Генерал Шырақбек Қабылбаев - сан қырлы тұлға
25.02.2022 8262

Полиция генерал-майоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Ахмедиұлы Қызыловпен жасалған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.


- Сұхбатымызды бүгінгі кезеңге орайластыра бастасақ деймін. Қазақстан Республикасы Конституциясының бірінші бабының бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», - деп басталатыны бекер емес. Адам өмірі, құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету басты міндет десек, оны қамтамасыз ететін басты орган – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ғой. ҚР Ішкі істер министрлігі осы маңызды міндетті қалай орындап отыр деп білесіз?

- Иә, орынды сұрақ. Бірақ бұған иә, немесе жоқ деп бірден жауап бере салуға болмайды деп білемін. «Қазақстан Республикасының шкі істер органдары туралы» ҚР Заңында ішкі істер органдарының мақсаты былай деп айқындалған: «Ішкі істер органдары Қазақстан халқына қызмет етуге және жеке тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, қоғамның, мемлекеттің, заңды тұлғалардың заңды мүдделерін қылмыстық және өзге де құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғауға арналған». Мақсат пен міндет айқындалған жағдайда оны лайықты орындау, жеке, заңды тұлғалардың құқығы мен бостандықтарын қорғау, заң бұзушылықтардың алдын алу, бұзылған жағдайда белгіленген құқықтық нормалар аясында жедел әрекет ету, әділетті жақтап, халықпен тіл табыса қызмет атқару – ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойылатын талап. Ал оның орындалуы – жеке қызметкер тұлғаның, яғни кадрдың физикалық, психологиялық, этикалық т.б. тұрғысындағы теориялық-практикалық шеберлік дайындығына, жоғарыдан төменгі басшылық құрамның басқарушылық қабілетіне, дәуірдің талап-сұранысына тағы басқа көптеген факторларға байланысты болып отыратыны – өмірдің ақиқаты. Және бұл жерде азаматтардың құқықтық сауаттылығының деңгейі, маман кадрларды даярлау мерзімі, оларды даярлауға кететін шығын мөлшері, жеке басының, отбасының мұқтаждық қамтамасыздығы тағы басқаларды да ескеру керек болады.

- «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған – құл болмайды», - деп Бауыржан Момышұлы айтқанындай, тәртіпті орнатып ұстап тұру, тәртіпті қадағалаушыға бағыну – екі тараптың өзара түсіністігі арқылы мүмкін болатын атмосфера ғой. Біздер «Менің милициям – мені қорғайды» деген ұранның аясында өскен ұрпақпыз. Кешегі кеңестік кезеңде ішкі істер органы қызметкерлерінің халық алдындағы беделі едәуір жоғары болғаны шынымен де рас қой. Ол заманда құқық қорғау қызметкерлерінің қоғам ортасындағы имиджісін көтеретін, жағымды образ қалыптастыратын көркем әдеби туындылар, фильмдер мен әндер, өзге де көркемөнер туындылары да көп еді ғой. Құқық қорғау қызметкерлері арасынан шыққан, өз заманының белгілі адамдары да болды. Олар тек бұйрық орындап, орындатушы погон иесі ғана болған жоқ, олар – зор адамгершілікті, елім-жерім, ұлтым деп соққан үлкен жүректі, тау тұлғалы қайраткерлер болды. Осындай еңселі ерлердің бірі әрі бірегейі ретінде кімді атаған болар едіңіз?

- Иә, құқық қорғау қызметінің атқарар жүгі қай кезеңде де оңай болмаған. Әр дәуірдің өз тұсына тап келген күрделі, түйінді мәселелері болды. Және сондай сындарлы кезеңдерден адамдық ат-абыройына кір жұқтырмай, жақсы атымен ел жадында қалған азамат ерлер баршылық және оларды бүгінгі буын білсе, біліп қана қоймай үлгі-өнеге етсе, бұл – ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр жалғасы болған болар еді деп білемін. Және осындай өнегелі өмір жолы бар еңселі тұлғалардың бірі – Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, Ішкi істер қызметінің генерал-лейтенанты Қабылбаев Шырақбек Қабылбайұлы деп білемін.

- Генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың өмірі мен қызмет жолы туралы көп ізденіп, мақалалар жазып, кітап дайындап жүр екенсіз. Генерал өмірінің барлық кезеңдерін мұқият зерттегеніңіз анық. Олай болса, генерал Шырақбек Қабылбаевтың туып-өскен өлкесі, жалпы өмір жолы, Қазақ КСР-і Ішкі істер министрі қызметін атқарғанға дейінгі өмір жолы туралы айтып өтсеңіз.

- «Шөп те шығатын жерге шығады» деген қазақ мәтелі бар. Яғни, кез келген тұлғаның көрнекті болып қалыптасуына оның туған елі мен жерінің тікелей әрі үлкен әсері барлығын меңзейді. Болашақ генерал Шырақбек Қабылбайұлы – 1908 жылы 9 наурызда бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы округіне қарасты Абыралы өңіріндегі Қарашоқы тауының етегінде дүниеге келеді. Қазір бұл өңір Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы әкімшілігінің аумағына кіреді. Ата-анасы Қабылбай мен Масура – шаруа баққан қарапайым адамдар болыпты. Алдыңғы балалары жастай шетіней беріп, елу жасында туған ұлдың есімін әкесі: «Өмірімнің шырағы болып аман-есен жүрсін, келер күнге жалғастырсын!» - деп Шырақбек қойса керек. 1924 жылға дейін ата-анасының қамқорлығында болып, ауыл мектебінде білім алады. Осы жылы Семей қаласындағы ересектер мектебіне түсіп оқып жүріп, 1925 жылы Семей педагогикалық техникумына оқуға қабылданады. Бұл оқу орнының басшысы Әбікей Сәтбаев (академик Қаныш Сәтбаевтың ағасы) екен. 1931 жылы техникумды бітірген соң, Семейде педагогикалық қызметтер атқарып жүріп, 1932 жылдың қараша айында Кеңес Армиясы әскері қатарына шақырылады. Алматы қаласында орналасқан Қазақ ұлттық полкінде әскери борышын өтейді. 


