ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ меценаттары: тарихы мен тағдыры
07.09.2015 2822
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында советтік баспасөз тарапынан «алашордашыл», «контрабанда», «ұлтшыл» деп айыпталған қазақ байлары мемлекеттік деңгейде әлі ақталған жоқ

ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ қоғамының мемлекеттік құрылымын жаңа әрі өркениеттілік тұрғыда қалпына келтіруге тырысқан. Алаш қайраткерлерінің ел ішінде сенім артқан әлеуметтік тірегі қазақ байлары болғаны талас тудырмайды. Алаш қозғалысының халық арасында кең таралуына, жергілікті қазақ комитеттерінің берік орнығуына аталмыш әлеуметтік топ өкілдері өз септігін тигізді. Бұрынғы Ресей империясының территориясында патшалық билікті алмастырған атқарушы үкімет тарапынан мойындалмаған Алаш автономиясы қазақ қоғамының негізгі экономикалық тірегі саналған қазақ байларына арқа сүйеді. Өйткені жаңадан құрылған Алашорда үкіметінің қаржылық және материалдық қажеттіліктері қазақ байлары тарапынан өтеліп отырды. 

Алашорда үкіметінің экономикалық және қорғаныс тірегі саналған қазақ байлары қатарында семейлік Қаражан Үкібаев, шыңғыстаулық Медеу Оразбаев, Ике Әділов, Қарқаралы өңірінен Хасен Ақаев, ағайынды Бекметевтер, Ыбырай Ақпаев, жетісулық Маман байдың балалары және Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінен қобдалық Иса Көпжасаров, Сырым батырдың шөбересі Салық Омаров, Маңғыстау өңіріне аты шыққан бай Тобанияз Әлниязовтарды ерекше атап өтеміз. 

Қазақ байларының алаш мұраты жолындағы ерен еңбегі – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жастарының Ресей империясының және әлемнің жоғары оқу орындарында білім алуына жәрдемдесуі еді. Мәселен, Жаһанша (Жанша) Досмұхамедов Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың көмегімен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген [1]. Қазақ байларының ЖОО оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастарына шәкіртақы тағайындауы, демеушілік жасауы әлі де болса зерттелуі тиіс. 

Алашорданың орталығы болып саналған Семей қаласы мен оның өңірлеріндегі қазақ байлары Алаш қозғалысына 1905 жылдан бастап қолдау көрсеткен. Мәселен, 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған Қарқаралы петициясын қостаушылардың ішінде ауқатты адамдар көп болған. Мәселен, «Дело об агитации среди киргиз Каркаралинского и Павлодарского уездов о посылке в Петербург для представления от Киргизского народа петиции царю» деп аталатын құжатқа 42 адам қол қойған [2, 26-30-б.]. Аталмыш науқанды іске асыру барысында петицияны ұйымдастырушылар қырдағы халыққа беделді, сөзі жүретін ел ағаларына, байларға сенім артты. Осы саяси науқан Алаш қайраткерлері мен ұлттық буржуазия өкілдерінің тізе қосып қимылдаған алқашқы қадамы болғаны анық. 

Жоғарыда аталған саяси оқиғалар Алаш қайраткерлерін ұлт мүддесі жолында қызмет етуге, туған халқының құқығын қорғауға жұмылдырды. Осы әрекеттері үшін жергілікті әкімшілік тарапынан қуғынға түсіп, түрмеге қамалды. Сол қиын сәтте Алаштықтарға көмек қолын созып, демеу болған қазақ байлары еді. Оған төмендегі деректер айқын дәлел бола алады. 

1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда сол жылдың 17 маусымында Қаражан Үкібаев кепілдікке шығаруға 2500 рубль төлепті. Одан кейін Омбыда Ақайдың Хасені 5000 мың рубль төлеп шығарған [3]. Әлихан Бөкейханов 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғанда ауырды деп естіп «Әлекеңдер қазаққа керек адам» деп тобықты Оразбай баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз апарып, бір бағлан сойып, мәжіліс құрып отырған [4, 102-105-бб.]. 

