Академик Кеңес Нұрпейісұлының мәнді ғұмырындағы маңызды ісі – сөзінің ұлттық рух, батырлық, тектілік аясында өрнектелгенінде. Ол ғылымдағы адалдық қағидатын келешек ұрпаққа мұра етті
Кеңес Нұрпейістің тамаша ғұмырының алтыншы асуында академик Манаш Қозыбаев: «...ғылымды қолынан жасайтын жанның бірі, бірегейі Кенекең. …Кеңес әулеті бұл күні өзі бір әлем»[1] деген пайым айтқан еді. Ғалым осы әлемге қалай келген еді?
Кеңес Нұрпейісұлы үш жасында анасынан айырылады. Онан соң, көп ұзамай әкесі, колхоздың мал фермасының меңгерушісі – Нүсіпбаев Нұрпейіс қамауға алынып, сотталып кетеді. Әрі қарай, оның мән-жайы бала Кеңеске белгісіз еді. Жаңа заман кеңшілік әкеледі деп үміттеніп, атын қойған Кеңесті кеңестік үкімет жүйесінің шырылдатып әкесіз қалдыратынын кім білген. Ата-анадан көз жазу кімге болса да оңай болмасы айқын. Ол 1942-1945 жылдары Қарабұлақ балалар үйінде тәрбиеленеді. Онан соң туысқан апасы Тұрлыхан бауырына басады, жездесі Нұрбек оны балалар үйінен алып кетеді. Осылайша, нағыз ата-анасына айналады. Балалық шағы, жеке тағдырының күйзелісінің Ұлы Отан соғысы кезеңіне сәйкес келуі, өзі қатарлас балалардың тағдырларымен қабысып кетті десе де болады. Соғыс алдында және соғыс кезеңінде дүниеге келген нәрестелердің өмір-тіршілігі қиын болса да, олардың отаншылдық рухының ерекше болғанын атап өту керек. Кеңес Нұрпейісұлы – суықпен сергіген, аш құрсақта арын арашалап қалған, ерте ер жеткен, оқудың құнын білген ұрпақтың өкілі. 1952-1957 жылдар аралығында қазақтың қара шаңырағы болған С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде дәріс алады. Ол үздік оқумен қатар ғылыми үйірмелерге қатысып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Студенттердің ғылыми-теориялық конференцияларында ғылыми тақырыпта баяндамалар жасайды.
Жастар комитетінде, насихатшылар тобында қызу жұмыс атқарады және А. Иманов атындағы стипендиясының жүлдегері болады. Оны факультет деканы М. Ақынжанов жоғары бағалаған. «НАТО-ның агрессивтік мәні» тақырыбында диплом жұмысын үздік бағаға қорғайды. Оқуын аяқтаған соң университетте оқытушылық қызметте қалады. Оның ғылымға деген талпынысы жоғары буын ғалымдар тарапынан бағаланады. 1958 жылдың 19 ақпанынан Қазақ ССР ҒА Тарих, археология және этнография институтының «Октябрь революциясы және азамат соғысы» бөліміне кіші ғылыми қызметкер ретінде (бөлім жетекшісі, т.ғ.к. Тәжен Елеуовтің ұсынысымен) қабылданады. Ол кезеңде ғылыми-зерттеу институты қызметіне Қазақ ССР ҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімінің бюро мәжілісінің шешімімен ғана қабылданатын. Бұл жас маманның тарих ғылымына қанат қаққан алғашқы қадамы еді. Қазақта «Қадамың оң болсын!» деген қанатты сөз бар ғой. Дәл солай. Кеңес Нұрпейісұлының алғашқы қадамы, болашаққа талпынысы табиғи күйінде өріс алған. Ғалым өмірінің алғашқы аяқ алысына тоқтауымыздың мәні осында. Бағына қарай, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ісмет Кеңесбаев, Ахмет Жұбанов, Қажым Жұмалиев, Әлкей Марғұлан, Ақай Нүсіпбеков, Г.Ф. Дахшлейгер, Б. Әбішева, П.Г. Галузо сияқты тұлғаларды көріп өсті. Манаш Қозыбаев, Рамазан Сүлейменовтердің дәстүрін жалғастырған тұлға. 1982 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Өзінің ғылыми мектебін құрды.