Орта білімі бар себепті, әскерде бір жыл ғана болады және запастағы әскери командирлігіне емтихан тапсырады. Әскерден оралған соң 1933-1938 жылдары Бірлескен мемлекеттік саяси басқармасы (БМСБ), Ішкі істер халық комиссариаты (ІІХК) органдарында қызмет атқарады. Қазақ КСР ІІХК МҚБ бөлімінің жедел уәкілі, жедел уәкілінің көмекшісі болып жұмыс істейді. 1938 жылғы наурызда өкпде туберкулезіне ұшырауына байланысты зейнетке шығып, ІІХК (ІІМ) командалық құрамының запасына ауыстырылады. Зейнетте болған кезде 1938 жылдан бастап көптеген жауапты қызметтерге тағайындалып, білімді, білікті маман кадр ретінде танылады. Қазақстан Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті аппаратында он алты жыл қызмет атқарады. 

- 1954 жылы Шырақбек Қабылбаев Қазақ КСР Ішкі істер министрі лауазымына тағайындалған екен. Өзі басқарған кезеңде жаңа министрдің алдында қандай міндеттер тұрған еді? 

- 1954 жылдың 9 тамызында жоғарғы басшылық Ш.Қабылбаевтың бұған дейінгі жауапты лауазымдардағы іскерлігі мен саяси орнықты қызметін ескере отырып, Қазақ КСР Ішкі істер министрі деген жауапты қызметке тағайындайды. Ол кезде Ш.Қабылбаев 46 жаста еді. Осылайша Қазақстанның ішкі істер органдары тарихында жергілікті кадрлардың ішінен Ш.Қабылбаев КПСС ОК Қаулысымен Қазақ КСР Ішкі істер министрі болып бекітіледі. Республиканың Ішкі істер министрі болып тағайындалғаннан кейін, 1954 жылдың 6 қарашасында оған «ішкі қызмет полковнигі» атағы беріледі. Айта кетерлігі: 1953 жылы И.В.Сталиннің қайтыс болғаннан кейін сотталғандар көпшілігі рақымшылық бойынша босатылған болатын. Бостандыққа шыққан 1 миллион 200 мың бұрынғы қылмыскерлер бейбіт өмірдегі алаңсыз ахуалды біршама шиеленістіре түсті. Елде рецидивті қылмыстар көбейді, аса қауіпті қылмыстар саны өсті. Тың игеру жолдамасы бойынша Қазақстанға тек қана мамандар, еркін патриоттар ғана келген жоқ, сонымен қатар жеңіл пайда табамыз деген ниетін ішке бүккен қылмыстық ортаның өкілдері де келді. Сол себептен қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету сұрақтары күн тәртібінде болды. Осындай маңызды да қиын сұрақтарды Ішкі істер министрі – Ш.Қабылбаевқа шешуге тура келді және қолынан келді деуге болады. 


Генерал Шырақбек Қабылбаев Ішкі істер министр болып қызмет істеген кезінде ішкі істер органдары жүйесінде күрделі өзгерістер мен реформалар жасау ісін қолға алды. Республика бойынша ішкі істер жүйесіндегі барлық кадрлардың күш-жігерін дұрыс жұмылдыра отырып, үш жылдың ішінде (1954-1957 жж.) ІІМ 40 кеңшарлық үй-жайларды, кешенді тұрғынүйлер мен шаруашылық нысандары бар 5 астық пунктін, сонымен бірге автокөлік жолдарын және өзге де маңызды нысандарды салды. Қазақстандағы Тың көтеру науқанына байланысты ауылшаруашылығындағы қимыл-әрекеттердің үздіксіз атқарылу жауапкершілігін алған милиция жұмысына өзі тікелей жетекшілік жасады. 1958 жылы Ш.Қабылбаевтың тікелей басшылық жасауымен ІІМ екі ірі нысанды – Есік көліндегі биік таулы автокөлік жолын және Алматы әуежайындағы ұшып-қону жолағы пайдалануға берді. Осындай жауапкершілікті жұмыстарды, науқанды істерді ұйымдастырудағы іскерлігі үшін 1957 жылдың 17 наурыз айында Шырақбек Қабылбаевқа 3 рангілі ішкі қызмет генерал, яғни генерал-майор атағы беріледі. Ол кезде министр Шырақбек Қабылбаев 49 жаста болатын. 

Ішкі істер министрі Ш.Қабылбаев кадр саясатын тиімді жүргізгендігі туралы милиция генерал-майоры К.Бесперстов былай деп еске алған екен: «Ш.Қабылбаев кадрларды жақсы іріктей алды. Басшылық лауазымдарға жақсы ұйымдастырушылық икемділіктері бар, қызметкер, ақылды адамдарды жинақтады. Қазақстанның ішкі істер органдарының жұмысына Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, әскери тәжірибесі мол, майданның барлық шептерінде болған адамдарды тартты. Осындай адамдар заңдылық пен құқық қорғау тәртібін орнату үшін министрдің мықты тірегі болды. Сондай-ақ, Ш.Қабылбаев қызметке кәсіби заңгерлерді, сараптамашыларды, инженерлермен тілшілерді тартты». Ш.Қабылбаевтың бастамасы бойынша Қазақстанның ІІМ ведомстволық оқу орындары құрылды. 1956 жылғы шілде айында Алматыда арнайы орташа милиция мектебі (бүгінгі таңда ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы) құрылған болатын. 

- Кез келген адамның өмір жолында қысылтаяң, сындарлы шақтардың болатыны белгілі. Генерал Шырақбек Қабылбайұлының қызметтік жолында осындай кесе-көлденең тап келген кедергілер аз болмаған шығар? 

