Жүсіпбек Аймауытұлы және абайтану
28.08.2023 1485

Алаш кезеңінің белсенді қайраткері, жан-жақты талант, ақын, аудармашы, зертетуші, бірнеше көркем романның авторы Жүсіпбек Аймауытұлының бай шығармашылық мұрасының ішінде Абай тұлғасы, Абай өмірі мен қызметі, Абай мұрасы турасындағы еңбектерінің бір шоғыры ұлт руханияты мен ғылымына қызмет етіп келеді. Бұл орайда біз Жүсіпбек Аймауытұлының Абайды зерттеуші ғалым, Абай үлгісінде сөз суреткері және Абайдың жаны, жан жүйесі толғамдарын талғаммен қолданған педагог ретінде танимыз.


Жүсіпбек Аймауытұлының абайтануға қосқан үлесі зор әрі бұл 1918 жылғы «Абай» журналын шығаруымен, редактор болып қызметке кіріскенімен айқындалады. Семейде 1918 жылдың ақпан-қазан айлары аралығында алғашында «Жанар» ұйымының, кейіннен «Уақ қарыз» серіктігінің демеушілігімен шығып тұрған ғылыми-әдеби «Абай» журналының небәрі 12 саны жарық көрген. Журналдың бірінші санындағы бас мақалаға Абайдың «Лай суға май бітпес қой өткенге» деген өлеңінің бір шумағын эпиграф етіп алған. Бұл мақаланы сөз иесі Жүсіпбек Аймауытұлы «Сөз сыбырға, іс жыбырға айналды, береке кетіп азды, тозды, сол кезде қалың надан, қара тұсанды қақ жарып, тас жарып шыққан бұлақтай жарқ етіп Абай туды» деп бастайды.

Журнал осылайша ақын, ойшыл Абайды ұлттың биігі, кемеңгері деп есептеп, ел және руханият жайын осыған сай байыптауды көздеген. «Қазақ әдебиетіне жан берген, сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңінен өрнек шығарған, ақындық, сыншылдық бірдей дарыған Абай еді» деп аз сөзге көп мағына сыйдырған ой-пікірінде Абайды бағалау мен құрметтеудің үлгісі жатыр. Абайды тану тек әдебиеттің ісі емес екенін ескерткен автор Ж. Аймауытұлы өзіндік пайымдарын былай толғайды: «Журналдың атын «Абай» қойған соң әдеби жолын ғана тұтыну керек еді дер біреу. Оған айтатынымыз: Абай жалғыз ғана ақын (литератор) болды деуге болмайды. Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап, тексерген де Абай. Қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де Абай. Солай болған соң журналды Абайға арнағандық, Абайды қай жөнінен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап, жастар шәкірт болып, соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді».

Бұдан кейін автор журналды шығарудағы мақсаттың қандай болғанын және неліктен Абай есімін бергенін түсіндіре келе, екі нәрсеге мән беруге шақырады. Оның бірі – журналдың Абайдай атағы шығып, алысқа тарасын деген ізгі ниеті, екіншісі өзі жазғандай «Мақсат – «журналымыз Абайдай болсыншы» дегендік қана емес, Абайды құрметтеп, атын тарихта қалдыру» деп ескертті. Журнал, әлбетте, алдыңғы кезекте Абайдың ұлағатты сөздерін, ақынға арнау өлеңдерді жариялап отырды.

Мұнда Ж. Аймауытұлы, М. Әуезов, М. Дулатұлы, Ғ. Қараш, М. Тұрғанбайұлы т.б. авторлардың Абай туралы ғана емес, жалпы әдебиет жағдайы, қоғам халі, ұлт тұрмысы мен оқу-ағарту ісі, Алаш идеясының сол күнгі көріністерінен, басқа да тақырыптардағы мақалалары жарияланған.

Сонымен қатар Жүсіпбек Аймауытұлы осы «Абай» журналында Мұхтар Әуезовпен бірлесе «Екеу» деген бүркеншек атпен  «Абайдың өмірі мен қызметі» (1918, №2), «Абайдан соңғы ақындар» (1918, №3) деген мақалаларын жариялады. 

Екеудің мақаласы «Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде, тұншыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық-аждаһаны өртеуге құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды. Табиғаттың қыңыр жолы кімді билемеген?!» деген Абай өмірінің миссиясы болғанын емеурінмен бастаудан білдірді.