Кеңес Нұрпейісұлын біртуар ғалым ретінде қалыптастырған оның азаматтық қасиеттерін және алаш арыстары мұрасына адалдығын қанаттас ағалары (академиктер С.Зиманов, Ә. Қайдар, М.Х. Асылбек) бағалай білді. Артынан ілескен інілері – З. Қинаятұлы, Н. Оразалин, М. Қойгелдиев, Қ. Алдажұманов, Б. Аяған, Х. Әбжанов, Ж. Абылқожин, С. Әжіғали, А. Тоқтабай және басқа да әріптестері, шәкірттері оның тұлғалық қасиетін қастерлеп келеді. Оның зерделеу ауқымы Қазақстандағы ұлт-азаттық қоғалыстар тарихы, ұлттық мемлекеттік құрылыс тарихы, 20-ыншы жылдардағы қазақ ауылының жағдайы, жеке тарихи тұлғалар қызметі және т.б. тақырыптарын қамтыды. Академиктің Х. Досмұхамедов, Ә. Ермеков, А. Байтұрсынов, М. Тынышбаев, Т. Рысқұлов, О. Жандосов, С. Қожанов, М. Дулатов және басқа тұлғалар жөнінде жазған еңбектері орыс, ағылшын, түрік және басқа тілдерде жарық көрді. «Алаш қозғалысы» бес томдық құжаттар мен материалдар жинағының үшінші томын даярлауға белсене қатысты. Осылайша ғалым бүкіл ғұмырын (50 жылдан аса) Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ғылыми-зерттеу институтындағы жұмысына арнады. Зиялы деген ел азаматтарының ыстық ықыласына бөленді.
Егер ел тарихын тұлғалар тарихы құрайтынын ескеретін болсақ, Кеңес Нұрпейісұлының тұлғалық тарихын ашу әлі де көп еңбектенуді қажет етеді. Себебі ол «Алаш» мәселесіне 1990 жылдары келді десек, қателескен болар едік. Ол диплом жұмысының тақырыбынан бастап, 1960-1970 жылдардағы жариялынымдарында «кеңестік рөлдің» астарымен қаншама ұлт және ұлттық саясат, жалпы халықтық (оның ішінде Алашорда, ұлт-азаттық көтеріліс, жергіліктендіру) мәселелерді көтерді. Бұл кездейсоқ бағыт емес-ті. Кеңес Нұрпейістің қарапайым ғылыми қызметкерден «Алтын адамға» дейінгі саналы ғұмыры – академиктің алтын дәуірі. Демек, мұның барлығы толықтай сараптамалық ғылыми-зерттеуді қажет етеді деген сөз. Замана сұрағы: Ғалымды асқаралы асуға жеткізген қандай күш? Бұл – қарапайым әрі күрделі мәселе. Анығы, оның жан-жағындағы ғылыми қауымға сый-құрметі, тәлімі, оларды бағалауы, біріктіруі. Ақиқатты – ар ісі санауы. «Алаш» мәселесінде де ол, сабырды басты мәселе деп түсінді. Ол алаштың ұлдары мен қыздарын туғанындай, өзге жұртты өзіндей көріп, адами асыл қасиеттерді бағалауға үйретті. Алаш мәселесі – халық мәселесі. Ол өзінің ғылыми тұжырымдарында «алаштанушылардан» бастап, басқа да ғылыми тақырыптағы танушылардың сыңаржақты болып кетпеуін байсалдылықпен ұғындырды. Қазақ тарихы – халықтың тарихы. Тарихты жасауға атсалысқандардың барлығы – ел тарихын жасаушылар. Мақаладағы қозғалатын мәселе «тарихи шындықты аттап кете алмаған» ғалым жөніндегі, академик К. Нұрпейістің «Академик Анна Михайловна Панкратова и историческая наука Казахстана» мақаласынан туындаған ой төңірегінде болмақ.
Кеңес Нұрпейісұлының пайымдауы бойынша, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргіннен кейін Қазақстан, Мәскеу, Ленинград ғалымдарының бірігіп, «Қазақ ССР тарихы» ғылыми жобасын қолға алуын, республиканың рухани өміріндегі нағыз интернационализмнің көрініс беруімен сабақтастырады. Оны ғылымдағы ерлік деп бағалайды.
