Жамбының қазақ фольклорында сипатталуы
Жамбының қазақ фольклорында сипатталуы
19.05.2025 675

Жамбы – дегеніміз қазақ халқының көнеден келе жатқан алтын немесе күміс, сол сияқты бағалы заттардан жасалған құнды бұйымы. Оның пішіні ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болғандықтан тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ, асық  жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы т.б. деп аталатын болған. Бұл құнды бұйым ертеде ақшаның орнына да жүрген. Сондықтан да жамбы орта ғасырда бағалы эквивалент ретінде танымал болғаны жайлы дерек бар. Ал, жамбының жасалған материалына байланысты: таза ақ күмістен жасалған болса, ақ жамбы немесе алтыннан жасалса алтын жамбы деп атанған.


Осы орайда, көшпенді тұрмысты өмір сүрудің өзегіне айналдырған бабаларымыз қоғамдық қарым-қатынастың өзекті мәселелерін құнды бұйым жамбыны пайдаланып шешіп отырған. Яғни, жамбы өзінің сан ғасырлық тарихында бірде сый-жүлде ретінде берілсе, қыз алу, қыз берісу, құдаласу сияқты ғұрыптық дәстүрді атқару кезінде жол-жора міндетін атқарған. Сонымен қатар, халқымыздың көне фольклоры һәм байырғы поэтикалық туындысы «қара өлең» стилінде образдық мағынада көрініс береді.

Жамбының сый - жүлде ретінде берілуі

Қазақ халқының өмір сүру салты мен тұрмыстық дәстүрінде күнделікті болып жататын оқиғалардың маңыздылығына қатысты сыйақы немесе бәйге беру үрдісі қалыптасқан. Мысалы ғашықтық дастаны «Қыз Жібек» эпосында Төлеген мырза Жібек сұлуды «алып келіп көрсетеміз» дегені үшін қаптаған қыз-келіншектердің басына бір-бір жамбы сый үлестіргені туралы айтылса, қазақтың тағы бір қаһармандық дастаны Көрұғылы жырының «Көрұғлының шағдатқа барғаны» атты бөлімінде, Ғаждамбек деген батыр жары Күләйімді алып келіп той жасап, балуан күрестіреді, тай бәйге, құнан бәйге, жаяу жарыс, өгіз тартыс сияқты сайыстар өткізеді де, жеңімпаздарға жамбы сыйға тартқаны хақында айтылады (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  82-том. 95-б).

Сол сияқты, халқымыздың ерлік дастаны «Тарғын батыр» жырының Нұрқасым Нұрғалиұлынан алынған нұсқасында Қожамқұл балуан мен ер Тарғынның күресі суреттеледі. Осы сайысты Тарғын батыр Қожамқұл балуанды жығып, бәйгесіне үш мың ділда, бір жамбы алады (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  44-том. 73-б)

Жоғарыдағы фольклорлық деректерден біз бұрынғы заманда қазақ халқы күреске түсіп жеңген балуанға, бәйгеге қосылған жүйрік аттың жүлдесіне немесе бұқараның мұңын жырлап, көкейіндегі шерін тап басып сөйлеген ақын-жырауларды көтермелеу мақсатында жамбы сыйға тартқанын аңғарамыз. Сонымен қатар жаңа жер, жат өлкеге қоныс аударған жағдайда малына өріс, өзіне қоныс алу үшін тұрғылықты жұрттың бай-патшаларына сый ретінде жамбы ұсынатын болған. 