- Иә, осы дүниеге келгеннен сәттен бастап, адамның өмір жолында небір кедергілер мен бөгеттер кездесетіні белгілі ғой. Генерал Шырақбек Қабылбаевтың да өмірде көрмегені, жолында ұшырасқан бөгеттері мен кедергілері бір басына аз болған емес. Сондай жағдайлардың бірі – 1959 жылғы тамыз айында Теміртау қаласында болған бүлік еді. Теміртау қаласындағы металлургия комбинатына, яғни Қазақстан магниткасына 1959 жылдың жазында комбинат құрылысына шеттен жұмысшы жастар әкелінді. Ауыр жұмыс істеп жүрген бұл жұмысшыларға материалдық жағдайлар лайықты жасалмауы, азық-түліктің жетіспеуі салдарынан бүлік шықты. Ашынған бүлікшілер милиция органдарына шабуыл жасады. Милиция оларға қарсы оқ шығаруға мәжбүр болды. Осы оқиғадан кейін Ішкі істер министрі Ш.Қабылбаев жазықсыз кінәлі деп танылып, 1959 жылдың 18 қарашасында орнынан босатылды. Ішкі істер министрі Ш.Қабылбаев пен Қарағанды облысы ІІБ полковнигі Н.Н.Любых екеуіне Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің 145 бабы бойынша (билігін асыру) қылмыстық іс қозғалады. Қабылбаев өзінің бұл істе еш кінәсі жоқтығын айтып арызданды. Арызын алғашқы тергеу аяқталғаннан соң, КСРО Бас прокуроры Р.А.Руденко жеке қарап, мұның еш негізсіз жала екендігін, нақты фактілермен дәлелденбегендігін көрсете отырып, тағылған айыпты алып тастауға нұсқау береді. Сот та Шырақбек Қабылбаевтың кінәсіз екендігін дәлелдеп ақтап шығады. Осылайша, генерал Ш.Қабылбаев «бүлкішілерге жазықсыз оқ атты» деген жаладан аман-есен құтылады. Әрине, тоғыз айға созылған тергеу ісі жүйкеге зор салмақ түсіргені анық қой. 

- Қызметтік тарихына қарап отырғанда Шырақбек Қабылбаевтың Теміртау оқиғасына байланысты Қазақ КСР Ішкі істер министрі лауазымды қызметіненен алынғаннан кейін, 1967 жылы сегіз жылдан соң қайта тағайындалғанын көреміз...

- Дәл солай. Генерал Шырақбек Қабылбаев 1967 жылдың 12 cәуipiнeн бастап 1973 жылдың қарашасына дейін Қазақ КСР Ішкі істер министрі болып аса жауапты лауазымды қызмет атқарады. Оған дейін, яғни Теміртау оқиғасынан кейін, 1959 жылдың 16 желтоқсан айынан бастап ЖӘҚҚ (жергілікті әуеге қарсы қорғаныс) республиканың Алматы мектебінің курс бастығы, Алматы облыстық Қоғамдық тәртіп сақтау басқармасы бастығының орынбасары, бастығы болып қызмет атқарады. 


Сол уақытта барлық көрсеткіштері бойынша бұл бөлініс республикада ең жақсы болып танылды. Осының барлығы Ш.Қабылбаевтың тек қана іскерлігін емес, сонымен бірге күш-жігерін, ұстамдылығымен парасаттылығын куә етеді. Алматы облыстық Қоғамдық тәртіп сақтау басқармасының бастығы лауазымында оны жақсы ұйымдастырушы, саяси және жігерлі басшы ретінде танылды. Ол бөліністердің басшылық жасау әдістерімен стиліне, тапсырылған жұмысқа заңнамалы және жауапты қарауға кадрларды тәрбиелеуге аса назар аударды. Бағынысындағы органдарға барған кездерінде олардың қызметтеріне жан-жақты талдау жасап, кемшіліктерді жоюға қажетті шаралар қабылдады. 

Министр лауазымына қайта оралған соң генерал Шырақбек Қабылбаев ішкі істер органдары жұмысы сапасын жақссартуға, милицияның беделін көтеруге, олардың материалдық-әлеуметтік жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған көптеген қадамдар жасады. 1969 жылы 10 қазан айында Қарағанды қаласында КСРО ІІМ жоғары мектебі (бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы) ашылды. Осы жоғары дәрежелі оқу орнын ашу үшін генерал төрт рет Мәскеу қаласына барып, КСРО ІІМ Ішкі істер министрі армия генералы Н.А.Щелоковтың қабылдауында болды. Н.А.Щелоков Ш.Қабылбаевтың Қазақстан және Қырғызстан ішкі істер органдары үшін ұлттық кадрларды даярлау үшін Қарағанды жоғары мектебін құру туралы ұсынысын қолдады. Сондай-ақ Павлодар қаласында орта және басшылық құрамдардың облысаралық милиция мектебін, Теміртау, Шымкент және Қостанай қалаларында облысаралық оқу орындарын ашты. Кәсіби заңгерлерді дайындау саласында Шырақбек Қабылбаев: «Ең алдымен, құқық қорғаушы өзіне лайықты деңгейге көтерілуі керек», - деп есептей отырып, әділеттілік патшалығы, біріші кезекте, адамның ішкі жан дүниесінде қалыптасуы қажет, адамгершілік, негізі жоқ заңгер – қоғам үшін қауіпті деген ұстанымда болған. Бұйрықты орындаушы, орындатушы бастық, министр деңгейінде қалмай, нағыз ұлттық деңгейдегі азамат болған генерал Шырақбек Қабылбаев негізгі жұмысымен бірге депутаттық қызметті де бірге алып жүрді. Ол төрт мәрте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ОК мүшесі, Қазақ КСР Жоғары Советінің депутаты болып үш мәрте сайланып, қоғам өміріне барынша етене араласқан. 

- Республиканың Ішкі істер министрі, генерал-майор, Орталық Комитет мүшесі, Жоғарғы Кеңестің депутаты қатарлы бір басына жетіп артылатын лауазымы мен атақ-дәрежесі бола тұра өзін әрдайым қарапайым, елмен етене ұстаған деп айтылады, Шырақбек Қабылбайұлы жайлы естеліктерде. 