Абай өмірінің алғашқы саналы кезеңдері мен кейінгі ғұмырын шартты түрде екіге бөліп, ондағы ілгерілеу мен іркілістердің болғанын, өкінішті өмір өткенін сипаттайды: «Өскен орта, көрген үлгі, тоңмойын надандық толқыны ағызып, ақыл көзін шын хақиқатқа ашқызбай, заман тонын кигізіп, 35 жасқа шейін ықтиярсыз айдап келді. Бұл жасқа келгенде маңайында жұрттың кір, бұзық мінездері – бар қалпымен көзіне айқын суреттелді. Өкінді, өксіді, жиренді... Осы өкініш, өксіктің уыты бойын кернеп, сөзінде азалы, кекті, улы көп әсер, көп із қалдырды».

«Абайдың ең бір артық өзгешілігі заманның ыңғайына жүрмей, өзінің «өздік» бетін мықты ұстап, ақылға, ахлаққа, көңілдің шабытына билетіп, көз тұнжырарлық кемшілік, міннің ортасында тұрып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі жырақта жүріп қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы» деген Екеудің тұжырымы барған сайын тереңдей түседі, Абайдың ақындық өнерінің сан тарау жолдан, бағыттан тұратынын меңзейді. Ең ғажабы сол, орыс тіліне шетелден енген әдеби терминдердің түпкі атауын Абай тілінен, Абай сөз өрнегінен алып береді. «Абайдың ақындық өнері тар жолды, бірбеткей емес. Әр тараулы, сегіз қырлы. Ол тараулар мынау: мінез түзететіндік (ахлақ), тереңнен толғайтындық (пәлсапа), сыншылдық (критика), суретшілдік (художественность), жүректің мұң-зарын, сырын тапқыштық (лирика), ащы тілділік, ызалықпен күлетіндік (сатира), һәм керемет переводшиктік». Бұл алғашқы ғылыми мақаланың артып отырған жүгі де осында: Абайдың тілі – ғылымның тілі екендігін ұқтыру.

Қос автор Абай ақындық қырының әрбір саласына жеке-жеке тоқталып, дәл де көрнекті мысалдар келтіріп, сөздерін дәлелмен жеткізіп отырады. «Абай – терең ойдың ақыны» деген Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш әдебиеттанушылары ғылыми ойының дұрыстығына Екеу де бас қояды, «...сол сөздерінің бәрі терең ойға салып толғап жазылған. Ахлақ, адамшылық, дін, халықтың мінезі неше түрлі хақиқаттар туралы жазылған сөздері Абайда пәлсапа қуаты барлығына үлкен дәлел. Абайдың данышпандық белгісі – өзі шығарған он алты мақалы бар. Мақалының біреуі «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген» деген айғақ ұсынады.

Екеу Абайдың ақындық қырының айрықша жетілген, үздік танылған тұсы ақын жүрегі мен сырт дүние сырының үндестігіне үңіліп қарайды. «Өзге сипаттарының ішіндегі ақындық сезімінің артық жетіктігі, дүниенің сыры мен жүрегінің жалғасып, ымдасып кететіндігі, – дейді Екеу. – Жылдың төрт уақытын қазақтың өмірімен үйлестіріп жазғандары оқып отырғанда сол уақыттарды көзіңмен көріп, денеңмен сезіп отырғандай суретін алдыңа әкеліп елестетеді. «Сөзімде жаз бар шыбынсыз» дегені өзінің ақындығына көзі жеткендігімен айтқан». Қазақтың төл сөзі ғана емес, арғы-бергі жазу түгілі көне тарих пен философияның өткеніне жүйрік, дүние жаратылысы мен діннің айтулы төрт қағидатын бойына түгел сыйдырған, сөйтіп мұқым қазақ даласынан жер әлемге нұр шашқандай жарық болып жарқыраған Абайдың «сөзінде шыбынсыз жазы бар» ақындығы осындай үлкен қасиеттерінің басын ұстап тұрған кілт іспетті. 

Мұнан соң ұлы ақынның махаббат тақырыбындағы жырлаудағы шеберлігі, суреткерлік сырына назар аударып, былай жазады: «Ғашықтық жайын, әйел турасын жазғанда Абай аса шеберлеп, қызықтыра сипаттайды. Ондай өлеңдерінде ахлақ жолынан алыстау кететін орындары болады. Бірақ мұнысы ақындық жолында кешірерлік іс. Ақынның жүрегі не нәрсенің болсын жарастығын, келісімін, сұлудың сұлуын іздейді. Жүрегінің сезімі, көңілінің шабыты билеп, өз бетімен жазып кеткен сөзін былай неге жазбадың ахлаққа хлаф деу жол емес, ол зорлық. Оның суретшіл көңіліне, жүрек қиялына басқаның мөлшері өлшеу емес».

