Белгілі қаламгер, «Жұлдызды лағыл елесі», «Ақ тегершік», «Өрен жүйріктің сілекейі», «Түске оранған күз» «Көгілдір шабыт» сондай-ақ әлем әдебиеті қақында жазылған «Қаламұш әлем» кітаптарының авторы, тарих ғылымдарының кандитаты Сұраған Рахметұлымен болған көлемді сұхбатымыздың үшінші бөлімін өздеріңіздің назарларыңызға ұсынып отырмыз құрметті оқырман қауым.
- Қобда қазақтары үшін XX ғасыр басындағы ең қасіретті шақ «Өрікті көл» оқиғасы ғой. Осы лаңның қанды қол кейіпкері Дамбийжанцан (Жалама) кім болды өзі? Осы жайында кең көсіліп айтып берсеңіз?
- Британика (Britanika) әлемдік деңгейдегі энциклопедияның 368-бетінде «Дамбийжанцан немесе Дамбийжаа нақты есімі–Амар. Оны Моңғолдың батыс шекарасының ұлт-азаттық қозғалыстарының көсемдерінің бірі әрі Моңғолдан бөлініп тәуелсіз тұруды мақсат тұтқан жанкешті» ретінде көрсетеді. 1850-1864 жылы Қытайда әйгілі Тайпин көтерілісі басталды да 1898-1901 жылы Ихтуан көтерілісімен ұласты. ХІХ ғасыр соңында Моңғол халқы азаттық үшін күреске шыға бастады. Бұл – Ішкі Моңғолияда өрбіген қозғалыстардың бастау көзі болды. Яғни 1852 жылғы Сүйюань өлкесі немесе Ордостардың мекені – Үүшиндегі ірі көтеріліс Мәнжі билігіне қарсы сыпатта көрініс еді. 1890 жылы Қобда шекарасында болған көтеріліске Дамбийжанцан қатысты делінеді. А.В.Бурдуков өз еңбегінде Дамбийжанцанды ХІХ ғасырдың 90-жылдары алғаш рет моңғол жеріне келді деп жазады. Алексей Васильевичтің айтуы бойынша Дамбийжанцан 40-45 жас аралығында болса керек. Бұл 1911 жыл еді. Егер осы мәлімет рас болса Дамбийжанцан 1861 жылы немесе 1866 жылы туылған болып есептелінеді. Дәл осы кезден бастап Дамбийжанцан сол айқай-шу, көтерілістердің бел ортасында жүрді. Оның басты ұраны – «Моңғолияға Әмірсана қайта келді» болды. ХХ ғасырдың соңы яғни 1890 жылдан бастап Моңғол жеріне келген Да Лама өзін «Хоу» деген жерге «Да» деген атағы бар хан егелік етеді» деп жар салды. Да Лама туралы А.В.Бурдуков, Ю.Н.Рерих, П.К.Козлов, И.М.Майский, В.Я.Владимирцов, Г.Н.Потанин, Г.Е.Грумм-Гржимайло, архоелогшы этнограф Д.А.Клеменц, А.М.Позднеев, В.Казакович, В.И.Роворовский, А.Ф.Оссендовский, Иозеф Гелет, О.Латтимор, Швед білгірі Хеннин Хаслунд, Орыс төңкерісшісі В.Чумиянский қатарлылар толық деректер жазды. Петербург профессоры А.М.Позднеевтің деректік мәліметі бойынша Әмірсананың немересі Төмөрсанаадан Дамбийжанцан туады. Позднеев Алексей Матвеевич (1851-1920) Ресей Шығыстану институтының тұңғыш директоры (1899-1903) буддатанушы, Моңғолияның көне ескерткіш мұраларын зерттеуші. Ол 1892-1893 жылы Моңғолияда біраз болған. Сапарнама күнделіктері екі том болып басылған. А.М.Позднеевтің осы еңбегінде Да Ламаның Моңғолға келген сәті 1890 жыл. Алтын тасты тәж киген, түлкі малақайлы «жомарт». Өзін Әмірсананың баласы Төмөрсана, одан Дамбийжанцанмын деп таныстырады. Мақсаты, Моңғолды Қытайдың шеңгелінен құтқару болған сыңайда. «Моңғолды құтқару» деген оның насихаты - Қытайға ұнамады. Қытай жағы Өргөөдегі Ақ орыстың өкіліне талап хат беру арқылы Да Ламаны тұтқындап Қияқты қаласына жеткізді. Бұл оқиға 1890-1891 жыл арасында өтті. Ал, осыдан кейін Жа Ламаны «Астрахань өлкесінің бір шоғыр дөрвөд ұлысынан-мыс…» деген түрлі жорамалдар жасала берді. Дамбийжанның Моңғолияға келген жылы да әртүрлі көрсетіледі. Қағазға түскені немесе ақиқатқа жақыны кәрі кемеңгер А.М.Позднеевтікі болар деп жорамалдауға негіз бар.
