Айтылмаған Алаш ақиқаты (Алаш кезеңі жайлы жаңа кітаптар жарық көрді)
11.12.2024 291

Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен он алты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Бұл туындылар «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы аясында жүзеге асты. 


Жыл басында он алты қаламгер  ТМД елдеріне арнайы барып, архивтерді ақтарып, көз майын тауысып, қажырлы еңбек етіп қайтты. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының стратегиялық әріптестікті іске асыру жобасы бойынша атқарған жұмыстары нәтижесін берді. Сондай-ақ, бұл кітаптардың ішінде оңайлықпен қолға түсе бермейтін, іздегенге таптырмас академиялық зерттеу еңбектері де бар. Ақтөбеде өткен форумда «Түрік халықтарының әдет-ғұрыптары», «Парсы-тәжік және қазақ халқына ортақ әдеби желілер мен арналар», «Ташкент және қазақ тарихнамасы», «Қазақ-Әзірбайжан руханият сабақтастығы», «Қазақстан әдебиеті бойынша Армения архивтеріндегі зерттеулер», Алаш қайраткерлері Отыншы Әлжанұлы, Ілияс Жансүгірұлы, Ғазымбек Бірімжан, Нұғыман Манай, Әбубәкір Алдияр секілді тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған кітаптар оқырманға таныстырылды. Шараға Ресейден және Астана, Қарағанды, Алматы, Қызылорда, Атыраудан келген тарихшылар мен жазушылар қатысты. Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен жарық көрген жобада білім, ғылым бағытындағы «Qyr balasy» ҚҚ және Әлихан Бөкейхан Алаш ҒЗИ қызметкерлерінің бес бірдей кітабы да жарық көрді. 

Зерттеуші ғалым, қарымды қаламгер Заңғар Кәрімханның «Отыншыдай ер қайда?» атты тарихи-деректі прозасы, алаштану тақырыбында өз стилін қалыптастырған ғалым, балалар жазушысы Елдос Тоқтарбайдың «Ілиястың Ресейдегі іздері (1925-1925)» кітабы, сондай-ақ, қорымыздың жас ғалымдары Данияр Ихсанның «Қазақтың Ер Едігесі», Жауынбай Жылқыбайұлының «Алаш Ардақтысы», Ертай Біләлдің «Алаштың Ақсұңқары» атты кітаптары жарық көріп, оқырмандарын қуантып отыр. Әріптестеріміздің қадамына құт, қаламына қуат тілей отырып, бес бірдей кітапқа жеке тоқталуды жөн көріп отырмыз. 

Qazaqstan tarihy  интернет-жобасының шығарушы редакторы, әдебиеттанушы ғалым, алаш зерттеушісі Заңғар Кәрімханның есімі де елге танымал. Бұған дейін оның «Дүние шыр айналса...», «Толағай», «Абай мен Алаш», «Қазақ тарихы. Инфографикалық деректер» атты кітаптары жарық көрген. Халықаралық экспедициялар мен түрлі жобаларға қатысып, Түркия, Ресей, Өзбекстан архивтерінде жұмыс істеп, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қатысты көптеген құжаттарды тауып, ғылыми айналымға қосқан. 

Заңғар Кәрімхан бұл жолы Ресейдің Омбы қаласына барып, сол қалада білім алып, еңбек жолы басталған Алаштың ірі қайраткері, педагог, ағартушы, әскери қолбасшы Отыншы Әлжанұлы жайлы мол материалдар жинап қайтты. 

Жоба аясында жарық көретін Отыншы Әлжанұлы туралы кітабынан біз бірнеше жаңашылдықты байқаймыз. Өз еңбегінде зерттеуші Отыншы Әлжанұлының өмірін, тұлғасын жаңа, тың деректер арқылы толықтыра отырып, бұрын белгісіз немесе аз зерттелген оқиғалардың жай-жапсарын толық ашуымен ерекшеленеді. Кітабында автор Омбыдан тапқан тарихи құжаттар мен архив материалдарын еркін пайдаланып, Отыншының саяси, әскери және қоғамдық қызметіне жаңа көзқараспен, бүгінгі тәуелсіздік биігінен қарайды.