Мысалы, белгілі этнограф – ғалым Халел Арғынбаев: «Еліміздің солтүстік аудандарында ХІХ ғ. соңында көкпардың екінші түрі қалыптасқан. Көкпарға серке орнына орамалға түйілген күміс теңгелер, тайтұяқ, қойтұяқ жамбылар берілетін болған. Бұларды жерге көміп қояды да, дәмелілер шапқан күйінде ағып өтіп көмілген жамбы-көкпарды іліп әкетуі керек. Іліп әкеткен жігітті 2-3 жігіт тура қуады. Қашқан жігіт белгілі көмбеге барып, қайта топқа жеткенше ешкімге жеткізбесе, жамбы соған тиесілі» деп жазады (Арғынбаев Х. «Қазақтың отбасылық дәстүрі». – Алматы: «Қайнар», 2005. – 154 б). Жалпы жамбының сыйақы һәм жүлде ретінде берілуі туралы фольклорлық мұраларда деректі шумақтар баршылық. 

Күреске Тарғын жақтан Қарбай барды, 

О дағы Тәңірім оңдап жығып салды. 

Істері Алла оңғарып тұрған шақта, 

Мың ділда, бір жамбы бұл дағы алды. 

 («Тарғын батыр» жыры: Нұрқасым Нұрғалиұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  44-том. 72-б) 

Тоқтады ақын сөзі осыменен,

 Шыққан соң жақсы лебіз бір-бірінен. 

Патша «еңбегіңді жемеймін» деп,

Ақынға жамбы бастап тоғыз берген.             

(«Ақылды Ақым» дастаны: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  24 – том. 62 – б)   

Бесінші ат бір жамбы мен он сиыр деп, 

Барлығың естіңіздер отырған көп. 

Алтыншы ат бір түйемен тоғыз болсын, 

Көпшілік осы айтқаным болар ма дөп! 

(Нүптебектің асы: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 28 – том. 288-б)         

Нәсібі зор Қамбар ер: 

Жамбы берем сіздерге

Жеңгелерім, бәрің кел. 

Қаладан қашық біздің ел, 

Сіздерге берген олжаны 

Ынтымақ етіп түгел бөл. 

(Қамбар батыр жыры: Б.Мұқамбайұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  43-том. 237-б

Төлеген Ақжайыққа жүрмек болды, 

Тәңірінің жазған ісін көрмек болды. 

Басшы болып сол елді тапқан жанға,   

Жүз жамбы сүйіншіге бермек болды. 

(Қисса қыз Жібектің хикаясы: Жүсіпбек қожа нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 53-том. 88-б)

Жасында Жанақ жүрген қобыз теңдеп, 

Төрт ауыз өлең айтар жамбы бер деп. 

(Қозы Көрпеш өлеңі: Дәндібай Айтбаев нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  55-том. 12-б).

Сән-салтанат сайманы елден артық, 

Отыз нарға келіпті жамбы артып

Шұрайлы жақсы жерден қоныс алды, 

Тоғыз қылып, Тайлақ биге тарту тартып.

 (Қозы Көрпеш – Баян сұлу: Мұқыш Нукин нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  55-том. 237-б)

Жамбының жол-жораға жүруі

Халқымыздың бай мұрасы жинақталған «Бабалар сөзі» атты көптомдықтың  80-ші томының 81-бетінде «Баянауыл» атты топонимдік аңыз жарияланыпты. Аталмыш аңызда айтылған мәтінге назар аударсақ, сонау ерте заманда адамзаттың аз кезінде құрлықтың саз кезінде, осы төңіректі екі қауым ел мекен етіпті. Күндердің күнінде олар әрі құнарлы, әрі шұрайлы жерді көріп, «мен алам, мен алам» десіп таласқа түседі. Осы тұста екі елдің игі жақсылары бас қосқан жиында Бай Ана есімді қадірлі кейуана былай депті: «Бірлік бітімнен туындайды, дау мәмілеге келмесе, дау-дамайға ұласады, жаяу жарыс жасаңдар, балуан күрес қылыңдар, жамбы тігіп атыңдар, жер жеңгендікі» - дейді. Сөйтіп жаяу жарыс, балуан күрес, жамбы атудан сайыс өткізіп жеңісе алмапты. Көп күндер өтеді. Көпшілік қалжырап, шаршайды. Тағы да кеңес қылады. Ақыры, барлығы Бай Ананың алдына келіп:

  – Уа, Бай Ана! Егіз жатқан екі ел едік. Жер дауының жетер шетін таппадық. Біздің байлам мынау. Осы жерді өзің қоныстан. Бұл сенің - Бай Ананың ауылы болсын, - депті. Сөйтіп, Бай Ана осы өлкеге орналасыпты. Содан бері көпшілік бұл жерді Бай Ана ауылы, яғни «Баянауыл» деп атап кетіпті дейді. 