Сонымен қатар, сол кезеңдегі тарихшылар арасындағы талас-тартысқа қатысты туындаған мәселе төңірегіндегі профессор А. Панкратованың адами қарым-қабілетіне былайша баға береді: «...Нужно было быть Панкратовой, чтобы в годы тяжелой войны по существу «заставить» ЦК ВКП(б) созвать это совещание. В его работе принимали участие видные историки страны: К.С. Бушуев, А.М. Панкратова, М.В. Нечкина, С.В. Бахрушин, И.И. Минц, Б.Д. Греков и другие. Совещанием руководил секретарь» ЦК ВКП(б) А.С. Щербаков. В его работе принимали также эпизотическое участие А.А. Жданов, Г.М. Маленков». Кеңес Нұрпейісұлы Анна Михайлқызы Панкратованың өмірі мен шығармашылығын саралай келе, оның кәсіби тарихшы тұлғасын «ғылымға адал қызмет етудің үлгісі» деп тұжырымдайды. Анна Панкратова болса, одақтағы ұлт аймақтарының тарихи шынайылығын, оның ақиқат тұстарының ашылуын қолдады және сол үшін күресті. Ол 1920-1930 жылдары ұстазы «М.Н. Покровский мектебіне» қатысты саяси науқанның шиеленістері арқылы пісіп-жетілді. Сүрінді, құлады, қайта тұрды, белін буды. Оның бойында күрескерлік рух Ұлы Отан соғысы кезеңіне дейін-ақ қалыптасқан-ды. Кеңес Нұрпейісұлы сүйсінген Анна қандай жолдан өткен еді? Ол жол сан-салалы еді. Дегенмен, кәсіби тарихшының соғыстан кейінгі Қазақ тарихына қатысты өрбіген оқиғаларға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
1943 жылы «Қазақ ССР тарихы (ерте заманнан бүгінге дейін)» баспадан шығарылады. 1944 жылы тарихшы-ғалымдардың еңбегі ескеріліп «Сталин сыйлығына» үміткерлер қатарына ұсынылады. Бірақ бұл қуанышты хабардың артынан басқа хабар келіп, авторлардың көңілін су сепкендей түсіреді. Мемлекеттік сыйлықты белгілеу Комитетінің отырысының мәжілісінде басты сарапшылардың бірі (ол ұстазы В. О. Ключевскийді пір тұтқан, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.И. Яковлев) – А.И. Яковлев арнайы сөз алып, «Комитеттің комиссия мүшелерінің бірінші отырыста қате шешім қабылдағанын жариялай келе», «Қазақ ССР тарихының» негізгі мазмұны орыс халқына қарсы жазылғандықтан, мұндай қауіпті кітапты жоғары сыйлықпен марапаттаудың аяғы, басқа да халықтың ұлттық сана-сезім талпынысының жетілуіне итермелейтінін жеткізеді. Тіпті ол, Кенесары бастаған көтеріліске бір тарау арналғанын, оны халық батыры деңгейіне көтергендігі жөнінде ашына сөйлейді. Бұл пікірге отырыс мүшелерінің бірде-бірі қарсы келмейді. Мұндай пікірлердің артында академик Е.В. Тарле, профессорлар А.В. Ефимов, С.К. Бушуев (КСРО тарихын қайта жазуды ұсынды), КСРО ҒА корреспондент-мүшесі И.И. Минц тұрған-ды. Мүмкін дәл осындай «рухани күштер» кейінгі «Қазақ ССР тарихының» тағдырын айқындуға да негіз болды. Десек те, профессор А.И. Яковлев пікірінде бір ақиқат бар. Сол кезеңнің өзінде, тарих ғылымында он бес жыл ғылым докторы лауазымындағы, тікелей В.И. Ленинмен жүздескен және пікірлес болған [2]. Одақтың маңдайалды кәсіби профессорының Кенесарыны – халық батыры ретінде ішкі түйсігі қабылдамаса да, танымының қабылдауында. Оның сөзімен айтқанда: «Кенесарыны халық батыры дәрежесіне дейін көтерген». Демек, қазіргі көзқараспен қарағанда, авторлар ұжымының діттеген ғылыми нәтижеге жеткенін көрсетеді.
Бұл тарихшы-ғалымдар арасындағы тарихи ақиқат жолындағы тартыстың бастамасы ғана еді. Сол кезеңде алпысты алқымдаған ақсақал А.И. Яковлевтың холоптар туралы іргелі ғылыми-зерттеу жұмысы қолжазба түрінде «Сталин сыйлығына» ұсынылып, 1943 жылдың басында (жүз мың сом көлеміндегі) екінші дәрежелі сыйлықты иеленеді. Осы жылы «Холопство и холопы в Московском государстве XVII в.» монографиясының бірінші томы жарық көреді. Бұл кітап 1944 жылы БКП (б) ОК тарихшылар отырысында В. И. Пичеты, Б. И. Сыромятникова, С. В. Бахрушина, А. М. Панкратова тарапынан сынға ұшырайды. Профессор А.М. Панкратова былайша сипаттама береді: «Его книга «Холопы»... не только не является марксистской, но и не является патриотической книгой».
Олар А.И. Яковлевтың «неміс тарихшыларының реакциялық идеяларына» және «ұлтшылдық идеологияны қайта оралту» әсеріне еліктегендігін алға тартады. С. Б. Веселовский болса, «Холоп», «Славянин» ұғымдарын байланыстыру мен мұрағат құжаттарын пайдалануындағы кемшіліктері жөніндегі нақтылықтың сақталмағаны туралы пікірін білдіреді. Мұндай пікірлер 1945-1946 жылдары жалғасын тапты. С. В. Бахрушин болса автордың маркстік қағидадан ауытқығанын айта келе, «автор шығыс славяндарда құл иеленушілік формациясының болғанын жоққа шығарады, бірақ Киев Русіне арналған тарауында құл иеленуші ел туралы» бергенін алға тартады және бұл пікірін 1945 жылы «Большевик» журналына жариялайды.