Ендеше Жа Лама – Дамбийжанцан Моңғол жеріне алғаш 1892 жылдары келді. А.Ф.Оссендовскийдің (Ferdynand Antoni Ossendowski 1878-1945 «И звери, и люди, и боги» (ағылшын тілінде жарық көрген) «Қайманалар, хайуандар, бурхандар» атты кітабында: Оның есімі Тибетше - «Палден» болғандығы айтылады. Ресейдің Астрахан өлкесі кіші Дөрбет уезіне қатысты елді мекенде туған, балалық шағында Қытайдың Долооннуур маңындағы Сары діннің пұтханасында дәріс алған, Тибеттің Го-манг коллежінде оқуға түскен, Лхастың ең ірі ғибадатханасы Дрепунде қосымша діни екшеуден өткендігі мәлім болған. Бейжіңдегі Жанжа хутықтының пұтханасында тұрған кезінде «Да Лама» атағына ие болған. Ол осы пұтханада жұлдызнама ашып, күнтізбе құрастырған. Тибет, моңғол, ханзуша еркін сөйлейтін және санскрит, орыс тілдерін меңгергендігі жөнінде де мәлімет қалдырылған. Да Ламаның өз ғұмырнамасында Санкт-Петербург университетінің құқықтық факультетінде оқығандығы туралы жазылғандығымен оны растайтын деректер табылмаған.
- Сонда Жаламаның Қобда бетіне келудегі мақсаты не?
- 1911 жылы Бейжің үкіметі моңғолдарды Қытай қарамағынан кетірмеу мақсатында Егүүзэр хутагтыны моңғолдың шығысына, Дамбийжанцанды (Жаламаны) Солтүстік батысқа, Торгуудтың Балт ванын Сарсүмбедегі елді-мекендерге өкіл ретінде жібереді. Бұл әрине Дамбийжанцанның Алексей Васильевичке өз аузымен жеткізген дерегі. Да Лама бұған дейінде екінші мәрте Моңғол жеріне келіп «екі түйе жетелеген лама» аталған. Ол, осыдан кейін Улиастай, Қобда, Өргөө секілді кенттерде жүрді де 1891 жылы қайтадан Қытайда ұсталып Қияқтыға жеткізілді. Сол 1891 жылдан кейін 10 жыл өткен соң 1901 жылға дейін Тибеттің солтүстігінде жүрген болса, П.К.Козловқа жөн сілтеуші ретінде 1900 жылы Тибеттің Кам маңында да жүрді. Ол кезде оны «Шираб лама» деген атақ - даңқ күтіп тұрды. Бірақ, «Жа Лама» бұдан кейін тағыда Қытайлардың тұзағына түсіп хабар – ошарсыз кеткен еді.
И.М.Майскийдің «Современная Монголия» атты еңбегінде Дамбийжанцанды Астрахань қалмағы деп келтіреді. Оның дәлелдеуі бойынша Да Лама 1890 жылы халха жеріне келген. 1891 жылы ол Тибеттен қайтар жолда қытайлардың қолына түсіп Улиастайға жеткізілген. А.В.Бурдуковтың дәлелдеуінше бұл жерде Дамбийжанцанға Орыс консулынан «Дамбийжанцан Амур Санаев» деген куәлік беріледі. Осы куәлікті көрген қытайлар оны босатып жібереді. Соңынан Орыс консулы Я.П.Шишмараевпен бірге Қияқты арқылы Орысқа қарай жөнелтілген. Д.А.Клеменц деректері бойынша Да Лама 1891 жылы Улиастайда орыстардың қолына түскен.
