Асылтай Тасболат: Ислам әлемінде философиялық ізденістер тоқтаған емес
26.11.2020 1965

X-XV ғасырлар аралығы Орта Азия мен Араб түбегі үшін үлкен гүлдену ғасыры болды. Әбу Наср әл Фараби, Ибн Сина, әл Кинди, әл Бируни, Хорезми секілді мың жылда бір туатын ғалымдар, философтар шоғыр-шоғырымен дүниеге келді. Бұл кезең Мұсылман ренессансы деген атпен тарихта қалды. Ертедегі грек философтары негіздеген философиялық ойларды әл Кинди, әл Фраби секілді ғалымдар араб тіліне аударып, қайталай зерделеп, жаңалай өмірге алып келді. Бұл ойлар практикалық ғылымның дамуына, философиядан әрі қарайғы өзге де ғылымдардың бөлініп шығуына үлкен әсер ете алды. XVI-XVII ғасырларда басталған Еуропалық ренессансқа басбалдақ бола білді. Бүгінгі таңда мұсылман ренессансын мадақтап еске алғанымызбен оның дүниеге келуіне себеп болған алғышарттар туралы, және оның тоқырау себептері туралы көп айта бермейміз.


Адамзат тарихындағы кез-келген өзгерістер әр түрлі факторлар негізінде жүзеге асады. Мысалы Еуропадағы қараңғылық ғасыры шіркеу енгізген шектеулерге тікелей байланысты болды. Медицина да, ғылым да, астрономия да шіркеу белгілеген шарттан шықпауы керек болды. Бруноны отқа жағып, Коперникті қудалаған жылдар мұсылман ренессансынан көп кейін XVI ғасырда болған оқиғалар. Ал осы кездегі Коперник дәлелдей алмаған Гелиоцентристік көзқарасты XI ғасырдың өзінде ашық ортаға қоя алды. Егер біздер дін атаулы тек адам ақыл-ойын шектеуші, іс-әрекетіне тежеу салушы деп қарасақ, мұсылман ренессансы кезіндегі философтар мен жаратылыстану ғалымдарын тек атеист деп қана қарай алар едік. Еінші бір жағынан қарасаңыз мұсылман ренессансының басталуы да исламның кең тарала бастауымен байланысты екен. Ал христиандықтың кең таралуымен ғылым мен білім тұншығып, құрдымға кете бастағаны анық болатын. Еуропа бұл жағдайды дінді қоғамнан, саясаттан, экономикадан бөлектеп, зайырлылық приципін ортаға шығару арқылы реттей алды. Осы тұста туындайтын заңды сұрақ ислам әлеміндегі ренессанстың басы қандай себептен басталды, және соңы немен тынды? Тоқырау неден басталды, қателік қайдан?

Осы тиіптес ойландырған бір неше сауалымызды PһD докторант, дінтанушы Асылтай Тасболатқа қойған едік. Ойландырған саулдарымызға біраз жауап тапқандай болдық.

– Ислам ренессансының басталуына діни түсінік себепші болды ма? Әлде тарихи жағдай солай қалыптасты ма? Ғылымға сұраныс қалай пайда болды?

– Ислам ренессансы жайында жазған шығыстанушылардың ішінде Адам Мец (1869–1917) Мұсылмандық ренессанс (Die Renaissance des Islâms) еңбегінде алғаш рет ауқымды негізде Ислам тудырған өркениетті жан-жақты талдап көрсеткен еді. ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі ислам өркениетіне объективті баға берген Батыс зерттеушілерінің ішінде Уотт Монтгомеридің (1909–2006) Ортағасыр Еуропаға Исламның ықпалы (The Influence of Islam on Medieval Europe) зерттеуінің де орны ерекше. Ал Орта Азиядағы ислам өркениетінің мазмұнын бүге-шүгесіне дейін жазып шыққан берідегі ғалымдардың бірі Фредерик Старрдың Ұмыт қалған ағартушылық: Орталық Азияның араб шапқыншылығынан Әмір Темірге дейінгі алтын ғасыры (Lost Enlightenment: Central Asia’s Golden Age from the Arab Conquest to Tamerlane) еңбегі Орта Азиядағы қала мәдениетінен бастап ирригация жүйесі, сол заманғы сауат орталығы ретіндегі әлеуеті, экспорттық потенциалы, қағаз, керамика секілді көптеген тауарлардың өндірісі, монеталардың түрлері, мәдени алмасулар мекені болғандығы, архитектура, медицина, рационалдық ғылымдардың дамуына қосқан үлесіне дейінгі тақырыптарды қарастырып шыққан.