Кітапта Отыншы Әлжанұлының дүниеге келуінен, тәрбие берген ортасының, ата-баба тектілігінен басталып, оқу жолдары мен қызметі, қайраткерлік қабілеттері толық баяндалған. Омбыдағы, Көкпектідегі педагогикалық қырлары, сайлауға қатысуы және Жетісудағы, Лепсі мен Мақаншыдағы әскери шеберлігі мен Алаш полктерінің құрылуы мен күресіне ерекше назар аудартады. Бұл аспект оқырмандарға оның Жетісудағы әскери қызметінің мәні мен маңызын жаңа қырынан танытады. 

Автор Отыншыны тек әскери қолбасшы ғана емес, сонымен бірге рухани көшбасшы және ағартушы ретінде көрсетеді. Оның тұлғалық қасиеттерін тереңірек зерттеп, қазақ халқының азаттық жолындағы күресінде жеке адам факторының рөлін айқындайды. Әсіресе ағартушының қаламгерлік қасиетін жазған мақалаларын көтерген мәселелері бойынша, саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет, әдеби-публицистикалық, фольклорлық және өлкетанулық бағыттар бойынша жан-жақты талдаған. 

Сонымен қатар бұл еңбекте Отыншының жеке тұлға ретіндегі қасиеттерін аша отырып, оның өмірі мен қызметі арқылы халықтың саяси санасының өсуі мен ұлттық тәуелсіздік үшін күрестегі рөлі кеңінен түсіндіріледі. Ағартушының Омбыдағы кезеңіне бөлек бөлім арнаған зерттеуші Отыншы Әлжанұлының өміріндегі Омбы қаласының рөлін, «Дала уалаятының газетін», Алаш қайраткерлерімен достығын, миссионер Алекторовпен байланысын, сондай-ақ қазіргі отыншытанудағы негізгі мәселелерді айқындап береді. Бұл кітап, біздің ойымызша, жас ұрпаққа тәуелсіздік үшін күрескен тұлғаларды таныстыру және олардың қызметінің маңыздылығын түсіндіру мақсатында да маңызды. Ұлттық тарихты зерттеу арқылы болашақ ұрпақ өзінің тарихи тамырын таниды.

Кітап тарихи-танымдық зерттеу бағытында нақты деректер, архив материалдары, сілтемелер және дәйексөздерді кеңінен қолдана отырып әрі ғылыми стильде, дәуір суретін әсерлі суреттеп, адамдар образын ашу үшін әрі деректі прозаның үлгісімен жазылған. Яғни ғылыми-зерттеу жұмысын деректі проза жанрымен сәтті үйлестіре алған шығарма деп бағалаймыз. Отыншы өміріндегі әсерлі оқиғалар, оның бірқатар тарихи тұлғалармен, атап айтқанда Ахмет Байтұрсынұлымен, А.Алекторовпен, жұбайы Нұржәмиламен диалогтары тартымды суреттелген. Соңына қарай бұрын еш жерде жарияланбаған қосымшалар беріліп, Отыншы өміріне қатысты тың құжаттардың фотосуреттері жарияланып отыр. Тағы бір айта кетеріміз, «Қазақ әдебиеті» газетінде Заңғар Кәрімханның Отыншы Әлжанұлының Жетісу жерінде Алаш әскерін жасақтауына және соңғы шайқасына байланысты мақаласы жарық көреді. 

Жалпы алғанда біз алаштанушы жас ғалым Заңғар Кәрімханның «Отыншыдай Ер қайда? (Алаш қайраткері Отыншы Әлжанұлының (1873-1918) өмірі мен шығармашылық мұрасы архив деректері негізінде)» кітабын тарихи материалдарға бай, жаңашылдығы көп, тілі жеңіл жатық баяндалған, ең бастысы, ұсынылған жоба талаптарын толық орындаған, тиісті шарттарға сай келетін шығарма деп есептейміз. 

