Қимақ қағанатының құрылуы, гүлденуі және құлдырауы
Қимақ қағанатының құрылуы, гүлденуі және құлдырауы
16.05.2025 755

VIII-IX ғасырлар аралығында Солтүстік-Шығыс Қазақстан аумағында Қимақ тайпалар одағы қалыптасты. Қимақтар туралы араб, парсы, түркі және қытай деректерінде айтылған. Осы деректер негізінде Қимақтардың Батыс Моңғолия даласында өмір сүргенін білеміз. Қимақтар ол жерден жетінші ғасырдың ортасында Алтай таулары мен Ертіс бойына көшті.


Қимақ мемлекеті — Қазақстан тарихында мәліметі аздау кездесетін мемлекеттердің бірі. Бірақ бір нәрсеге біз ерекше назар аударуымыз қажет. Жалпы Қимақ-Қыпшақ мемлекетінің тарихы бір-бірінен ажырамайтын, үнемі қатар жүріп отырған тарих. Сондықтан да бұл мемлекет жайлы мәліметтерді Қыпшақ тарихымен тығыз байланыстыра қарастыру қажет. Қытай деректеріндегі алтыншы ғасырдағы «Таншу» жазбасында кездесетін «Се-Янто» атауы назар аударарлық. Бұған дейін парсылар «сақтар» деп атаған халықты қытайлар «селар» деп атаған. Ал «Се-Янто» — сол «селардың» қасында өмір сүрген халық, яғни қимақтар дегенді білдіреді. Бұл жайында әйгілі шығыстанушы ғалым Зуев та зерттеулер жүргізіп, өзінің еңбектерінде «Се» — қыпшақтар, ал «Янто» — қимақтар деп көрсетеді. Ол ғұн, үйсін, қаңлы дәуірлеріне қатысты көптеген құнды мәліметтерді ғылыми айналымға енгізген.

Тайпаның өз алдына бөлектенуі Батыс Түрік қағанатының құлауы барысында, 656 жылы іске асты. Қимақ тайпасының басшысы Шат деген түтік лауазымын иеленді. Бұл лауазым «билеуші», «көсем» деген мағынаны білдіреді.

Бұл жалпы Қимақ мемлекетіне байланысты айтылған жайт. Қимақ мемлекетінің басында тұрған адамды Шат деп атаған. Неліктен бұлай аталғанын нақты айту қиын. Жалпы түркілерде билеушілерге қатысты «шат», «жабғу» деген титулдар қолданылған. Бұл атаулар көбіне тайпаның билеушілеріне қатысты айтылып, олар әлі тәуелсіз мемлекетке айналмаған кезеңдерде қолданылған. Ал толыққанды, дербес мемлекеттер пайда болған кезде билеушілерді қаған деп атаған. Демек, Қимақ билеушілері алғашында шат титулымен басқарғанын байқаймыз.

VIII-IX ғасырлардағы тарихи оқиғалар барысында Қимақ тайпалары Ертіс пен Жоңғар қақпасы аралығындағы аумаққа берік орнықты. Кейінірек олардың билігі батыс бағытта Жайық өзеніне дейін жетті. Сегізінші ғасырдың соңында Қимақ бірлестігіне көптеген қыпшақ тайпалары қосылды.

Қимақтар сегізінші ғасырдан бастап Жоңғар қақпасы мен Жетісу өңіріне келіп қоныстанады. Бұл аймақта олар аумағы кең территорияны иемденген болатын. Араб географы әл-Идрисидің жазуына қарағанда, қимақтарда он алты қала болған. Демек, қимақтарда қалалық деңгейге көтерілген, өзіндік жоғары мәдениет қалыптасқанын айтуға болады. Қимақтардың негізгі шаруашылығы — көшпелі мал шаруашылығы. Олар төрт түліктің ішінде әсіресе жылқы мен қойды көбірек өсірген.

Қимақтардың батысқа қоныс аударуына жайылымдық жерлердің қажеттілігі, Енесей қырғыздарымен қақтығыстар және Ұйғыр қағанатының қысымы себеп болды. Қимақ қағанатының құрылу үдерісі тоғызыншы ғасырдың ортасында аяқталды. 840 жылы Ұйғыр қағанаты құлағаннан кейін, оған енген тайпалардың бір бөлігі Қимақ одағына қосылды. Осы кезде Қимақ тайпалық одағының басшысы қаған лауазымын иеленді.

