Ғаббас Қабышұлы: Тарихымызды жаздырмады деу – белгілі әләуләй
23.02.2017 2317
Егер Олжабай батыр «он сан Орта жүзге ұран болса», Абылай хан хақындағы қиссалардан бұрын Бұқар жырларында айтылса керек еді

Көне  тарихымызға қайтадан көз жіберіп, бұрынғы артық-кемді таразылап, ендігі жерде барынша  әділетті жазу жөнінде сөз қозғалып, тарихшыларымыз іске кіріскелі біраз уақыт болды. Иә, бұрынғы  еңбектерде алай-бұлай  айту  кездесті. Кейбір «ғалымдар» тарихи  тұлғаларымызды «саудаға  салуға» тырмысып, қазақтың  үш  жүзін «түгендеп», басқа жүздегі әйгілі бір батырдың немесе жыраудың аруағын өз жүзінің ауласына қарай сүйреледі. «Шүкір», әлі де бар. Ал қайсыбірі  енді: Совет өкіметі бізге тарихымызды жаздырмады деп  әләуләй бастады. Меніңше, тарихымызды жазудағы ала-құлалық үшін өзімізден өзгені жаппай жазғырудың жөні жоқ. Арғыны айтпай-ақ, бергіні еске алсақ, мәселен: Е. Бекмахановтай ғалымымызды кім  соттатты?  Қ. Сәтбаев пен  М. Әуезовті, Ғ. Мүсірепов пен А. Жұбановты, Ә. Шәріповті... кім қудалады?

Олжабай батыр Абылай ханның ту ұстаушысы ма?

Жә, мен кәсіби тарихшы емеспін, «бас жаққа бармай», көңілімдегі мына бірер түйткілді ғана айтайын. Бұған Кереку (Павлодар) қаласы  А. Потанин атындағы өлкетану мұражайындағы жәйт себепші болды. Мұражайды аралап, өлке тарихына  қатысты көне заттарды  көріп жүріп, Абылай хан  дәуірі бөліміне  аялдадық. Көзім тақта отырған Абылай ханның, оның сол жағындағы Бұқар жыраудың және оң жағында ала ту ұстап  тұрған  жігіттің мүсіндеріне көзім түсті. Өзіме беймәлім жігіт бейнесі кімдікі екенін сұрағаныма: «Бұл – Абылай ханның ту  ұстаушысы Олжабай  батыр» деді түсінік беруші қарындасым. «Солай ма?.. Мен ондай деректі естімеп едім», – деп одан арыға көз тастадым. Абылай батырларының майлы бояумен салынған портреттері әсемдеп іліп қойылыпты. Көріп, аты-жөндерін оқыдым. Бәрі де бар, тек Қаракерей Қабанбайдың суреті көрінбеді. Ол ол ма, мұражайда Қабанбай хақында бір ауыз сөз, ешқандай дерек  жоқ. Оның  есесіне Олжабай  батыр көтермеленген.

Абылай туралы дастан, роман, шежіре, аңыз әңгіме, жыр атаулының  біразын  оқығанымда Олжабай батырға  қатысты бір ғана дерек кездесті. Оның өзі де мүлде нанымсыз, қисынсыз. «Абылай хан» деген кітаптың («Жазушы» баспасы. 1993 ж. Құрастырған Сәрсенбі Дәуіт. Редакторлары: Шаймерген Әлдибекұлы, Тортай Сәдуақастегі) «Аңыз әңгімелер» бөліміндегі «Олжабай батырда» мынадай  бір мағлұмат бар: «...Он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай батыр отыра алмай, ұшып түрегеліпті де, мына қалмақтың дал-дал болуы, мына қақпаның бұзылуы менің қолымнан болмақ екен-ау деп орнынан тұра киініп  аттанып, «Олжабай, Олжабай!» деп шауып, жолында тұрған Абылайдың ала туын қолынан жұлып ала жөнеліп, қорғанға қорғаламастан қасқайып жетіп барғанда, бір қалмақ туды көздеп атқан. Қалмақтың оғы ту ұстаған қолының қос басына тиіп, оны бір тікенек қадалған құрлы көрмей, ала туды Абылайдың өзіне бере салып, аттан түсе қалып, дарбазаны  шапқылағанда...» деп кете барған әңгімеден бірдеңе ұғу қиын.