Ақтөбеде өткен форумда Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов: «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасының құрамына сақа жазушы, ғалымдармен қатар бес талантты жас қаламгерді қостық» деген болатын. Осы жастардың ішінде көш бастап, бас бармақ болып жүргені әрі  мерзімді басылымдардағы бірінен бірі өтетін эссе, әдеби зерттеу, сын мақалалары арқылы көпке танылған жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – Елдос Тоқтарбай. 21 жасында мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанған Елдос әр жылдары «Дарабоз», «Балауса», «Ақ қауырсын», «Үркер үміт», «Ұлы Дала» әдеби байқауларында топ жарып, жеңімпаз болды.  «Өмір қандай тамаша!», «Тау құсы», «Әжемнің әңгімесі», «Жетісу аңыз әңгімелері» деген прозалық кітаптарымен балалар мен жасөспірімдер аудиториясында танылған жас жазушы. 

Алаштану тақырыбында өз стилін қалыптастырған Елдос жұртқа әдебиет, тарих зерттеушісі ретінде де белгілі. Тұрсын Жұртбай, Айгүл Ісмақова сынды үлкен алаштанушы ғалым ұстаздарының қасында жүріп, талай экспедицияға қатысты. ТМД мемлекеттерінің көптеген архив, кітапханаларымен тұрақты жұмыс істеп, мол тәжірибе жинады. 

Жады мықты, жазуы ширақ зерттеуші осы жоба аясында Мәскеу қаласына барып, Ілияс Жансүгірұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеу жүргізді.  Ресей Әдебиет және өнер архивінің қорынан Ілияс Жансүгіровтің публицистикалық мұраларын, Максим Горький атындағы әдебиет институтының архивінен Ілиястың фотоларын тапты. Саяси архивтен Ілиястың партияға өтуі, мүшелік билеті, оның газет шығару жұмысына қатысуы, жазушылардың І сьездіне қатысуы туралы көптеген беймәлім дерек жинап келді. «Ілиястың Ресейдегі іздері» деген ілиястануға жаңа көзқараспен қарап, тұлғаның өмір жолындағы кемшіліктердің орнын толтыруға тырысқан еңбек жазды. 

Алаш кезеңін зерттеуші жас ғалым, әдебиеттанушы Данияр Ихсан  елге енді-енді танылып келе жатқан жас өрен. Ғазымбек Бірімжан, Жүсіпбек Салықұлы секілді Алаш зиялыларының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, кітаптарын жарыққа шығарған. «Құлыншақ», «Жетісу жауһарлары», «Жетісу жұлдыздары», «Ұлтты оятқан ұлы сөз» сынды әдеби антология мен сериялық кітапшалардың авторы. Түркия, Ресей, Өзбекстан елдерінің кітапхана мен архив қорларында жұмыс істеп, бірнеше халықаралық экспедицияларға қатысқан. Қазақ әдебиеті мен тарихына (ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басы) қатысты біршама құнды дүние тауып, ғылыми айналымға енгізген.

Данияр Ихсан Ресей Федерациясының Астрахан қаласына барып, алаш қайраткері, агроном, қаламгер, мемлекеттік бағдарламамен шет елде білім алған алғашқы қазақтың бірі Ғазымбек Бірімжан туралы деректер іздестіріп, мол олжамен оралды.