Қазақ байларының меценаттық қызметінің келесі кезеңі – қазақ баспасөзінің өркендеуіне, ұлт мәдениетінің дамуына қаржылық қолдау жасағаны. Бұл тұрғыда 1913-1918 жылдар аралығында 265 нөмірі жарық көрген «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына және ел ішіне таралуына ықпал еткен ауқатты қазақтардың болғаны шындық. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы санында «Ауқатты алаш азаматтарына» атты мақалада газет ісіне қаржылай жәрдемдесу жөнінде үндеу жарияланады. Көмек берушілер қатарында Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балалары белсенділік танытқаны аңғарылады [5, 230-232-бб.]. 

Есенғұл қажы Маманұлы

Жетісудың Қапал уезін жайлаған Маман байдың балалары Есенғұл, Тұрысбектердің байлығын ұлт мәдениетіне, мектеп ашу ісіне бағыттай білгенін қазақ меценаттығының айқын көрінісі де деп айта аламыз. Атап айтар болсақ, 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған Есенғұл қажы Мамановтың қазақ романына бәйге жариялағаны туралы хабары қазақ оқығандарының арасында сілкініс тудырды [6, 81-б.]. 

Қазақ баспасөзі тарихына қаржылай көмекетескен келесі бір бай – Қаражан Үкібаев. Қаражанның игілікті істерінің бірі – «Абай» журналының жарық көруіне қол ұшын беруі еді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 1918 жылы «Абай» атты журнал шығаруға Қаражан Үкібаевқа қаржы жағынан көмектесуін сұрап барыпты. Миллионер бай Мұхаңа: «Журналды шығарсаңыздар болды, оған қанша қаражат керек, үнемі беріп отырамын», – дейді [7, 76-б.]. Жоғарыда келтірілген мысалдарды тұжырымдай келе айтарымыз: баспасөз, мәдениет саласындағы байланыстар Алаш қайраткерлеріне қазақ байының бейнесін анықтап берді. 

Алаш қайраткерлері мен ұлттық буржуазия өкілдері үшін сын сағат 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін басталды... 

Алашорда үкіметі Орынбордан Семейге көшірілгенде жергілікті аймақта оларға үлкен қолдау жасаған қазақ байлары болды. Жаңадан орналасып жатқан үкіметке жергілікті байлар, соның ішінде Үкібаев Қаражан үлкен демеушілік жасады. Мәселен, 1918 жылғы Семей Земство басқармасының жиналыстары мұрағат деректерінде көрсетілгендей [8] Үкібаев Қаражанның Алашорда үкіметіне берген үйлерінде өтіп тұрған. 

Ике Әділовтің жеке ісіне келетін болсақ былай деп жазылған: Әбілов Ике шыққан тегі қазақ, Семей округіне қарасты Шаған болысында тұрады, орта білімді, 2 әйелі бар, отбасы мүшесі 7 адамнан тұрады. 596 ірі қара, 900 ұсақ малы бар. Бұрынғы басқарушы және би болған. Колчак үкіметі тұсында басқарушы және Облыстық Қазақ Атқару комиетінің мүшесі болған. Мақтау қағаздарымен және алтын медальмен тарапатталған. Азамат соғысы жылдарында Алашорда үкіметіне материалдық жағынан белсенді түрде қолдау көрсеткен және Алашорда әскерін жасақтауға қатысып, Қызыл әскерге қарсы атаман Анненковпен тығыз байланыста болған. 

Ике Әділов

1927 жыл Әділов Ике басқа байлармен қоса Рубцовск округіне жер аударылады, одан 1928 жылы қашып Шаған тауларына келіп жасырынады. Содан бастап өзі ниеттес байларды қасына жинап, 100 адамнан тұратын аттылы жасақ құрап, совет әскерлеріне қарсы бандалық әрекеттермен айналысады [9, 53-54-б.]. 

