Абайтану ғылымы дегенде еске алдымен Алаш, Мұхтар Әуезов және Қайым Мұхамедханов еске оралары анық. Осы үлкен үштаған абайтанудың негізін салып, дамытып, қалыптастырып, бүгінгі абайтану ғылымының биігіне жеткізді. Бұл үштағанның бірі болмағанда аталған ғылым саласы бір тұсынан ойсырап тұрған болар еді. Бірін-бірі жалғастырып, бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі дамытқан үштағанның өткен мен бүгінгіні, кешегі мен осы күнді жалғаған алтын көпір – Қайым Мұхамедхановтың мол мұрасы.
Қайым Мұхамедханов абайтану ғылымына бүкіл саналы ғұмырын арнады, ой еңбегі мен физикалық күш-қуатын сарп етті. Ғылымдағы барлық әдістерді толық игеріп, теориялық-практикалық тұрғыдан күшті дайындығына байланысты көптеген салаларына қалам тербеді. Бүгінгі күні Алматыдағы Қайым Мұхамедханов атындағы мәдениет және білім орталығындағы жинақталған мәліметтерді пайдалана отырып, ғұлама ғалымның абайтанудағы барлық іздерін, мүмкіндіктерін тізбелеп көрдік.
1. 1930-1940 жылдары Абай мұрасын жинауға байланысты жолға шыққан экспедиция барысында ақынның өз басына және айналасына қатысты 500-ден астам құнды жәдігерді тауып, жинақтады. Бұл Абайдың дүниелерін қамтыған материалдық мәдениет үлгілері болса, сирек қолжазба мен кітаптарды есептегенде шығыс әдебиетіне байланысты 300-ден аса әдебиет жинастырған. Осындай баға жетпес құнды жәдігерлердің негізінде қазақ даласында алғаш рет Семейде 1940 жылы Абай музейі жасақталды.
2. Әдебиет ғылымының ішінде ең күрделі саласы саналатын текстологияда Қайым Мұхамедханов көрнекті із қалдырды. Абай өлеңдерінің дұрыс қалыптасуына, дұрыс оқылып, дұрыс жазылуына белсенді араласты. Ұлы ақын шығармаларының әр жылғы басылымдарына түзетулер мен өзгертулер енгізіп, Абай мұрасының түпнұсқалығын сақтауды мұқият қадағалады. Абай тілінде ұшырасатын ескірген діни терминдердің, көне шағатай, қадыми тіл аралас сөздердің, араб-парсы, иран тілдерінен енген кейбір сөздердің, басқа да күмәнді тіркестердің дұрыс оқылуын ғылыми негіздеп, айналымға енгізді. 1923 жылғы Сталиннің Абай шығармаларын тұншықтыруға байланысты шығарған нұсқауын білген ғалымның бұл еңбегі жанкешті ерлікпен барабар іс болады. Қайым Мұхамедханов – туған халқы үшін ұлы Абай мұрасын дұрыс сақтауға үлес қосқан бірден-бір текстолог ғалым.
3. Сонымен қатар ол Абайдың барлық өлеңдері мен аудармаларына және поэмаларына түгел ғылыми түсініктерін жазып, ғылыми айналымға енгізді. Шығарманың дүниеге келу тарихын, түрткі болған жағдаяттар мен басты кейіпкерлер жайлы түсініктерді қамтыған, ең бастысы ақын сөздеріне түсінік беруді жүзеге асырды. Қ. Мұхамедхановтың ғылыми еңбектерінің 1940-ншы жылдары басталған алғашқы кезеңдерінде, 1959 жылғы Абай шығармаларының текстологиясында да, басқа да ғылыми зерттеулерінде көрініс тапқан.
4. Ғылымға, абайтанушыларға белгісіз болып келген Абайдың 31 өлеңін тауып, оның Абайға қатысты екенін дәлелдеп шықты. Бұл табылған жаңа өлеңдер Абайдың 1945 жылғы жинағынан бастап кітаптарында енгізіліп келеді.