Ал А.М.Позднеев болса Да Ламаны 1892 жылы Моңғол жерінен көргендігін айтады. Оның дәлелдеуіншге Да Лама сол кезде 30-40 жас аралығында болғандығы баяндалады. 1900 жылы Да Лама П.К.Козловтың экспедициясына жол көрсетуші ретінде Моңғол жеріне келген. Оның лақабы «Ширээт лам» болатын.
Соңынан 1901-1910 жыл аралығында Шығыс Түркістанның Қара шәрі кенті маңында «қайта көрінген». А.В.Бурдуковтың естелігі бойынша Дамбийжанцан Завханның Хангилцаг өзенінің жағалауына келіп «Хангилцаг факториясы» атты ірі шаруашылықпен қоңсы қонады. Оның суреттеуі бойынша Дамбийжанцан Завхан алқабындағы халқаның әндігері Түмэн гүн, баядтың көшбасшысы Түгээмэл уаңның хошуунын көздейтіні байқалады. Ақ түйе жетелеген, маузер мылтықпен қаруланған екі лама осы өлкеге келеді. Бірі – мосқалдау, сарыкідір жастағы лама. Ол, шапанының ішінен орыс әскерінің үлгісіндегі киім киген болса керек. Завхан өзені бойындағы халхалар мен баядтар арасына келген екі лама өздерінің ерекше қабылетімен «көпті білетін» тақуа бейнесінде көрсетіледі. Осы тақылеттес жүргінші кезбелер әртүрлі іс-қимылмен жергілікті жердегі момын бұқараны алдап сан соқтырып кете беретін-ді. Байлар мен ауқаттылар бейшара кезбелер мен мүсәпірлерге ғайыптан келген абыздай көріп құшағын аша қарсы алатын деседі. Дамбийжанцандар да момын елге алғашқы әрекетімен «батыраш» кейіпімен көрінсе керек. Қазіргі Завхан аймағының Хангилцаг өзенінің биік қабағы яғни Овооны үзүүр деген жерде Түмэн гүннің ауылымен қанаттаса қоныс тепкен Бурдуковтарды Дамбийжанцан «тобы» жанамалай келіп қонады. Өз «образына ену» үшін орыс көйлек тіктіріп киюге, орыс журналдарының суретін тамашалауға кірісетін. Бірақ орысша білмейтін. Тек момын елдің ішінде өзін орыс тілінде сөйлейтін ғұлама ретінде көрсету оның мақсаты еді.
А.В.Бурдуковқа Дамбийжанцан өз тарихын былайша баяндайды: оның айтуы бойынша Улиастайдан Хаалганға (Есік) баратын жол немесе сол кездегі Түшээт хан аймағының Бадрах гүннің егелігіндегі елді-мекені Аших Хурган чулуу (Ашық қорған тас) деген жерінде туылған-мыс. Дамбийжанцан 7 жасқа толғанда, оны Долнуурдағы Шарсүм пұтханасына оқытады. Соңынан Дамбийжанцан «Осы пұтхананың әкімшілік ісі жөніндегі лауазым» немесе «Жанжаа хутагт» дәрежесіне көтеріледі. Ал бұдан кейін оған тиеселі дәреже Да лама. Дамбийжанцан Тибетке барып бірнеше жыл діни дәрісте оқығандығы өз аузынан алынған.
Сол жерде орыстың Агваан Доржиев (1850-1938) қатарлы жиһанкездерімен жолыққандығы айтылады. (Байкал буряды. Тибетте көп жылдар болған ғалым. Далай ламаның сенімді өкілі. 1903-1904 жылдары Далай лама Түвдэнжамцмен бірге Лхастан Моңғолға келген. 1908 жылға дейін Моңғол жерінде болған. Буддизм-ламаизмнің қағидаларын насихаттаушы, діндар болған.
- Сонда Қобда топырағында етек алған саяси бұлғаққа қазақтар да ат салысты ма?