- Солай. «Ұлық болсаң, кішік бол», дейді ғой, қазақ даналығы. Осы сөз Шырақбек Қабылбайұлына арналғандай. Ол турасында тұстас-тұрғыластарының, қарамағында қызмет істеген қызметкерлердің, әдебиет, өнер, мәдениет саласы адамдарының естеліктері көп. Шырақбек Қабылбаевтың қарапайымдылығын, адамгершілігі туралы «Қарапайым жерлес – ағам» атты мақаласында тұрғылас інісі Бәтташ Сыдықұлы былай деп жазады: «Бұрынғы Семей облысы, Абай аупарткомының екінші хатшысы қызметінде жүргенімде Семей-Қарауыл күре жолының бойындағы Еңлік-Кебек ескерткішінің басында алыс-жақыннан келген қонақтарды қарсы алу менің еншімде болатын.... Қазақ халқына белгілі азамат, сол кездегі Қазақстанның Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаевты осы Еңлік-Кебек күмбезінде қарсы алғаным әлі есте.... Әдеттегі қызмет адамының қасына ертіп жүретін нөкері жоқ, тіпті маңыңда облыстық ішкі істер басқармасының бірде бір қызметкері көрінбейді. Осы жүрісімен-ақ асқан қарапайымдылықтың үлгісін көрсетіп жүргенін ұқтым». Ойлап білген адамға қарапайымдылықтың қандай үлгі-өнегесі десеңізші! 


- «Әдебиет, мәдениет, өнер саласы адамдарының естеліктері көп», - деген ой айтылды ғой. Генерал Қабылбаев тұлғасына қатысты, саналы ғұмырында қаны-жазушылармен, өзге де руханият саласындағы белгілі адамдармен байланысы жайында тоқталып өтсеңіз. 

- Шырақбек Қабылбаев – көргені мен көкірегіне түйегін көп, жан жақты білімді, адамгершілігі зор адам болған. Абай туған топырақта дүниеге келген, Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларын жатқа білген, әрі сол бір дара рухтың аясында тәрбиеленген генерал көркем әдебиетті жастайынан сүйіп, көп оқыған екен. Ол Кеңес Одағының батырлары, майдангер жазушылар Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдулиндермен, қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтермен және Ілияс Омаров, Ғафу Қайырбеков қатарлы өзге де әдебиет қайраткерлерімен достық қарым-қатынаста болған. Мұхтар Әуезовтың шығармаларын жоғары бағалап, «Абай жолы» эпопеясын сүйіп оқыған. Генерал Шырақбек Қабылбаев замандас қаламгерлердің туындыларын қадағалап оқып отырған. Генералдың жеке кітапханасында қазақтың көптеген көрнекті жазушыларының жаңа шыққан кітаптарын қолтаңбасымен ұсынғанын көруге болады. Бірер мысал келтірелік.

Батыр Бауыржан Момышұлы өзінің «За нами Москва» атты кітабына төте жазумен «Шырақбекке Бауыржаннан. 24.11.58. Комиссара, нарокма, первооткрывателя и полковника. Алма-Ата», - деп жазған екен.


Қазақтың көрнекті қоғам қайраткері Әшімбек Бектасов «Мәди» атты кітабын: «Қазақ халқының талантты перзенті Ш.Қабылбаевқа автордан.

Қазақ ССР-нің тұңғыш Жер-су шаруашылығы халық комиссары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюро мүшесіне кандидат болған Әшімбек Бектасовтан», - деп арабша қол қойып ұсынған екен. 


Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Әбіш Жиреншин «Қазақ кітаптарының тарихынан» атты кітабына мынадай қолтаңба жазып ұсыныпты:

«Халқы сүйген ардагер,

Іске жүйрік, кемеңгер.

Кішіпейіл, досқа зер, - 

Сындардан өткен қайраткер Шырақбекке автордан (қолы), 28.12.71. 

Жетпісінші жылдар басындағы талапкер жас ғалым, біздің дәуіріміздің көрнекті академигі Рымғали Нұрғали өзінің «Күретамыр» атты кітабын (қазақ драматургиясының поэтикасы бойынша монография) ұсына отырып, төте жазумен мынадай қолтаңба қалдырған екен: «Абыралының тауынан келіп, халқымыздың ардақты азаматының бірі болған генерал ағамыз Шәкеңе інісінен (қолы). 7.04.1973». 


«Қазақ совет поэзиясының антологиясы» атты екі томдық академиялық жинақтың бірінші томына: «Құрметті Шырақбек Қабылбаевқа. Қазақстан жазушыларымен кездескен күннен естелік. 15 январь, 1969. Алматы» деп С.Мұқанов, Ілияс Есенберлин, Сапарғали Бегалин, Қабдыкәрім Ыдырысов, т.б. жеті қаламгер қолтаңбасын қалдырған екен.


Сондай-ақ «Қарқаралы басында» атты көркем очерктер жинағын ұсынған ақын, жазушы Ғафу Қайырбеков: «Қадірлі Шәкеңе! Туған жер суретінен бір елесті етуге інілік шын көңілден ұсындым. Автор (қолы) Алматы, 1970», - делінген. 


Жеке кітапханасындағы мұндай қолтаңбалар – генералдың әдебиетке құмарлығын, қаламгерлермен жақын араласқан зиялы тұлғасының айқын көрінісі. Генерал Шырақбек Қабылбаев тек оқырман ғана болып қоймай, ішкі істер саласы бойынша түрлі кітаптардың жарық көруіне де ықпал жасап қолдау көрсетіп отырған.

Жетпісінші жылдар басындағы талапкер жас ғалым, біздің дәуіріміздің көрнекті академигі Рымғали Нұрғали өзінің «Күретамыр» атты кітабын (қазақ драматургиясының поэтикасы бойынша монография) ұсына отырып, төте жазумен мынадай қолтаңба қалдырған екен: «Абыралының тауынан келіп, халқымыздың ардақты азаматының бірі болған генерал ағамыз Шәкеңе інісінен (қолы). 7.04.1973». Генерал Шырақбек Қабылбаев тек оқырман ғана болып қоймай, ішкі істер саласы бойынша түрлі кітаптардың жарық көруіне де ықпал жасап қолдау көрсетіп отырған. 