5. Ғалым Қ. Мұхамедханов қазақ әдебиеті ғылымында жаңа бағытта атышулы «Абайдың ақын шәкірттері» зерттеуін (1938-1951) әкелді. Бұл – Абайдың жалғыз емесін, алды-арты бар, кәдімгі мектеп қалыптастырғанын, талантты шәкірттері оның дәстүрінде шығармашылық орта жасай алғанын дәлелдеу. Аталған зерттеу еңбегінде ғалым Абайдың нағыз шәкірті бола білген отыз тұлғаның есімін тауып, Абай мектебінің көрнекті өкілі екенін көрсетті. Олардың ғылыми-шығармашылық ғұмырнамасын түзді, олар тудырған әдебиет үлгілерінің түгелі де Абай дәстүрінен шыққанын ғылыми тұрғыдан негіздеді. Осы тақырыпты індете зерттеу барысында көзкөргендермен әңгімелесе келе бай материал жинады, осылайша қазақ халқының сол кезеңдегі рухани бай мұрасын сақтауға күш-жігерін аямады. Ғылымда Абай мектебі болғанын және оның ізін жалғаған талантты өкілдердің шығармашылығы жайлы құнды еңбек бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның білім-ғылым саласында, әдебиет пен тарих жүйесінде әлі де маңызын жоймай, қызмет етіп келеді. Ал 1951 жылғы қазақ зиялыларының басына төнген зауал шақта осы диссертациясы үшін Қайым Мұхамедханов репрессияға ұшырады, 25 жылға бас бостандығын айырып, түрмеге қамалды. Қайсар тұлға сонда да өз ұстанымынан қайтпады, «Абайдың ақындық мектебі» тақырыбынан бас тартпады, ұстазы М. Әуезовті де қаралауға жол бермеді.
6. Қайым Мұхамедханов қазақ арасына ғана емес, орыс, татар, басқа да халықтардың әдеби-мәдени ортасына да Абай шығармашылығын насихаттаудан аянып қалмады. «Абай мен Пушкин», «Крылов және Абай», «Абай мен Лермонтов», «Абай мен Бунин», «Абай және татар мәдениеті» тақырыптарында мазмұнды зерттеу еңбектерін жазды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Семейдегі қазақ-татар мәдениетінің байланыстарына орай архив құжаттары негізінде туған «Абай шәкірттері және әлем мәдениеті» деген атпен жұмыстар жүргізді.
7. 1940 жылдан бастап өмір бойы Абай тұлғасын дәріптеуден талмады. Ауылдар мен елді мекендерде, зауыттар мен өндірістік орындарда, мектептер мен жоғары оқу орындарында ұлы ақын өмірі мен шығармашылық қызметі жайында тағылымды лекциялар, дәрістер өткізді. 1970 жылы Семей қаласында Абай атында телевизиялық клуб ашты, он жылдан астам уақыт ондағы бағдарламалардың авторы және жүргізушісі қызметін қоса атқарды.
8. Жас болғанына қарамастан, Қайым ұстазы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының жазылуына бір кісідей үлес қосты, ғылыми кеңесшісі бола білді. Жазушының тапсырмасымен архивтік материалдар мен тарихи фактілер іздеді, Абай заманында жасаған, көзін көрген көнекөз қариялармен кездесіп әңгімелесті, ақынның туған жерінде оған қатысты оқиғалар өткен, қоныс аударған, барған-жүрген жерлерінде болып, өңір тарихымен танысты, Ресейдегі ғалымдар мен музей қызметкерлеріне хат жолдап, тиісті адамдардан сұхбаттар алып, жинақталған барлық бай, құнды материалдарға түсініктемелер жазып, толықтырып, ұстазына жолдап отырды. Асқан ыждаһатпен іске асырылатын, қаншама төзім мен шыдам сыналатын, ауыр да бейнетті жұмыстан тартынбаған Қайым М. Әуезовтің тапсырмасын орындап, адалдық танытып қана қойған жоқ, қазақ әдебиеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқанын айтуға тиіспіз.
9. Ол 1940 жылдан бері бейнелеу және сәулет-мүсін өнерінде Абай бейнесін дұрыс қалыптастыруға қызығушылық танытты. Алдымен сол кезеңдегі үкіметке хат жолдап, артынан Алматыға осы маңызды мәселемен арнайы келген Қайым Мұхамедханов замандастары арасында бастама көтерді. Ленинград, Орал қалаларындағы зауыт басшылықтарына хат жазып, Абай мүсінін жасауға қажетті материалдар жайын сұрастырып та көрді. Дайындық, алғашқы әзірлік жұмыстарының барлығын да атқарған. Суретшілер мен мүсіншілердің байқауы да жарияланған. Алайда 1923 жылғы Сталиннің Абай шығармашылығын дәріптеуді тоқтатуға байланысты шығарған жарлығына қарсы ел үкіметі де батыл қадам жасай алмаған. Абай тұлғасы асқақтап тұратын мүсін үшін күресті Қ. Мұхамедханов жалғастыра берді, дәл сол кезеңде болмаса да, кейіннен жылымық тұсында және М. Әуезовтің араласуы бар, арман еткен еңселі ескерткіш тұрғызылды.