Басталуы бәтуәсіз «әңгімедегі»:  «Он сан Орта жүзге  ұран  болған  Олжабай» дегендік те қате. Ал Олжабай батыр туралы жалпы сөздің  бәтуәсіздігі  мынадан  да  байқалады: «Олжабайдың есепке кіріп, қатарға қосылмаған күні болса керек. Әйтеуір, сол жорықта бар, бірақ салықшылардың ішінде екен. Олжабай – ат жайған көп қазақтың бірі. Атын жайып, көйлек-дамбалын шешіп, қаннен-қаперсіз битін қарап отырса...». Бұл не сөз? Масқаралау ғой?!    

Абылайдың ақ туы болған, ал оны «ала туы» деп өзгерту де – кәдімгі «ауыз өзімдікілік». Содан  кейін:  әлбетте,  хан  туын  ханның  өзі  ұстап  жүрмеген және  оны  белгілі  бір  кісі  де  үнемі  алып  жүрмеген. Жорық жоспарына қарай хан шатыры орын өзгерткен сайын  туды жаңа орынға сол сәтте хан жанында бар батырлардың бірі алып баратын болған. Жөбішөңкі кісі көтере алмайтын салмақты  да салтанатты  ту хан шатырының  оң  босағасы тұсына шаншып қойылатын болған. Ал мынау «әңгімеде» туды Абылайдың өзі ұстап тұрғаны, Олжабайдың туды хан «қолынан  жұлып  ала  жөнеліп», одан соң... «Абылайдың  өзіне  бере  салуы» – шындыққа  жанаспайтын  ерсі  әрекет.

Егер Олжабай батыр «он сан Орта жүзге ұран болса», Абылай хан хақындағы қиссалардан бұрын Бұқар жырларында айтылса керек еді.   Жоқ,  жыраудың  Абылайға  арнаған  сөзінде: 

«...Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Қаздауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек –

Ормандай  көп  Орта жүз,

Содан  шыққан  төрт  тірек...», –

деген  ғана  дерек  бар. 

Олжабай Толыбайұлының  айтпаған сөзін  айтты етіп, істемеген ісін істеді етіп, мәселен, «Абылайдың Ресей патшайымына жазған хаттарын алып, Петерборға бірнеше рет барған, өзі де хат жазған» деп, әлдекімнің ешбір дерексіз, ойша асыра сілтеп насихаттауы – ақиқатқа  қиянат. Оның өз өңірін басқыншы жоңғарлардан азат етіскен ерліктерін, басқа қызметтері болса, соларын нақтылап  айтып, тек шындыққа жүгіну қажет («білем» деушілер Олжабайды ертеде қазаққа сіңген қырғыз деседі).

Бұқар жыраудың Абылайға айтқан сөзінде бірізділік жоқ

Шындықты шырғалаңдаудың  басқа  тұлғалар туралы жырларға, зерттеу еңбектерге де қатысы бар. Мысалы, «Бұқар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары» атты жинақта (1992 жылы «Мұраттас» ғылыми-зерттеу және баспа  орталығы  шығарған. Жинақты әзірлеп, алғысөзі мен түсініктерін жазған филология ғылымдарының кандидаты Мұхамедрахым  Жармұхамедұлы) жыраудың айтқандары:

«Ей, Абылай, Абылай!

Сені мен көргенде

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің.

Әбілмәмбет патшаға

Қызметші болып тұр едің.

Сен  қай  жерде жүріп  жетіктің?

Үйсін Төле билердің

Түйесін  баққан  құл  едің...» (20-бет);

«Әй, Абылай, сен онбір жасыңда

Әншейін-ақ ұл едің.

Он бес жасқа келгенде

Арқада Әбілмәмбет төренің

Түйесін баққан құл едің.

Абылай атың жоқ еді,

Сабалақ атпен жүр едің...» (35-бет);

«Ай, Абылай, Абылай,

Он бір ғана жасыңда

Әншейін-ақ  ұл  едің.

Он бес жасқа келгенде

Әбілмәмбет төренің,

Арқада жүріп  қаңғырып,

Түйесін баққан құл едің.

Абылай атың жоқ еді-ау,

«Сабалақ»  атпен жүр  едің...» (44-бет);

«Ай, Абылай, Абылай,

Сені мен алғаш  көргенде

Тұрымтайдай ұл едің.

Түркістанда жүр едің.

Әбілмәмбет төренің

Қызметінде тұр едің.

Қалтылдап  жүріп  күнелткен,

Үйсіндегі Төле  бидің

Түйесін баққан құл  едің...» (52-бет).

