Айгүл Қосанова: «Айнамкөз – өнердегі де, өмірдегі де бойтұмарым»
Бөлісу:
17.03.20231971
Ән – өнер атаулының ішіндегі ең танымал музыкалық шығарма. Оның тарихы, қолданысы, қазіргі дамуы түрлі кезеңдерді, тіпті тұтас дәуірлерді қамтиды. Сондай-ақ жаһандық ән өнерінде қазақ ән өнерінің де үлесі ересен. Өйткені елдің мәдениеті, танымы, дәстүрі осы бір өнер түрімен тығыз байланысты. Сонымен біздің бүгінгі сұхбатымызда осы және өзге тақырыптарды қозғайтын спикеріміз – дәстүрлі әнші, домбырашы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова.
- Айгүл ханым, алғашқы сауалымды мынадан бастағым келіп отыр. Жалпы ән феномені сіздің ұғымыңызда қандай мағынаны білдіреді? Соның ішінде қазақтың дәстүрлі ән өнері өзге ұлттардың ән өнеріне қарағанда несімен ерекшеленіп тұрады?
- Негізінен ән феноменін теориялық тұрғыдан сирек кездесетін «құбылыс» деп айтсақ болады. Ал практикалық өмірде оған берілетін нақты анықтама жоқ. Сондықтан оның мән-мағынасы да тым тереңде жатыр деп есептеймін. Белгілі бір халықтың пайым-парасаты, ішкі толғанысы, көрген құқайы, көз жасы, қуанышы мен реніші – бәрі, бәрі де әуезге, әуенге, сосын барып әнге айналады. Егер ән ұғымына қандай да бір мағына жүктеу қажет болса, оны өмірмен, тылсыммен, құдіретпен байланыстырар едім. Себебі меніңше, ән – жай ғана өнер емес, ол – өмір, тағдыр, адамның жүріп өткен жолы, тіпті қателігі мен сана түкпіріндегі жоғалған һәм сақталған сәттері. Ал қазіргі ән ше? Қазіргі ән мен ән өнері жайлы айтар болсам, ол үлкен трансформациядан өткен, мәдени жетілген, халықтың жүрегінен орын тапқан өнер дер едім. Әрі әлемдік кәсіби өлшемге салсақ та, қазақтың дәстүрлі өлшеміне салсақ та қазақ әні ешқашан өз биігінен түскен жоқ.
Халықтың сан ғасырдан бері сақталған архетиптік санасы, жүрегін дір еткізген сезімі, еркіндік сүйгіш болмысы, аңғал мінезі – барлығы бірдей қосылып, һас таланттарды дүниеге әкелді. Сол себепті бізде феноменге айналған әнші көп. Соның бірі – Димаш Құдайбергенов. Егер менен ән феноменіне кімді жатқызасыз десе, өз басым ойланбастан Димашты айтар едім. Жалпы кез келген халықты, оның материалдық құндылығы, жер асты байлығы немесе басқа да байлығы емес, ең бірінші, адамы, яғни талантты ұл-қыздары танытады ғой. Ойы жүйрік талантты ұл-қыздарымыз неғұрлым көп болған сайын, еліміздің беделі де соғұрлым арта түсетіні анық. Сондықтан да басқа елдің ән өнеріне қараған кезде, қазақ өнерінің де ешкімнен кем түспейтініне әрдайым көзімді жеткіземін. Өйткені біздің дәстүрлі ән мектептерінде бір ғана ұлттың әні неше түрлі әуенмен, неше түрлі ырғақпен, неше түрлі саз-мақаммен айтылады. Ал бұл біздің өнердің бай екенін аңғартады. Енді әр халықтың ән өнерінде өзіне тән ерекшелік бар болар, бірақ дәл қазақ халқындағыдай ән өнері басқа халықта жоқ шығар деп ойлаймын. Қараңызшы, тағы да қайталап айтайын, бір халықтың дәстүрлі әнінде бес мектептің сақталуы және сол мектептердің ішіндегі де өзіндік ерекшеліктің болуы – еш елде жоқ, қайталанбайтын үлгі.