1944 жылы 16 тамызда А.И. Яковлев В.П. Потемкинге жазған хатында: «...в связи с атакой на «Холопство» поговаривают о каких-то дальнейших выпадах против меня. Это все, конечно, за Казахстан» деп көрсетеді. Тарихшы А.И. Яковлевтің бұл сөзінің де жаны бар. Себебі 1944 жылдың басына қарай, патшалық өкіметтің түрлі кезеңдеріндегі «ұлт аймақтарының» Ресейге қосылуына қатысты баға беруде кеңестік тарихшылар арасы екі жікке бөлінген-ді. Бірінші топтың өкілдерінің пікірінше, қосылған халықтар үшін Ресейге қосылу – «шыңына жеткен қатігездік (абсолютным злом)» деген көзқарастағылар КСРО ҒА Тарих институтының директор орынбасары А.М. Панкратованың айналасына (М.П. Вяткин, Н.М. Дружинин және т.б.) кеңестік интернационалист-тарихшылар бірікті.
Екінші топтың өкілдері академик Е.В. Тарле (А.И. Яковлев, А.В. Ефимов, С.К. Бушуев, П.П. Смирнов және т.б.) басшылығымен жоғарыдағы «қатігездік» теориясын қайта қарастыру ғана емес, кеңестік тарих ғылымын ұлттық-патриоттық бағытына түпкілікті қайтару қажеттігін айтумен болған, ұлыдержавалық-шовинистік бағытты ұстанғандар [3]. Бұл кезеңде академик Б.Д. Грековтың Ресейдің әлеуметтік-экономикалық эволюциясы қағидасымен, А.И. Яковлевтың «Холоптық институттан крепоснойлықтың шығуы туралы» тезисі тіпті де жанаспайтын еді. Мәселенің өршігенін байқаған Анна Михайлқызы профессор Н.М. Дружининге «Қазақ ССР тарихы» авторлық ұжымының көзқарасын білдіретін және патша өкіметінің отарлық саясатының сипаттамасын қамтитын баяндау хат жазуды тапсырады.
Осымен қатар бір мезгілде қазақ және орыс тарихшыларының қатысымен жергілікті жерлердегі отаршылдыққа қарсы қозғалыстар мәселесін қайта сараптау шешімін қабылдайды. Бұл талқылау 1943 жылдың күзінде Мәскеу қаласындағы Тарих институтында жүргізілді. Талқылау қорытындысы бойынша негізінен, «Қазақ ССР» кітабын құрастырушылар көзқарастары дұрыс деп танылды, тек жекелеген оқиғаларға қатысты ғана пікірталастар болғанмен, оқу құралын жазудағы бастамалық қағидалары мақұлданды. Анна Михайлқызы авторлық ұжымға таңылған өсек пен жаладан арылу мақсатында бұл мәселені БК(б)П Орталық комитетінде қарастыруды өтініп, Орталық Комитет хатшылығы арқылы И.В. Сталинге, А.А. Ждановқа, Г.М. Маленковқа, А.С. Щербаковке 1944 жылы ақпан айында, 26 сәуірде және 12 мамырда үш рет хат жазады. Ол А.А. Ждановқа жазған хатында «соңғы кездері идеологиялық майдан қызметкерлері арасында патриотизм туы астында марксизм-ленинизмді бүркемелеуші, нағыз реакциялық және артта қалған теориямен қаруланғандар үдерістері белең алғанын айтады. «Соғыс ашықтықты, мақсаткерлік пен нақтылықты талап етеді, сол сияқты насихатта да, ал соңғы уақытта соғыс жағдайындағы тарихта да, сондай талаптардың орны маңызды». Негізсіз тағылған кінәға Анна Панкратова тағы да қарап отыра алмады. Ол А.А. Ждановқа тағы да хат жазды. Хаттан үзінді түпнұсқада беруді жөн көрдік: «...Обвинение Александрова ни на чем не основаны. Правда, мы не трактовали и не могли трактовать казахский народ, как народ без истории, тем более, что над богатейшей историей этого народа трудились три крупных научных института, создавшие большой том, который можно прочесть в опровержение старых представлений о колониально-угнетенных народах как народах «неисторических». Что касается обвинения в том, что «книга антирусская», то я считаю его результатом либо недобросовестных, либо малокомпетентных рецензий, послуживших основанием тов. Александрову для подобного заключения. Стоит прочесть эту книгу без пристрастия, чтобы увидеть, что от первой до последней страницы она пронизана стремлением показать глубокую историческую связь русского и казахского народов, совместную освободительную борьбу против царизма великого русского народа, в лице его лучших представителей, и передовых представителей казахского народа. (...) Что касается оценки итогов колонизации, то мы исходили из положения Ленина о том, что капитализм, развиваясь вширь, вовлек Казахстан в русло прогрессивного развития, которое мы конкретно показали» [4]. Анна Панкратованың осы қатынас хаттарынан кейін, КСРО ҒА Тарих институтында Мәскеудегі жетекші тарихшылардың қатысуымен 1944 жылдың 29 мамырынан 8 шілде аралығында ашық кеңейтілген талқылау жүргізілді. Қазақстан тарапынан өкілдер қатыстырылған жоқ. Мәжіліске қатысушылар күнде түстен кейін жиналып, түн ортасына дейін жалғасқан талқылау, БК(б)П ОК хатшысы А.С. Щербаковтың төрағалығымен бес күнге созылды. Ал, президиумда Саяси бюро мүшелері А.А. Андреев, Г.М. Маленковтың отыруы күрделенген мәселенің жоғары деңгейде күні бұрын нүктесі қойылғанын аңғартса керек.
