Дулат Бабатайұлы - еркіндікті жырлап өткен жырау
06.10.2023 1746

Дулат Бабатайұлы - қазақ ұлтының тәуелсіздігін аңсап, еліне ой салып, өмір бойы еркіндікті жырлап өткен жырау. Тегі найманның Сыбан-Жарасқұл тармағынан. Жарасқұлдан Қойбас, Шағалақ. Қойбастан - Қосым. Досым, Еспембет батыр. Досымнан Есенкелді, одан Бабатай, одан Дулат таралады.


Дулаттын туған жері - Шыңғыстаудың шығысындағы Ақшатау. Қалдан Серен мен Абылайдың арасындағы «Қандыжап» бітімінен соң Қаракерей Қабанбай батыр бастап Есіл, Нұрадан Атажұртка карай жөңкілген наймандар көшінің алғаш табан тіреген, 1744-45 жылдары Әбілпейіз хан ордасының туын тіккен өңір. Әбілпейіз бен Абылай сұлтан сынды екі сұңқар басқарған кезеңде қойнауы төрт түлікке толған кұтты бұл мекенде ақынның ата-әкесі есейіп, елі өсіп-өнді, «қазақ біраз уақыт, мұхитты кезген кемедей сайрандады».

Сай-саласы аққан бұлақ, айналасы тоғайға толы, масаты кілем жайғандай кең алқапта жаны жадыраған Дулаттың ерекше сезімі осы кіндік қаны тамған өлкесіне арнаған тамылжыған лирикаға айналды. «О, Сарыарқа, Сарыарқа», «Аякөз», «Ақжайлау мен Сандықтас», т.б., өлең сөздерінің әрбір шумағы, жібектей өрілген кестедегі анық айшықтай, көңіл сүйсіндіреді.

Дулат дүниеге келген XIX ғасырдың басы, есін жиып, елдің рухы енді көтерілген кезде көсемдері Қу дауысты Құттыбай, Қаракерей Қабанбайдың, Абылай мен Әбілпейіз хандардын аттары анызга айналған, Байқара әулие мен Би Боранбайдың бақиға аттанған кез. Болашақ жырау Шыңғыстаудағы ауыл молдаларынан Байқара би насихаттаған Иасауи хикметтерімен танысып, «накшбанды» тарикатына ден қойып өсті. Сопылық бұл ағымдар (суфизм) шығыстағы қазақ ортасына қалай таралған? Осыған қысқаша шолу жасайық.

1678 жылы 30 маусымда V-ші Ұлы Далай лама Нгаван Лобсан Гьяцодан монғол әлеміндегі ең жоғарғы «Қалдан-тензин Бошықты-хан», яғни «діни сенімнің ханы, ламаизм ілімінің корғаушысы» атағын алған ойрат басшысының көкірегі көтеріліп, жоңғарлардың қазақ даласына жорығы жиіледі. Жерді басып алып, елді тонаудан басқа себептердің бірі халықтың бетін ламаизмға бұру еді. Табиғатымызға жат діннің таралуына жанымен қарсы тұрған тұлғалардың арасынан, қаракерей ұрпақтарын бір шаңырақтың астына топтастырған Нар дауысты Нарынбайды атап өтеміз. 

 

Арғы атам Нарынбайдан бері қарай 

Нарынбай бек ХVІІ ғасырдағы Жәңгір, аз-Тәуке хандардың дәуірінде Тасқала (Шаш) қақпаларының бірін басқарыпты. Ақтайлақұлы Сабырбай ақын мұны:

Арғы атам Нарынбайдан бері қарай, 

Көрнекті күндей айқын алтын арай.

Бек болып, далаң түгіл, Тәшкенге де,

Салдырған алтын есік, сырлы сарай, - деп жырлайды.