Ислам жайылып таралған аймақтарындағы мәдени дәстүрлермен үйлесіп, Халифат территориясы ұлғайған сайын ғылым мен білімнің орталығына айналғанға ұқсайды. Аббасилер дәуіріндегі Бәйту-л Хикма орталығы аударма ісімен қатар грек философия дәстүрін жаңғыртып Ислам философиясының қалыптасуына түрткі болды. Жалпы Пайғамбар дүниеден озған соң көп өтпей Исламдағы алғашқы ішкі азаматтық соғыстардың себебінен фырқаларға бөліну үрдісі жылдам жүріп, шиға, сунни және харижилік ағымдар легитимділікке ұмтылған тұста ілімдерін негіздеу үшін теологиялық ізденістерге жол ашқанын көреміз. Осылайша Құранды, пайғамбар сүннетін негізге ала отырып сунни және шиға, одан кейін мутазилә ағымының мутакаллимдері (теологтары) өз доктринасын ақли және нақли дәлелдер аясында негіздеуге тырысқаны мәлім. Қазіргі кең тараған нарратив бойынша Ислам философиясы мен теологиясы (кәлам ілімі) ІХ ғасырда қалыптасып үлгеріп, философияның әлеуеті ХІІ ғасырға дейін жалғасты делінеді. Яғни, «Ислам әлемі Еуропадағы «түнек ғасырлар» кезінде грек философиялық мұрасын сақтап қалды және түсініктеме жасады, содан кейін ХІІ және ХІІІ ғасырлар ішінде бұл мұраны латынтілді Батысқа табыс етті» деген түсінік ХХ ғасырдағы ғылыми ортада орнығып қалған еді. Кейбіреулер тіпті сунни кәламшылардың (ортодокс теологтар, әсіресе Ғазали) терістеуінің кесірінен ХІІ ғасырдағы ислам әлемінде философия дәстүрі құрдымға кетті, сондықтан ислам әлемі бұл мұрадан өзі бас тартып, латынтілді Батыстың бағына қарай, грек философия мұрасын дер кезінде сақтап қала алды да Батыстқа сәтті табыс етті деп санап келді. Батыста 1960 жылдардан бастап осы әңгімеге күмәнмен қараған алғашқы үш тұлға: Анри Корбен, Сайид Хусейн Наср мен Николас Решер еді. Корбен мен Наср Иранда сақталып қалған ислам философиясын зерттеу барысында ислам философия дәстүрінің шиғалық Иран ортасында қазіргі кезге дейін үзіліссіз жалғасқанын көрсетті. Решер ХІІІ ғасырдан бері қарай логика бойынша жазылған арабша еңбектердің потенциалы мен кемелдігіне назар аударды. Осылайша Ислам интеллектуалдық тарихын зерттеуде Ислам философиясының классикалық кезеңінен бөлек, постклассикалық және модерн кезеңдегі мұрасының бар екендігі, философиялық ізденістердің тоқтамағаны белгілі болып отыр.

– Керемет математиктер, географтар, философтарды жарыққа шығарған ұлы өркениет қалай тоқырады? Қандай топтардың немесе жеке адамдардың ықпалы болды?

