Қазақ халқының этникалық қалыптасу үдерісі өте күрделі және ол Қазақстанның ежелгі заманымен тығыз байланысты
Қазақ халқының пайда болуы туралы көптеген аспектілердің ішінде екі негізгісін бөліп айтуға болады: лингвистикалық және антропологиялық. Екі процес те қарастырылып отырған аумақта қатар дамыды, көбінесе тарихи желі бойымен. Мұндай тәсіл сабақтастық пен сақталып қалған «бабалық» сипаттарды бақылауға мүмкіндік береді. Алайда, жекелеген тарихи кезеңдерде көлденең бойы даму да белгілі бір рөл атқарды. Ежелгі заманда аумақтың жергілікті тұрғындары ортақ лингвистикалық және антропологиялық негізе ие болғандығы таң қалдырады және қазіргі ұрпақтың генетикалық кластерленуі негізінен лингвистикалыққа сәйкес келеді. Қазақ халқының пайда болу мәселесін қарастырған кезде Қазақстан аумағында мекен еткен ежелгі тайпалардың өмір сүру тарихына үңілген жөн. Алайда, қазақ халқының тікелей ата-бабалары қазіргі Қазақстан аумағында 3-2 мыңжылдық бұрын мекен еткен тайпалар деп кесіп айтуға болмайды. Дегенмен, халықтың пайда болуы шаруашылық қызметтің дамуына, төл мәдениеттің пайда болуына, тілдің қалыптасуына тікелей байланысты болса, бұл тайпалар қазақ халқының пайда болуына тікелей ықпал еткен болып шығады.
Ежелгі заманда Қазақстанды мекен еткен тайпалар өмірін зерттеу әдетте қола дәуірінен бастау алады. Қазақтардың кейінгі тайпалар: андрондықтармен, сақтармен, ғұндармен, үйсіндермен, қаңлылармен, сарматтармен этностық генетикалық байланысы бар. Кейбір ғалымдардың пікірінше, үйсіндер мен кейін қалыптасқан қазақ этносының арасында тікелей байланыс бар, бұған тұрмыс салтының ортақ сипаттары мысал бола алады. Бұл көшпелі өмір салтымен үйлесім тапқан мал шаруашылығы, киіз үйлерді пайдалану, кешенді шаруашылық (мал-егін шаруашылықтары), сүт-ет өнімдерін тұтыну, бидайдан нан пісіру және т.б. Сонымен қатар, қоғамдық-әлеуметтік құрылымда да ұқасатық бар. Дереккөздерге сүйенсек, үйсіндердің қоғамы үш бөлікке бөлінген: сол қанат, орталық қанат және оң қанат, бұл қазақтардың үш жүзімен ұқсас келеді. Бұл жағдай этностық генетикалық сабақтастықты растайды. Ғалымдар қазақ халқының пайда болуы түркілік этногенездің басталуына жатады деп есептейді.
Түркілік кезеңнің шаруашылық-мәдени өмір сүру үлгілері көптеген түркі халықтарының (қазақтардың, қырғыздардың, қарақалпақтардың, башқұрттардың, ноғайлардың, алтайлықтардың, түркімендердің, тувалықтардың) ортақ қасиеттеріне айналды. Моңғол шапқыншылығына дейін Қазақстан аумағын мекен еткен түркі тайпалары біртұтас мемлекет қалыптастыруға дайын болды. Оған мысал қимақ-қыпшақ конфедерациясының одағы болып табылады. Қыпшақтар мекен еткен Алтайдан Еділге дейінгі аумақты парсы ақыны, саяхатшы және мемлекет қайраткері Насыр Хосров Дәшті-Қыпшақ (Қыпшақтар даласы) деп атайды. Алайда моңғол әскерлерінің шабуылы бұл процесті бірнеше ғасырға артқа қарай шегіндірді. Қалыптасқан шаруашылық-экономикалық және мәдени-этникалық байланыстар үзілді. Көптеген түркі тайпалары жан-жаққа бытырады, бұрынғы бірлігінен айырылды. Моңғолдардың ықпалымен тайпаларды басқару, шаруашылық, салт-дәстүр және ғұрыптарда өзгерістер болды. Сонымен қатар, моңғолдардың жаулап алушылық әрекеттері Қазақстан халқының этникалық құрамына айтарлықтай өзгерістер алып келді.