10. Абай тұлғасын ұлықтауда Қайым Мұхамедхановтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. 1940 жылдардан бастап ақынның зиратының кісі көргісіз болып қирап, жойылуға шақ қалған нашар қалпын көріп, Абай және оның жақын туыстары жатқан бейітті қалпына келтіруге, Жидебайдағы Абай қыстауына күрделі жөндеу жүргізуді және оған арнайы ескерткіш белгі орнатуды күн тәртібіне шығарды. Бұл күнде келген адам көзі түсетіндей, тағылым алатындай қасиетті мекенге айналуына Қайымдай қажырлы ғалымның арқасында қол жеткізіп отырмыз.
11. Қайраткер Қ. Мұхамедханов 1992 жылы әйгілі «Абай» журналын қайта жасақтап шығарды. 1917-1918 жылдардағы шығарылымдарына Алаштың атымтай жомарттарымен бірге әкесі меценат Мұхамедхан Сейітқұлұлы қаржылық демеушілік көрсеткен журнал совет билігі қарсаңында жабылып қалған болатын. Небәрі 12 саны жарық көріп үлгерген журналдың барлық нөмірі ғалымның қазыналы қорында сақталып келді. Сол дәуірдің тарихи-қоғамдық жайттарынан сырт шертетін, құнды тарихи фотосуреттер мен деректі материалдар шоғыры журналмен бірге Қайымның отбасылық архивінде сақталып, бүгінгі заманға аман жетті.
12. Қайым Мұхамедханов Абай турасында және оның шығармашылық мұрасы, белгісіз өлеңдері жайында жинаған бай материалдарын ҚазССР Ғылым академиясының қорына сақтауға өткізді. Шынайы ғалым бар жиған құнды қазынасын ғылыми орталықтар мен музейлерге, рахив қорларына, замандас мұғалімдер мен оқушы шәкірттеріне мәрттікпен ұсынды.
13. Жиырма жыл үздіксіз ізденіс барысында әр түрлі елдерге сұрау сала жүріп, көршілес мемлекеттердің архивінен қажетті құжаттарды ала алуы себепті Абайдың тұңғыш жинағын (1909 жылғы) шығарушы баспагер Ілияс Борағанскийдің ұмытылған есімін қайта оралтты.
14. 1941-1945 жылдары Абайдың 100 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты құрылған үкіметтік комиссияның құрамына еніп, онда ғылыми хатшы қызметін атқарып шықты.
15. Ол Абайдың орыс достары – Михаэлис, Долгополов, Гросс, Леонтьев, т.б. жайында зерттеулер жүргізіп, олардың ақын өміріндегі орны, шығармашылық үндестігі, қоғамдық қызметі мен Семей тарихындағы маңызы турасында қызықты, мазмұнды мәліметтер жазды.
16. Бұдан бөлек Абайдың өзі мүшесі болған Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне орыс достары өткізген 60-ға жуық этнографиялық жәдігердің 23-ін араға жарты ғасырға жуық уақыт салып Қайым қайтарып алды. Сөйтіп Абай музейіне өткізген Қайымның абайтанудағы үлкен еңбегінің бір парасы осындай.
17. Семей шаһарына келетін Абайдың ізін жақсы білген Қайым оның жүрген, түстенген, қона жастанған үйлеріне белгі соқтыртты. Әйгілі Тінібай мешіті мен оған жақын жердегі Мұхамедхан Сейітқұлұлының үйі жайлы да мағыналы мағлұматтар жазып қалдырды.
18. Құнанбай әулетінің шежіресін жасады, Абай және оның ұрпақтарының тізімін құрды. Рет-ретімен орналастырып, түзді. Бұл күнде бәріміз қарап оқыған, бәріміз білетін үлгінің бастауында Қайым Мұхамедхановтың қолтаңбасы тұр.
19. Абайдың сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған, ауру себепті өмірден ерте озған, қыршын кетіп, жастай солған ұлдары мен 1941-1945 жылғы соғысқа кетіп оралмаған немерелерінің өмірбаяны мен фотосуреттерін анықтап, мұқият жазып қойды.
20. Ол қиын кезеңде жан-жаққа бас сауғалауға мәжбүр болған Абай ұрпақтарын іздеп тауып, бар мүмкіндігінше қолдап-қорғап отырды. Басын даудан ала қашқан замандастары сияқты бола алмады. Көрген жерде сырт айналмай, сәлемдесіп, үйіне де шақырып, әңгімелесіп тұрғаны ақиқат.
21. 1930-1950 жылдар аралығында Абайдың өмірі мен шығармашылығына түгел қаныққан Қайым ұлы ақын туралы елде жоқ естеліктерін айтып-жазудан шаршамады, талмады. Өйткені оның бойына, тұтас тұлғасына Абай толық сіңіп болған еді.