Бірақ, аңғал Аннаның ойына ештеңе келмегені айқын. Талқылауда 21 тарихшы белсенділік көрсетті. Кейін бұл пікірталастар жөнінде А.М. Панкратова өзінің жазбасында былайша береді: «сырттай қарағанда пікірталасқа сылтау болған Қазақ ССР тарихы» кітабы болды, бірақ ол бұрынғы тарихшылар арасында оқшау айтылған дүниені, ашық айтуға мәжбүр етті». Мәжілістің соңғы күні академик Тарле: «егер Сізге қажет болса Анна Михайловна, өзімнің кейбір тұжырымдарымнан түпкілікті бас тарта аламын!...» десе, профессор А.И. Яковлев: «Құдай үшін өтінемін, маған ренжімеңіз «Қазақ ССР тарихына» көлемі он беттей өзгеріс енгізіңіз. Жалпы алғанда, кітап жақсы жазылған!...», профессор А.В. Ефимов те осы бағытта сөйледі. Осылайша, мәжіліс соңында пікірсайысты тудырған тарихшылар тобы А.М. Панкратова алдында жібіп сала берді. Нәтижесінде: «Қазақ ССР тарихы» іргелі зерттелген, оны Одақтың басқа республикалар тарихын жазуда үлгі ретінде қолдануға болады және таяу арада бұл кітаптың түзетілген, екінші басылымын даярлауды әзірлеу қажеттігі туралы пікірлер айтылып, тарасады. Бірақ, мұнымен іс бітпейді. 1943 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихы» басылымының авторларын қудалау мақсатында, БК(б)П ОК үгіт-насихат бөлімінің бастығы Г.Ф. Александров Анна Панкратованы «мәжілістің құпия материалдарын жария етті, сондай-ақ оны өз студенттері арасында таратты және топ құрды» деп кінә тағады. 1944 жылдың кыркүйек айында арнайы шақыртылған А.М. Панкратова, А.А. Жданов пен А.С. Щербаковтің қабылдауында болады және сол жолы, Тарих институтының директорының орынбасары қызметінен босатылады. Оның 1945 жылдың 20 шілдесі күні А.В. Пясковскийге жазған хатында өзінің өткен өміріне көз тастайды: «Қызығы сол, өзім үшін бір мезет өмір сүре алмаймын. Асығыс, аптығыспен, жұмысқа берілумен барлық өмірім өтті. ...Менің қызым Мая жәйдан жәй айтпайды: «Мама, мен сен сияқты болғым келмейді. Сенің өміріңнің қызығы жоқ – тек еңбек». Мен оған былайша жауап бердім: «Иә, себебі мен социализмде – сенің және кейінгі жас ұрпақтың қызықты да көңілді еңбек етуін қалаймын».
Айта кететін жайт, ғылымды нақты қоғамдық-саяси жағдайдан, сталиншілдік догмадан бөліп қарастыруға ұмтылушылық, зерттеу жұмысында ғылыми басымдылыққа мән беру мәселесінде, Анна және оның қызы Мая Панкратовалар ортақ пікірде болғандығы. Марксистердің алғашқы ұрпағы партия және оның ғылыми зерттеудегі партиялық басымдылығына бас ұрып кетті десе де болады. Мұндайда А. Панкратова өзі және өзінің әріптестері туралы былайша білдірген: «товарищи считали, что выполняют свой партийный большевистский долг, когда они в известной мере прикрашивают историю». Бір анығы, ол еңбек етті, болашақ елінің гүлденуін ойлады, жан-жағындағы әріптестеріне қамқор бола білді, тек алға ұмтылды, келешекке сенді. Өз ғұмырында өз бақыты ғана емес, ел бақытын ойлаған аңғал бойжеткеннен ақиқат жолындағы күрескер тұлғаға айналған, қарапайым әйел, сүйікті жар, ана, кәсіби тарихшы-ғалым бола білді. А. Панкратова – тарихи кезеңдерде өзіне қарсы соққан желді, тік тұрып қарсы ала, кәсібилігін жоғалтпаған бірегей тұлға.