– Ислам өркениетаралық қақтығыста Батыстан жеңілгені, бәсекеге шыдас бере алмағаны тарихи шындық. Капитализм құбылысы талай өркениетті жаңа жолды таңдауға итермелеген әлемдік өзгерістің басы болды. Ренесанс дәуірінен бастау алатын гуманизм қағидалары отарлық дәуірде нағыз өз биігіне шыға қойды деп айту да қиын. Ислам әлемінің Батыстан жеңілу себептеріне үңілген Бернард Льюистің кейбір көзқарастары қазір сынға ұшырап жатыр. Батыстағы жаңа заман дәуірінде пайда болған позитивистік, марксистік философия бір шетінен идеологиялық мектептердің дамуына ықпал етіп, Еуропацентризмге, отарлық санаға қызмет етіп қана қоймай, ХХ ғасырда адамзаттық масштабтағы террорға ықпал (фашизм, коммунизм) етті. ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс өркениетіндегі ойшылдар модерн дәуірдің сынын жасап, нәсілшілдікке әбден былғанған өткенін сын тезіне сала бастады. Осы кезеңде тәуілсіздікке қол жеткізген бұрынғы отар Ислам елдерінде исламизм, саяси ислам тамыр жайып үлгерген еді. Себебі отарлықты бастан кешірген Ислам әлемі үшін Батыс отарлығына қарсы Ислам бірлігі (иттихад әл-исламийа), басқыншыларға қарсы күресу идеясы тартымды көрінді. Батыс модернизмімен бетпе бет келген Ислам өркениетінің алғашқы реакциясы консерватизм мен жихадизмге орын берді. Жәмағат әл-исламийа, Ихуан Муслимин, әл-Каида, ДАИШ сынды террорға былғанған экстремистік ұйымдардың көптеп шығуын отарлық тарихымен байланыстырмау мүмкін емес. Осының салдарынан Ислам елдеріндегі ойшылдар мен ислам ақыл-ойының өткені ұмыт қалып, жаңаша ой, философиялық ізденіс қарқын алмай қалды. Ислам модернистерінің алғашқы буыны (Сайд Ахмед Хан, Жәмаладдин Ауғани, Рашид Риза) саяси лозунгтарға, ғылыми детерменизмге көбірек беріліп кеткенге ұқсайды. Бірақ жағдай ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін мүлдем өзгеше қалыпқа түсе бастады. Фазлур Рахман, Мұхаммед Абид Жәбири, Хусейн Атай, Әли Абдраззақ сынды ислам модернистерінің кейінгі толқыны Ислам ақыл-ойының көкжиектерін танытты. Ауқымды түрде исламның өткеніне сыни талдау жасап, жаңа эпистемологиялық, методологиялық ізденістерге жол ашты. Сунни исламда ұмытыла бастаған Матуриди мұрасы да қайта зерделеніп, Матуридийа мектебіндегі танымда ақылға ерекше орын беретін, адамның қалау еркіндігін негіздейтін кәламдық көзқарастары ғылыми тұрғыдан тұжырымдала бастады. Батыс философиясындағы экзистенциалистер Модерн дәуірдің сынын ХХ ғасырдың басында-ақ жасаған болса, кейінгі неомарксистер мен француз постструктуралистері, постмодернистері нәсілшілдік, прюларизм, адам құқықтарының универсалдығы мен әртүрлілік сынды мәселелерді орталық проблема ретінде көтерді. Ислам әлемінде 50-60 жылдары отарлық қамыттан құтылған елдерде үмметшілдік, араб социализмі, салафилік сынды саяси қозғалыстар күш алуымен қатар, Исламды қайта тұжырымдауда, адам құқықтары мен зайырлылық қағидаларының модерн шарттарға сай тұжырымдала алатынын негіздеуде қазіргі ислам ойшылдарының еңбегі орасан болғаны даусыз. Тек отарлық қамытынан кеше ғана босаған Ислам елдеріндегі тирания, саяси исламның лозунгтары, жамағатшылдық отарлықтың зардабы ретінде әлі күнге өршіп тұр. Бұл бірақ Ислам өркениеті түгел дерлік тоқырады дегенді білдірмесе керек. Ол үшін саяси құрылымның адамзат таңдаған көшке орай ұйымдастырылуы маңызды дер едім. Қазіргі кезде Мағрибтан (Марокко) шыққан Мұхаммед Жәбиридің деконструкциясы, Мысырдағы Хассан Ханафидің антропоцентристік теологияны дамыту жайлы тұжырымдары, Фазлур Рахманның историцизм методы Ислам ақыл-ойының жаңалануының көрінісі ретінде бағалануда. Тіпті Еуропа мен Америкада либерал, прогрессив Ислам қозғалыстары туындап жатыр.