Қимақ қағанаты — жалпы қазақ қоғамының тарихи негізінде қалыптасқан мемлекеттердің бірі. Түркеш қағанаты, Түрік қағанаты сияқты алдыңғы дәуірлердегі мемлекеттермен сабақтасып жатқан бұл қағанат — өз кезеңіндегі аса қуатты державалардың бірі ретінде қарастырылады. Қимақ қағанатын біз бүгінгі күннің өлшемімен емес, сол дәуірдің тарихи, саяси процестері аясында терең зерделеуіміз қажет.

Бұл қағанаттың құрылуы нәтижесінде Орталық Қазақстан мен Солтүстік-Шығыс өңірлерінде Қимақ билігі орнығып, қазіргі қазақ жерінің негізгі аумағы сол кездің өзінде-ақ айқындала бастаған. Қимақ, Қарахан және оғыз мемлекеттерінің бір кезеңде өмір сүруі — X ғасырда Қазақстан аумағында үш ірі державаның болғанын көрсетеді.

Сондықтан қазіргі Қазақстанның территориясы ХХ ғасырда емес, әлдеқайда ертеректе, ерте орта ғасырлар кезеңінде-ақ қалыптаса бастағанын мойындауымыз қажет. Бұл – қазақ халқының мемлекеттілігі мен территориялық тұтастығының терең тарихи тамыры бар екенін дәлелдейді.

Авторы белгісіз «Һудуд әл-Әлем» атты дерек бар, ол да XI ғасырға сәйкес келеді. Бұл еңбекте Қимақтар мекен еткен аумақ төрт географиялық аймаққа бөлінеді. Ол аймақтардың бірі — Қырқырған. Зерттеуші Сержан Ақынжановтың түсіндіруінше, Қырқырған деп отырғаны — қазіргі Ертіс пен Алтай өңірі.

Келесі аймақ Яңги Янсу деп аталады. Зерттеушілер оны Қырқырғаннан солтүстікке қарай, яғни қазіргі Батыс Сібір өңірімен байланыстырады. Үшінші аймақ — Ануар аз Қыпшақ, бұл атау бүгінгі Сарыарқа даласына сәйкес келеді. Ал төртінші аймақтың атауы белгісіз. Деректе көрсетілгендей, Қимақтардың аумағы осылайша төрт негізгі бөлікке жіктелген.

Қимақ қағанаты осы аймақтар арқылы нақты саяси билікті иеленді. Жерлер тайпа көсемдеріне, олардың әскери қызметтегі еңбектеріне қарай үлестірілді. Қағанаттың жоғарғы басшысы — Қаған, елдің бас қолбасшысы да саналды. Тайпалық иелік билеушілері қаған әскері үшін белгілі мөлшерде жасақ беріп отыруға міндетті болды.

Тоғызыншы ғасырда Қимақ билеушісінің әскері рулар жасағы ретінде құрылып, негізінен салт аттылардан тұратын болған. Қимақтардың жауынгерлік дайындығы мен қағанның күш-қуаты деректерде айрықша атап көрсетілген. Олар өздерінің әскери қуатымен тек жаугершілік заманда ғана емес, сонымен қатар, қоғамдағы беделдерімен де көзге түскен. Қимақ әміршілері ұлы патшалар санатына жатқызылып, даңқтары өз заманының ең беделді билеушілерінің бірі ретінде танылған.

Араб ғалымы Мұхаммед әл-Идриси өзінің шығармасында қимақтардың қалаларына тән ерекшеліктерді де атап өткен. Оның айтуынша, қимақтардың қалалары жақсы бекініп, қорғаныс тұрғысынан өте мықты болған. Әр қалада өз әскерлері орналасып, олар жергілікті тәртіпті сақтауға және жаулардан қорғануға жауапты болған.

Қимақтарда темір сауытты атты әскерлер мен көптеген қамал қалалары болған. Бұл қалалардың ең көрнектілері Алакөл аймағында орналасқан қамалдар жүйесі еді. Бұл аймақ стратегиялық тұрғыдан өте маңызды еді, өйткені қамалдар жүйесі Қимақ жерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жаулардан қорғануды жеңілдетті.