- Музыкада кәсіби әншіге қойылатын талап көп. Аталған талаптың ішіне дауыстың динамикалық қуаты, артикуляция, инструментте шебер ойнау, дикция, әннің характерін беретін артистік шеберлік, дұрыс тыныс алу, тембр, дыбысты таза алу секілді дүниелердің бәрі кіреді. Осыншама ауыр жүкті еңсеріп, осыншама талапқа сай болу тек нағыз әншінің қолынан ғана келетін іс пе? Және нағыз кәсіби әншіде интеллектуал деңгей болуы керек деген пікірмен келісесіз бе?
- Аталған ұғымдар – кәсіби әншінің үнемі пайдаланатын және еститін терминдері. Мұны енді біз күнделікті дайындық барысында естен шығармауға тырысамыз. Жоғарыда сіз айтқан дикция, артикуляция, тіл тазалығы, сахна мәдениеті секілді дүниелер болмаған жағдайда, әншіні кәсіби әнші, «нағыз өнер адамы» деп айту өте қиын. Өйткені осының бәрін ұштастырған адам ғана ән өнерінде өзіндік орнын таба алады. Интеллектуалдылыққа келер болсақ, ол, әрине, жалпы әншіге ғана емес, егер дамыған, өркениетті ел болсақ, барша қоғамға қойылатын талап болуы керек. Адамзат баласы интеллектуалдылық тұрғысынан өзін биік деңгейде көрсете алатын болса, онда әлем тек қана жақсылыққа, тек мейірімге толы болар еді. Өйткені кез келген салада интеллект, ақыл-ойы арқылы ғана көп жетістікке жетуге болады. Сондықтан интеллектуалдылық мәселесі тек шығармашыл ортаға емес, жалпы адамзат баласына және оның қай сферада екеніне байланысты емес көрініс табуы қажет. Сонда ғана біз дамимыз, өсеміз. Ұлт, қоғам, халық ретінде белгілі бір дәрежеге жетеміз.
- Дәстүрлі шығармалардың көбінде авторы «халыққа» телінетін мысалдар көп-ақ. Оған қазақтың дәстүрлі қара өлеңін де, нақыл сөзін де, қала берді дәстүрлі әнін де жатқызып жүрміз. Енді осы жерде «халық әні» деген түсінікке тоқталып өткім келіп отыр. Біздегі көп әннің «халық әні» деп аталатыны да сол, әннің бастапқы нұсқасын шығарған белгілі бір автор болғанымен, ән әуелгі нұсқадан ажырап, түрленіп, халықтың илеуінен өткен соң, ол мүлдем өзге ән болып кететін көрінеді. Сондықтан да көп әнді бізде «халық әні» дейді. Қалай ойлайсыз, қазақтың төл ұғымында бар «халық әні» деген сөзді қолданыстан шығарсақ (авторы кім екені дәлелденбеген жағдайда), бұл үлкен таласқа, тартысқа ұласпай ма?
- Бұл – өте маңызды сұрақ. Және мұның жауабы жақын арада табылады деп ойламаймын. Қазіргі «халық әні» деп айтылып жүрген әннің барлығы да кезіндегі белгілі бір автордың әні болуы мүмкін. Өйткені халық әнін бір жиында отырып, барлығы бірге шығармайды ғой. Ол – автордың жеке әні. Бірақ өкінішке қарай белгісіз бір себептермен, автордың жоғалып кетуіне де байланысты, авторы «халыққа» телініп айтылып жүрген әндер бар. Қазіргі таңда көптеген халық әнінің формасына, манерасына, сазына, мәтініне байланысты өз авторларын ақырындап тауып жатқан халық әндері бар. Бірақ кей жағдайда ғасырдан ғасырға «халық әні» болып жетіп келе жатқан әндердің авторларын тапсақ та, соны қабылдағымыз келмейтін ситуациялар болады. Өйткені бұл әндер халықтың құлағында әбден сіңіп қалғаннан кейін оны өзгерту қиынға соғады. «Көш жүре келе түзеледі» дейді ғой, мүмкін келешекте бізден кейінгі буын нақты дәлелдер мен деректерге сүйене отырып, қазір «халық әніне» телініп жүргендерді өз иесіне қайтарады деп ойлаймын.