– Қандай философиялық ағымдар ғылымға жол ашуға ықпал етті? Исмаилшылар, мутәзилиттер, мутәкәлимдер деген кімдер?

– Ислам интеллектуалдық тарихындағы әрбір ағым, философиялық-теологиялық мектептер ғылым мен рационалдық ойлауға қызмет етті деуге болады, тіпті ақылға қарсы болғанның өзінде. Мутазилә ағымы сунни кәламның тегеурінді қарсылығына қарамастан тіпті суннизмнің доктриналық негіздерінің қалыптасуына ықпал етті. Сунни исламдағы мутакәллимдер (кәламшылар-теологтар) мутазиләмен диалектика арқылы кәлам ілімін қалыптастырып шықты. Исмаили шиғасы да жаңаплатондық философияны шиғалық доктриналармен үйлестірген дәстүрге жол ашты. Мәшшаилік (ислам перипатетиктері), ишрақилік пен Ибн Арабидің сопылық философиясы саналатын Акбарилік дәстүрі беріге дейін үзілмей жеткен ислам философиясының арналарын танытады. XVIII ғасырда өмір сүрген Мулла Садра осы үш арнадан қуат алып, өзгеше философиялық дәстүрдің негізін қалаған еді. Мұны енді ғана зерделей бастаған Батыс зерттеушілері «трансцедентті философия» (фәлсафату-л әғла) деген атаумен беріп жүр. Оның болмыстың мәһияттан бастапқылығын (әсалат әл-ужуд) негіздеген тұжырымдары Батыстағы онтология жайлы философияда Хайдеггерден бастап қана айтылғанын көреміз.

– Исламдағы Құдай неге адамның ойлауына шек қойды? Әлде бұл жолдан қосылған қағидалар ма?

– Ислам ақыл-ойы тарихында ойлауға шек қоятын әһл-і хадис өкілдері (Ахмед бин Ханбал) саяси күшке ие болғанға дейін мәтіншілдік/буквализм мұншалықты өрбіген емес еді. Кейіннен Ханбалилік-Таймиялық мектеп өкілдері салафилік ағым ретінде осы мәтіншілдікті одан әрі дамытты. Ал Ханафилік, Матуридилік және қазіргі ислам ойшылдары керісінше Құранның ақылға, ойлануға шақыратынын айтады. Ақылдың эпистемологиялық негіз саналатынын Құран аяттары арқылы бекітеді. Сондықтан Ислам мен оның мәзһабтары жайлы сөз болғанда мәзһабты діннің өзі емес, дінді интерпретациялаудың тарихи шарты, құралы болғанын естен шығармау қажет. Ханафи-Матуриди дәстүріндегі ақли және ғурфи нәсх әдісі (кейбір діни үкімдерді жергілікті шарттарға сай әдет-ғұрыппен немесе ақылға сай шешімдермен алмастыру қағидасы) мен Фазлур Рахман секілді ислам модернистерінің историцизм әдісі, бұған қоса тарихтағы Ислам философиясы тудырып келе жатқан өркениет ойланудың, ақыл қорытындыларына мән берудің Исламдағы орнын байқатады.

