Шұрымсай бекеті және Аққайрақты туралы мәліметтер
23.10.2023 772

Сарыарқа өңіріндегі ортағасырлық қалашықтардың көпшілігі оңтүстік пен солтүстік арасындағы керуен жолдарымен байланысты. Қазақтың ауызша дәстүрінде бұл бағыттағы жолдардың  бәрінің  басын қосып  Ұлы жол атайды, ғылыми әдебиетте  Меридиан жолы деген ұғым қолданылады. Түркістан аймағынан шыққан керуендер Бетпақ даланы кесіп өткен соң үш бағытта алға жылжиды, оның біріншісі Болат тауы арқылы шығыс аймақтармен Қарақаралы одан Ертіске шығады, екіншісі Орталық Қазақстан –Ақтау, Ортау, Қызылтау арқылы Ібір-Сібірге бағыт алады, үшіншісі Терісаққан арқылы Есілге түседі.  Есіл өзені Еуразияның орталық бөлігін меридиан бағытында кесіп өтетіндіктен керуен жолдарына, саудасына тікелей қатысы бар. 


Есіл өзені өз бастауын Нияз тауларынан алады да  батысқа қарай ағады. Жарқайың тұсында өзен кілт бұрылып солтүстікке бет алады. Міне, осы Жарқайыңнан Қызылжарға дейінгі сауда жолы Еуразиядағы ең  интенсивті жолдардың бірі болған. Себебі Қызылжардан кейін керуендер бірнеше бағытқа кетеді, бірі Ібір-Сібір жұртына бағыт алса, екіншілері Астрахан, Қазан сияқты батыс өлкелерге  бет қояды.

 

Атбасар-Түркістан керуен жолы

Қызылжардан кейін меридиан саудасының қызу жүретін жері Атбасар қалашығы. Бұл өте көне заманнан бері адамзатқа қоныс болған қасиетті өлке. Атбасар ерте замандарда сауда жолдары арқылы Ұлытаумен, одан әрі Түркістан өңірімен  тығыз  байланысты болған. Керуен жолы  Ормамбет қаласының тұсынан  Есілді өтіп  Шұрымсайбекетіне барады. Шұрымсай мен Балталы қоныстарында  ортағасырлық көрнекті  ескерткіштер, соның ішінде жерлеу орындары  әлі де жақсы сақталған. Одан әрі керуен жолы Терсіаққанның бойымен жоғары өрлеп Түгіскен, Қушоқы арқылы Арғанаты бөктеріне келеді. Керуен жолы Арғанатыдан кейін Ұлытауға соғып,  Сарысу мен Кеңгірдің түйіскен жеріндегі  Қаражар арқылы Түркістан жолына түседі. Атбасар мен Созақ арасы Ұлытау арқылы жүрсеңіз 960 шақырым.

 

Аққайрақты туралы деректер

Есіл бойындағы қалашықтар ерте заман деректеріне түскен. Бірақ Батыс және Шығыс арасындағы континенталды  сауданың  тоқтауына байланысты орта ғасырларда гүлденіп тұрған қалалар  Қазақ хандығы заманында құлазыған ескерткіштерге  айналды. ХVІІ- ХVІІ І ғасырлардың саяхатшылары  көбінесе құлаған қалалар туралы жазады. Қазақ жерінен кен орындарын іздеп шыққан Шангин экспедициясы 1816 жылдың 16 мамырында Есілдің бір саласы Аққайрақты өзеніне келгені белгілі. Шангин Аққайрақтыны «Қайрақ су» (что в переводе означает «белый оселок)»  деп те атайды. Өзен жағасында ерте заманда кремний (шақпақ тас) алған үлкен өндірістің орны боса керек. Шангин «древняя рудная копь в 15 верстах от сего места находящаяся...как прибыл я к сему месту около вечера уже, то по сему и отложил обозрение горы точильного камня, над берегу Аккайраксу возвыщающаяся, до следующего дня» дейді.

Ерте замандағы кен өндірісін барлап жүрген экспедиция Аққайрақты өзенінің жағасынан алты бірдей ежелгі құрылыстың орынын тапты «На сем расстоянии среди открытой степи проезжали остатки разделившихся стен древних полевых укреплений. Четыре из оных в расстоянии друг от друга не с  большими на 100 сажен лежат от севера к югу линией зигзага, пятое расположено позади оных противу самой середины от берега реки в 1000 саженях, шестое в 2 1/2 верстах к востоку против одного из крайних укреплений».