Жоғарыдағы аңыз-баяннан біз, ерте заманда өріс-қонысты бөлісу үшін көшпенді халықтар жамбы атып, сайысып жеңгені жерге ие болғанын аңғарамыз. Демек, жамбы халық арасына жол-жораны шешуге негіз болған екен. 

Сол сияқты, «Бабалар сөзі» көптомдықтың 75-томының  360-бетінде жарияланған «Садақбай батыр» атты ертегідебатырдың ғашығы Күнәйім жарының жорықтан жеңіспен оралып келе жатқан хабарын естіп көңілі өсіп, судай тасып, сүйінші сұрап келген адамға үстіндегі асыл шапанын оған бір жамбы қосып беріп, риза қылғаны баяндалады. Яғни, жамбы қажет кезінде жол-жоба, жора-жосынды атқаруға үлес қосқан екен.

Екі жамбы берейін, екі ат алсын,

 Еш адамға білдірмей кетіп қалсын. 

«Жазылған соң келеді деп келер жазда», 

Үкі тағып, келінге хабар салсын.                                                      

(«Садық-Сәлиқан» ғашықтық дастаны: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  25 – том. 191 –бет)             

Алдына шашу шаша бармақ болды, 

Тайтұяқ екі қоржын жамбы салды. 

Жақын жер - алыс емес, ауыл маңы, 

Алдынан келінінің жетіп келді. 

(Бөгенбай батыр жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  29 – том. 234-б)       

«Бисмилла» деп әуелі тойды бастар, 

Көк серке көсем келген қойды бастар.

Әкесі бойжеткеннің мырза болса, 

Кәдеге шапан тұрмақ, жамбы тастар.

(Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  71-том. 273-б)

Той қылып қырық күндей, ат шаптырып,

 Көкбөрі, балуан күрес, жамбы аттырып, 

Бата алды келген көптен балаларына, 

Сый-сипат беріп көпті тарқаттырып

 (Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  82-том.68-б)

Бұл ісім олқы емес деп масаттанды,

Жүздеген ішік және жамбыны алды.

Бейбіт би төрт-бес адам жолдас ертіп,

Тарту қып бәрін бекке алып барды. 

(«Жапал батыр мен Таңшебер қыз» дастаны: Әбділла Тұтқышұлы нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  61-том. 100-б)

Жамбының ғұрыптық міндет атқаруы

Қазақта «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген тәмсіл бар. Яғни, бата алу дегеніміз – қазақы ортада ерекше қасиетті ғұрып саналады. 2011 жылы жарық көрген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедиясының бірінші томының 429-бетінде: «Бата маңызды іске кіріскенде немесе басталған іс нәтижелі аяқталғанда тілеу айтудың ерекше формасы» деп жазыпты. Яғни халқымыз «құр аяққа бата жүрмейді» дегендей бата берген адамға жамбы тарту ететін дәстүр болған. 

Яғни, қазақ халқының қоғамдық қатыстарының өзекті мәселесін шешу жолында жамбының рөлі зор болғаны байқалады. Мысалы, 2004 жылы «Фолиант»» баспасына шыққан «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 27-томындағы «Арқалық батыр» жырында: «Жарлығы төреміздің мынау деді, Не керек елдің зарлап жылауы енді, «Он жамбы мен тәйжілік мансап берем», Осындай амал-айла қылады енді» дегенінде мәнсап пен биліктің ішкі үйлесімін жамбы ұсыну арқылы реттегені байқалады. 