Ол кез-қазақтар жартылай отырықшылық өмірге ден қойып, Түркістан, Тараз, Сайрам, Созақ сияқты мәдениеті орныққан қалаларда сауда-тіршілігін жасаған. Аласапыран заманда дүниенің түпкір-түпкірінен жиналған құрама халықты тұтастырған Нарынбайдың бұл тұрғыдағы еңбегі ел есінде:

Құраманы ел қылған,

Қақты жерді қол қылған,

Жақынындай бөгдені,

Баласымен тең қылған,- деген өлең жолдарымен қалыпты. Нарынбай түркі мәдениетін сақтап қалу, насихаттау және дамыту, қазақтарды шығыс ойшылдары, ғалымдары мен ақындарының шығармаларымен таныстыру, оқыту саласында көп еңбек сіңірген. Бек діни сенімдердің зорлықпен, айламен, үгітпен кіруіне қарсы тұрды. Ислам дінінің сүннит тармағының қағидаларына ықыласы ауып, шариғатты терең зерделеген. Құрандағы «Мадақ Аллаға ғана жарасқан» қағидасын берік ұстанған.Қарашасына жағымпаздық, мақтаншақтық, күншілдік. көрсеқызарлық қылықтарынан аулақ болуды үйреткен. Имандылық жолына түсіп, билікте әділетті болумен қатар, қарамағындағыларға қамқорлық жасауға, қарттары мен жетім-жесірлерін бағып-қағуға, олардың қайғысы мен қуаныштарын бөлісуге, қиыншылықтарын жеңілдетуге көп көңіл бөлген.

Нарынбайдын парасаттылығы, қара қылды қақ жарған әділеттілігі, көпшілдігі, кеңпейілдігі, жақсылық пен жаналық атаулыға ұмтылуы Жаратушы Иеден оған қонған «дуа» қасиетіне байланысты деп пайымдайды көне көз қариялар. Бектің дәулеті мен берекесі жеті ұрпағына жалғасқан. Бұндай дәрежеге («дүт» ұғымы) ие әулеттің әрбір буынының адамдары осы атқа лайық екенін өзінің адал өмір сүру қағидаларымен және үлгілерімен дәлелдеулері шарт екен.

Нар дауысты Нарынбайдың «дуа қонған» тізбегінде ұрпағының әркайсысы өз алдына дара тұлға екенін Дулат жыраудың бектің неменесі Кеңесбайға жолдаған толғауынан көреміз.

О, Кеңесбай мырза, тыңда сөз!

Айтатұғын келді кез.

Көкіректеніп паңданбай,

Сырттан көріп таңданбай,

Менің сөзім құйылса,

Кеудеңе шырак жанғандай.

Арғы атаң сенің Нарынбай,

Кең қолтық ұзын қарымдай.

Елдің жүгін көтерген,

Ақ өңеш шөңгел нарындай,

Көкейіңе қондыра,

Сөйлесін жаршың сарындай,

Нарынбай бек ұрпақтарын, қол астындағы қарашаларын ізгілікті істер жасауға, Жаратушы Иені тану жолындағы ақиқатқа ұмтылуға тәрбиелеген. 

 

Нарынбайұлы Құттыбай

 Осы мақсатпен ұлы Құттыбайды Орталық Азияның ғылым ордаларына білімін толықтыруға әрі руханиат әлемін пайымдауға жіберіпті.

Әкесінің нұсқауымен Құттыбай Самарқан, Бұқара, Хорезм, Хиуа қалаларын аралаған, әулиелердің зираттарына тәуіп еткен. Бұқарадағы ислам дінін оқытып, оны уағыздайтын ғұламалармен жолығып, олардың ұстанымдарына тәнті болады. Сапарларының бірінде жас діндарлардың бірі оқымысты Ғабділғани Әзизбен сұқбаттасады.

Ғабділғани Әзиз жөніндегі мағлұматты сопының тікелей ұрпағы, аякөздік шежіреші Ғабділахмет Шәкеров ақсақалдан естіп едім. Арғы бабалары хазіреті Жоллықожа - Әмір Темір заманында Бұқарда имамдық қызмет атқарған. Олардын түп-тамыры Пайғамбардың (с.а.у.) қызы Би Бәтима мен Әли б. ибн Әбу Тәліптің ұлы Құсайынның әулетінен тарайды.

Қожа Ахмет Иасауи негізін қалаған түркілік сопылық ағыммен біте қайнасқан «нақшбандия» тариқатының өкілі әрі насихаттаушы ретінде Ғабділғани Әзиз өз ортасында үлкен беделге ие ғұлама-ғалым. Құттыбаймен екеуара сұқбаттарында дін мен салт арасындағы пайымдар, сабақтастық пен тәрбиелік үндестіктер жөнінде пікір алмасыпты. Оқымыстының дуниетаным, ғылым, сенім мен әдеп бағыттарындағы білім ауқымының кеңдігіне көңілі толған Құттыбай оны еліне шакырады. Хазірет қабыл көріп, Түркістанға келеді. Халықтың пиғылымен танысқан Ғабділғани Әзиз осында тұрақтап, қызмет атқаруды ұйғарыпты.