Шырақбек Қабылбаевтың жалпы редакциялық басқаруымен милиция, оның қылмыстарды ашудағы қиындықтарымен дағдылы жұмыс күндері жайлы «Особое назначение» (1972ж.), «Расследование продолжается» (1965ж.) «Бессонный патруль» (1974ж.), «Преступления могло не быть» (1970ж.), «Қоғамдық тәртіп сақшылары» және басқа да кітаптар басылып шықты. «Синие шинели» атты кітап Қазақстанның милициясы туралы тұңғыш басылым болды. 


Бұл кітаптың кіріспе сөзінде Ш.Қабылбаев милицияның дағдылы жұмыс күндерін, батырлық күндерін, әңгімелері мен деректі очерктері, жеке милиция ардагерлері туралы естеліктерді, тарихи анықтамаларды қамтиды. Сондай-ақ генерал Шырақбек Қабылбаев қоғамның милициямен байланысына әрқашан үлкен назар аударып, осы тұрғыда өзі қарамағындағы кадрларға үлгі болып, теледидардан, радиодан сөйлеп, республикалық басылым беттерінде сұхбат беріп, жарияланымдар беріп, халықтың көкейкесті сұрақтарына жауап беріп отырған. 

 

Шырақбек Қабылбайұлы – өнерді ерекше бағалаған, астаналық өнер сарайларындағы концерт, қойылымдарды уақыт тауып тамашалап отырған. Қазақ және орыс халықтарының әндерін тыңдауды қатты ұнатқан. Әсіресе, Жүсіпбек Елебековтің орындауындағы халық әндерін жиі тыңдайтын болған. ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы мұражайында кезінде генералдың өзі ұстаған домбыра сақтаулы. Бұл домбыраны кезінде қазақтың әйгілі әншісі Жәнібек Кәрменов генералға тарту еткен екен. Генерал Шырақбек Қабылбаевтың Жәнібек Кәрменов, Жарқын Шәкәрім сынды белгілі өнер шеберлеріне қамқорлығы – өз алдына бөлек әңгіме. Қызыл қоңыр фанер секілді жұқа материалдан жасалған бұл аспаптың сыртқы бояуына, шпонды пластмассадан салғанына, қорабына қарап танымал ақын, ғалым, өнертанушы Серікбай Оспанов ағамыз мұны әйгілі шебер Эмануил Романенко жасаған болар деп топшылаған еді. 


Осындай мәнді де, мазмұнды ғұмыр сүрген үлкен жүректі азаматты халық та жақсы көріп, елдің елеулі ағаларының бірі санап, құрмет тұтқан генерал Шырақбек Қабылбаев та осы сенімге лайықты өмір сүрді. Оған тұлғаның өмір жолы жайында жоғарыда айтылған әңгімелер, келтірген деректер толық куә болады. Генерал Шырақбек Қабылбаев алпыс алты жасқа шыққан шағында денсаулық жағдайына байланысты, 1973 жылдың 12 қарашасында Қазақстан КП ОК Бірінші хатшысы Д.А.Қонаевқа Қазақ КСР Ішкі істер министрі лауазымынан босату туралы өтінішін ұсынады. Он бір күн өткен соң, 1973 жылы 23 қарашада Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаев зейнеткерлікке шығуына байланысты қызметінен босатылды. Зейнеткерлікке шыққанан соң да қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, белсенді өмір салтын ұстанады. Генерал Шырақбек Қабылбаев 1976 жылы 5 шілде айында 68 жасында Алматы қаласында дүниеден озды. 

- Генерал Шырақбек Қабылбаевтың өнегелі өмір жолы туралы толықтай мәлімет бере алдыңыз деп білемін. «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деген бір сөз бар. Яғни, көз алдымызда жүрген адам өмірден өткен соң жылдардың шаңына көміліп, ұрпақтар алмасқан сайын көмескі тарта береді дегенді меңзегені ғой. Дегенмен, генерал Шырақбек Қабылбаев сияқты өз заманында елі үшін аянбай еңбек еткен өнегелі тұлғалар ұмытылмауы тиіс қой. Осы тұрғыда қандай іс-әрекеттерді, тындырылған шаруаларды атаған болар едіңіз?

- Иә, елі үшін адал еңбек етіп, тер төккен адамдардың есімі ұмытылмайтыны анық. Ондай тұлғаларды кейінгі ұрпақ міндетті түрде іздейді, лайықты ұлықтайды. Оның жарқын мысалы – генерал Шырақбек Қабылбаев есімінің замандар өткен сайын халық жадында жаңғыра түсуі деген болар едім. Бір саланың, яғни Ішкі істер қызметінің адамы болғандықтан, генерал Шырақбек Қабылбаевтың өмірі, қызмет жолы туралы бұрыннан азды-көпті хабардар болатынмын. Генералдың есімін мәңгілік ұлықтау жолында айрықша бел шеше кірісуіме 2014 жылы ҚР ІІМ Қостанай академиясына бастық болып тағайындалуым демеу болды деп білемін.

- Өзіңіз де бүгінге дейін жүріп өткен жолыңызға көз жүгірткенде генерал Шырақбек Қабылбаевтың өмірлік, іс-қызметтік ұстанымдарына ұқсас көптеген параллельдерді көргендей болатын сияқтымыз. Мұны ұрпақтар сабақтастығы деуге бола ма?

- Пікіріңізге рақмет. Дегенмен, генерал Шырақбек Қабылбековтің заманы да, мойнына көтерген жүгі де басқа ғой. Ол кісінің кәсібилік, басқарушылық қырлары мен тәжірибесі, елдік пен руханиятқа деген қамқорлығы, қызметтегі тазалығын өз іс-қызметімде үлгі-өнеге етсем, «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», - деп Абай атамыз айтқандай, қолда қызмет тетігі тұрған уақытта баршаның баласына бірдей қараумен қатар, ұлтымыздың тілін, ділін лайықты деңгейге көтеріп ұлықтасам деген масқатты әрдайым ұстанғанымыз, ұстанып та келе жатқанымызды жасырмаймыз. Осы тұрғыда параллельдер көруіңіз әбден мүмкін. Курсанттан академия бастығына, қатардағы милиционерден генерал-майор шеніне дейінгі жеткен жолымызды да адалдықтан, адамдықтан айнымай жүріп өтуді өмірлік қағидатқа айналдырып, ұстаным еттік. Бұл да болса, алдыңғы толқынның жақсы өнегесін жалғастырсақ деген ниет еді.