22. Қайым абайтанушы ғалымдардың арасында бірінші болып айрықша архивтік құжаттарға, ерекше маңызы бар материалдарға қол жеткізді. Абайтанудың негізін салған деп саналған Ә. Бөкейханның Абай жайлы некрологі (мұнақыб), ұлы ақынның қайтыс болуына 10 жыл толғанда ұйымдастырылған алғашқы әдебиет кеші жайлы аса құнды деректерді, Абайдың ұлдарымен, отбасымен түскен тарихи фотосуреттерді Қайым Мұхамедханов тапқан. Суреттердің сыртына түсініктерін жазып сақтап, уақыты келгенде жариялап та отырған. Қазіргі кезде барлығы да қолданып жүрген бұл тарихи фотосуреттерді ол заманда сақтау да оңайға түспеген, сондықтан пайдалануда ғылыми мәдениет пен этиканы, тәртіпті сақтай білгеніміз абзал болар еді.
23. 24 жастағы Қайым Абай құрметіне «Алдымда ақын Абай темірқазық» деген атаумен поэма арнады. Шығарма атының өзі жиі қолданылатын атауға айналды. Осы атпен әдеби кештер, жиындар өткізіліп тұрады.
24. Семей қаласындағы Абай музейіне және Абайдың туған өлкесіндегі ақынға қатысты тарихи жерлер мен киелі орындарға жолнұсқаулық әзірледі. Мұны бүгінгі күнде де маңызын жоймаған құнды дүние деп есептейміз.
25. Абай Құнанбайұлының ЮНЕСКО деңгейінде тойланған 150 жылдық мерейтойының дайындығына 1989 жылдан бастап қаулы шығарылып, соған Семей қаласынан Алматыға арнайы шақыртылды.
26. Қазақтың тарихи тұлғаларының арасынан алғашқы болып шығарылған «Абай» энциклопедиясының жарық көруіне өлшеусіз үлес қосты. Абай шығармаларының екі томдық толық жинағын әзірлеуге атсалысты және ғылыми-текстологиялық түсініктерін жазып шықты.
27. «Абай туралы сөз», «Мен Абайды әке деймін» деректі фильмдерінің, басқа да бейнефильмдердің жарық көруіне, ғылыми кеңесші ретінде ақыл-кеңесін білдіріп, сапалы дүниелердің жариялануына үлес қосты.
28. Ұлы Абайдың туған күні 23 тамыз екенін дәлелдеп, даудың нүктесін қойды.
29. М. Әуезовтің алдын көріп, тәлімін алған Қайым Мұхамедханов 60 жылдық педагогикалық қызметінде абайтанушы талантты шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Олардың алды академик, профессор ретінде елге сыйлы, қадірлі азаматтар болды. Ә. Нұршайықов, М. Орынбаев, Х. Матаев, М. Сұлтанбеков, С. Оразалин, А. Еспенбетов, Қ. Шаяхметұлы, Ғ. Есім, Д. Сейсенұлы, С. Қожагелдінов, Т. Жұртбай, Н. Айтұлы, Т. Шаңбай, Н. Рахманова, Е. Іргебай, т.б. ұстаздың ұлағатты жолын жалғастырып келеді.
30. Абайдың он бала сүйіп, ұрпақ көргеніндей, Қайым Мұхамедханов та он баланың әкесі атанды. Ұлдарына Абай өлеңдерінде кездесетін Қанағат, Дегдар есімдерін берді. Абай айналасындағы адамдар ұрпағымен тату араласты, «Абайдан соң» романының авторы, жазушы К. Оразалинмен құда болды.
«Абайтанудың теңдессіз білгірі, ірі текстолог-ғалым, Алаш Орда дәуірінің бірден-бір маманы, ұлттық мәдениетіміздегі бірнеше ірі салалардың мұзжарғышы Қайым Мұхамедханов бір институттың ғана емес, Ғылым академиясының қыруар жұмысын жалғыз өзі атқарды» деп жазады философ, мәдениеттанушы Әуезхан Қодар.
Қайым Мұхамедхановтың тек абайтанудағы қызметі осындай кең арнада, жан-жақты әрі кәсіби түрде жүйелі, үздіксіз қалыптасты. Егер оның алаштанудағы, ұлттық әдебиетіміздің даму жолындағы және педагогикалық қызметін қамтығанда бұл дүниеміз әлдеқайда ұзарып кетер еді.
Бұл реттегі сөзімізді ардақты ғалымның шәкірті, біздің ұстазымыз, профессор Тұрсын Жұртбайдың сөзімен аяқтағымыз келеді: «Абайдың мектебі, абайтанудағы Әуезовтің мектебі, енді Қайымның әдебиеттану ғылымындағы мектебін былай қойғанда, абайтанудағы текстологиялық мектебі берік іргесін тепті деп толық айтуға болады. Қазақ халқы өмір сүрсе, Абай өмір сүреді, Абай өмір сүрсе, Қайым да өмір сүретін мәңгілік қозғалыс бұл!».