Анна Михайлқызы Ресей жұмысшы табының 1917 жылға дейінгі қалыптасуы және дамуы, қоғамдық-саяси қозғалыстар мәселесі, дипломатия тарихы, Ресей, Германия, Италия, Франция кәсіподақ қозғалысының тарихын зерттеді. Соғыстан кейін ғалым ресей жұмысшы табының тарихы бойынша іргелі зерттеу жұмысын қайта қолға алады және ол еңбектің төрт томдық көлемін де жоспарлайды [5, 105-б.]. 1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде Х. Айдарова, Т. Шойынбаев, А. Якуниннің «За марксистко-ленинское освещение вопросов истории Казахстана» мақаласынан басталған айыптаулар мен әсіре сілтеулер нәтижесінде, 1952 жылдың 5 қазаны күні қамауға алынған А. Панкратованың шәкірті Е. Бекмаханов «буржуазиялық-ұлттық көзқарастары және іс-әрекеті үшін» 25 жылға сотталады. И.В. Сталин қайтыс болғаннан кейін, А.М. Панкратова оның тезірек босатылуына себепші болды. 1952 жылы оның «Ресейде пролетариаттың қалыптасуы (XVII-XVIIIғғ.)» атты бірінші томының қолжазбасы талқыланды және басылымға ұсынылды. Бірақ монография ғалым қайтыс болғаннан кейін, 1963 жылы жарық көрді. Осылайша, автордың 1930 жылдардан талпыныс жасаған жұмысшы табы тарихы бойынша толықтай зерделенетін еңбек жасау ойы орындалмай қалды.
Компартияның 1953 жылғы қыркүйектегі пленумында Н.С. Хрущев КОКП ОК бірінші хатшылығына сайланды. КСРО-ғы «Жылымық» кезеңінде тарихшылар арасын «сталиншілдер» және «сталинді теріске шығарушылар» тобына жіктеліп, соңғылары тарихшылардың жас ұрпағымен бірігуіне әсерін тигізді. Билік басына жаңа келген Н.С. Хрущев партиялық және мемлекеттік қызметінің бір саласы ретінде ғалымдар, өнер, әдебиет қайраткерлерімен жиі кездесу жасайтын. Осы сәтті пайдаланған Анна Михайлқызы оның қабылдауына жазылады. Әрине, КСРО-ның жетекші тарихшысы, КОКП ОК мүшесін Н.С. Хрущев қабылдайды. Өзімен бірге ұжымдық өтініш хатты алып кіреді. Ол КСРО Бас прокуроры Р. Руденкомен тікелей байланысқа түседі:
– Роман, қазір менің қабылдауымда танымал тарихшы, академик Панкратова, сенің және менің балаларым оның «КСРО тарихы» оқулығы бойынша оқыды. Анна Михайловнаның айтуынша, оның тәрбиелеген, Қазақстан тарихшысы күнәсі болмаса да сотталған. Осы іс бойынша, Мәскеу тарихшыларының хатына мен бұрыштама қойдым: «Тексерілсін, нәтижесін айтатын болыңдар!» Сен осы хатты өзіңнің бақылауыңда ұста! Түсінікті ме? Жалпы бізге саяси сотталғандардың барлық істерін қайта қарау керек. Роман, бұл мәселені үнемі көзіңнен таса қылма, егер сен нақты ұсыныс берсең, онда оны жалпы мен, президиумда қолдаймын!...» деп сөзін аяқтайды.
ОК бірінші хатшысының аузынан естіген мұндай лебізді Анна Михайловна шын көңілден мақұлдап, қуанышын жасыра алмайды:
– Никита Сергеевич, бұл керемет ой, егер сіз миллиондаған жазықсыздан жапа шеккендерді босатсаңыз, онда олардың ғана емес, жылдар бойы көз жасын төгіп жүрген олардың отбасының ұлы ризалығына ие боласыз. Бұл дәуірлік, тарихи оқиға, екінші революция деп айтуға да болады! Тарихшы және ОК мүшесі ретінде, мен бұл адамгершілік акциясын қолдаймын және бұл бақытсыздардың сот ісін қайта қарау бойынша құрылған қандай қоғамдық комиссия болса да құрамында жұмыс жасауға дайынмын. Никита Сергеевич, мен сізден өтінемін істерді қайта қаруды бастауды неғұрлым тездетіңізші. Жаңа Руденкоға айтқан сіздің сөзіңіз, мені қатты толғандырды, рахмет сізге!
1954 жылдың сәуір айында НС. Хрущевтің бастамасымен көптен күткен комиссия құрылып, жүздеген мың жәбір көрген адамдар босатылып, қайтыс болғандары да ақталады. 1953 жылы Анна Михайлқызы Н.М. Дружинин, М.Н. Тихомиров және басқа да ғалымдармен бірге КСРО Ғылым академиясының толыққанды мүшелігіне сайланды. Осыдан кейін «Вопросы истории» журналының бас редакторлығына тағайындалды. Журнал Сталиндік жеке басқа табынуды сынау бағыты желісінде, тарихи мәселелерге байланысты қатып қалған көзқарастардан алшақтап, еркін зерттеу жұмысы қажеттілігін күн тәртібіне қойды. А. Панкратова ғалымдардың ұжымдық жұмысын басқарды. Халықаралық деңгейде көптеген конференциялар мен конгрестер жұмыстарына қатысты, кеңес тарихшыларының Ұлттық комитетін басқарды, 1955 жылы Тарих ғылымдарының Халықаралық конгресі бюросы (МКИН) мүшелігіне сайланды. Бейбітшілік үшін күрес, кеңестік бейбітшілік Комитетінің, шетелмен мәдени байланыстардың Жалпыресейлік қоғамының мүшесі, БҰҰ ықпалдасу ассоциациясының Бүкіләлемдік федерациясының вице-президенті ретінде белсенділік танытты.