Ғазымбек Бірімжан – аса күрделі саяси тұлға. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының сенім артқан төл шәкірті. 1913-1918 жылдар аралығында Орынбор қаласынан шығып тұрған «Қазақ» газетінің қара жұмысына жегіліп, шыңдалу мектебінен өткен. Кейін өзі де Ташкент қаласында басылған «Ақ жол» газетінің бас публицисті атанып, Пролеткульт ұйымдарының журналдарына да мақалалар жіберген. «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасын жасасқан. Бірінші және Екінші жалпықазақ сиездерінің ұйымдастыру жұмыстарына араласып, Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханның сенімді адамы болған. Сұлтанбек Қожанұлы, Санжар Асфендиар, Иса Тоқтыбайұлы, Ахметсапа Жүсіп сынды қайраткерлермен етене жақын араласып, аштар кіндік комитетінің қазақ секциясының басшысы ретінде танылған. 1923-1927 жылдар аралығында Берлин қаласындағы жоғары оқу орнында білім алып, агроном мамандығын алып шыққан. Ахмет Уәлиди Тоған, Мұстафа Шоқай, Абдулқадыр Инан сынды түркі жұртына белгілі зиялылармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мұстафа Шоқайдың жағдайын айтып, көмек көрсету қажет деп Сұлтанбек Қожанұлына хат жазған деген де дерек бар. Осындай ірі тұлғаның ғұмырнамасы әлі күнге дейін толыққанды жазылмай, зерттеу еңбектері жарық көрмей келеді.

Жоба аясында басылып шығатын Ғазымбек Бірімжан туралы кітаптан біз біршама жаңалықты көріп отырмыз. Өз еңбегінде ғазымбектанушы қайраткердің өмірін, тұлғалық келбетін тың деректер мен ел аузындағы әңгімелерді салыстыра отырып, бұрын беймәлім, көмескі болған жайттарға тереңірек тоқталып, кеңірек ашып қарастырады. Кітабында автор Астрахан қаласындағы архив пен кітапхана қорынан тапқан және отандық, алыс-жақын шет ел архивтерінен жинақтаған деректер мен құжаттарды пайдалана отырып, Ғазымбектің ғұмырнамасын жаңаша көзқараста талдап, әр призмадан қарайды.

Кітапта Ғазымбек Бірімжанның шыққан тегі, өскен ортасы, нағашы жұрты мен қайын жұртына дейін қарастырылған. Тобыл-Торғай жұртын билеген Шақшақ Жәнібек тархан (ата-бабасы) мен Хиуаны билеген Қайып хан (нағашы, қайын жұрттары) әулеті толыққанды түрде қамтылып, шежірелік тарихы баяндалған. Ел арасындағы ауызекі әңгімелер таразыланып, архивтік құжаттар негізінде нақтыланған. Орынбор, Мәскеу, Ташкент, Берлин қалаларындағы оқыған оқу орындары туралы ақпарат беріліп, аттестатынан бастап дипломына дейін тауып, білім сапарында көрген мехнаттарын дәлме-дәл берген. Ғазымбек Бірімжанды Түркістан үкіметінің Жер шаруашылығы халық комиссариатының стипендиясымен шет елдегі (Берлин) жоғары оқу орнында оқыған тұңғыш қазақ деп батыл мәлімдеме жасайды. Ғазымбекпен бірге барған басқа да қазақ жастарының өмірін жаза отырып, Әбдірахман Мұңайтпасұлы мен Дәмолла Битілеуұлы арнайы курстарда оқыса, Темірбек Қазыбекұлы басқа ұйымның атынан (Әндіжан қаласында өмірге келгендіктен қазақ тарихшыларына беймәлім тұлға), Сабыр Танашұлы өз қаражатымен (кейін стипендияға іліккен) барғанын архивтік құжаттар негізінде дәлелдеп шыққан. Қазақ жұртына аса қажетті мамандықты игерген жас маманның Мемлекеттік сауда басқармасында қызмет істеп, Шымкент, Вологда, Астрахан қалаларына жасаған іс-сапарына дейін қаузаған. Ғазымбектің ғұмырнамасы толыққанды түрде қамтылған деуге толық негіз бар.