Моңғолдармен бірге Қазақстан аумағына қияттар, маңғыттар, барластар, қоңыраттар, татарлар келіп қоңыстанды. Қазақстан аумағына әртүрлі этникалық топтар көшіп-қонды. Қарқынды этникалық араласу, әсіресе ғұндардың ұлы көші заманында, содан кейін түркі тайпаларының және моңғол шапқыншылығы тұсында қазақтардың сырт келбетіне қатты әсер етті. Бұдан басқа, екпінді этникалық көшіп-қону процестері тұсында қазақтардың ата-бабалары басқа этникалық топтардың өкілдерімен араласты, көбінесе оларды өзінің этносына айналдырып отырған. Бұл моңғолдарға да қатысты. Олар бірте-бірте түркілердің салт-дәстүрлерін ғұрыптарын, тілін, дінін қабылдады. Бұл жөнінде XIV ғасырда араб ғалымы Эль-Омари былай деп жазды: «Бұрын бұл мемлекет (Алтын Орда) қыпшақтар елі болатын, бірақ оларды татарлар жаулап алғаннан кейін қыпшақтар олардың боданына айналды. Бұдан кейін жеңімпаздар олармен араласып, туысқанға айналды, жергілікті халықтың табиғи және тұқым қуалаушылық қасиеттері жоғары болып, сырттан келгендердің өзі нағыз қыпшақтарға ұқсап кетті». Сондықтан, қазақтардың ата-бабалары Қазақстан аумағы туған жері болған тайпалардан шықты деп есептеген жөн. XIV - XV ғғ. Қазақстан және шекаралас аумақтарда бірнеше мемлекет болды: Ақ Орда, Моғолстан, Әбілхайыр хандығы, Ноғай ордасы. Бұл мемлекеттердің тұрғындарын өзбектер, өзбек-қазақтар, моғолдар (могулдар) және ноғайлар деп атаған. Бұл атауардың өзіндік этникалық және саяси мағынасы болды. Егер «халық» деген ұғым этникалық құрылым ретінде қарастырылса, оны «этноним» деген терминмен (өзбектер, қазақтар, қырғыздар) белгілейді. Өзінің мемлекет атауымен сәйкес аталатын халық «политоним» терминімен белгіленді (моғолдар – Моғолстан мемлекетінің халқы, ноғайлар – Ноғай ордасының халқы), яғни бұл этникалық саяси ұғым болып табылады.
Тарихи-этнологиялық әдебиетте тарихи-этнографиялық аумақта құрылған мемлекет атауын этносаяси қауымдастық деп атайды. Халықтың этникалық және саяси тұрғыда бірегей болуы үшін, оның, ең алдымен, меншікті тәуелсіз мемлекеттілігі болуы тиіс. Бірігуге ұмтылатын тайпалар саяси тұрғыда Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай ордасы және Моғолстан секілді әртүрлі мемлекеттерге бөлінді. Алайда бұл мемлекеттер қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу, меншікті этникалық кеңістіктің қалыптасу негізіне айналды. Қазақ рулары мен тайпалары әртүрлі мемлектетердің қоласына кеткенімен, олар бір тілде сөйледі. Қазақ халқының қалыптасуы XV ғ. екінші жартысы және XVI ғ. басында Қазақ хандығы құрылған кезде аяқталды. Осылайша, халық қалыптасуының тағы бір шарты – меншікті мемлекеттің атауына қол жеткізілді. Қазақ хандығында бірте-бірте қазақтарға ортақ этникалық түсінік күшее түсіп, рулық-тайпалық ұғым әлсірей түсті. Осылайша, «қазақ жері», «қазақ мемлекеті», «қазақ елі» сияқты ұғымдар пайда болды. «Қазақ» атауының (этнонимінің) пайда болуы туралы көптеген пікірлер бар. Зерттеушілер әлі күнге дейін осы мәселе төңірегінде талқылау жасайды. Енисейде табылған VIII ғасырға