- Өргөөдегі төңкерістің ұшқыны яғни 1911 жылы 11-айдың 18-і жарияланған Моңғолия тәуелсіздігі аса қарқынмен үдей бастаған тұста көше бойына түгелдей шеруге шыққан ламалар - Қытай әмбісіне қарсы айқай-шу көтерумен болды. Өргөөде әмбінің жүрген жолына бөгет жасау, күймесінің терезесін қирату әрекеті сол күйінде Қобдаға да жетті. Өргөөдегі әмбі осылайша өз билігін Моңғолиялықтарға өткізіп әскери горнизонын босатып, қару-жарағын қалдырып өзі сытылып шыққан. Өргөөде Өкімет жасақталып, төрт Яам орнады, ұлттық ұлан жасақталды. Халханың төрт аймағы түгелдей атқа қонды. Өргөөден Улиастай, Қобда бағытындағы өртең бақылауға алынды. Халық, Улиастайдағы әскери Зяньиюнь және Қобда әмбісіне билікті қолдан беруді талап етті. Моңғолдар қытай саудагерлерінің дүкендерін тонай бастады. Завханда Го бейсінің хошуунына қарасты қытай сауда нүктелерін тонап, бұйымдарын олжалады. Тэс өзені бойындағы және баядтардың жаңа пұтханасы Дэжээлэн, Нацаг бейсінің Цалгардағы тобы, Улаангомдағы Да Шенху (Моңғолдағы қытайдың сауда және банк бойынша ең ірі фирмаларының бірі. Кезінде осы фирманы Да Хүрээден Бейжіңге дейін 5 лаңдық күміс тайтұяқты тізіп қоюға жететін дәулеті бар деп бағалаған еді). Аршант, Юань Шинде (Қытайдың ең ірі фирмаларының бірі. Бұл да Да Хүрээден Бейжіңге дейін екі қатар тізген түйелердің ұзындығына жететін мүлкі бар деп бағаланған). Халханың Лу гүннің баласы Го гүнге қарасты пұтханалар маңайында ашулы топтардың шиеленісі басталды.
Урианхайлар әмбі қытайларға қарсы көтерілді, бұйым, зат тауарлар қолды болды, іс-қағаздар өртелді. Бұндай оңай олжаға кенелушілер Ханхөхий жотасының сыртқы жағындағы қытайларды да тықсырып Қобдаға қарай қуды. Улаангомдағы Қытайдың 300-дей қарулы тобы тонаудан аман қалғанымен барлығы бассауғалап Қобда маңына қарата босып кетті. Кешікпей Улиастай гарнизоны қару-жарағын өткізіп берді. Сол кездегі ең ірі саналатын қытай әскері екі бөлініп біріншісі – Өргөөге, екінші тобы – Ховдаға қарай қашты. Улиастай әскербасы Изяньизюнь моңғолдардан ат-көлік, Орыс консулінен басқалқа, азық-түлік алып, казак-орыс әскерінің қорғауында Қошағаштан өтіп еліне қайтты. А.В.Бурдуковтың «Хуучин ба шинэ Монголд» (1987) еңбегінде сартуулдар мен қазақ, урианхайлар орыстың саудагерлеріне шабуыл жасайтын қауіп те төнді. Қосымша күш жіберуді Бийскден өтінді деп жазылады. Бұдан кейін Сарсүмбенің консулы М.Н.Кузиминксий аздаған әскермен Қобдаға келгенімен жағдай оңала қоймады. (Михайл Николаевич Кузменский 1902-1904 Бейжіңде елшілікте, 1904-1905 жылы Өргөөде консулдік қызметте, 1906 жылы Улиастайда аудармашы-хатшы, 1911 жылы шілдеден бастап Ховдадағы консул, 1912 жылы 6-айдың 21 күні Ховдаға келген. 1913 жылы 9-айдан Сарсүмбеде консулдік қызметте болған тұлға). А.В. Бурдуковтың мұрағатындағы осы бір үкілі хаттың нұсқасында: «...Моңғол шабуылшыларынан үрейленген Қобда әмбісі 160 әскер жасақтап қорғана бастады...» деген сөз бар. Бұл жерде Қобданы азат етуге жергілікті халықтармен бірге қазақтар да атқа қонғаны дәлелденіп отыр.