Қазақи салт-дәстүр сабақтастығына терең мән беретін Құттыбай білімге ниет білдірген ынталы бозбалалардың бір тобын, арасында баласы Байқара да бар, ұстаздың алдына әкеледі. Ғабділғани Әзиз шәкірттеріне ислам дінінің негіздерін, касиетті Құран Кәрімнің сүрелері мен аяттарының қасиеттерін оқытыпты. Сонымен қатар, хадистерден, «накшбандия» тариқатынан дәрістер берген. Ислам тағылымдары, діни жаратылыстану ұғымдарымен қатар қоғамдық қарым-қатынастар, шығыс әдебиеті мен мәдениеті. Қожа Хафиз, Жами, Науаи, Ф.Аттар сынды сопылык ағымдарды ұстанған ақындар мен ғұламалардың шығармалары, қисса-дастандары таныстырылған.

Пұтқа табынып адасқан қауымдарды жалғыз ғана Жаратушы Ие бар деп бір сенімге ұйыткан Пайғамбардың (с.а.у.) ілміне, қиямет күнге дейін тәртіп пен тәрбие қағидаларына, өшпейтін ізгілікті жолына тәнті болған Құттыбай. Бұл бағытты жеке ұстанымының негізіне алды. Ол сонымен қатар, өз жеткіншектеріне арап халықтарының салт-дәстүрлерінің қазақтардың әдет-ғұрпына үйлесе бермейтін жактарына да мән берудің қажеттілігін ескертетін.

Ғабділғани Әзиздің дәрістерін жүрегімен қабылдаған Байқара, бірер соң ұстазына қол тапсырып, оның мүриді атанады. Тариқат жолына түскен жас жігіт осы оқудың бағдарламаларын, жоңғар басқыншыларының езгісінен құтылып, қазақ шығысқа көшкен шақта Шыңғыстауға жеткізді. «Нақшбандия тариқаты, қазақ ұлты үшін өмір, қоғам заңы болып белгіленген сана, тағылым-тәрбие, тіршілік ережелерімен қатар қатап сақталды, ел зердесіне рухани байлық, өнеге ретінде насихатталды.

Байқараның тәрбиесіне орай, 1750 жылдары Шынғыстаудағы Әбілпейіс хан Ордасында құдайға құлшылық қылатын әрі жастарға оқу оқытатын орын ретінде мешіт салынған. Құрбанғали Халидидің жазбаларында бұл мешіттің имамы деп Әйюб қожа ишан, Сейіт Жақып қожа деген кісілерді есімдері Тариқат көсемі саналған Байқара би нұсқаған жолда шәкірттерге жеті атаға дейінгі қан тазалығы, ұлттық әдеп қағидаларын сақтауды, жасы үлкендерге ізеттілік мәселелері көбірек жеткізілетін, ер адамдардың сырқы келбеттеріне, киім үлгілеріне мұқият болулары сұралатын, ер бала мен қыз баланың тәрбиесіне мән берулері ескертілетін. Муридтер жас кездерінен бастап-ақ шариғат жолмен қатар, ұлттық талаптар мен ережелерді бұлжытпай орындау шарттарына машықталды, оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарға шара қолдану жүйесі де оқытылды. Міне, осы мектептің дәстүрінде тәрбиеленген Ақтайлақ би, сыбанның он жеті ақыны, Сәмет сопы, Дулат жырау, Тана мырза, Шәкі би, Бақтияр қажы, Сұртай мен Жылтыр, Сабырбайқызы Қуандық, Әріп, Шұғыбан, Төлеу Көбдіков т.б. ақындар мен біртуар тұлғалар халық арасында нәтижелі ағартушылық қызмет аткарды. 

Дулаттың тариқат жолындағы сопылардын тазару сарынына үндесетін өлеңінің бірі «Сырымды менің сұрасаң,

Тұманың тұнық суынан.