Ғазымбек Бірімжан – заман бейнесін көркем түрде суреттей білген, қаламы қарымды, тілі шұрайлы қаламгер. Оның жүзге жуық әдеби-публицистикалық мақаласы бар екенін анықтаған. Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архиві мен ХХ ғасыр басында шыққан газет тігінділерін қарап, бұрын беймәлім болған мақалаларын тапқан. Алаш қаламгерінің тілдік ерекшелігін талдап, туындыларында кездесетін нақыл сөздерін, мақал-мәтелдерін, авторлық афоризмдерін жеке дара талдап, санамалап көрсеткен.

Данияр Ихсанның «Қазақтың Ер Едігесі» кітабы алаш ұранды қазақ халқының Ер Едігесін таныстыру және атқарған қызметінің мән-маңызын ұғындыру үшін таптырмас еңбек. Ұлт тарихын қызыға оқитын оқырман қауымды бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз. Автордың кітабы көбіне ғылыми-зерттеу жұмысы деп шартты түрде атасақ та, эссеистиканың элементтері жиі ұшырасады. Кітап тарихи-деректі, танымдық зерттеу болғандықтан архивтік құжаттар мен деректердің сілтемелелері нақты беріліп, түсіндірмесі жазылған. Ғұмырнамалық эссенің үлгісі деп те қарауға болады. Ғазымбек Бірімжан және оның айналасына қатысты тұлғалар, өткен оқиғалар туралы суреттер қоса берілген. Осы кезге дейін ғылыми еңбектерде көрсетілмеген архивтік деректер мен суреттер де алғаш рет беріліп отыр.

Төртінші талапкер – Жауынбай Жылқыбайұлы жобамыздың ең жас қатысушыларының бірі. Ол осы уақытқа дейін халықаралық экспедициялар мен түрлі жобаларға қатысып, ТДМ елдерінде өз зерттеу жұмысын жүргізген. Бірнеше жыл ішінде елге есімі елеусіз қалған алаш қайраткерлерінің әдеби-мәдени мұрасын жинақтап, жарыққа шығарды. 

Жауынбайдың осындай туындыларының бірі – «Алаш ардақтысы» (Әбубәкір Алдиярдың өмірі мен шығармашылығына) арналады. Әбубәкір Алдияр тәуелсіздіктен кейінгі жылдары есімі еленбей келе жатқан қаламгерлердің бірі. Автор жоба аясында жазылған осы еңбегінде Ә.Алдиярдың тұлғалық бейнесін айшықтап, бұрын ғылыми айналымға енбеген әдеби-мәдени мұрасын, архив құжаттарымен нақтылай түседі. Ол әр сөйлемін ғылыми фактіге негіздеп, бірнеше деректермен дәйектей түскен. 

Әбубәкір Алдияр – қазақтан шыққан тұңғыш екі жоғары білімі бар дәрігер-публицист әрі үлкен қаламгер еді. Бұл ғұмырнамалық деректі хикаятта Әбубәкірдің ата-тегі, қалыптасқан ортасы, білім алған кезеңі, қоғамдық-саяси қызметі, шығармашылық шеберханасы сөз болады. Автор Әбубәкір Алдияр мен қазақтың жарық жұлдызы Сұлтанмахмұт Торайғыр арасындағы ортақ байланысты шебер суреттейді, нанымды дерексөздер ұсынады. 

1913 жылы Сұлтанмамұт Троицк қаласында жүріп, көз ауруына ұшырап, жарық сәуле нұрын көрер сәттен айырылар тұста дәрігер-публицист Әбубәкір Алдиярдың алдына барған көрінеді. Бұл оқиғаны автор 1913 жылы болды деп көрсетеді. Осы жылы «Қазақ» газетінің №39 жылы жас ақынның Әбубәкірге тегін емдегені үшін алғыс айтқан ілтипаты жарық көрген. Сондай-ақ қос қаламгер арасында аға-бауырлық қарым-қатынас орнап, шығармашылық байланыс үзілмеген. Әбубәкір «Қазақ», «Айқап» газет-журналдарының негізгі жазушыларының бірі болған. 1916 жылы тыл жұмысына алынған қазақтардың арасына өз еркімен барып, әйелі Ажар Сейдалымен бірге Беларуссияның батпақты Пинь өлкесінде болып, қазақ жігіттері үшін аянбай қызмет қылған. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлымен бірге қоғамдық-саяси жұмыстарға араласып, Алаш автономиясының негізін қалаушы ниеттес, Ә:Бөкейхан қазақтан депутаттыққа ұсынған азаматтардың бірі болған. Жауынбай Жылқыбайұлы Әбубәкірдің қоғамдық-саяси қызметін баяндай отырып, дәрігер-публицист жайлы М.Дулатұлының жазған араша хатын, газет-журналда жарық көрген алғыс хаттарды деректі проза үлгісімен берген. 