- Байқауымша, шығармашылығыңыздың дені – Батыстың дәстүрлі мектебіндегі әндер. Көбіне Мұхиттың, Ғарифоллланың, одан соң Маңғыстаудың мақамды жырлары сіңген әуезді әндерді жиі орындайсыз. Шын мәнінде өзіңізді қай мектептің өкілімін деп есептейсіз? Ғұмыр жолыңызда кімді өнердегі ұстаз деп таныдыңыз?
- Әрине, бұл – заңдылық. Мен – Қазақстанның Батысында туған қазақпын. Маған әншілік атаның қанымен, ананың сүтімен, ауылдың ауасымен, туған жердің топырағымен сіңді. Сондықтан сол мектептің өкілі ретінде, сол мектептегі әншілердің ізін жалғастырушы ретінде Батыс Қазақстан әншілік мектебінің мақамын, сазын ұстанып жүрмін. Жалпы қанша жылдан бері консерваторияда сабақ беріп жүрмін ғой, біздің үрдісімізде баланы оқуға қабылдаған кезде әр өңірдің адамын өз мектебіне қабылдаймыз. Яғни Арқадан келген бала Арқаның әншілік мектебін дамытуға, ал Жетісу баласы Жетісудың жыр мектебін дамытуға, ары қарай өзін ұштауға жұмыс істейді. Дегенмен жалпы сабақ барысында әр өңірдің әндері қамтылады. Түсінікті болу үшін айтайын, егер студент төрт жыл білім алса, бастапқы жылда бағдарламаға сәйкес өз мектебінің, қалған үш жылда міндетті түрде басқа мектептің де әндерін орындайды. Сондықтан да ұлттық өнер консерваториясының шәкірті де, өнер академиясының шәкірті де – жалпы дәстүрлі ән бөлімінде оқып жүрген біздің шәкірттеріміз қазақ өнерін дамытатын тұлға болып тәлім алады. Және мәселен, Батыс Қазақстан әншілік мектебінен келген әнші оқу бітірген кезде Арқаның да, Жетісудың да, Сырдың да, Алтай, Тарбағатайдың да әндерін жаттап, орындауды үйренеді.
- Қазақ десең, өзіңе тиеді деп жатады ғой. Қоғамда қалыптасқан қасаң қағида ма, әлде трайболистік сана ма екен, бізде осы өнердің өзін белгілі бір жерге, өлкеге, руға меншіктеп алу тенденциясы орын алып жатады. Мәселен, авторы белгілі, баяғыда бағасын алып қойған бір ән болса, оны «біздікі» деп өз өлкесіне, өз руына еш дәлел-дәйексіз меншіктейтіндер де бар екен. Бұған қатысты көзқарасыңыз қандай?
- Егер адамның сана-сезімі, өнер мен өмірге деген көзқарасы, жалпы білімге деген ынтасы дұрыс болған жағдайда, ешқандай трайболизм болмайды. Қазақтың әрбір әнін жан-жаққа жұлмалап, әркім өз руына, өз жеріне, өз өлкесіне бөліп алатын болса, онда біздің өнеріміз ешқашан өспейді, керісінше өшеді. Сондықтан да бізде бір мектептің өкілі әр өңірдің мақамын, сазын үйренуге жағдай жасалған. Өйткені тек қана бір өңірдің әнін айтып, кәсіби әнші болу мүмкін емес. Бәріміз бір қазақпыз ғой, қазақтың өнерін бөлуге болмайды. Соның ішінде руға бөлу – өрескел қателік. Ән – қазақ ұлтының ешкім тартып ала алмайтын байлығы. Сол байлықты біз өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізуді мойнымызға аманат етуіміз керек. Қазір менен дәріс алып жатқан шәкірттерім де осыны түсінеді деп ойлаймын.