- Жа Лама сол шақта қандай позиция ұстанды?
- Бұл сұрақтың жауабын Ма сайд ақтарды Улиастайдан қуып шыққан кезінде Дамбийжанцан өзінің 80 әскерімен Засагт хан өлкесіне келген еді деп келтіреді. 1911 жылы Богд Жавзандамба автономиялық билікке жетісімен Да Хүрээдегі Мәнжу әмбісіне талап хат берді. Өкімет атынан берілген талап хатта Моңғолияның батыс шекарасындағы Мәнжу әмбісі де үш тәулік ішінде Моңғол шекарасынан кетуі тиіс еді. Богд ханның талап хатында Қобдадағы Мәнжі әмбісінің қарамағындағы Қобда шебінің барлық құқығы жаңа өкіметтің құзырына өтуі көрсетілген. Жаңа өкімет - «Халх жаса» деп аталатын еді (Ховдадағы Қытай әмбісінің жанындағы Халха аймақтарының өкілі тұратын орын. Бұл орынға Магсаржав 30 жасында 1911 жылы тағайындалған). Бірақ, Қобдадағы Мәнжу әмбісі жағдайды Бейжіңге суыт хабарлап әскери көмек келтіруді өтінген. Қобда әмбісі қойылған талаптарды орындауға мәжбүр болғанымен қыс қысымшылығында ат-көлік, азық-түлікпен көшудің мәселесіне тіреліп күйзеліске тап болады. Қобдадан Үрімжіге дейін көшіп, тасымалдауға қаншама мың түйе қажет етілгендігі жұртшылықты іштей сақтануға тура келді. Себебі, борыш-қарышқа белшеден батқан әмбінің қызметі берілген түйелерді қайтармауы да мүмкін еді. Жағдайды әмбі тарапынан Бейжіңге хабарлайды. Бейжің Сарсүмбенің жаңа басшысы Балт уаңға және Үрімжінің дутыңына тапсырма беру арқылы Қобданы өліспей бермеуді тапсырады. Қобдадағы қытай әскерінің саны жергілікті қытайларды қосқанда 2000 аса болғанымен қару-жарағы мардымсыз еді. Білтелі мылтық, шақпақты тырсетер, садақ, шоқпармен қаруланғандары тым аянышты болған. Қобдадағы «Халх жаса» ісін меңгеруші әмір С.Магсаржав (Ма сайд) орын алған жағдайды Да Хүрээге хабарлап тұрды. Бейжің билігіндегілер Сарсүмбедегі өз әскери әмірі Балт ванға Қобда әмбісіне көмектесуді бұйырды. Өкініштісі Па ван уақытында келе алмады. Автономиялық үкіметтен батым шекараны тыныштандыруға тағайындалған әндігерлер С.Магсаржав, Ж.Дамдинсүрэндер Қобданы азат ету ісіне жұртшылықты жұмылдыруды мақсат тұтты. Алайда кейбір нояндар Бейжіңге қарсы шығуға қауқарсыз екендігін білдірумен болды. Айталық, Қобданы азат етуден Дөрвөд Далай ханы Галсаннамжил бас тартты.