Мен 2014 жылы 24 мамырдан бастап ҚР ІІМ Қостанай академиясында бастық болып тағайындалып, 2019 жылға дейін қызмет еттім. Ол менің өмірімнің ерекше тарихи беттері, санамда мəңгі сақталатын жəйт. Ондағы бірге қызмет атқарған ұжымыммен шын мəнінде мақтанамын. Бұл оқу орнындағы қызметім мен игі істерім жоспар бойынша атқарылатын күнделікті қарекет емес, бүгінгі полицейдің тұлғасын қалыптастыруға қосылған үлес десем, артықтығы жоқ шығар. Мен оқу-тəрбие ісінде «Алдымен – адам, сосын – маман» деген ұстанымды алға тартым. Бұл – полицейдің бірінші кезекте адами тұлғасын қалыптастырып, соның негізінде оның бойында елге, жерге, мемлекетке деген патриоттық сезімді қалыптастыруды көздеген ой болатын. 

2014 жылдың маусым айында ІІМ ардагерлер кеңесінен академияға генерал-лейтенат Шырақбек Қабылбаевтың есімін беру туралы ұсыныс түсті. Оны жеке құрамның талқысына салу үшін, көптеген қорларды ақтарып, еңбек жолы мен ІІМ дамуына қосқан үлесін дəлелдейтін материалдар дайындауды қолға алдым. Ұжым бір ауыздан қолдады. ҚР ІІМ-не хаттама көшірмесіне түскен шешімімізді жолдадық. Дайындық жұмыстары басталып, арнайы жоспар əзірленді. Ұйымдастару шаралары жүйесімен іске аса бастады. ҚР ІІМ Қостанай академиясының 50 жылдық тарихы – тұтас бір дəуірді құрайды. Түп бастауы 1971 жылдың 1 қарашасындағы «Қостанай облысаралық кіші жəне орта басшы құрамын даярлау мектебін құру туралы» бұйрықта. Бұл сирек кездесетін ақыл иесі жəне асқан ұйымдастырушылық қабілетке ие - ІІМ министрі Шырақбек Қабылбаевтың ішкі істер жүйесінде түбегейлі өзгеріс енгізген уақыты еді. Ш.Қабылбаев шоқтығының биіктігі мынада. Ол мемлекеттік қажеттіліктің дəрежесін жəне ІІМ жүйесінде білім беру деңгейін арттыру туралы мəселелерді көтерді. Республикада ведомстволық оқу орындарының жалпы жүйесін құру - пешенесіне бұйырды. Шын мəнінде, бұл заң ғылымдарын дамыту үшін, сонымен бірге жоғары сыныпты мамандарды Қазақстанға ғана емес, Кеңес Одағының басқа да бауырлас республикаларына да даярлау үшін жаңа мүмкіндіктерді ашқан саладағы зияткерліктің нағыз енуі еді. 2014 жылдың 9 желтоқсанында ҚР Үкіметінің қаулысына сəйкес ҚР ІІМ Қостанай академиясына Шырақбек Қабылбаевтың құрметті есімі берілді. ІІМ Қостанай академиясында алғашқы құрылғанынан 43-жылдан кейін – ұйымдастырушы жəне ведомствоның тарихындағы аса айқын реформалармен дем беруші, аты аңызға айналған министрдің есімі жоғары оқу орнымызға берілгенімен барлық ұжым мақтанады. Енді ұжым алдында осы қоғам қайреткеріне деген сый-сияпатымыз – оған тұғырлы ескерткіш қою міндеті тұрды. «Оны қалай іске асырамыз, қаражат көзі мен қолдаушыларды қайдан табамыз?» - деген сауалдар түйінін шешуге тура келді. Генерал Қабылбаевтың туған-туыстарын іздеп, жақсы хабармен бөлісіп, қуанышымызда шек болмады. Ш.Қабылбаевтың немере жиені, Қазақстанның құрметті архитекторы Исабаев Ғалым Абдықайымұлын 2015 жылы қаңтар айында арнайы Қостанайға шақырып, ескерткіш орнатудың жоспарымен бөлістік. Қаншама нұсқа мен ойлар айтылды. Түйіндей келе, Қостанай қаласы ҚР ІІМ академиясының саябағында генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевқа арналған мүсіндік композиция жобасын жасауға келістік. Академияның аумағын аралап, Қостанай қаласының Абай даңғылығы жағына қою дұрыс деп шешім қабылдадық. Өйткені, Академияға бас кірер жағы – Ұлт данышпаны Ұлы Абай атында, ал көшенің оң жақ қиылысы – кеңес дəуірінде мемлекеттік қауіпсіздік ісіне зор үлес қосқан генерал Əубəкір Арыстанбековтың есімдерімен аталатын басты қалалық жол торабында орналасқанын келешекте зор мақтаныш болады деп санадық. Содан кейін, академиямыздың қоныстаған аумағына байланысты мынадай бір қағаидатты курсанттардың құлағына үнемі сіңіріп келдім: «Қазақтан шыққан тұңғыш ІІМ генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбаевтың құрметті есімімен аталатын Қостанай академиясы қай жерде тұр?»,, оң жағымызда ҰҚК қазақтан шыққан тұңғыш генералы Əубəкір Арыстанбеков, түйістіруші алдымызда Ұлы Абай көшесі. Халқымызға еңбегі сіңген «АЛТЫН ҚОРДАҒЫ АДАМДАР» тоғысқан үшбұрыштамыз! Осыған мəн берейік. Қазақта «Жақсы жерде жатсаң, жақсы түс көресің» деген тəмсіл бар. Осындай ұлы тұлғалардың атымен аталатын көше бойындағы академияда қызмет атқарудамыз. Енді «Мен елім мен азаматтардың нағыз қорғаушысы боламын, кез келген əділетсіздікке қарсы тұратын адал жəне сенімді полицей боламын, өз борышымды абыроймен орындаймын!» - деген ойды санаға əбден сіңіруден басқаға құқықтарың жоқ! Осы тұлғалардың рухы қолдап, білім, тəрбие жəне қызметіміз осы кісілердің атына сəйкес болсын десеңдер, барлық күш-жігерлеріңмен «Сақшы» мамандығын меңгеріңдер!» - деп, саналарына құюдан жалыққан емеспін, аталған ұжымды басқарған жылдарымда. 