Екеу оның лирикалық жырларын «жүрегінің сырын, шерін толқытып қанымен, мұң-зармен шығады» деп сипаттаса, сатиралық туындылары туралы «шаншып алма ащы тіл, ызалы күлкі, кекесін де Абайдан табылады» деп көрсетеді. Ызалы күлкілі, кекесінді «Болыс болдым, мінеки» өлеңінің «Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап, Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез!» деген жолынан өрнек алып, қазақтың қызық та бұзық мінезін ашық әжуалайды. Елге тиген кесірлі қылықты өткір мінеу Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханның «Өз еліне қасқырша шауып отырған елде өркендеу болмайды» деген сөзімен астасып тұрғандай.

Бұл мақалада қос автор Абайдың аудармашылық өнеріне де тәнті болып, биік баға береді. «Переводқа шеберлігі мынадан білінеді: кейбір орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударғандары өзінің тән өлеңінен артық деуге болады» деп жазады. Аударма тәжірибесіндегі сөзбе-сөз және еркін аударма үлгілерінің екеуін де Абайдың қолданғанын, олар қандай туындыда байқалатынын қос автор жақсы аңғарған. 

«Тілі ұғымды, қысқа, аз сөзге көп мағына сыйғызғыш. Өрнекті, дәлшіл, күйлі, таза һәм анық келеді» деп Абай тіліне түсінік берген Екеу Абайдың бұрынғы ақындардан несі басым деген сауалға жауап іздейді. Ондағы екі үлкен себепті санамалап, ашып, анықтап көрсетеді. «Бұрынғы ақындардың, шешендердің өрнекті, түрлі, мағыналы тілдері болмағандық па? Болса да көбі жазылып, нұсқауға түспегендік пе, қазақ тілі аса ұстарып өрнекті келмеген. Қазақ тілін анық түрлеп, керекке жаратып, түзеген Абай. Бұл бір. 

Екінші Абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінің беті мақтау, жамандау, асыру, кеміту, болмаса зарлаған сары уайым болып келген. Мінезді суреттеп, мінді айтып, адамшылыққа жөн сілтеген ақындар болмаған. О кездегі ақындар ия қошеметшіл, ия тіленші, ия мақтаншақ болып заманның ыңғайымен кетіп, сөздеріне баға қойылмаған һәм баға қойдыра алмаған».

Бұдан шығатын қорытынды: Абайдың ескі ақындық жолға түсіп кетпей, «атының басын бұрып алуға жараған» кейіпте жаңа түр, жаңа пішім, форма әкелгенін мойындау. Мұны Екеу «Абайдан бергі қазақ әдебиетінің беті жаңа түр тапты. Абай бұрынғы ақындардың ұстанып келе жатқан бетін тастап, тыңнан жол салды. Бұл Абайдың бұрынғы ақындардан ақыл көзінің артықтығы болды – бір; ақындығы күшті болды – екі; өлеңнің өнер екендігін білді – үш» деп көрсетті.

Мақаланың аяқ жағында қос автор Абай сөзінің маңызы, болашаққа келер пайдасы қақында ой сабақтайды. Абайдың пайдасыз сөзі жоғына сенетін олар ақын жырынан алатын әсерді «ахлақ, адамшылық туралы айтқан терең мағыналы, үлгілі сөздері кемшіліктің мінезін тәрбиелеп, ақыл көзінің ауданын кеңейтпек. Жүректен толғанып, ыза мен қайрат айдап шыққан қайғылы, қапалы, зарлы сөздері адамның ақылын өз ішіне үңілтіп, жанымен сырластырып ұғып, оқып түсінгендердің сезімін тәрбиелемек» деп түсіндіреді.

Сөз түйіндеуде қазақтың сүйегіне біткен ақындық өнер мен оның алып тұлғасы Абайдай қуатты көтермешісі, таянышы барда қазақтың ұлт әдебиеті  мәдени жұрттардың әдебиетінің қатарына тез ілінеді деп үміттенеді. 