1912 жылы сәуірдің 20-сы күні Улаангомда дөрвөдтер мен баяд ақсүйектерінің басқосуы болды. Жиынға қатысқандар бірауыздан Мәнжіге қарсы көтерілу мәселесін қолдауға ниет білдірген. Қобданы азат ету жолында Өргөөден Қобданың әмбісіне арнайы талап хат келтіріледі. Талап хатты әкелген Төмөржин гүнді әмбі кепілдікке тұтқындап азаптай бастайды. Бұл әрекет моңғолдардың да, орыстардың да наразылығын тудырады. Қобдадағы Асановтың сенімді өкілі Дмитрий Иванович Ермолин өзінің қасындағы 8 казак әскерімен Төмөржин гүнді құтқаруға талпынғанымен белгілі себептердің салдарынан нәтиже шықпады. Осылайша Қобданы бейбітшілік жолмен азат етудің соңғы әрекеті тығырыққа тірелді. Ашу-ызаға әбден булыққан Ма сайд немесе Хатанбаатар Магсаржав 200 әскермен Хар ус нуур жағасына келіп бекінді. Дәл осы сәтте Да Лама да қытайға қарсы іс-әрекеттерін жеделдете түсті. Магсаржавтың отряды Үрімжіден және Сарсүмбеден қытай әскері келмес бұрын Қобданы азат етуді көздеді. Да Лама осылайша Магсаржавпен бірге Қобданы азат етуге кірісті. А.В.Бурдуковтың дәйектеріне қарағанда Дамбийжанцан дөрвөд, баяд, урианхайлардың барлық атқамінерлеріне хат жолдап Қобданы азат етуге әскер жұмылдыруды тездете түсті. Жа Лама 1912 жылы Қобдаға келіп Хангилцагтағы Дөрбет Түмэн күнденің күзеуіне жеткен. Аса қысқа мерзім ішінде Жа Лама қаруланған ірі қол жасақтап үлгерді. Оның ұраны: «Әмірсана қайта тірілді, Моңғолды Қытай үстемдігінен құтқаруға жұмылу, Ойрат патшалығын орнату». Бір сөзбен айтқанда Жа Ламаның бар арманы Ойрат патшалығын орнату еді.
- Осы кезде оның артына ерген әскердің саны қанша болды?
- Жа Ламаның әскерінің саны 5000-ға жеткен еді. Оған урианхай, дөрбет, торғауыт азаматтары көптеп келіп қосылды. 1912 жылы мамыр айынан бастап тамызға дейінгі уақытта Жа Ламаның әскері Қобдадағы Мәнжі әмбісінің қорғанысына қарай шабуыл жасады. Қорған - өртке оранды. Мәнжу әмбісін қорғаушы 1000 астам шерік, партизандар түгелдей қырғынға ұшырады. Қобдадағы Орыс консулының көмегімен Мәнжінің бірнеше әндігерлері құтқарылып Бийск арқылы Қытайға жөнелтілді. Қорғанды басып алғаннан кейін Жа Лама қолға түскен қытай, мұсылман саудагерлерінен 10 адамды әкеліп тірідей жүрегін суырып туына шашты. Бұл жағдайды естіген Сарсүмбедегі Қытайдың әкімшгілігі біршама әскер жіберуге әрекет еткенімен нәтиже болмады. Жа Лама түземдік қауымдарға ойран сала берді. Оның қатыгездігі соншалық қолға түскендердің арқасынан таспа тіліп, денесін қызған темірмен қарып күйдіретіні жазылған.
Қобданы азат ету майданына Жа Ламаның қатыспағандығы жөнінде біршама деректер де сақталған. Алайда, бұл деректердің көбі біржақты идеологиялық бағытпен жазылғандығы айқындалып отыр. Қобданы азат еткеннен кейін жұртшылыққа аты мәшһүр Богд ханның жарлығы бойынша Жалханз хутагт Дамдинбазарға «Самади багш» мәртебесі, Дамбийжанцанға мәңгілік мәртебе мәртебесі берілді. Сондай-ақ С.Магсаржавқа «Хатанбаатар» атағы, 4-ші дәрежелі ван немесе бэйл шені, Дамдинсүрэнге «Манлай баатар» атағы, 3-ші дәрежелі ван шені берілді.
Моңғолияның тәуелсіздігіне орасан зор еңбек сіңіріп, ерлік жасағаны үшін Жа Ламаға осылайша «Түшээ гүн» айбарлы «Номун хан хутагты» мәртебесі сый етілді. Оған Қобда қаласына таяу маңынан бір топ Қошуын ауылдары бөлініп белгіленіп отарлы мал – мүлік сый етілді. Сонымен Жа Ламаға Қобданың әскери қолбасшысы және Қошуынбасы деген шен – шекпен беріліп, оған қоса Моңғолиядағы ең беделді тұлғаға айнала берді.