Бұқар жырау ақпақұлақ шәкіртке мұғалім болған  жоқ, ол бұл сөзін хан Абылайға  бір-ақ   рет  айтты  деп  білем. Сондай-ақ, ол ханды сыйламайтын  бейпілауыз, табалап сөйлей беретін сойқан да болмаған  шығар, яғни: «құл  едің», «қай  жерде  жүріп жетіктің?», «Арқада  жүріп қаңғырып», «қалтылдап жүріп күнелткен» деп  тілін  сұға  беруі мүлде  иланымсыз. Ал «Әбілмәмбет  патшаға» дегені ше?  Қазақ жерінде  «патша»  болмағанын бабамыз Бұқар жырау  білсе  де, олай  айтпаса  да, сірә, кітапты  дайындағандардың  бірі «түзетіп» жіберген шығар. Жырау  ескертпесінің  біріне  бірі  кереғар  нұсқаларының  берілуі де – жинақты   шығарғандардың әлде  «білгіштіктері», әлде немкеттіліктері.

Міржақып Дулатов «Хан Абылай» мақаласында: «...Бұл күнге шейін қазақ жұртында Абылайдың ата жөнін білушілер кем. Себебі һәр заманның уақиғасы өз тұсында жазыла келіп, жиналған тарихымыз жоқтықтан, тілден тілге сөйленіп келуінше, қариялар Абылайдың ата тегі турасында былайша дейді: Бір заманда Ақмаңғыт, Тоқмаңғыт деген ел келіп, қырық жылдай  Бұхараны билеп тұрған Әбуәлпейіс ханды өлтіріп, Бұхараны шауып алған соң, Сүйеніш хан деген Әбуәлпейістің бір баласы басшы болып, туысқандары мен балаларын ертіп, Қарсы, Ғұзарға қашып барып, көп  сарттың бірі болып, затын жасырып жүріпті. Сол Сүйеніш ханның бір  баласы онекі жасар Абылай екен, шын аты – Әбуәлмансұр. Жас та болса саналы Абылай: «Өз қорлықтан сарт қорлық, сарт қорлықтан жат қорлық» деп, Қарсы, Ғұзардан жаяу қашып шығып, Түркістандағы тұқымдасы Әбумәмбет деген кісіге қызметкер болып тұрыпты. Одан қорланып, үйсін Төле бидің түйесін бағады. Мұнда да бой тоқтатып тұра алмай, Сарыарқаға келіп, атығай Дәулеткелді байдың жылқысын бағыпты. Төре баласымын деуге арланып, затым «сарт», атым «Сабалақ» дейді екен...» деп  жазған.

Абылайдың тегіне  қатысты  ала-құлалық Абылайдың  хан  сайлануы  жөніндегі  баянда да жоқ емес. Сүйінбай  Аронұлының  («Абылай ханда») «Үш  жүзге  би Төле  еді»  деп  аталған  қысқа толғауында:

«Үш  жүзге  би Төле  еді,

Заманында сол Төле

Тәшкенге бір күн келеді.

Сенің атаң Абылайды,

Әбілмәнсұр  атанып,

От жағып жүрген жерінде

Шайханадан  көреді.

Сол  құлдықтан  құтқарып,

«Сабалақ» деген  ат қойып,

Төле  би  алып  кеп  еді.

Ел  түйесін бақтырып,

Қызметін  көпке  жақтырып,

Кірме екенін айтқызбай,

Хан  қойған  бабам  сол еді», –

десе, Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян»  дастанында («Абылай ханда»):

«...Жиылды өңшең ноян, ығай-сығай,

Байжігіт, Тасболат пен би Толыбай.

Ту баста Абылайды хан көтерген –

Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай», –

дейді. Ал Шәді төре Жәңгірұлы «Тарихатында» (ол да «Абылай ханда») Жәнібек ханның Абылайды хан етіп сайлауды ұйғарып, үш жүзге хабар беріп, билерді  шақыртқанын  жырлай  келе:

«...Бас  қосып  бірнеше  күн  бірге  тұрды,

Сөйлесіп жұрткершілік  кеңес  құрды.

Ақыры Абылайдың  хан  болуын

Бәрі  де  бірауыздан  қабыл  қылды.

Әкеліп  ақ  киізді жайып  салып,

Үстіне  отырғызды  ханды  апарып.

Қолдасып  әр  рудың  қариясы,

Киізді ұстадылар бәрі  барып.

Ұлы жүз Төле биге жолын берді,

Қазыбек Орта  жүзден  шыға  келді.

Әйтеке  Кіші жүзден киізді ұстап,

Біреуі Жәнібектің өзі де еді.

Төртеуі  төрт  бұрыштан ұстап  тұрды...», –

деген.