Шангин бұл құрылыстардың сыртқы сипаты эллипс түрінде дейді. Қабырғаларының батыс және шығыс жақтарында қақпа орындары бар және іргелердің соңында төрт бұрышты мұнаралардың орыны көрінеді. Аққайрақтының эллипс  қалашықтарының батыс жағында биік мұнара тәрізді құрылыстар сақталған «посредине западных башен в пустом между оными пространстве находилась в каждом укреплении четырехугольной фигуры посредине преградой разделенной несколько большой величины развалившаяся башня» 

Шангин маршрутымен жүрген Баянбай Құсайынұлы 2010 жылы жарық көрген «Есіл өңірі: тарих және тағылым» атты кітабында Аққайрақты өзені бойындағы ескерткіштерге ерекше көңіл бөледі: «Біз кездесіп  әңгімелескен ақсақалдар бірауыздан Аққайрақты өзенінің Есілге құятын сағасында Запорожье ауылының  бағы орналасқан жердің қасында Қалдыаман моласы деп аталатын зират барын, оның ескі қоныстың үстіне түскенін айтты. Қалдыаман қорымы Аққайрақты мен Есіл өзендерінің түйіскен жағалауына орналасқан. Қалдыаман орналасқан қырат аса биік емес, оңтүстік-шығыс жағы Есіл өзені де, солтүстік-батысы жағынан өтетін Аққайрақты өзенінің Есілге құяр жерінен 3-4 шақырымдай қашық. Қариялардың айтуына қарағанда екі өзен қатты тасыған кезеңдерде өзінде су басып кете алмайды екен. Бұл жер кенеттен болатын шабуылдан қорғануға ыңғайлы, айнала қара су, өзен айрықтарының батпақты жерлерімен қоршала орналасқан. Осы қоныстың ата-бабаларымыздың өте ерте кезден-ақ елді мекендерін барлық жағынан да үйлесімді етіп сала білгенін байқауға болады. Тағы бір айта кететін жай, қабырлердің басына салынған қорғандар, салынуы мен стилі жағынан ортағасырлардағы құрылыс үлгілерін көрсетеді. Қорыта айтсақ Аққайрақты қаласы сол маңайда деген тұжырымды әбден жасауға болады» дейді (59 б.).

 

Шұрымсай бекеті- қазіргі жағдайы

Біз осы жақында, қыркүйектің соңында- қазан айының басында Шұрымсай бекетінің орнында болдық. Бекет орналасқан жер  кең жазық, бекет жанынан Шұрымсай өзеншесі өтеді. Шұрым сөзінің мағынасы туралы сұрастырып көрдік, ешкім нақты біле қоймайды. Біздің ойымызша  бұл сөз көне  үндіеуропалық «шур»- құдайдың бергені, қасиетті байлық  сөзінің мағынасына келеді. Бұл тұрғыдан қазақ тіліндегі «шұрай» бір жағынан үндіеуропалық негізге байланысты болғанымен, екінші жағынан өз тіліміздегі «шыр», «шырай» «шұрай» сөздеріне мағынасы жағынан жақын деген пікірдеміз.

Шұрымсай бекет-қалашығының сақталмауына бірнеше себептер бар. Оның бастысы  біз көп айтатын совет заманындағы  ескі қоныстардың үстінде қаптап кеткен шаруашылық құрылыстар. Бұл жерге ХХ ғасырдың басында-ақ Ресей  ненмістерге арнап қоныс жасамақ болған. Шұрымсайға 20 жылдары  Совет үкіметі батыс облыстардан кулактарды, соның ішінде тағы да немістерді әкелген. Бірақ Ақмола облысының негізгі орталық бөлігінен алыс, бұрыңғыдай керуен саудасы жоқ  өңірде елді-мекенді ұстау қиын болғандықтан 1970 жылдары ауыл біржолата жабылған.

Қазіргі күні ортағасырлық қалашық орны,  қазақ қыстауы, ХХ ғасырдың 30 жылдары салынған құрылыстар барлығы да араласып кеткен.

 

Проф. Ж.О.Артыкбаев