Жауынбай Жылқыбайұлы Әбубәкір мұрасын жинақтау үшін жоба аясында Санкт-Петербург қаласында зерттеу жүргізіп, мол олжамен оралды. Ол бұрын-соңды ғылыми айналымға енбеген архив құжаттарымен қатар, Әбубәкірдің бұрын жарияланбаған суреттерін, мақалаларын тауып, өз еңбегіне қосқан болатын. Бұл еңбекті дәрігер-публицистің әдеби-мәдени мұрасы да айшықталада түседі. Автор XX ғасыр басындағы қазақтың оқыған азаматы, қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер-публицист, мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, әдебиетші, мәдениеттанушы, фольклортанушы Әбубәкір Алдиярдың әр қырын ашып, өзіндік талдау жасаған. Автор өз еңбегінде Әбубәкір Алдиярдың әдеби-мәдени мақалаларын талдай отырып, қазақтың тұңғыш мәдениеттанушыларының бірі деп баға береді.  Жауынбай Санкт-Петербург қаласында Ә.Алдиярға қатысты тарихи оқиғалар мен әдеби-мәдени мұрасын зерттеу барысында Ресей ұлттық кітапханасы және Санкт-Петербург орталық мемлекеттік архиві, Санкт-Петербург орталық мемлекеттік тарих архиві, Санкт-Петербург орталық мемлекеттік әдебиет және өнер архивтерімен тығыз жұмыс істеп, дәрігер-публицистің тұлғасын айшықтауда екіұшты деректерді дәйектеп, бұрын ғылыми айналымға енбеген архив құжаттарын тауып әкелді. 

Әбубәкір Алдиярдың есімі елге беймәлім. Отыз жылға жуық әдеби-мәдени мұрасы, қоғамдық-саяси қызметі зерттелмей, жазылмай келеді. Автор осы мәлелердің қозғай отырып, Қазақстандағы және Ресейдегі архивтер мен кітапханалардан Ә.Алдияр жайлы қажетті материалдарды түгел сүзіп шығып, толық зерттегенін байқаймыз. Бұл кітапта қаламгердің жаңа қыры, елге аясыз қылған дәрігерлік қызметі, ғұмырының соңғы жылдарындағы өкінішті сәт, қуғын-сүргін кезеңі, қолды болған әдеби-мұрасына суреттеліп, тұлғаның тарихи бағасы, қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі  орны жайлы айшықты түрде баяндайды. 

Жауынбай Жылқыбайұлының бұл шығармасы жобаның алға қойған негізгі мақсатын ашады, ұсынылған жоба талаптарын толық орындаған, тиісті шарттарға сай жазылған. Қайраткер жайлы тың архив құжаттары, суреттер нақты беріп, тұлға бейнесі толық ашылған. Әбубәкір Алдияр жайлы қазақ зерттеушілері тәуелсіздік жылдарынан кейін бірнеше мақала жазумен шектелген. Осы уақытқа дейін ғұмырнамасы көлеңке тартып, зерттеуісін іздеп, көмескіленген тұлғалардың бір болған-ды. Бұл Әбубәкір Алдияр жайлы қазақ әдебиетінде тұңғыш жазылып отырған еңбек. Жауынбай секілді жас қаламгерді осындай ауқымды тақырыпқа қалам сілтеп, қазақ әдебиеті мен тарихына сүбелі еңбек қосқаны бізді де қуантады.

