Ернар Абзалұлы, дінтанушы: Біздегі мәселе – дінге материалистік философия көзімен қарауымыз
16.05.2024 1486

Бізде әртүрлі діни топтармен, ағымдармен жұмыс жасаудың тәжірибелік бағыты қалыптасып келеді, алайда жолға қойылған ғылыми әдісі жоқ. Қазақстанда 18 конфессия бар. Екі дінді біз дәстүрлі деп танимыз. Қазақстандағы әр түрлі діни нанымдардың тарихы мен ислам тарихына қызығам. Түркияда да жазып жатқан дисcертациям тақырыбы осы бағытта: Қазақстандағы діндер тарихы.


– Ереке, «Қазақ даласындағы ислам тарихы» деген жобаңыздың 1-кітабы жарыққа шыққан екен. Құтты болсын! Осы еңбегіңізді жазу туралы идея қайдан туды?

– Ассалаумағалейкүм, армысыздар! Ілтипаттарыңызға көп-көп рахмет. Бұл кітапшаны жазу ойы дін саласындағы 2016 жылдан бергі қызметімнен басталды. Атырау облыстық Дін істері басқармасына тарихшы ретінде қызметке алындым. Содан бері осы салада зерттеулер жүргізіп, ізденіп, бар дәйектерді жинап халыққа, жамағатқа айта бастадым. Біздегі ислам діні саласындағы уағыз насихаттар көбі пайғамбар дәуірі мен алғашқы кезеңге арналады да ортадағы байлықты үзіп алғандай күй кешетінбіз, жамағатқа ұнай бастады. Подкасттар түсірдік осы тақырыптарда. Бірде дін саласындағы әріптес ағаларым, ұстаздарым бұның барлығын бір кітапқа жинақтауды ұсынды. Осылайша дін тарихындағы білген ақпараттарымды кітапқа түсіре бастадым.

Өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Желіде сізді «Ернар Атаұлан» деп таниды. Біраз мақалаңыз да осы атпен шыққан. Тарих мамандығы бойынша қайдан білім алдыңыз? Түркияда білім алып жатырсыз білуімізше? 

– Менің есімім — Ернар Абзалұлы. «Атаұлан» деген әлеуметтік желідегі есімім. Атаның тәрбиесінде болдым. Жеңгейлерім ауылда атабала деп еркелететін. Осы есімді мақалаларда, желілерде қолданам. Шәкәрім «Мұтылған» есімін қолданғаны сияқты. Тарих мамандығын Орал қаласындағы Махамбет атындағы университетте тәмамдадым 2016 жылы, ал магистратураны 2020 жылы Башқұртсанда Уфадағы Ақмолла бабамыздың атындағы білім ордасынан дінтану және тарих мамандығы бойынша аяқтап шықтым. Қазір өзіңіз сұрағандай, Түркияда Кайсери қаласында Діндер тарихы мамандығы бойынша докторлық білімді жалғастырудамын. 

Ол жақта қандай тақырып аясында ізденіп жүрсіз? 

– Түркияда дінтану және теология ғылыми түрде жолға қойылған. Дін – Түркияның ажырамас бөлігі. Геосаяси жағдайы, тұрмыс жағдайы дін саласын мемлекеттік деңгейде, обьективті түрде зерттеуді талап етеді. Біздің елімізде де солай болу керек деп ойлаймын. Мен оқу және жұмыс тәжірибемнен түсінгенім Қазақстанның әлі де болса дінтану, исламтану, теология салаларында зерттеулері кенже, тіпті кей жағдайда үш мамандықты шатастырады, бұл – бір, екінші – бұл ғылым салаларына әлі де болса орыстілді материалдардың аудармасын қолданады, үшінші – материалистік философия көзімен қарайды, оны да жасыра алмаймыз. Бізде әртүрлі діни топтармен, ағымдармен жұмыс жасаудың тәжірибелік бағыты қалыптасып келеді, алайда жолға қойылған ғылыми әдісі жоқ. Қазақстанда 18 конфессия бар. Екі дінді біз дәстүрлі деп танимыз. Қазақстандағы әр түрлі діни нанымдардың тарихы мен ислам тарихына қызығам. Түркияда да жазып жатқан дисcертациям тақырыбы осы бағытта: Қазақстандағы діндер тарихы.

– Қазақ даласындағы ислам тарихы бойынша жүйелеп айтып кетесіз бе? 

– Қазақ даласында ислам тарихының 5 кезеңі бар деп есептейміз. Бірінші кезеңі VIII-XIII ғасырларды қамтиды. Бұл кезде ірі ислам мемлекеттері пайда болды Қарахан мемлекеті сияқты. Ірі ғалымдар шықты Ахмет Ясауи, Ахмет Игүнеки, Имам Марғинани, Сығанақи, Баласағұни сияқты. Бұл бір кітапқа жинақталатындай дүниелер. XIII ғасырда Шыңғыс хан шапқыншылығы болды да, ислам өркениетінің таралуы біраз тоқырап қалды. Осы тұста исламның бірінші кезеңі аяқталып, Алтын Ордада Берке ханның заманымен екінші кезеңі басталады. Ол XIII-XIV ғасыр арасын қамтиды. Алтын Орда мемлекеті ислам тарихындағы ірі держава саналғасын, оның заманы бір кезеңді қамтиды деп есептейміз сонымен қатар, ыдырап кетуі де бүтіндей кеңістік пен мәдениетке кері ықпалын тигізгені анық. Осы тұсты исламның Ұлы Даладағы екінші кезеңін бітіреміз. Үшінші кезеңіне аяқ басамыз. Ол жаңа мемлекет Қазақ хандығының дәуірі. Хандық дәуірдегі хан-сұлтан, би-батырлардың білім деңгейлері, олардың ұстаз пірлері, оқыған медреселері, ұстанған тариқаттарын топтастыру маңызды. Төртінші кезең деп, хандығымыз жығылып, ұлан ғайыр атырабымыздың Ресейге қарап, үш генерал губернаторлыққа бас иіп қалған дәуірді айтамыз. Указной молдалардың заманы, олардың пәтуаларының, үкімдерінің жайыла бастаған дәуірін айтар ем. Абай атамыз бұл дәуірді өзінің терминологиясымен айтады, яғни тұрпатсыздық заманы дер ем. Мемлекетіміз жоқ, үкіметіміз жоқ, өз қалпе молдаларымыздың қолы тұсаулы заманды. Ортада Алаш Орда үкіметінің талпынысы бар, алайда қысқа уақыт өмір сүрді, кейін Совет заманына жол тарттық, ол дәуірді айтпасақ та белгілі. Бесінші кезеңде, қазіргі Тәуелсіздік алған уақытымыздағы исламның даму деңгейін айтамыз.

– Қазақстан тарихында зерттелмей жатқан қандай мәселеге кезек күттіртпей жіті назар аударуымыз керек? 

– Әркім өз жарасынан хабардар ғой, әрине. Дін саласындағы зерттеулер кезек күттірмеу керек. Дін, тіл, мәдениетсіз ұлт, қоғам болмайды. 

– Атыраудағы өлкетану жайы қандай деңгейде? 

– Атыраудағы өлкетану деңгейі жайлы сөз қозғасам біраз аты танымал ағаларымызды ренжітіп алуымыз ықтимал, сондықтан бұл тақырыпты ашық тастап кете берейік.

– Еңбегіңіз жемісті болсын! 

Ж. Алаш