Жа Ламаның осынау дәуірі 1912-1914 жылға дейін жалғасын тапты. Оның қитұрқы әрекеттері орыстарды да бей-жай қалдырмады. Патшалық Ресейдің Сібірдегі атты әскерінің бір ірі бөлімінің әмірі Болатов басқарған топ 1914 жылы ақпанның 6-сы күні Жа Ламаны тұтқындап Томскге жеткізді.
1914 жылы ақпанның бастапқы аптасында Қобдадағы Ресей консулының 160 санды нұсқауы бойынша Қобдадағы Әскери әмірліктің 336-шы құпия бұйрығымен Сибирдің Атқыштар бөлімі, №41 әскери тобының капитаны Болатовтың басқаруымен іс-шара ұйымдастырылды. Жа Ламаның ұсталуына қатысты Ресейдің дипломаты И.Ч. Кростовецтің қорытындысы: «Жа Лама шынында күрделі жағдайды қалыптастырып үлгерді. Сол үшін де оның ізіне түсуден басқа ләж қалмады...» Ал, әскери әмір Болатовтың рапортында: «...Біз Қошағаш, Ташанта шекара шебіне қарай айдалған қазақтарды қайтарып беруге келісім жасалады деген сылтаумен Магсаржавты шақырдық. Магсаржавты ертіп әкеліп көрсету арқылы әккі Жа Лама қолға түсірілді. Оның әскерлері де түгелдей қолды болды. Кейбір қарсылық көрсеткендер оққа ұшты» деп келтіріледі.
Қобданы азат еткеннен кейін әскериліктер қайтарылып халықтың мойынына батқан әскери салық жеңілдетілді. 1913 жылы 10-айдың 23-күні Бейжіңде жасалған Ресей-Қытай мәмілесі жүзеге аса бастады. Қытай сыртқы Моңғолияның автономиялық құқығын мақұлдады. Ең бастысы Моңғолға әскер енгізбеу міндетін жүктеуге Қытай жағы да мәжбүр болды.
Жағдай - Қияқты келісіміне дейін бей-жай күйде қалтырылды. М.Н.Кузминский Балт вандар Алтай жоталарын әскерсіз аз аймақ ету мәмілесіне қол қойды. Орыс әскерлері кері қайтты. Қобдадағы консульдің қасында 200-ге жуық казак-орыс әскері пулеметшілер мен күзетші топ қалдырылды. Қобда шебін басқарушы Зоригтінің қарауында 100-ге жуық әскер ғана қалды.
Осылайша екі түйемен ғана келіп, бірнеше жыл ішінде ғана күміспен күптелген Да Ламаның мінәжат мүліктерін Со гүн түгелдей тәркіледі. Өргөө өкіметінің өкілі Ойрадтардың әлеуметтік теңдігін аяққа басып оларды тек құл ретінде көрді. Өргөөдегі орталық өкімет құрамына Қобдадан ешбір Ойрат өкілі енгізілмеді.
- Жа Ламаның тұтқындалуына байланысты деректер не дейді?
Жа Ламаның тұтқындалуына байланысты И.Ломакина: «Жа Ламаның ұсталуы заңды түрде болды ма, әлде...», «Хатанбаатар Магсаржавтың басқарған әскерінің қару-жарағын тәркілеу дұрыс па еді...», «Сібір әскери бөлімінің әмірі Болатовтың С.Магсаржавқа бұйрық беруі оңды іс пе еді...» деген сауалдар төңірегінде ой қозғап, қорытынды жасайды. И.Ломакинаның дәлеліне қарағанда Қытаймен арадағы қарым-қатынасты үзген Моңғол үшін ендігі кезекте Ресеймен араздаспаудың қамына кіріскендігін айта кету ләзім. Сол тұрғыдан қарағанда Жа Ламаның қолды болуы – саяси жағдайға тіке байланысты. Жа лама саяси құрбан. Оның бір дәлелі – ең басында Богд Жавзандумба оған сый-сияпат көрсетеді де соңынан тайқып кетуі болса керек.