Кеудеме қайғы толған соң,

Тұнық жырмен жуынам» деп басталады. Ертедегі шығармаларынан-ақ («Әуелі Алла айталық», «Құдайдан соң жарандар, Мұхаметті айталық», «Жеті дарияның біреуі»), оның дүниетанымы Байқара тағылымының аясында қалыптасқандығы, сондықтан да діни сауаты жоғары, шариғатты терең білгенін байқаймыз. Қасиетті Құран Кәрімнің сүрелері мен аяттарынан тақыл, иман нұрмен тең екенін,

«Бір пара жанды дінсіз ғып,

Бір пара жанды дінді ғып, 

Бір пара жанды ғалым ғып,

Бір пара жанды залым ғып 

Әуелде жан жаратты

Мұсылманға бір бөлек. 

Өз-өзіне қаратты

Кәпірлерді бір бөлек. 

Көргенімді айтайын,

 

Жиырма тоғыз фурқаннан. 

Жақсы молда оқиды,

Ғарап, фарсы тілінен,

Кітап пенен Құранды.

Әр тарихты таратты,

Шариғатты білсін деп,

Мұсылманға қаратты.

Софы Аллаяр кітаптан

Сұрап көрсең сырымды...» десе, Пайғамбар (с.а.у.) есімін жиі атап, ауыл молдалары «Ыдырыстан басқа еш кісі пейішке тірі барған жоқ» деп оқытқан «Қисса-ул әнбиядан көптеген мысалдар келтіреді.

Дулаттың «Бір патша» туындысынан шығыс әдебиетінің әсері анық байқалады. Сопылық классиктердің арасынан оның ерекше ден қойғаны Әлішер Науаи екендігін ингира тәсілімен жазылған «Шаштара қиссаси Фарид ад-Дин Аттардың «Құстар тілі» поэзиясына тәнтілігін құрылымы мен табиғаты бөлектеу» (3.Ахметов, К.Раев), «Тымсал» сондай-ақ, «Қара қарға», «Сары шымшық» өлеңдері арқылы байқаймыз. Жалпы, ақынның толғауларында кұстарға, мысалы, кұс төресі - самұрық, кұс бекзаты - лашын, кек еркесі - қыран, ителгі туған сұңқар, қаршыға, қырғи, аққу, қоңыр қаз, үйрек, байғыз, тауыс, тырнадан би сайлау, қызғыш, торғай, қарға, шымшық - көптеп сілтеме жасалады. Д.Бабатайұлы - шығыс шайырларын қазақ оқырмандарына алғашқы таныстырушылардың бірі, өз заманының көрнекті өкілі ретінде қалыптасып, XIX ғасырдағы қазақ поэзиясын тұр, мазмұн, тақырып жағынан байытып, биік белеске көтерді.

Ақтайлақ бидің батасын алған Дулат, аталас абыздын ізімен жас кезінен- ақ шежіреге, қазақтың өткеніне ден қойды. Жырау ұлт тағдырымен Ақтайлақ баянынан терең танысып, өз өлеңдеріне қосып, әрі қарай тартымды түрде тараткан. Мазмұны шырғалаң тарихқа толы «Әуелгі қазақ деген жұрт», «Ата қоныс Арқадан» өлеңдерінде арғы аталарының Бұқарада емін-еркін өскені, Әзірет қонған киелі Қаратау мен Түркістанда туғандары, Сырдың бойынан ауып келгендері айтылады.

 

Еңсесі  биік Ер «Еспембет»

ХѴІІІ ғасырдағы шынайы оқиға баяндалған шағын ғана «Еспембет» қиссасының идеялық-көркемдік тәсілдері ғажап. Батырлық эпосы дәстүрінде жазылған ерлік поэмада туынды жерін қорғап, елі үшін жауына оқ болып атылатын батыр ұлдың «ел әділ басқарылса», деген арман-тілектерінің сәулесі жарқырайды. Шығарманың басты сюжетінің бірі «Ерлік әр жерде емес, тар жерде көрінеді», деп Қ.Жұмалиев дөп көрсеткендей, мейілінше қауіпті, үрей ұшырарлық жағдайда елі үшін басын бәйгеге тігіп, өлімге бел байлап, қалың қолға жол ашқан, жауды жеңуге мұрындық болған жас жігіт ұрпақ үшін үлгі. «Еспембет» қиссасы қазақ ауыз әдебиетінің таралуына қосылған ақынның өзіндік үлесі.