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы қарашаның он төртіндегі санында үндеу жарияланған. «Өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілдік зорайып, қиыншылық айналғанда, қазақ халқы құрбан болады...» делінген осы мақалада 5 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ съезін шақыру жөнінде үндеу жарияланып, барша аймақтардағы абыройлы азаматтарға сауын айтылады [10, 146-147-бб.]. Сөйтіп екінші жалпықазақ съезінде қоғамда болып жатқан талан-тараж, бүлікшілікті ескеріп, қырғыз-қазақты бүліншіліктен қорғау үшін милиция құру мәселесіне байланысты 12 тармақтан тұратын ереже қабылдайды. Онда жасақ құру мәселесінде бүкіл қажеттіліктер Алашорда өкіметі есебінен бекітілген [11, 28-29-бб.]. 

Қаражан Үкібаев

Алаш автономиясының қауіпсіздігіне кепіл болатын Ұлттық Алаш милициясын құру ісіне қазақ байлары айтарлықтай қолдау көрсетті. Солардың бірі аты жоғарыда аталған Үкібаев Қаражан еді. Совет үкіметіне қарсы құрылған Алаш атты әскерін ұйымдастырушылардың қатарында атақты бай Үкібаев Қаражанның есімі аталады [12, с. 310]. 

Сонымен қатар Қарқаралы өңіріне аты шыққан бай әрі Алаш қайраткері Жақып Ақпаевтың туған ағасы Ақпаев Ыбырайды тәркілеуге байланысты декреттегі жеке ісінде мынадай мәліметтер кездеседі: «...1918 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Алашорда жасағы үшін Алаш полкінің полковнигі Тоқтамышевқа 600 жігіт аттандырды және осы қызметіне орай 2 корпус командирі генерал Лукин атаман Анненков арқылы Ақпаев Ыбырайды алтын медалмен марапаттаған» [3, 452-б.]. Ақпаев Ыбырайдың 600 жігіт шығарып беруі қисынға келмесі анық. Бұл ОГПУ-дің Ақпаевтарға жала жауып, қылмысын көбейтуге арналған әрекеттері болса керек. Алайда Ақпаев Ыбырайдың Алаш қозғалысына, Алаш милициясына қатысы бары анық. Бұл жағы әлі де зерттеуді қажет етері сөзсіз. 

Алаш милициясын жасақтау Алашорданың батыс бөлімшесінде де қарқынды жүрді. Жергілікті бай, Алаш партиясының мүшесі Иса Көпжасаров Алаш милициясын жасақтауға көп еңбек сіңіріп, оның пайдасына өз дәулетінен 100 ат берген болса [13, 39-б.], Сырым Датұлының шөбересі Салық Омаров 1918 жылы ақпанда Орал қазақтарының Қаратөбеде өткен 3 съезінде Алаш әскеріне өз табынынан 200 бас мініс жылқы бөліп берген [1]. Сонымен қатар, Алаш қозғалысына Маңғыстау өңірінде Тобанияз тобы да тілекші болып, әскери қолдау көрсеткен [14, 91 б.]. 

1928 жылы 27 тамызда Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Совет Халық Комиссариатының «Ірі бай шаруашылықтардың және жартылай феодалдардың мал-мүліктерін тәркілеу мен жер аудару туралы» қаулысы қабылданды. Қаулыда: Қазақ республикасы өзінің құрамы жағынан мәдени артта қалған ұлт және революцияға дейінгі өзгермеген көшпелі-рулық қатынаста өмір сүреді. Қазақстандағы мүлік иелері мен бұрынғы әлеуметтік артықшылықтары бар топтар Совет билігінің ауыл мен қышлақтарда жүргізі отырған негізгі іс-шараларына кедергі келтіріп, арандатушылық үгіт насихат таратып, ұлтаралық және рулық алауыздықты қоздыруда. Бұл ен алдымен кедейлерді экономикалық тәуелділікте ұстап, республиканың экономикалық және мәдени дамуына бөгет жасайды [15, 68-б.] деп айтылған. 