Осыдан кейін із-түзсіз кеткен Жа Лама 1918 жылы Қобда шебіне қайта оралды. Оның келуі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Ресейде орнаған Ішкі істер жөніндегі Халық Комиссариаты – НКВД-ның құрылуына байланысты. Кеңестік Құпия барлау орнының осы «үштігі» кімді де болса еш тергеусіз ұстап, көзін жоятыны, көлденең біреудің шағымымен қылмысқа тарту, ұстау, жазалау, жер аудару тәрізді әрекеттер Жа Ламаны тағы да Моңғолға келуге мәжбүр еткен секілді.
Мұның бір дәлелі 1917 жылы маусым айында Жа ламадан А.В.Бурдуковқа жазған хатында «...Биыл мені сақшылардың бақылауынан шығарғанымен, ... ол жаққа баруға қырсызбын» деп жазуы дәлел бола алады.
Жа Лама бұдан кейін яғни орыстағы 1917 жылғы Қазан төңкерісі кезіндегі дүрбелеңді пайдаланып 1917-1918 жылы түрмеден босатылып Сэлэнгэ жағымен Моңғол жеріне тағы келді. Оған Моңғолдың беделді тұлғалары Жалханз хутықты, Жалцан бейісілер көмек көрсеткендігі жөнінде деректер бар. Жа Лама 1922 жылы Моңғолияның батысы Қытаймен шекараласатын тұс Маажинсан тауына жақын орналасқан Хар элс маңына әскери бекінісін құрған-ды. Дамбийжанцан 1918 жылы Астраханнан қашып шығып Сэлэнгэ арқылы Моңғолға өтті. Ол Батыс оңтүстіктегі Маажинсан тауына қоныстанды деп жазылды. А.В.Бурдуковтың 1922 жылғы 9-айдың 30-ы күнгі В.Я.Владимирцовқа жазған хатында «Да Лама Баркөл маңында 300 түтінмен жеке қоныстанды» деп жазды.
Өргөө әкімшілігі Жа Ламаны тұтқындауға үкім қабылдағандықтан ол Қарақұм атты гобьнің ен даласы Бага Маажинсан тауының маңына орналасты (Бага Маажин шань Юм бейсі пұтханасынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан). Жа Лама қосыны қысқа мерзімде 500-ден астам қосқа орналасқан маузер, берданка, жапон винтовкасымен қаруланған жендеттермен толыға түсті. Осылайша Моңғолдың батыс солтүстік жағы күрделі жағдайға душар болды. Деректерде 1918-1919 жылға дейін Юм бейсіден Аньсиге дейінгі күре жолмен жүрген жүргіншілердің аман өткені некен-саяқ болған делінеді.
Жа Ламаның ақырына байланысты бір аңыз Шыңжаң өңіріндегі қазақтар аузында сақталған. Маажинсан маңында шеп құрған Жа лама сардарлары Шіңгіл, Көктоғай өлкелеріндегі ауқаттылардың малын тонаумен бірге олардың әйгілі жүйріктерін де барымталап отырған. Мысалы, Алтай өлкесіне әйгілі би Үстембайдың жүйрік күреңі, қарақас Боғалы байдың шұбар атын Жа ламалар қолды болғызған. Дәл осы сәтке сәйкес қарақастың әйгілі тәйжісі Нәзір әкесі Тары биге ас беріп Үш көл жайлауында ұлы той жасайды. Осы тойға Жа Лама Үстембайдың күреңі мен Боғалының шұбар атын бәйгеге қосады. Қазақ билері бұл жағдайды біледі де екі атты орта жолдан ұрлап кетуді тапсырады. Боғалының шұбар атын Ақтеке би Қоңырұлы жолда ұстап қалады. Күрең ат жеткізбей кетеді. Мәреге жеткен кезде бас бәйге Жа ламаға емес басқаға бұйырады. Бұны көрген Жа Лама: «Шұбар атым жолда жоғалды, күрең атымның тілі салақтап келуі – менің бағымның қайтқандығын көрсетеді» деп ашу шақырады. Қазақ билері Жа ламаға ат, шапан айыппұл атап, ақ атанға артқан қалы кілемдерін көлденең тартып кешу өтінумен алдарқатып аттандырады. Осы сәттен кейін көп кешікпей Дамбийжанцанның ұсталып атылғандығы жөніндегі хабар Алтай өлкесіне тарап кетеді.
(жалғасы бар...)