«Қосшы» бұқаралық ұйым. Негізінен ауыл, қыстақ кедей шаруаларының әлеуметтік және жер-су реформаларын жүзеге асыру мәселелерімен шұғылданды
Өткен 5 жылдың төңкеріс дәуірінде қазақ-қырғыз еңбекшілерінің басын қосып, теңдікті иеленуіне құқықтандырған, кейінгі 1-2 жылдың ішінде олардың арасында ашылған қосшылар ұйымдарының негізгі мақсаты: облыстық, болыстық,үйездік жерлерде болған қазақ-қырғыз еңбекшілерінің бастарын қосып, бір ниетте, бір жолда жұмыс қылдыру, мұнан ілгері де олардың маңдай тері, қара күші арқасында пайдаланып келе жатқан-бай манаптардың құлдығынан босатып, бостандық даласына шығарып, еңбекшілдер дәуірінде өздеріне лайықты телімге илендіру. Қазақ еңбекшілдерін жер-судан пайдаландыру тұрмыстарын түзеу үшін өз ұйымдары арасында ауыл шаруашылық кооперациясын ашып, қолда жоқ диқаншылыққа керекті болған аспаптарды бар жерлерден келтіру. Ағарту істерін алға қою һәм осы сияқты көп істер.
Жаңа шаруашылық саясатының туарының алдында аймақтық 9-шы кеңестер сиезінің һәм 5-ші партия сиезінің қаулыларына муафиқ Жетісу облысында, Сырдария облысының Әулие ата, Шымкентте Мырзашөл үйездеріне һәм басқа облыстардың да біраз үйіздерінде жер реформасы болды. Жер реформасының ел арасында ілгеріден еңбекшілердің қанын сорып, жерге, суға иеленіп келе жатқан бай-манаптардың көп жерлерде жер-сулары, қара малдары, диқаншылыққа керекті аспаптарды хүкімет күшімен алынып, қосшылар ұйымдарына берілді.
Бұл жұмыс қосшылар ұйымдарының тездікпен жасамағына, қазақ-қырғыз кедейлерінің шынымен-ақ кедейлер дәуірінің орнағанына сенсек, кедейлерді көп жұмыстарға талаптандырды. Кедей кім, бай-манап кім, тәуірін өзі ажыратты.
Октябрь айында болып өткен 8-ші аймақтық партия конференциясында қосшылар ұйымдарының мұнан бұлай нығаюы туралы көп жолдар көрсетілді, бірақ, ұйымдарға күш беріп, іс жүзінде іске асыру керек.
Білгенге белгілі, қосшылар ұйымдарында жалғыз ғана еңбекшілер емес, тондарын айналдырып киіп, сөзінде кедейшіл болып көп жерлерде орта байлар, ұрылар, бұзықтар кіріп кеткен. Сондықтан, бірінші кезектегі жұмыс қосшылар ұйымдарын тазарту болды. 19-20 жылдардағыдай аламан тасыр дәуір емес, жаңа шаруашылық саясаты туылды, оның жолын мемлекет ұйымдары қолданып келе жатыр. Пұлсыз аларлық бұйым жоқ, бейнетсіз тауарлық тыйым жоқ. Сондықтан, қосшылар ұйымдарының жасамағына олар арасында кем-кетіктің жойылмағына, жоғарыда көрсетілген ауыл шаруашылық кооперацияларын ашылғандарын жөндеп, ашылмаған жерде ашып, іске қосу керек.
Мемлекеттің байлығы белгілі, «аспаннан дорбалап теңге түседі» дегенді қылып, алақанда жайып отыратын күн емес.
Конференция барлық партия ұйымдарының қосшылар ұйымдарына айрықша көздерінің қырын салып, қосшылар ұйымдарының кезектегі істерінің жарыққа шығуы шарасына кіріссін. Олардың ісіне жол басшылық қылсын. Осал жеріне партия мүшелеріне адам берілсін деп, анықтап көрсетіп отыр.
Конференциядан кейін қосшылар уәкілдерінің қылған кеңесінде білінді. Түркістан аймағында қосшылардың 366 болыстық комитеттері бар, барлық мүшелерінің саны: 245 259. Көп жерлерде болыстық үйездік жердегі комитеттерінің ұсақтығынан, болыстық жерлердегі байлар, манаптар қосшылар мүшелерін топ-топқа бөілп, партия жасап шақ-шақ ұрыстыруда. 20-21 жылдары қуғында жүрген байлар еліне қайтып келіп, жаңа шаруашылық саясатын Қарқаралыға өзге мағанада түсіндіріп, өздерін жоғары тұтып, көрер көзге билік қылуда.
Үйездік қосшылар комитеттері мен партия комитеттері көп қатынастық қылмайды. Қосшылар комиттеттерінде партия мүшелерінен аз, көбінде жоқ (Әулиеата үйезінде қосшылар комитетінің бастығы Гумаровты огорком К.П.Т. ақиқатын білместен партияда деп жүріп, жақында болып өткен облыстық партия комитетінде жалпы жиылысында уәкілдікке сайлайды. Ташкенге келген соң, өтірігі шығып, Гумаров мәжілістен айдалып шықты). Сондықтан, облыстық, үйездік жерлердегі партия комитеттерінің кезекті жұмыстары қосшылар ұйымдарына партия мүшелерінен іскер, саясатшыл жергілікті жолдастардан кіргізіп күш беру. Солар арқылы қосшылар ұйымдарын жарамас адамдардан тазартып, іске асыруы өте керек.
Қосшылар ұйымдарының комитеттерінде сол қосшылардың тұрмысынан, әдетінен хабары бар жергілікті адамдармен сайлау өткізіп, ілгергі, соңғы шығарылған нұсқалармен таныстырып, атқару жұмыстарының ізін белгілеп, кезектегі істерді сөйлеп тарқастық қылмай, істе көрсетулерінің шарасына кірісулері керек.
Үйездік, болыстық атқару комитеттерге қосшылардан уәкіл өтулері шарт. Өйтпеген күнде жалғастық болмайды, болып келе жатқан түсінбеушіліктер жойылмайды, негізге мақсат жарыққа шықпайды.
Кіндіктегі қосшылар комитеті партия конференциясының ұсынған нұсқауларын кіндік партия комитеті, кіндік атқару комитеті арқылы облыстық үйездік партия һәм атқару комитеттері қосшылар ұйымдары туралы істелуі керек болған кіндіктегі жұмыстарды тездікпен атқарудың әрекетін қылу керек. Қосшылар ұйымдарының комитеттеріне партиядан күш керек. Сол жаңа күштер арқылы қосшылар ұйымдарын тазарту керек. Ауыл шаруашылық кооперацияларын қосшылар ұйымында ашу керек.
АҚ ЖОЛ газеті, № 245.
Дүйсенбі, 30 ноябрь, 1922 жыл
Әзірлеген: Дәулет ІЗТІЛЕУ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)