«Абай» журналының алғашқы сандарының бірінде жарияланған Екеудің «Абай өнері һәм қызметі» мақаласына байланысты энциклопедист ғалым, академик Р. Нұрғали: «Бұл мақалаларда Абай өмірінің бірталай қыры сөз болып, оның поэтикалық мұрасының аса құндылығы көрсетіліп, кейінгі ақындардың ұлы ұстаздан үйренуі шарт екендігі нұсқалды. Пушкан орыс әдебиетінде қандай қызмет атқарса, Абай да қазақ әдебиеті үшін сондай тарихи іс тындырғаны орнықты дәлелденген. Қазақ әдеби тілінің қалыптасуына, оның поэтикалық ер жетуіне Абай шығармаларының қаншалықты әсері барлығын көрсеткен. Абай поэзиясының ұлттық дәстүрмен қоса Шығыс, Батыс әдебиеттерімен байланысы қарастырылған» деп көрсетіп, «Ж. Аймауытов – қазақ әдебиетіндегі Абай шығармашылық мұраттарын ілгері жалғастырған ең ірі тұлғалардың бірі» деген түйінді ой айтты.

Жүсіпбек Аймауытұлы көркем туындылар, әдеби сын мақалалар, публицистикалық еңбектер, аудармалар жазып, үлкен еңбек сіңіргенінен бөлек ғылым саласына, оның ішінде педагогика, психологияға арнап еңбектер жазды. Бұл реттеоның «Психология» және «Жан жүйесі» кітаптары аталуға тиісті. 

Ғалым бұл еңбектерінде дін және философия тарихына шолу жасап, мысал-деректер келтіріп, дүние оқымыстыларының туындыларына сүйеніп, кейде келісіп, кейде келіспей, негізінен, озық ойлы қағидаларын алға тартып, психология ғылымының пәнін, зерттеу объектісін анықтайды, жан, дене, сана, ой, ақыл, сезім, қиял, түйсік, қайрат, серпіліс, ынта, қабілет, т.б. ұғымдардың мәнін ашады. Адамның дене мүшелері, олардың физиологиялық қызметі, жүйке жүйесі, ми-жұлын әрекеті жан-жақты, нақты тәжірибеден алынған мысалдар арқылы көрсетіледі.

Жүсіпбек Аймауытұлының «Педагогика» еңбегінде Абай ойы, Абай пікірі берілгенін абайтанушы ғалым Р. Нұрғали орынды ескерген. «Ой мен сөз, ұғым мен тіл, тұжырым, пайымдау түрлері, еркіндік, кездейсоқтық, түс көру, гипноз, жадылау – осы алуандас күрделі психологиялық, философиялық проблемаларға ғылым жетістіктері тұрғысынан тиянақты жауаптар беріледі. Географиялық орта, тұлғаның әлеуметтік қалпы, таптар, ұлттар психологиясы, фольклордың, мәдениеттің адамдар санасына әсері деген мәселелер көтеріледі. Платон, Аристотель, Христос, Мұхамед, Кант, Лонок, Джеймс, Ньютон, Абай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Павлов, Руссо Арнольд, Нильсон – осы секілді тарихи тұлғалар, пайғамбарлар, ғалымдар, зерттеушілер пікірлері үнемі ескеріліп отырады». 

Ал 1926 жылы жарыққа шыққан «Психология (жан жүйесі) мен өнер таңдау» алдымен адам қабілетінің табиғатын зерттейді. Автор «Ол (адам) туыла белгілі бір өнерге бейім болып келеді, басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсеге талап, ыңғайлы қабілет зеректігі болады, мәселен біреу әскерлікке, не жазушылыққа, болмаса дәрігерлікке. Яки саудаға, біреу даулы сөзге ыңғайланып жаралады» деген ойын көптеген мысалдармен, деректермен, тұжырымдармен дәлелдеп береді. Барлық мамандықтың қажеттігін айта келіп, табиғи икемділік, қабілетке, оның биологиялық табиғи негізіне ерекше көңіл бөледі.

Қорыта келгенде, Жүсіпбек Аймауытұлының абайтанудағы қызметі өлшеусіз. Ақынның өнері мен ақындық қырына ғылыми тұрғыдан саралап алғаш баға берушілердің қатарынан табылды. Ғылыми еңбектерінде де Абай пікірін орынды келтіріп, ақын есімімен аталған журналда мұрасын насихаттауда белсенді еңбек етті.