Тарихи шындықты қалпына келтіру, тарихты зерттеудің объективтілігіне шақыруды көптеген тарихшылар зор ықыласпен қарсы алды. Еркін ой алмасу, шығармашылық пікірталастар және мәнді іргелі зерттеулерді негізге алған «Вопросы истории» журналы, тарих пен саясат арасындағы ыңғайлы партиялық нұсқаулар мен «директивалық» мақалалар жасайтын «дәстүрлі» желіні бұзды [6]. Бірақ мұндай өзгерістерге ғалымдардың барлығы қосыла қойды дей алмаймыз. 1956 жылғы ақпан айындағы КОКП ХХ съезінен кейін, шығармашылық ізденістерде жаңа серпін пайда болды. Бұл тарихи съезде сөз алған Анна Панкратова кеңестік қоғам тарихының зерттелу жағдайы, В.И. Ленин шығармаларының толық академиялық жинағы мен ғылыми өмірбаянын баспадан шығару қажеттілігі, ғылыми мамандарды даярлау, зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мәселелерін алға тартты. Алда ірі өзгерістер болатындай халық кең тыныс алғандай болды. Анна Михайлқызы «сөз жүзінде емес, іс жүзінде қайта өзгерістер жасауға», яғни нәтижелі іске шақырды. Мұны айтуға оның өткен тарихи мезгілдегі өмір тәжірибесі алғышарт болған еді. Көптеген жиналыстардың бірінде ол былайша ағынан жарылған еді: «...Конечно, в целом мы идем вперед... Но я думаю, что одной из основных опасностей сейчас является то, что мы опять можем стать на путь формальных перестроек» [7]. «Ел құлағы елу» дегендей, енді А. Панкратоваға ғалым ретінде ғана емес, КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаты, КОКП ОК мүшесі ретінде де қуғын-сүргінге ұшырағандар, олардың отбасы мүшелері, есімдерін қалпына келтіруге көмек беру туралы өтініштер көбейе түсті. Ол КСРО-ның Бас прокуроры Р.А. Руденкоға тарихшылар тобының ісін (олардың ішінде С.С. Бантке, С.А. Гусев, Л.М. Захарова, С.Д. Кунисский, Ф.Г. Фридлянд және т.б.) қарауды жеделдету жөнінде өтініш білдіреді. Хрущев «жылымығы», Сталиннің жеке басына табынуының әшкерленуі жағдайында тағы да тарих ғылымында шиеленіскен күрес басталды. Бұл бойынша да А. Панкратованың «Вопросы истории» журналының негізгі ұстанған бағытын мүмкіндігінше қорғауына тура келді. Дегенмен, тоталитарлық жүйенің бұғауы тым тереңге тамыр жайған-ды. Осы кезеңде марксизм-ленинизмге адалдық ұранымен саяси айып тағулар, дәстүрлі идеологиялық қудалаудың ашық көріністері науқанға айналды. 1957 жылдың 6 наурызында КОКП ОК Хатшылығының отырысына шақырылған Анна Панкратоваға өзі басқаратын «Вопросы истории» журналының «буржуазиялық бағыт» ұстанғаны, партия көзқарасынан алшақтағаны үшін, ғалымның түсініктеме бергісі келген жеке пікірін де тыңдамастан айып тағылды. Нәтижесінде, Анна Михайлқызына журналдың жіберген «қателіктерін» мойындауына тура келді. Тоталитаризм қыспағында басқаша болу мүмкін емес еді. Сәйкесінше, журнал туралы партия қаулысы қабылданады. 1957 жылдың 21 мамыры күні журналдың үшінші нөміріне соңғы рет Анна Михайлқызы қол қояды. Онда тармақ тармағымен «буржуазиялық объективизм» жөніндегі, «партия саясатын либералдық бағытта түсіндіргені», «меньшевиктер позициясын ақтағаны» туралы және басқа да журнал басылымына тағылған айыптар мойындалды. Бұл жолғы сынның басында Компартияның Орталық комитетінің болуы, осыншама саяси айыптың тағылуы ғалымға соққы болып тиді. Ол бүкіл өмірін партияның басты бағытына арнап, адал қызмет атқарған еді. Бүкіл ғұмырының мәні – тарих ғылымына адал қызметі еді. Сол үшін көп нәрседен бас тартқан-ды. Коммунистік партия оның өмірлік қағидатынан бас тартқызды. Көп ұзамай, 25 мамыр күні «орталық комитеттің» шипажайында дәрігерлердің немқұрайлығы нәтижесінде Анна Михайлқызы Панкратова жүрек талмасынан көз жұмады. Анна Панкратова қазақстандық ғалымдардың шыңдалуына жол ашты. Үнемі шығармашылық байланыста болды. Қазақ халқының ұлы тұлғаларымен (Қ.И. Сәтпаев, М.О. Әуезов, Б. Момышұлы) ерекше достық, өзара пікірлестік қарым-қатынас жасады.