Сонымен қатар, өткен заманда қазақ қоғамындағы аса күрделі дүниенің бірі «жесір дауы» екені екі бастан аян. Белгілі этнограф Халел Арғынбаевтың «Қазақтың отбасылық дәстүрлері» атты зерттеу еңбегінде халқымыз осы жесір дауын, оның сыртында «қалың мал», «ілу», «сүт ақы», «той тартуы», «құдалық», «киіт беру» қатарлы ғұрыптық дәстүрлерді атқару барысында қолы жеткен дәулеттілер жамбы қолдағаны туралы деректер келтіреді.                   

Соны айтып, Қожекеңе Күләп келді,

Риза, қош болыңыз бізге, - деді. 

Балаңызға бір бата қылыңыз, - деп, 

Арғымақ ат, алтын тон, жамбы әкелді 

(Қозы Көркеш –Баян сұлу: Г.Н.Потанин нұсқасы. Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  54-том.313-б)  

Хат жазып сәлем айтты Елемеске,

«Түн қатып жетіңдер, - деп, - ертең кешке» 

Елемес он үш жамбы өзі берді, 

Жоқтайтын ел намысын ер емес пе.

 (Арқалық батыр жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  27 – том. 254-б)     

Өз малын пәре беріп өткізеді, 

Бермесе қиын азап шектіреді. 

Алушыға жамбы мен ат тартпаса, 

Таяқты сүйегіне жеткізеді. 

(Есенкелді батыр жыры: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  29 – том. 356-б)     

Былай еді жетінші жесір дауы,

 Берген малдың үстіне жамалады. 

Жамбы бастап бірінші тоғыз төлер, 

Ат бастаған бір тоғыз және берер. 

(Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  57-том.45-б)     

Жамбының қазақы қара өлеңдегі образы

Жалпы қазақ халқының өткен өміріне жамбы сияқты әсері мол ешқандай заттық бұйым болған емес. Бұл бұйымның қазақтың өмір салтына терең кіріккені соншалық басқасын былай қойғанда күрделі ұйқасты қажет етпейтін халық жадының поэтикалық туындысы қара өлең жанрының өзі жамбыны кірістіру арқылы мазмұны мен көркемдік ерекшелігі түрленіп отырған. 

Бұны ғылыми пайыммен тереңдетіп айтар болсақ, жамбыны сипаттау арқылы халқымыздың ежелден келе жатқан байырғы әдеби-фольклорлық жанры қара өлеңіндегі мотив ұқсастықтары образды формулалар көркемдік деңгейге көтерілген. Сөйтіп, қоғамдық сананың тың образы қалыптасқан.

Көк қаршыға дегенде, көк қаршыға, 

Көк қаршыға ұялар шоқпар шыңға. 

Өмір бәйге болғанда, сен бір жамбы,

Қапылыста қор болма көкпаршыға. 

(Қазақтың қара өлеңінде: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 70-том. 36-б) 

Қолымда бір қамшым бар алтындаған,

Ажарың ақ жамбыдай жарқылдаған.

Сексен қыз серуенге шықса дағы,

Ішінде сен қоңыр қаз қаңқылдаған.

 (Қазақтың қара өлеңінде: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  70-том.130-б)

Ажарың ақ жамбыдай түрленеді,

Көз тартар ақ көйлектің бүрмелері. 

Алыстан нұр бейнеңді көзім шалса, 

Ұйқасып өздігінен жыр келеді. 

(Қазақтың қара өлеңінде: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  70-том. 416-б) 

Саусағың ақ жамбының күмісіндей,

Лебізің шын жұпардың иісіндей.

Жүрісің әсем сұлу көрінеді, 

Жорғаның су төгілмес жүрісіндей 

(Қазақтың қара өлеңінде: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004.  70-том. 111-б)