Қимақ қоғамында он бір басқарушы билік жүргізген. Бұл билік жүйесі мұрагерлік негізде қалыптасып, әрбір басқарушы өзінің билігін ұрпағына қалдырды. Алайда, билік қаған тарапынан бекітіліп отырды, яғни қаған ел ішіндегі барлық басқарушылардың өкілеттігін растаушы әрі жоғарғы билеуші болып саналды. Мұндай жүйе елдің бірлігі мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналғанымен, сонымен бірге бұл билік жүйесінің бөлінуіне де себеп болды. Әрбір тайпа немесе аймақ өз билеушісінің қолында күш-қуатын сезініп, бұл жүйе біртұтастықты сақтауда кейде қиындықтар туғызды.

Араб ғалымы әл-Идриси он алты Қимақ қаласын атайды. Бұл қалалардың басым бөлігі Ертіс және Алакөл аймағында орналасты. Қимақтардың егіс алқаптары, қалалары мен қоныстары туралы айтылады. Қағанның Ертіс бойындағы ордасы Имақия қаласы туралы араб саяхатшылары жазып қалдырған. 

Қимақтардың бағалы аң терілерін өндіретін аңшы болғаны туралы деректер бар. Абудуллафтың жазбаларында қимақтар елінің ауа-райы салқын екені айтылады. Ол жерлерде қалың қар жауып, адамдар аяқтарына ағаш байлап жүретінін мәлімдейді. Бұл ағашты байлап жүру дегеніміз бүгінгі шаңғы ма, әлде ағаш аяқ-киім болуы мүмкін, ол қардың үстінде жүру үшін пайдаланылатын құрал болған. Сонымен қатар, қимақтардың саудамен айналысқаны туралы мәліметтер де бар. Олар бағалы аң терілерін, соның ішінде Византияға дейін, Киев Руське, және басқа да оңтүстіктегі мемлекеттерге сатқан.

Сақтар мен олардың көршілері туралы айтқанда, олардың тарихы мен атаулары уақыт өте өзгергені байқалады. Скифтер, тулар, сақтар деген атаулармен танылған халықтар кейінгі уақытта қытай деректерінде сюн-ғур, Кангю, қаңлы, үйсін деп атала бастады. Біздің дәуірімізге дейінгі екінші ғасырдан бастап, қытайлар бұл халықтарды осындай аттармен атап, біз де қазіргі уақытта сол деректерге сүйене отырып, осы атауларды пайдаланамыз. 

Сол сияқты, Қимақ мемлекетінің атауы да осыған ұқсас. Қимақтар жеті тайпадан тұрады, бірақ билеуші тайпа қимақтар болғандықтан, бұл мемлекетті Қимақ мемлекеті деп атаймыз. Түркі мемлекеттеріне қатысты айтқанда, қимақтар да өз алдына ерекше құрылымға ие. Түркі қағанаттары, оның ішінде Оғыз, Түрік қағанаты, Батыс Түрік қағанаты, Түркеш қағанаты сияқты мемлекеттерде билеуші лауазымдардың атаулары мен құрылымы айқын болды. Билеуші қаған болған кезде, сол мемлекеттер қағанат деп аталды. Ал қыпшақтар хандыққа өзгергенде, оларды Қыпшақ хандығы деп атадық.

Сондай-ақ, қимақтар ежелгі түркілердің салт-дәстүрлерін ұстанып, оларды әрі қарай дамытқан және байытқан. Қимақтар мәдениетінің маңызды бөлігі — олардың жазуы болды. Олар көне түрік әліпбиін кеңінен қолданған. Бұл жазу түркі халықтарының алғашқы мәдениетінің бір бөлігі болып, тарихи деректер мен жазбаларды қалдыруда маңызды рөл атқарды. Қимақтардың жазу жүйесі олардың мәдениетінің жоғары деңгейде болғанын және дамыған мемлекеттіліктері бар екенін көрсетеді.