Тəуелсіздіктің алғашқы жылдары полицей мамандығын таңдаған жастарға ұстын етіп ұсынатын, қазақы ұғыммен айтқанда, олар еліктейтін тұлға керектігі білінетін. Ол – ұлтымыздан шыққан тұңғыш Ішкі істер министрі жəне генерал-лейтенанты, беделі құлдырап кеткен саланы реформатор ретінде биікке көтерген бірегей тұлға Шырақбек Қабылбаев еді! Оның өмірі мен қызметі бүгінгі ұрпаққа нағыз үлгі дер едім. Енді біз оның рухани биік тұлғасын, əділетсіздікке қарсы күрескерлігін, шалқар білімін, реформаторлығын, өсиеттерін болашақ полицейлерге жеткізуіміз, санасына сіңіруіміз керек. Ол үшін не тындырылды? Алдымен, оның есімі академияға берілді. Тұғырлы ескерткіші алғаш рет салтанатты түрде ашылды. Шырақбек Қабылбаев туралы қазақ, орыс тілдерінде "Асыл қордағы адам", "Бір домбыраның тарихы", "Честь имеем рассказать" бірнеше фильм түсірілді. Олар академия курсанттарына тəрбие сағаттарында көретін көрнекі құралға айналды. Академия кітапханасына Шырақбек Қабылбаевтың қазақ жəне шет ел классик жазушылары еңбектерінен тұратын бай 350-ден астам жеке кітапханасы келіні Раушан Қалиқызының қатысуымен жеткізілді. Музейге көзі тірісінде тұтынған басқа да жеке заттары қойылды. Шырақбек Қабылбаевтың шығармашылық мұрасы, болашақ ұрпаққа үлгі етіп қалдырып кеткен өсиеттерімен құнды. Тұлғаның ерлікке толы шығармалары оқу ордасында қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің, білім алушы курсанттардың Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін, қазақстандық патриоттық санасын дарыту мен насихаттауда ерекше орын алары сөзсіз. 

Қазіргі күні де басталған жұмысты жалғастырып, «Қазақ зиялысы Шырақбек Қабылбаев» атты өмірдеректік фотоальбом дайындадым. Елу баспатабақ көлемдегі бұл еңбекте генерал Шырақбек Қабылбаевтың өмірі мен қызметіне қатысты аса көп деректер қамтылған. Мұнда фотосуреттер, түпнұсқа құжаттардың көшірмелерімен қатар, жазба материалдар да баршылық. Мұны құрастырып, жазудағы басты масқат – генерал Шырақбек Қабылбаевтың өмірдеректері мен іс-қызметі толықтай тасқа таңбалау; ондағы мазмұн мен идеяны курстанттар, полицейлер мен жалпы қалың оқырмандар үшін ғибрат ету болмақ. Осы үдеден шыға алсақ – кітапты жазып, құрастырудағы мақсатымыздың орындалғаны деп білемін.

- Бүгінгі күн тұрғысында ішкі істер қызметкерінің, нақтылай айтқанда полицияның халық арасындағы беделіне қатысты мәселе қоғамда жиі талқыланып жататыны өтірік емес. Полиция қызметінің жауапкершілігі турасында айтып жатудың өзі артық болар. Сіздің ойыңызша, бүгінгі күннің полициясы қандай болуы керек? Яғни, олардың бойында қандай қасиеттер болуы тиіс деп білесіз? 

- Елімізді əлемдегі ең дамыған, озық елдердің қатарынан көргіміз келеді. Бұл елдің тек экономикасын дамыту емес, оған алып өзенге шапқылап барып тоғысатын жылғалар секілді өмір сапасының барлық көрсеткіштері үлес болып қосылады. Ел іші тыныш, мемлекеттік тəртіп мықты болғанда ғана адамдар өмірінің сапасы көтерілмек. Демек ішкі істер саласының қызметінсіз мемлекеттің дамуы, мықтылар қатарынан көрінуі екіталай. Қатардағы полицей кəсіби маман, құрыштан құйылғандай денсаулығы мықты, рухани бай болмай Ішкі істер саласы арбасының жүрісі түзелмейді. Осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып қызмет атқарған мен, полиция мамандарын дайындайтын білім ордасындағы материалдық базаны дұрыстамай, білікті кадрлармен қамтамасыз етпей, қалған əңгіменің бəрі курсанттардың құлағына бəйіт оқумен бірдей санаймын. Ең арғысын айтқанда, академияны басқаруға келген жылдарымда мұнда курсанттар жатақханасы, дəретханасы, аула тазалығы жəне т.б. сын көтермейтін жағдайда болатын. Барлығы да жөнге келді, тазалық орнады. Ол болашақ полицейлердің білім алатын аудиториясы, жатын орны заманауи қалыпта болуы тиіс екенін қызмет бабында алыс шетел мемлекеттерінің оқу орындарынан байқадым. «Театр киім ілгіштен басталады» деген К.С. Станиславскийдің сөзі тек өнерге ғана қатысты болмаса керек-ті. Сонымен қатар, республиканың, жақын жəне алыс шетелдердегі ұқсас жоғары оқу орындарымен араласу, шығармашылық ынтымақтастық саясатын дамытып, бірлескен ғылыми зерттеулерді, тəрбиелік іс-шараларды өткізу, оқу жəне ғылыми əдебиеттермен алмасу барысында қол жеткізген қызықтыратын кəсіби бедел арқылы 2015 жылы Бахрейн мемлекетінде Қостанай академиясын INTERPA Полиция академияларының халықаралық ассоциациясының толық құқықты мүшелікке өткізгендігімді тебірене еске аламын. Бұл беделді халықаралық ұйым оған мүше елдердің полицейлер дайындаудағы озық, заманауи тəжірибелерімен бөлісуге теңдессіз мүмкіндік береді. Өйткені, əлемнің қай нүктесінде болсын полицейлердің атқаратын міндеті бірдей – ол қоғамдық тəртіпті қорғау жəне қауіпсіздікті күзету. Өз ісінің кəсіби шебері жедел-қызметтік міндеттерді біліктілікпен жоғары деңгейде шеше алатын қазіргі заманғы полиция қызметкерінің тұрпатын қалыптастыруда ерекше орынды ҚР ІІМ ведомствалық оқу орындары алатыны сөзсіз. ІІМ академияларында барлық қажетті материалдық-тұрмыстық орта жасалса, ондағы курсанттар оқуларынан алаңдамай, интелектілік жəне дене күштерін тез қалпына келтіретініне күмəн жоқ. Полиция қызметкерлерінің өздері заңды сақтау мен орындауда көрсететін үлгі-өнегесі – қоғам мен мемлекеттің оған жұмсаған күш-жігерінің зая кетпегенінің айғағы. Халықтың салығынан қаржыландыратын полициядан xалық тиісті атқарушылық пен заңдылықтың сақталуын талап етуге құқылы. Осылайша, мемлекет, полиция мен азаматтардың бірлесе келісілген күш-жігерлері арқасында жəне де мақсатты бағытталған айтарлықтай қаржы, материалдық-теxникалық құралдар бөлінсе, өркениетті қоғамда білімді, мəдениетті, əділ, адал, тартымды да байсалды кəсіби деңгейі жоғары, xалық арасында беделі бар жəне өзінің мамандығымен мақтанатын қызметкерлер қалыптасатыны сөзсіз. 