– Ислам индивидті ұната ма, әлде тобырды ұната ма? Исламдағы адам еркі мен мүмкіндігінің шегі қай жерде? Дін неге ғылымға шабыт бере алмайды?

– Ислам жәһилийа дәуіріне дейінгі ұжымдық жауапкершілік дәстүрінің орнына жеке индивидтің жауапкершілігін алып келген еді. Мысалы дәстүрлі араб қоғамында бір қауымның өкілін басқа бір көршілес тайпаның өкілі өлтірер болса, орнына сол қауымнан кез келген біреуінің жанын қия салу түкке тұрмайтын, кейде бұл құн төлеумен шешіле салатын. Исламнан кейін бұл үрдіс сол дәуір биігінен қарағанда өркениеттік арнаға түсіп, жаза қолдану механизмдері дамыды. Ал сенім бойынша қарар болсақ, Исламда ақиретте әрбір адам Құдай алдында жеке жауап береді. Бірақ исламдағы ақыл-ой стагнацияға ұшыраған кезде қоғамдық өмірде адам құқықтары мен әйелдердің құқығы әлсірегенін, ойлауға қарсы теологиялық дәстүрдің дамығанын көреміз. Мұны тақлид деп те атайды. Меніңше дәл қазір исламды ұстанушылардың барлығы діннің кесірінен ғылымға қызықпайды деп ойлау да негізсіз. Тіпті Макс Вебер Протестанттық этика және капитализм рухы еңбегінде Карл Маркстың экономикалық детерменизмін сынап, діннің капиталистік қатынастарды күрделендірудегі рөлін протестантизм мен басқа да Шығыс діндерін салыстырмалы зерттеу арқылы негіздеген болатын. Экономикалық өсім мен индустрализация, ғылым-білімнің өркендеуі діннен бөлек экономикалық модельді дұрыс ұйымдастырудың нәтижесі, отарлық кезеңде капитализмнің қозғаушысы болған Батыстың дамуы да заңдылық, себебі олар осы өздері дамытқан, дөңгелеткен жүйені ары қарай кемелдендіру үстінде. Ал Ислам әлемі кеше ғана отарлықтан шығып қана қоймай, ғылым мен білім беруді, экономиканы үйлестіруге міндетті саяси құрылымын тирандардың қолына беріп қойды. Мысалы, Түркия зайырлы, демократиялық жүйені орнықтыру арқылы беріде экономикалық, мәдени және ғылым-білімін өркендетуге мүмкіндік алды. Үмметшілдік пен панарабтық идеологиядан, салафизмнің саяси лозунгтарынан айығып ұлттық мемлекет құру жолына түскен кез келген мұсылман елінің дамитыны сөзсіз. Тіпті Батыста қазір постсекуляризм деген термин пайда болды, адамзат ХХ ғасырдағы идеологиялық ілімдер проблемаларын шешпеген соң, жұмыссыздық пен экзистенциялық проблемалар өршіп кетуіне байланысты дінге көптеп бет бұруда. Сондықтан қазіргі өлшемдегі ғылым-білімнің дамуы көбірек дұрыс ұйымдастыру мен саяси құрылымның еншісіндегі құбылыс сияқты көрінеді маған. Батысқа иммиграция жасаған, әртүрлі трансұлттық корпорацияларда жұмыс жасайтын мұсылман ғалымдардың үлесі айтарлықтай екені даусыз. Себебі сондай платформаны дайындаған елдерде үшінші әлем елдерінен келген жандардың өз потенциалын көрсетуге мүмкіндік туады. Олардың мұсылмандық идентификациясы ғылыми жаңалық ашуына кедергі емес екені түсінікті емес пе? Ислам мен мұсылмандық әртүрлі аймақтағы мәдени ерекшеліктермен астасып кеткен, яғни мұсылмандардың барлығы консерватор немесе ғылымға қызықпайды деп ойлау – стереотип болуы мүмкін.

– Мағыналы әңгімеңіз үшін рахмет!