Дулаттың ер жеткен кезінде қазақ мемлекетінің тағдырындағы түбегейлі өзгерістер-бодандық қасыреті басталды. Өскен өлкесінін Ресей отарлауына дейін ойрат шапқыншылығына ұшырап, «Ақтабан шұбырынды, Алкакол суламада...» тоз-тоз боп бытыраған қазақ халқының енді ғана басы қайта бірігіп, өз алдына ел бола бастаған кезенінде, 1822 жылы Қазақ хандығы жойылып, отаршылық ендеді, сөйтіп, ұлты тәуелсіздігінен айырылды.

М.Сперанскийдің «Сібір қырғыздарының уставы қабылдануы, Сергиополь (лякот) бекетінің салынуы ақынды қайғыға ұшыратын, ауыр әсерін тигізді. Елінің басына түскен отаршылдық зобалаңынан кеудесіне толған қайғыны Дулат «Сары алтынның буынан жаралған жыры, туманың тұнық суындай сыры» бар сорғалаған сөздермен жуады.

Ресей отаршылдарының қазақ жері мен елін басқарудын айла-тәсілдерін тынбай ізденген, ұстараның жүзіндей ыпып тұрған аумалы-төкпелі уақытты. «Жаңа бағыт мәйегі» мақаласында М.Мағауин: «Ескі хандық, патриархалдық жол-жора күшінен айрылды, қауым мен қауым, адам мен адам арасындағы қатынас басқаша өріс тапты. Патшалық тәртіпке үстеме ретінде қазақ даласында капиталистік қатынастар бой көрсете бастады. Енді екі жақты езгіге түскен еңбекші бұқара біржола титықтады. Міне, осы, қайшылығы мол, күрделі келен кейпі замана талабын кашанда жіті аңдайтын дарынды ақындар өнернамасында мейілінше кең көрініс тапқан. Қазақ поэзиясындағы осы жаңа бағыттың ең көрнекті өкілі Дулат болды, деп жазыпты. Дулат как халқының, бүкіл түркі халықтарының ескі шежіресінен жақсы хабардар, көне жыраулар мұрасын жете таныған, оның озық касиеттерінен нәр алған кең тынысты ақын. Дулат жырларының күш-құдіреті оның көркемдік қуаты, мазмұн байлығымен қатар, замана келбетін бар бедерімен көрсете білген шыншылдығында. Көркем сөзді халыққа қызмет ететін қару деп ұғынған ақын өз шығармаларында заманның көкейкесті мәселелерін қозғайды. Бұлардың ең бастылары патша өкіметінің қанаушылық саясатының мәнін ашу, халықты талан-таражға салып, езіп, жаныштап жатқан шенеуіктер мен ел шонжарларын сынға алу, жұрт тұлғасы саналатын, бірақ өз басының ғана күйін күйттейтін ірілерді, құдай атымен құрмет көретін, бірақ қу құлқынынан басқаны ойламайтын дін өкілдерін әшкерелеу. Екі жақты қанауға түскен қалын бұқара басындағы қиын кепті түсіне білген Дулат тығырықтан шығар жол таба алмайды. Бұл ақын өнернамасында ашыну, түңілу сарындарының орын алынуының себебі. Дулат ел басындағы мүшкіл халді тек патшалық зардабы деп білмейді, қазақ қауымының өзінің де азғындауының нәтижесі деп санайды. Әйтсе де, туған халқының болашағынан күдер үзбеген ақын өзінің шығармаларында қазақ халқының өткен тарихына үңіледі, елін сүйген азамат қандай болуы керектігі жөнінде толғанады. Ақынның көңіл-күй, табиғат лирикасы да сол дәуірдегі қазақ поэзиясы үшін жаңашыл сипатта болды».

Патшалық самодержавиенің қазақ жерін отарлауға, езгі мен тепкіге ақынның қасқая қарсы шыққанын, туған халқын шұрайлы жерінен, атажұртынан ығыстырып, «егін салар жерді алғанын» күйіне жазған шығармалары арқылы көреміз. Оның назарынан Исатай бастаған ұлт-азаттық көтеріліс, Кеңесары хан қозғалысы да тыс қалмаған.