- Жақында Астана қаласында шығармашылық кешіңіз өтеді екен. Шығармашылық кештің мәні, мазмұны қандай бағытта болмақ? Бұған дейін өткен кештерден артықшылығы неде?
- Айды аспанға бір-ақ шығаратындай жаңалық болады деп айта алмаймын. Шығармашылық кешім осыған дейінгі кештердегідей қалыпты, байыпты өтеді деп сенемін. Дәстүрлі әнші болғандықтан, міндетті түрде домбырамен ән шырқалады. Аздап жаңалығы, репертуардағы өзгерістер орын алуы мүмкін. Өз басым кез келген шығармашылық кешіне мұқият дайындаламын. Сол себепті осы жолғы кеш те жоғары деңгейде өтетініне сенгім келеді.
- Бұл – тек менің субъектив пікірім ғана. Бірақ менің ойымша, сіздің шын бағаңызды беретін, әншілік деңгейіңізді көрсететін санаулы әндер бар. Соның бірі – Мұхиттың «Айнамкөзі» болса, екіншісі – «Құнан нар» сияқты. Егер Айгүл Қосанованы осы деңгейге жеткізген, шығармашылық деңгейін танытқан әндерді атаңыз десем, қандай әндерді атар едіңіз?
- Иә, дұрыс байқапсыз. Сіз атаған екі әннің де өмірімдегі рөлі бөлек. «Айнамкөзге» байланысты айтар болсам, бұл – Мұхит Мералыұлының шығармашылығындағы ең шоқтығы биік әндердің бірі және бірегейі. Жалпы Мұхит Мералыұлының әндері өте кең диапозонда орындалатын, домбыраның барлық пернесін толығымен қамтитын үлкен туынды деп айтсақ болады. Батыс әншілік мектебінің ерекшелігі сол, Мұхит Мералыұлының дауысы қандай қуатты болғанын айғақтап тұрады. Қазақта «дауысы алты қырдың астынан естілді» деген сөз бар ғой. Сол сөздің дәлелі – осы Мұхит.
«Айнамкөз» әні – әрине, менің өмірімде ерекше орын алған, өнердегі бойтұмарыма айналған ән. Әннің құдіретін, киесін мойындағандықтан, осыдан 10 жыл бұрын қызымның атын ырымдап Айнамкөз деп қойдым. Сондықтан өнердегі бойтұмарым «Айнамкөз» әні болса, өмірдегі менің көз қуанышым, менің аналық сезімімді үшінші мәрте оятқан, үшінші мәрте мені аналық бақытқа кенелткен – Айнамкөз атты қызым еді. Сондықтан «Айнамкөз» деген сөздің өз өмірімде алатын орны ерекше.
«Құнан нар» әніне келетін болсақ....Шыны керек, Маңғыстау – елден жырақта, шетте жатқан өңір. Сол Маңғыстау әндерінің бірі Жылкелдінің «Құнан нары» ең алғашқы үлкен өнер ордасы Алматы қаласында орындалуына бірден-бір себепкер болған мен едім. Себебі 1991 жылы Алматыдағы өнер ордасына түсіп, алыстағы ағайынның өнерін үлкен қалаға алып келдім. Сондықтан болар, бұл ән басқа әндерге қарағанда менің жаныма жақын болды және менің орындауымда көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты.