Кейін академик Н.М. Дружинин: «оның өмірінің нағыз қайғысы – зерттеушінің, өзінің ішкі дүниесінің рухани сұранысына жауап бере алмауы» [8] деп еске алады. Бүгінгі әңгіме ғалымның жүріп өткен жолы, оның қызығы мен қиындығының бір ғана тұсы. Айтпағымыз, Анна Михайлқызы Панкратованың өмірлік мұраты – адам және оның тағдырына қатысты мәселелерді ақиқат шеңберінде шешкісі келгенінде. Тарихи сананың мөлдірлігін жеке мүддесінен жоғары қоюында. «Тұлғаларды тұлға таниды» демекші, Кеңес Нұрпейісұлының Анна Панкратованы үлгі тұтуын, өзінен кейінгі ғылым жолындағы өскелең ұрпаққа бағыт сілтеуі деп ұғындық. Мен де 1993-2007 аралығында ғылыми жұмысымның тақырыбы Кеңес ағаның бөлімінде бекітілді, талқыланды. 2007 жылы қазан айының аяғындағы Диссертациялық кеңесте қорғадым. Бұл асқар таудай ағамыздың қатысқан соңғы Кеңесі еді. Көп ұзамай өмірден озды. Ол сабырлы қалыпта талайларға жол сілтегеп, жанашырлықпен қарайтын. Оның адами болмысы мен қайсар мінезді кәсібилігі жөнінде әлі талай сөз қозғалар.
Кеңес ағаның 2000 жылы «Жетісу» газетінде «Сөз қозғалмай, ой қозғалмайды» деген мақаласы да оқырманына көп ғибрат берген-ді. Академик Кеңес Нұрпейісұлының мәнді ғұмырындағы маңызды ісі – сөзінің ұлттық рух, батырлық, тектілік аясында өрнектелгенінде. Ол ғылымдағы адалдық қағидатын келешек ұрпаққа мұра етті. Заманауи кезеңмен сабақтасқан, алаш һәм тектілер Ордасы өркенін жая бергей!
Құндызай ЕРІМБЕТОВА,
т.ғ.к., ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қозыбаев М.Қ. Кеңес шыққан белес// «Егемен Қазақстан» газеті, 14 наурыз 1995 жыл.
Яковлев А. И. Четыре встречи с В. И. Лениным // Исторический журнал, 1944. - N 1 - 2.; Стенограмма совещания по вопросам истории СССР в ЦК ВКП(б) в 1944 году // Вопросы истории. 1996. N 2.; Новые документы о совещании историков в ЦК ВКП (б) (1944 г.) // Вопросы истории. 1991. N 1. - С. 191, 203.[http://library.by].
Синицын Ф.Л. Проблема национального и интернационального в национальной политике и пропаганде в СССР в 1944-первой половине 1945 года// Российская история.-2009.-№6.-С.42.
Қараңыз: Нұрпейс К. Академик Анна Панкратова и историчекая наука// Қазақстанның тарих ғылымы.-Алматы: «МерСал» баспа үйі, 2005.-238-244бб.; Сарсеке Медеу. Ермұхан Бекмаханов. құжаттық роман-эссе.-Астана: Фолиант, 2010.-712с.; Асылбеков М.-А.Х. Академик Панкратова және Қазақстан тарих ғылымы.//Қазақ тарихы, 2012. № 3 (114), 2-6бб.
Бадя Л.В. А.М. Панкратова – историк рабочего класса/ Отв. Ред. Л.В. Городецкий.-М.: Наука, 1979. -160с. http://library.by. [10.12.2014].
Вопросы истории. 1956. №3 С.12.
РҒА мұрағаты. қ.697, 2-тізім, 70-іс, 112-113пп.; 3-тізім, 13-іс, 1п; 109-іс, 1-3пп. //Сидорова Л.А. Анна Михайловна Панкратова (1897-1957)// Историки России. Биографии. М.:РОССПЭН. 2001. С. 685-690.
Дружинин Н.М. Воспоминания об Анне Михайловне Панкратовой // Дружинин Н.М. Избранные труды. Кн.4. Воспоминания, мысли, опыт историка. М., 1990. С.241.// )// Историки России. Биографии. М.:РОССПЭН. 2001. С. 685-690.