Дулат қазақтың әлеуметтік суретін шебер сомдаушы. Жер мен ел болашағына көз жіберген ақын, патша өкіметіне қарсы шыққандардың қара басымен әлек боп, қаңғып кеткендерін көрді. «Аяғын буған қойға ұқсап, мойынын созып беріліп жаткан ездердің мәңгүрттенуіне намыстанған дауылпаз, олардың «құлдық санасын» оятып, азаттыққа қол созуға шақырып, шарқ ұрды. Ұлттық рухтың төмендеуін, кіріптарлықтың себептері бірнеше фактордан тұратынын, Дулат ең алдымен, «бөденедей жорғалаудан, ауыздан бәтуа кеткендіктен...» - деп білді. Одан соң, «елін сатып шен алған, борсық тұмсық, қанды ауыз, кең өңеш, қазақтардың өзінен шыққан кәпір ұлықтардың» таптық езгісінен деп түсінді. Шенділердің елге істеген былығы мен қылығы оның мазасын әбден кетіргені соншалық, Абылай мен Әбілпейізден кейінгі парақор төрелерді «қуаңнан шыққан өртпен, саудасы біткен сартпен» теңгерді.

Дулат ақын - ұлы тәрбиеші. Қазақ әдебиетін зерттеуші белгілі ғалым К.Жұмалиев, 1880 жылы жарық көрген «Өсиетнама» жинағын дидактикалық поэзияның түріне жатқызады. «Айналасындағы әр-алуан құбылыстарға үңіле қарап, олардан келешек үшін керекті бір қорытынды шығармақ болған ойшыл жырау өмірмен, адам тіршілігімен байланысты көп мәселелерді сөз етеді: адамгершілік, жақсылық-жамандық, қайырым-қайырымсыздық. достық-қастық, бірлік-алауыздық, әділдік-опасыздық, отбасындағы қарым-қатынас. Ақыл мен парасат, мінез-құлық, тәлім-тәрбие, ерлік-ездік, т.б.». Дулат халыктын ауыз әдебиетінде тарыдай шашылып жатқан мақал, мәтел, нақыл сездердегі құнарлы нәрді жинақтап, әдемілеп, жаңаша жырлады, бір бүтін етіп, поэзия тіліне айналдырды. Оның ұлттық салт пен сана жөнінде ұрпаққа қалдырған ұлағатты өсиеттері әр отбасында қолданатын ережеге айналуға тиіс.

 

Абай жолында ізі қалған

М.Әуезов «Абай жолы» романында жырауды «шоқшалау ғана ақ сақалы бар келбетті келген, зор дауысты ақсары кісі... Білгенін ішіне бүгіп, үндемей отырған өзге үлкендердей емес...» деп суреттеген. Оның қазақ ауыз әдебиетін жатқа білетінің ұлтымыздың заңғар жазушысы былай жеткізіпті: «...Осы түнде ас піскенге шейін Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады. Абайдын қазақ аузынан да, кітап ішінен де өмірі естіп білмеген ең бір сұлу, ең бір әсерлі, күшті жыры осы еді.... Қобыландының қоштасқаны. Тайбурылдың шабысы.Қазан мен Қобыландынын жекпе-жегі Абайды, әсіре еліткендей болатын. Жатқанда көпке дейін елегізп ұйыктай алмады.

Ертеңіне Ұлжан Барлас пен Байкөкшені жібермеді.

- Жүрмеңдер. Асықпай әлі біраз күн қонақ боп жатып кетіңдер, - деді. Бұл - Абайдың тілегі.

Абай бұрын тағылым, үлгі кітапта, өнер - медреседе ғана деп түсінетін. Оған дастан шебері - Низами, Науаи, Фзулиде; мун нәзігі - шайх-Сағди, Қожа Хафизде: батыр жыры Фирдоусиде көрінетін. Қазақта нелер «Баян-Көрпеш», талай «Ақбала-Боздақтар» барын анық білмеуші еді.

Тілі ұтымды, өмірі таныс болғаннан ба немесе Барлас пен Байкөкшенің кезектеп айтқан жырларының кейде шырқаған, кейде қалқып баяулаған, кейде лектіріп, ескектете желген әнінен бе? Бебеу қаққан қоныр, майда баяу домбырадан ба? Қалайда болса, Абай бұл күнге шейін өмірінде дәл осы Барлас, Байкөкше баян еткен дастан, жырларға барабар еш нәрсе есітпеген сияқты болды...