1928 жылы 30 тамызда КазАССР ОАК мен Халық Комиссариатының 1928 жылы 27 тамыздағы байларды қолдануға нұсқау берілген. Ол төмендегідей: «ҚазАССР ОАК және Халық Комиссариатының қаулысын жүзеге асыру барысында мүлкі тәртіленген ірі байлар, патриархалдық және рулық қатынасты сақтаушылар, өзінің мүлкімен ерекшеленетіндер және қоғамдық беделі пейдаланушылар, ауылды советтендіруге кедергі жасаушылырады жер аударуға шешім қабылданды. 

Жер аударуға жататындар: 

1) Көшпелі аудандарда 400-ден жоғары ірі қара малы бар, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы бар және отырыңшы аудандарда – 150 деп жоғары ірі қара малы барлар, сонымен қатар жергілікті тұрғындарға зиянынына тигізіп, өзінің рулық қатынаста ерекшелігін пайдаланып, экономикалық үстемдік орнататындар және ауылды советтендіру саясатына кедергі келтірушілер: 

2) Мал саны көрсетілген мөлшерден аз болса да, жергілікті билік өкілдері қоғамға зияны бар, әлеуметтік жағынан қауіпті деп шешкен адамдар; 

3) Ерекше топқа жататындар: хан және сұлтан тұқымдары, бұрын болыс басқарушылары, татша үкіметінің ерекше марапатына ие болғандар, жеке және мұрагерлік атақтарға үшін мен алғандар» [16, 9 б.]. 

1928 жылы 30 тамызда «Қаз ХХК мен ОАК 1928 жылғы 27 тамыздағы қаулысына сәйкес тәркілеуге ұшырағандарды жер аударатын аудандарын анықтау туралы» ҚазАКСР ХХК қаулысы қабылданды. Қаулы бойынша тәркілеуге ұшырағандардың жер аударылатын аудандары төмендегідей белгіленді: Жетісу және Сырдария округтері Оралға, Орал округінен Жетісуға, Гурьевтен Петропавлға, Қарқаралыдан Қостанайға, Семейден Сырдарияға, Павлодардан Ақтөбеге, Қызылордадан Адай округіне, Ақмоладан Гурьевке, Актөбеден Қарқаралыға, Қостанайдан Семейге жер аударылды [17, с. 79-80]. 

Тарихшы ғалым Т. Омарбековтың зерттеулері бойынша, тәркілеу науқаны 696 қожалықты қамтығаны белгілі. Оның ішінде алғашқы топқа, яғни ірі байлар қатарына 562, ал екінші топқа 134 қожалық жатқызылды. Дегенмен алғашқы топтағылар да түгелдей байлар емес еді. Бұлардың біразы тек қазақ хандарының, датқаларының және билерінің тұқымдары болғаны үшін тәркіленді. Көрнекті дін басшылары болғаны және Алаш қозғалысына қатысқандары үшін айыпталғандары да бар. Тәркілеуге ұшырағандарды әлеуметтік жағынан нақты жіктеп көрсетсек, ол төмендегідей болып шығар еді: 

а) болыс басқарушылар, хандар, датқалар және т. б. тұқымдары – 24; 

ә) атқамінерлер, ақсақалдар, билер (бұрынғы соттар) – 76; 

б) молдалар, ишандар және т. б. – 8; 

в) бұрынғы алашордашылар және чиновниктер – 44; ірі мал иелері мен ауылды советтендіруге қарсы болғандар – 323. Осы тәркіге ұшырағандардан ірі қараған шаққанда барлығы 144474 бас мал тартылып алынды [18, 83-84-бб.]. 

Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқынында» кітабында: «Байдың малы белгілі бір дәрежеде бүкіл ру қауымының сақтық қоры сияқты болған. Табиғи ортаның құбылмалы сипаты, малдың табиғи апаттарға барынша тәуелділігі, сыртқы жаудың шапқын-шабуылы және т. б. жағдайлар көшпелі шағын руларға ылғи да ашаршылық қатерін төндіріп тұратын. Сондай күйге ұшырағанда ру ішіндегі ауқатты адамдардың дәулеті барша ағайынның жан сақтар нәпақасы болған» [19, 238-б.] деп қазақ қоғамындағы байлардың экономикалық әлеуетіне тарихи тұрғыда әділетті бағасын берген. 

Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда тарихшы-ғалымдар тарапынан Алаш қозғалысы тарихы зерделеніп, Алаш қайраткерлеріне объективті баға берілуде. Алайда ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында советтік баспасөз тарапынан «алашордашыл», «контрабанда», «ұлтшыл» деп айыпталған қазақ байлары мемлекеттік деңгейде әлі ақталған жоқ. Алаш партиясынның төңірегіне топтасып, қазақтың ұлттық мемлекеттігін өркениеттілік тұрғыда қалыптастыруға тырысқан Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамында арқа сүйеген тұлғалары – қазақтың байлары болды. Қазақ халқының сол кездегі негізгі әлеуметтік құрылымындағы үлкен экономикалық тізбекті құраған қазақ байлары ХХ ғасырдың басындағы прогрессивті оқиғалардан тыс қалмады. Жаңаша тың саяси идеялармен қаруланған Алаш арыстарына қаржылық және материалдық қажеттіліктер тарапынан қолдау көрсетіп, Алашорда деп аталатын мемлекеттік жүйенің қажеттіліктерінің түзілуіне мұрындық болған алашордашыл байлар арнайы зерттеу нысанына айналуы тиіс. Және саяси қызметтері ақталып, аталмыш топ өкілдерінің тізімі жасалып, Алашорда энциклопедиясына енгізілсе, алаштанудың ақтаңдақ беттері түгенделер еді. 

Бұл Алаш қозғаласы тарихын зерттеудің ендігі сатысы болмақ. 

Еркін РАХМЕТУЛЛИН, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторанты 


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

1. Орал өңірі. 27 қараша. 2008.10-б. 

2. Нәсенов Б., Исин А. 1905 жылы Қарқаралы петициясына және патшаға жіберілген телеграммаға қол қойған қайраткерлер // Абай, № 3, 2006, 26-30-бб. 

3. Нәсенов Б. «Абыралы қанды жылдары (1905-1945)». Екінші бөлім. Құжаттар жинағы. Алматы-Новосибирск. 2006 ж. 644-б. 

4. Бөкейханов С. Әлекеңнің өмірі. // «Жұлдыз» Алматы,1996. № 3. −100-111 бб. Сырым Бөкейханов. Өткен күнде белгі бар. – Алматы: Жібек жолы, 2008. – 160-б. 

5. «Қазақ» газеті. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560-б. 

6. Мамания: Тарихи деректер, естеліктер, өлеңдер, құжаттар, пікірлер. – Алматы: Атамұра, 1999. – 272-бет. 

7. Қазбалинов Т. «Абай» журналын ашуға қаржы берген Қаражан // Абай, № 3, 2003, 75-77 бб. 

8. ШҚО ҚЗТҚО. 37 қор, 01 тізбе, 10 іс. 

9. Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы. 74 қор, тізім 1а, 17 іс, 53-54 б. 

10. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы: 1995. 

11. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. – Алматы: 2005. 

12. Восточное отделение Правительства Алашорды. Сборник документов. / Семей: 2010. – С. 425. 

13. Жетпісбай Н. Қобдалық Алаш қайраткерлері // Қазақстан мұрағаттары. № 3 (11)/ 2009. 34-46-бб. 

14. Сүлейменова Д. Д. Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы. Тарих ғылымдарының кандидаттығына дайындаған диссертациясы, Алматы. 2004. – 138-бет. 

15. ШҚО ҚЗТҚО, 74 қор, тізім 3,7 іс, 68 б. 

16. ШҚО ҚЗТҚО 74 қор, тізім 3, 5 іс, 9 б. 

17. Неизвестные страницы истории Семипалатинского Прииртышья (20-30 гг. ХХ века). Сборник документов. Часть І. – Семипалатинск: Семипалатинский государственный университет имени Шакарима, 2002. – 250 с. 

18. Омарбеков Т. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті: Көмекші оқу құралы. – Алматы: Санат, 1997. – 320-б. 

19. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 2003. – 288-б.