Жобаның кішкене бөбегі – Ертай Біләл деген жас қалам иесі. Ол осы уақытқа дейін ұлт дербестігі, елдігі, теңдігі жолында жазықсыз құрбан болған алаш қайраткері, ақын, композитор Қапез Байғабылұлын өмірі мен шығармашылығын зерттеген. ХІХ, ХХ ғасыр басындағы ескі жазуларды еркін меңгерген Ертай қазақ әдебиеті мен мәдениетіне байланысты көптеген кітаптар мен құжаттарды қазіргі қаріпке түсіріп, ғылыми айналымға қосып жүрген азамат. 

Ертай Біләл Санкт-Петерборға барып, жазушы, публицист, драматург, аудармашы, репрессия құрбаны Нұғыман Сәрсенұлы Манаевтың ғылыми айналым түгілі, қазіргі қаріпке түспеген бірнеше кітаптарын анықтап, жинақтап қайтқан болатын. 

Нұғыман Манаев – тәуелсіздік жылдары көп зерттелмеген ақтаңдақ. Уфа қаласындағы әйгілі «Ғалия» медресесін Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов, Мәннан Тұрғанбаев, Мағжан Жұмабаевтармен бірге оқып, «Садақ» журналын шығаруға атсалысқан қазақ оқығаны. «Ғалия» медресесінде шәкірт болып жүріп «Иман-ислам» деген оқулық жазған. 

Нұғыман Манаевтың қайраткерлік жолы 1920-1923 жылдары Теңіз уездік оқу бөлімінің меңгерушісі, уездік атқару комитетінің председателі жұмыстарын атқарудан басталады. Жемісті еңбек еткен Нұғыман көп кешікпей Бөкей губерниялық атқару комитетінің председателдігіне жоғарылатылады. Сол жылы  губерниялық «Кедей туы» газетінің редакторлық қызметін де қоса атқарады. Әртүрлі қызметтерде әбден ысылған Нұғыман Манаев 1926-1928 жылдары  Орал, Ақтөбе, Жетісу губерниялық партия комитеттерінде жауапты хатшы қызметін атқарады да, 1929 жылы қайраткер Ораз Жандосовтан кейінгі Қазақстанның халық ағарту комиссары болып тағайындалады. Өкінішке орай, осындай қайраткер тұлғаның өмірі мен шығармашылығы бұ күнге шейін жан-жақты зерттелмей келген еді...

Десе де, жоба аясында жарық көретін зерттеуші Ертай Біләлдің «Алаштың ақсұңқары» (Н.Манаевтың өмірі мен шығармашылығы) тарихи-танымдық толғанысы бұл кемшіліктің орнын толтырғандай. Олай дейтін себебіміз, кітапта тұлғаның өміріне байланысты тың мәліметтер аз кездеспейді. Мәселен, Н.Манаевтың композитор, қоғам қайраткері А.Затаевичтің 1925 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Қазақтың 1000 әні мен күйі» жинағына Бөкей ордасынан әндер қосуы, орыс жазушылары Соболев, Березовскийлердің шығармаларын қазақ тіліне аударуы туралы мәлімет және ақын Ш.Бөкеевтің тұңғыш шығармалар жинағын құрастыруы,  тұлғаның архивтік қорындағы әртүрлі доностардың тұпнұсқа қалпы берілуі жоғарыдағы сөзіміздің айқын дәлелі. Сонымен қатар, кітапта қайраткердің «Иман-ислам» (Уфа, 1915), «Қосшы ұйымының V губерниялық сиезінде жолдас Манайұлының сөйлеген сөзі» (Алматы, 1927), «Тіл жайында» (Алматы, 1931) еңбектері мен баспасөзде жарияланған бірқатар мақалалары тұңғыш рет қазіргі қаріпке түскен.  Бұл жас ғалымның тұлғаны зерттеуге деген жауапкершілігі мен еңбекқорлығын танытса керек.