Бұл туралы деректер көне түрік, Талас жазуларында және Күлтегін жазуларында кездеседі. Қимақтар өздерінің ата-баба әруағына сыйынған, сондай-ақ көк тамаққа табынған деп жазылады көне деректерде. Бұл олардың дінге деген көзқарасын, дәстүрлі наным-сенімдерін көрсетеді. Сонымен қатар, қимақтардың мәдениеті, тілі, әрине, түркі тілі болды. Қимақтардың тілі түркі тілдерінің ішіндегі маңызды бір кезеңді, әрі қазақ халқының тілінің қалыптасуына әсер еткен тілдердің бірі ретінде қарастырылады. Қимақтар өз кезеңінде түркі мәдениетінің дамуына ықпал етіп, кейінгі қазақ ұлтының тілі мен мәдениетінің негізін қалауға атсалысқан.

Сыртқы саясатта Қимақ қағандары айтарлықтай батылдық танытты. Тоғызыншы ғасыр ортасына қарай олар шығыста, Алтайдан батыста Жайыққа дейінгі тайпаларды біріктірді. Қимақтардың Енесей қырғыздарының еліне баса-көктеп кіруі туралы деректер тарихтан белгілі. Сонымен қатар, қимақтар оғыздармен бейбіт қарым-қатынас орнатты, бұл өз кезегінде екі халық арасындағы сауда мен мәдени байланыстарды нығайтты. Олардың сыртқы саясаты аймақтық ықпалын кеңейтуге бағытталған еді, және осы кезеңде Қимақ қағанаты өзінің күш-қуатын арттырып, басқа мемлекеттермен стратегиялық альянстар құрды.

Әрбір тайпаның күшеюі мен билікке ие болу үшін жер үлкен рөл атқарды. Орта ғасырларда негізгі табыс көзі ретінде жердің маңызы зор болды. Осы кезеңде жергілікті халықтар бейбіт өмірді аңсады, себебі олар үшін тыныштық пен тұрақтылық басты құндылықтар болды. Сол себепті, егер бір мемлекеттің құрамында олар үшін тыныштық болмаған жағдайда, олар басқа мемлекетке өтіп кетіп отырды. Осылайша, халықтар бейбіт өмір сүру үшін талпынды, бұл өз кезегінде әлеуметтік және саяси тұрақтылықты іздеуге әкелді. Сонымен қатар, билік үшін тайпалар арасында қақтығыстар орын алды, себебі жер феодалдық қоғамда басты байлық көзі болып табылды.

Көрші мемлекеттер қимақтардың жеріне бірнеше рет шабуыл жасады. Мысалы, қарахандықтар Қимақ жеріне бірнеше рет әскери жорықтар жасап, Ертіске дейін жетті. Бірақ оныншы ғасырдың басында Қимақ қағанатының шекарасында тыныштық орнады. Әскери шабуылдар көбінесе көршілермен тату қарым-қатынастармен алмасты. Бұл қарым-қатынастардың нәтижесінде Еділ бойынан, Орталық Азиядан Қимақтарға көптеген сауда жолдары ашылды. Ұлы Жібек жолы да Ертістегі Қимақ қағанының ордасына жетті.

Қимақ елі қуатты мемлекет болатын. Алайда, оныншы ғасырдың екінші жартысынан бастап оның құлдырау белгілері байқала бастады. Орталық билік әлсіреп, Қимақ мемлекеті ыдырады. Қимақ қағанаты өзінің дәуірлі кезеңін оныншы ғасырда бастан кешірді. Олар Жайыққа дейін емін-еркін қоныстанған. Бірақ оңтүстік-шығыстағы көршілері — қарахандықтармен жиі шабуылдар мен шапқыншылықтар болған. Он бірінші ғасырдың басына қарай Қимақ қағанаты әлсіреген.

Бұл құлдыраудың екі себебі бар. Біріншіден, қимақтардың иеліктері бөлініп, жер иелері дербестікке ұмтылды. Бұл олардың күшін әлсіретті. Екіншіден, қыпшақ тайпаларының күшеюі және олардың саяси билікті өз қолдарына алуы қимақтардың әлсіреуіне алып келді. Осы екі фактор Қимақ қағанатының құлауына себеп болды.

Он бірінші ғасырдың басында Қимақ қағанаты өмір сүруін тоқтатып, оның жер аумағы қыпшақтардың қолына өтті. Қимақ кезеңі аяқталды, ал қыпшақтардың тарихы жаңа кезеңге қадам басты. 

Қыран Алтай