Ал ел айығып оңаша қалғанда, Барлас өз жырларына Асанқайғы, Бұқар жырау, Марабай мен Жанақ, Шортанбай, Шеже, Сыбанбай, Балта, Алпыс ақын - бәрін қоса, өзі кұрбы өзге ақындар айтқан жырларды термелеп кетеді. Бұлардың ішінен заман зарын, көп мұның шертетін сөздерді, әсіресе бөліп айтады. Барлас біреуді мақтап, біреуден сұрап жырлайтын ақын емес.

...Барластың өзі сүйген құлақ күйі сияқты термелері болады. Мұндай кезде Барлас Абайға күндізгі Барластан, тіпті басқа болып көрінеді. Қызықты, қызулы, қыздырманы ғана айтатын күлкішіл, сауықшыл Барлас емес. Кешкі кездерде ол бір үлкен өсиетші, кейде шерлі қарт сияқтанады». Дулаттай тұлғанын жан-дүниесін, шағармашылығын Мұхтар Әуезовтан артық қысқа да нұсқа суреттеу мүмкін бола қояр ма екен?

Дулат дүниеден өткен соң оның шығармаларын насихаттауға құпия түрде тиым салынған сыңайлы, сондықтан көп жылдар бойы еске алынбады. Кеңес дәуірі кезінде «зар заман жыршысы» деген кекесінді атау тағылды. Оқырман назарынан қағаберіс қалып қойған сыршыл да сыншыл суреткердің терең ойлы, көркем тілді, маңызы мен мәнін мәңгілік жоғалтпайтын жыр жауһарларын барынша зерттеп, қолда барының басын біріктірген ғалым- Кулмат Өміралиев. Оның айтуынша Дулат сөзі «қадірін білмес қараңғы заманның қасқой ортасына тап болатын тағдырға ұшырай жаздаған». Тауелсіздік алған алғашқы жылдары бұл тақырыпты терең зерттеуді 3.Ахметов, Р.Сыздықова, К.Раев сынды ғалымдар қайтадан қолға алды.

Жаңа ғасырдың басталуымен ұлтымыздың көрнекті тұлғасы Дулат Бабатайұлының мұрасын зерттеулер біршама толықты. Оның дүниетанымы, ұлт тағдыры жолындағы күрескерлігі, шығармашылығы жөнінде К.Жұмаділов. Г. Шакерұлы, М.Мырзахметов, Х.Сүйінішалиев, С.Каскабасов, С.Негимов, Т.Шапай т.б. ғалымдар мен жазушылар құнды еңбектер жариялаған.

Дулаттың «Алладан иман сұрап, пәледен сақта деп үміт қылған, дұғадан тастамаңдар» өтінішін аманат ретінде қабылдаған Әpiп Тәңірбергенұлы. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, дамолла 1920 жылдары зират басына бірнеше рет келген екен. Ақынның қадірін кейінгіге жеткізу, өткеннің келешекте жалғастыру ниетімен, «іздеушісі түбі бір келер деген үмітпен оның есімін қабіріндегі шағын қара тасқа (құлпытасқа) кашап, жаңа арап (төте жазу) әліпбиінде «Дулат/Әріп» деп жазба қалтырыпты.

Аякөз ауданында «Байқара би - Ақтайлақ би күмбезі» көтерілген 2001 жылы Қабдеш Жүмәділов Ақшатаудағы жыраудың қорымына барып, ақ тастан белгі қойды. Ал, зираттың ішіндегі шағын қабіртастағы Әріп жазған жазуды сол жылы көріп оқыған, біздерге алғаш көрсеткен Несіпбек Айтұлы.

Дулат Бабатайұлының, етегі көз жасына толып кел болған қайғылыны уататын, санасына сәуле түсіріп қуат дарытатын сезімге толы; халқына сыйы кеткен, ел бүлдіргіш ұры билікті, парақор баспақ шенеуіктерді улы тілімен түйреп өтер намысқа толы толғаулары тағылым мен бүгінгі тәрбиенің ең тиімді кұралы болмақ.

 

Әлібек Қабден-Кәрім.

«Байқара би тағылымдары» кітабынан.