағайындалды. Алдына үлкен мақсат қойылды. Сол мақсатты түрлі қиындықтарға қарамай атқарды. Университет те ашылды, театр да ашылды, Абайдың жинақтары шығарылды. Сұлтанмахмұттың алғашқы жинақтарына бастама жасалынды. Басқа да оқу орындары ашылды. Осының бәрі де Смағұлдардың еңбегі. Бүгінгі жиынның ұйымдастырушысы – «Қазақ газеттері» медиа-холдингі болса, оның құрамына 11 басылым кіреді. Соның екеуіне Смағұл басшылық жасаған. «Егемен Қазақстанның», «Ақиқаттың» редакторы болған. Қазақстандағы әлеуметтік партиялардың бірі – «Ауыл» партиясы смағұлтануға атсалысып жатыр. Бұл кісілер Смағұлдың ауыл шаруашылығына, кооперацияға байланысты еңбектерін насихаттауға, сонымен бірге Смағұл Сәдуақасов Астанадағы мектептің ары қарай дамуына күш-қайраттарын жұмсап жатыр», – деді.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Зиябек Қабылдинов Смағұлдың мемлекеттік құрылыс пен тарихнама саласындағы ұстанымдарын атап көрсетті. Ал профессор Сабыр Қасымов қайраткердің саяси көзқарасы мен азаматтық ерлігіне тоқталды. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, Алаштанушы Тұрсын Жұртбай оның кеңестік ұлт саясатына деген сыни көзқарасын талдап берді. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор, Ақмола облысының құрметті азаматы Серік Негимов «Смағұл Сәдуақасұлы «Сәрсенбек» романының ұлттық-идеологиялық қуаты» атты баяндамасын жасады.
Смағұл Сәдуақасұлы – ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзіне үлкен серпін берген тұлға. Ол «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») және «Ақиқат» журналдарына басшылық етіп, ұлт мүддесін ашық қорғаған қаламгер. Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса конференцияда: «Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің жағдайын 100 жыл бұрын Смағұл көтерген. «Еңбекші Қазақстанға» бас редактор бола салысымен «Ойлануға тура келеді» деген мақала жазады. Айдаладағы қазақтардың уезіндегі құжаттарың тоқсан пайызының орысша жүретінін сынайды. Ауылдан мал сатуға келген қазақтың жазғанын милиция түсінбейді де, орысша жазуды талап етеді дейді. Бұл ұсақ нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ қазақтың жүрегінде өзінің ұлтына деген аяныш пайда болады. Яғни, менің ұлтымның әрбір ісі орынсыз, осал екен деп ойлайды. Сөйтіп кеудесінде жасқаншақтық пайда болатынын айтады. Осыдан оның ұлт психологиясын қаншалықты терең зерделегенін көреміз», – деді.
Смағұл Сәдуақасұлы – тек саясаткер емес, ұлт ұстазы, кооперация саласының теоретигі, жаңашыл экономист. Оның ауыл шаруашылығына арналған кооперация идеялары бүгінгі ауылды дамыту мәселесіне де тікелей қатысты. Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Смағұлды «қазақ кооперациясының негізін салған тұлға» ретінде сипаттап, оның аграрлық бағыттағы еңбектерінің қазіргі ауыл саясатына берері мол екенін айтты.
«Небәрі жиырма жасында Қазақ автономиясы Жастар одағының хатшысы болып сайлалған Смағұл Сәдуақасов бірінші кезекте қазақ жастарының көсемі. Жастар одағы алғаш рет Жетісу өлкесінде Қосшы, ал кейін басқа өңірлерде Қызылтау деп аталатын жастарды қоғамдық-саяси ұйымдар біріктірді. Бұл іс-шаралар жергілікті жерлерде жастар арасынан жеделдетіп ұлттық кадрларды даярлау, пайдаланудың бастамасы болды. Жас қазақ мемлекетінің шекарасын шегендеп, жерін тұтастыру үшін күресті. Смағұл Сәдуақасов сол кезеңде бүгінгі күндегі аграрлық мәселені көтерген болатын. Сол көтерілген бастамалар, сол кезде жазылған еңбектер бүгінгі күнде біздің осы аграрлық өлкелерде өзінің жалғасын тауып отыр. Мәселен, Смағұл Сәдуақасов біліммен бірге қазақ халқының экономикалық ой-санасын жаңғыртуда, әсіресе кооперация саласында елеулі үлес қосты. Ол ауыл шаруашылығын дамыту мен ұжымдық еңбекті ұйымдастыруда кооперацияның маңызын терең түсініп, бұл бағытта теориялық және практикалық еңбектер жазды. Кооперацияның қазақ ауылдары үшін маңызын, оны ұйымдастыру жолдарын және кооперативтердің шаруаларға тигізетін пайдасын жан-жақты талдады. Кооперацияны ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың тиімді жолы ретінде қарастырды. Кооперация арқылы ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, өндірістерді шоғырландыруға, еңбек өнімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеруге болатынын дәлелдеді. Сәдуақасовтың Кооперация туралы идеялары бүгін де өте өзекті, қазіргі ауыл шаруашылығын ұйымдастыру, кооперативтер құру және ауыл тұрғындарын әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы саясаттарға негіз бола білді. Қоғам қайраткері қайраткерінің 33 жылдық ғұмырында халқына жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Ол қазақ еліне қасірет алып келген өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында халқымыздан шыққан қайталанбас тұлғалардың бірі, жалынды күрескер, алғыр публицист, білікті экономист ретінде өзінің келте өмірін халқының болашағына арнаған, отқа да, суға да түскен адал азамат. Заманынан асып туған, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойған біртуар заңғар тұлға. Оның өмірі мен еңбегі бүгінгі және келер ұрпақ үшін өнеге», – деді Мәжіліс депутаты .
Конференцияның тағы бір тарихи сәті Смағұл Сәдуақасұлының Мәскеуде 77 жыл бойы сақталған күлі салынған гранит сандықтың Ұлттық музейге тапсырылуы болды.
Бұл конференция – бір ғана тұлғаны дәріптеу емес, тұтас ұрпақтың жадына сәуле түсіріп, тарихпен тілдесудің, сананы серпілтудің, ұлт мұраты жолындағы күрескерлікті қайта жаңғыртудың үлгісі болды. Смағұл Сәдуақасұлы – ХХ ғасыр басындағы қазақ мемлекетшілдігінің символы. Оның өмірі мен еңбегі елдігіміздің айнасы. Оның 125 жылдығына арналған іс-шаралар тек өткенге тағзым емес, келешекке бағдар.