Сонымен,  Сүйінбай  Абылайды Төле биге Тәшкенттің шайханасында от жағып  жүргенінде  көрсетеді, ал Төлені  Үш  жүзге би еді  дейді  де, Абылайды хан қою мәселесін Төле би шешкен дегендей тұжырым аңғартады. Мағжан  шешен  Қанайды алға ұстаса (меніңше, осы нұсқа иланымды), Шәді  төре  еңбек Жәнібек  хандікі  екенін  айтады. Жә, делік. Мұндағы Сүйінбай  атамыздың сөзіндегі ағаттықтың  біріншісі – Төле Үш жүзге би болды деуі. Екіншісі – Абылайды хан көтеруге Төле би қатысты  дегені.  Төленің  Үш  жүзге  емес, Ұлы жүзге ғана би  болғаны баршаға мәлім. Одан  соң: Төле  бабамыз  фәниге 1663 жылы  келіп, бақиға 1756 жылы  аттанды  ғой, ал  Абылайдың  хан сайлануы – 1771 жыл.  Осы  көпе-көрінеу сәйкессіздікті  Шәді төренің өзі қайталаған ба, әлде біздің «білгіштердің» бірі  «қайталатты» ма екен?

Абылайды хан сайлауға қатысқан – үш би емес, Қанай би

«Білгіштер» демекші, тарихи Үш биіміз жайында жазылған әдеби, тарихи-ғылыми  әңгіме, өлең-жыр, мақала, дипломдық, диссертациялық жұмыс, т.б.  қолыма  түскендеріне  үңілсем: олардың фәниге келген, бақиға  аттанған  жылдары әрқалай көрсетіліпті. Мысалы:

Төле би Әлібекұлы (1657-1756 және 1663-1756),

Қазыбек би Келдібекұлы (1667-1764 және 1665-1765),

Әйтеке би Байбекұлы (1644-1700 және 1683-1739 және 1683-1722), – деп  жазылған.  Демек,  Абылайдың   үш  жүзге  хан  сайлануынан:

Төле би  15 жыл бұрын,

Қазыбек би 6 жыл бұрын,

Әйтеке би 49 жыл бұрын бақилық болыпты.

Яғни Абылайды ақ киізге отырғызған жұртшылық арасында атақты үш биіміздің үшеуі де болмаса,  Шәді төре  мен  Сүйінбай  ақын  нені, кімді  жырлады?!.  Олардың ізімен әдеби, тарихи  «еңбек» жазғандар да аз емес шығар. Бұл  ағаттыққа  тарихшыларымыздың ләм-мим  демеулері  қалай? (Дегендер  болса, ғафу  еткей).

Меніңше және тарихи жөн-жоба ыңғайынша, Абылайды хан сайлауға үш  жүздің  сол  тұстағы  басшы  адамдары  қатысқан. Ал  олар кімдер?..  Би атаулыдан   Қанай  Құттымбетұлы  қатысқаны (Мағжан Жұмабаев айтқан) иланымды. Мөлшері 1696 -1778  жылдар  өмір сүрген Қанай Көкшетаудың Зеренді өңіріндегі Қарабұлақ ауылында туып-өскен. Аймаққа кең тараған аңыз оның  әрі  батыр, әрі шешен болғанын айғақтайды. Абылайдың сенімді бас  биі  деп  суреттейтін әңгіме, жыр  баршылық.     

Хандарымыз бен батырларымыздың өмірін зерттеушілер естіген кісіні де, оқыған кісіні де еріксіз таңдандыратын осындай бұрыс деректерді бір      ізге салып, ақиқитты айтуға тиіс. Ауыз әдебиетімізде, жоғарыда келтірілгендей, кейбір қиссаның, толғаудың екі-үш нұсқасы кездеседі,      алайда  оларға  желі  болған  оқиға-дерек  беталды  бұрмалана  бермесін. Бұрмалаудың ең сорақыларының тағы бірі – «Жүзге бөлінгеннің   жүзі  күйсін» деген  қанатты  сөздің қашан шыққаны, кім айтқаны белгісіз болса да, ұлы жүздің «тарихшылары» оны Төле биге телісе, орта жүздің «тарихшылары»   Қазыбек  биге,  ал   кіші   жүздің   «тарихшылары»   Әйтеке биге   теліп   жүр.

 Қазақ  тарихын жазуға жұмылған мамандар осы мәселелерге де  қапысыз  ізденістің  нақты  нәтижесімен  төрелік  жасаса, шабыт буған  ақын-жазушылар, тарихты оңай олжа көретін «тарихшылар» ат басын іркіп, ойлануға мәжбүр болар еді.                                                                                    

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, қоғам қайраткері