- «Генерал болуды армандамайтын солдат болмайды» деген айтылым бар. Сіз сол арманға жеткен адамсыз. Генералдық шенге жету мен оны лайықты алып жүрудің де қиындығы бар деп санайсыз ба? 

- Генерал болу – жолы өте қиын да, күрделі. Барлығы əрбір адамның өзінің қызметтік міндеттерін адал орындауына байланысты. Мен барлық қызметтік мансап баспалдақтарыма зор жауапкершілікпен қарадым. Қазіргі өмірлік ұстанымым да солай. Өзімнің өмірлік жолымда курсанттан бастап, академия бастығының дəрежесіне жетіп отырмын. Оның ішінде, бірнеше еңбек сатыларынан өттім. Атап айтсақ, күзетші, милиционер, жедел уəкіл, ғылыми қызметкер, оқытушы, аға оқытушы, кафедра доценті, кафедра бастығының орынбасары, Қарағанды академиясы бастығының орынбасары, одан кейін Қостанай академиясының бастығы болдым. Табындылық пен қажырлы еңбек арқылы ілгері басып, алға жылжыдым – ол мен үшін сенімді ақтаудың нағыз күші. Қоғамда көпшіліктің ойында қалыптасқан жаңсақ пікір бар. «Ауылдан шыққан қарапайым бала биік жетістіктерге қол жеткізе алмайды» деген. Ол қате пікір. Өткеніме көз жүгірте отырып, мақтанышпен «ауылдың баласынан академия бастығы жəне генерал шықты» деп айта аламын. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген халық тəмсілі бар. Ал, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Болады деп арманда» өлеңінде: 

Мына өмірде, жүрегіңде,

Бойыңда ыстық қан барда.

Болмысты да, болмасты да,

Болады деп арманда! – деп жырлаған емес пе! Өмірде адам əлеуметтік тегіне, нəсіліне, тіліне, дініне қарамастан барлық жетістікке жете алады. Əр адамның өмірі – өз қолында. Сондықтан да, курсанттар мен болашақ офицерлер нағыз қазақстандық полиция қызметкері жолында аянбай тер төгіп, еңбек етуі керек. «Əр солдат, генерал болуды армандайды». Менің арманым орындалды... Мен «Тəуелсіз Қазақстанның полиция генералы» деген атаққа, астықты өлке Қостанайда қол жеткіздім. Осы атаққа жету жолында қызметтестік жасаған Облыс, қала тұрғандарына жəне басшыларына, ЖОО ректорларына, құқық қоғау органдары басышалырына алғысым шексіз. Ең бастысы, алға ұмтылысымды жоғарыдағы басшылар байқап, өсуіме жол ашты. Иə, жауапкершілік өте жоғары, менің осы лауазымда отырып шешім қабылдау деңгейім қателікті кешірмейді. Сондықтан, мен генерал ретінде əділ, талапты жəне жүйелі жұмыс істеуім қажет еді. Əрбір офицер үшін Отанын сүю мен антына беріктік – басты қағида. Ең бастысы, əр күн сайын өз қызметтік міндеттерімді адал орындаудамын. Менің қызметімнің нəтижесі мен бағасы – осы генерал атағына қол жеткізуім. Мен үшін ең бастысы, ерекше қызметтік жəне азаматтық борышымды сезіну ғана емес, ол адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттің алдындағы ендігі жоғары жауапкершілігім, өмірдің қандайда болмасын əртүрлі жағдайларында дұрыс шешім қабылдау, талапты жəне əділ басшы болу. 

- Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға, генерал Шырақбек Қабылбаевтың ғұмырдерегі мен іс-қызметі жайында, бүгінгі заман ішкі істер қызметкері бейнесі туралы өзіңіздің өмір жолыңыздан жолыңызбен өрнектей отырып танымдық, тұщымды әңгімелеп бергеніңіз үшін зор алғыс білдіремін. Тәуелсіз Қазақстанның алаңсыз өмірін қамтамасыз етуші құқық қорғаушылар дайындау жолындағы еңбегіңіз жемісті болсын! Еліміздің ертеңі, жарқын болашағы жолында қажыр-қайратыңызды жұмсап, қызмет биіктерінен көріне беруіңізді тілеймін!

Фотосуреттер генерал-майор Мирлан Қызыловтың жеке мұрағатынан алынды