жататын түрік ескерткішінде «казгак углым» - «қазақ ұлым» деген жазба бар. IX - X ғғ. Жетісу және Оңтүстік Қазақстан жерлерінде өмір сүрген үш қарлұқ тайпаларында ортақ атау-«хасақтар» болған. Қарлұқтардың қазақ этногенезіне тікелей қатысы бар екені белгілі. X - XI ғғ. жататын араб құжаттарында, сондай-ақ орыс жылнамаларында Қара теңіздің солтүстік-шығысындағы Қасақ қаласы, қасақтар мемлекеті туралы жазбалар бар. Кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл жерде XI ғасырда Дон мен Днепрдің жағасында бірігіп қалған қазақтардың үлкен қонысы туралы айтылып отыр. Х ғасырда билік еткен Византия императоры Константин Багрянородный Кавказдың солтүстік-батысында «қазақтар елі» бар екенін хабарлаған. Әзірбайжанның батысында әлі күнге дейін үлкен аудан – Қазақ ауданы бар. Қазақ сөзінің мұсылман жазба деректерінде жасырын түркі-араб сөздігінде көрсетілген. Оны мамлюктік Мысырда қыпшақтар жасауы мүмкін. Сөздік 1245 жылдың жылнамасы бойынша белгілі болды және Лейденде 1894 жылы жарияланды. Бұл жерде «қазақ» сөзі «панасыз», «босқын», «қаңғыбас», «қуғындалушы», «еркін» деген мағынаға ие. Бұл сөздік бойынша бұл терминге әлеуметтік мағына берілді. Өзінің руынан, тайпасынан бөлініп, өз бетінше өмір сүре бастаған адамдар тобын осылайша атаған. «Қазақ» деген сөздің осы ұғымына қарап жоғарыда көрсетілген барлық дереккөздер көрсетілген аумақта орналасқан еркін, панасыз, босқын, қаңғыбастар туралы айтып отыр деген қорытынды жасауға болады. XV ғасырдың екінші жартысында «қазақ» деген термин өзбек ханы Әбілхайырдан бөлініп, Шу мен Талас өзендерінің жағасына қоныс аударған тайпалар тобына бекітіледі. Жәнібек пен Керейдің Өзбек ұлысынан Жетісуға қоныс аударуы қазақ халқының этногенезінде шешуші рөл атқарды. Бірақ бұл рөл халықтың қалыптасуына емес, оның қазіргі кездегі атауына қатысты болды. Өзбек хандығынан Әбілхайыр ханның саясатына көңілі толмаған жекелеген тайпалар тобы ғана емес, Дешті-Қыпшақта Ұрыс ханның тұқымдарынан тұратын ру мен тайпалары бөлініп, Жетісуға көшті. Сондықтан бұл қоныс аудару қазақ халқының қалыптасуын белгілеген жоқ, тек болып жатқан бірігу процесін үдетті. Бұл процестің өтпелі сипаты «өзбек-қазақ» терминімен дәлелденеді. Қазақ халқының қалыптасуындағы ақырғы кезең - XV ғасырдың екінші жартысында Шығыс Дешті-Қыпшақ халқы секілді дамуының әртүрлі кезеңдерінде болған рулар, тайпалар және қалыптасушы халықтар конгломератынан белгілі бір тайпалар тобының бөліну, жекешелену процесі. Бұл бөліну процесі бірқатар факторлардың, әсіресе саяси жайттардың әсерінен орын алды. Осылайша, халықтың қалыптасуы ұзақ процес болып табылады. Оның қалыптасуының аяқталуын белгілі бір уақыттық мерзіммен сипаттау мүмкін емес. Алайда, тарихи, этнографиялық, антропологиялық және лингвистикалық дереккөздер Қазақстанның тарихшы ғалымдарына қазақ халқының қалыптасу процесі XIV - XV ғғ. аяқталды деген пікір жасауға мүмкіндік береді.
Махаббат БОЛЬШИНА
Аударған: Гүлнұр Серікқызы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)