- Біз ән жайлы, әнші жайлы айтқан кезде көбіне оны «шебер орындады, ғажап айтты» деп мақтай жөнелеміз. Ал кейбір әндердің ішінде бір адамның немесе бүтін бір ұлттың қамырықты трагедиясы жатуы мүмкін ғой. Сол сияқты сіздің шығармашылығыңызда өзіңіз орындаған сайын көзге жас үйіретін, бойыңызды шымырлатып жіберетін әндер бар ма?
- Өнердің ең қызық жері сол, бір әнде күллі халықтың трагедиясы болуы мүмкін. Біздің айтатын әндеріміздің кейбіреуінің шығу тарихы бар да, кейбіреуінің шығу тарихы мүлдем жоқ. Сол себепті біз шығу тарихы бар әндердің сол мезгілдегі, сол кезеңдегі жағдайға байланысты орын алған сәттерін айтуға тырысамыз. Әрине, бірақ көп жағдайда әрбір әннің тарихы ұрпаққа жетпеуі де мүмкін. Демек орта жолдан қосылған зерттеушілердің айтқаны бойынша да келген әндер бар. «Солай болған екен-мыс» дейтін де әңгімелер бар. Ән адам күйзелгенде, қиналғанда, уанғанда, жүрегі тебіренгенде шығады ғой. Сондай әндердің біріне ел көшкен кезде, елден жыраққа кетуге мәжбүр болған халықтың мұң-зарынан туған «Елім-ай» әнін жатқызуға болатын шығар. Бір халықтың басындағы үлкен мұң, үлкен зар Ақан сері, Біржан сал, Мұхит бабаларымыздың жеке басындағы қайғы арқылы да әнге қосылуы мүмкін. Сондықтан сол бабалар рухына біз әрқашан алғыс айтуымыз қажет.
- Білуімше, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда сабақ бересіз. Артыңыздан ерген шәкірттеріңіз біраз бар шығар деп ойлаймын. Шәкірт тәрбиелеуде ұстанатын белгілі бір принциптеріңіз бар ма? Байқауымша, бізде шәкірттерінен орындауы да, мәнері де, дауыс ырғағы да өзіне ұқсағанын талап ететін ұстаздар көп секілді. Яғни бұл жерде әңгіме өзінің «көшірмесі» шықса, қуанатындар жайлы болып отыр. Сіз де соның қатарынан емессіз бе?
- «Көшірме» жасау – тек өнерде емес, кез келген салада жақсы қабылданбайды. Осы жерде көшіру мен еліктеудің арасын ажыратып алуымыз керек деп ойлаймын. Мәселен, әншінің бір дауысқа, сазға, әуенге еліктеп барып, одан соң өз қолтаңбасын қалдыруы, өз-өзін табуы – қалыпты процесс. Ал жай «көшірмелік» ешқашан өнерді дамытпайды.
- Бахтың айтатын сөзі бар, «Музыканың міндеті – жүректі дір еткізу» деген. Сіздіңше музыканың міндеті не?
- «Музыканың міндеті – жүректі дір еткізу...» Иә, әрине, бұл сөзге толықтай қосыламын. Өйткені сіздің орындаған шығармаңыздан, сіздің орындаған әніңізден тыңдарман ләззат алатын болса және сол айтқан әніңіздің ішіне кіріп, өзі де сол оқиғаның желісіне ере отырып, өзінің басынан өткізгендей күй кешетін болса, «ән жүрекке жетті» деген сөз. Яғни сіздің орындаған әніңізді, ішіндегі кейіпкерді сізбен бірге көрермен де түсіне білуі керек, сонда ғана сіздің әнші ретіндегі миссияңыз орындалады деп ойлаймын. Музыкант, өнер адамы халықтың көңілінен шыққанда ғана жетістікке жете алады. Жақсы ән мен жақсы әнші ешқашан бағасыз қалмайды. Сол үшін біз үнемі ізденіс үстіндеміз, тоқтамаймыз…
- Иә, алдағы шығармашылық жоспарларыңызға сәттілік тілеймін! Уақытыңызды бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге көп Рақмет!