Ол - 2500 жыл бұрын өлген, сол иығында бұғы бейнесі ойылып салынған 25 жасар белгісіз қыз. Бүкіл әлемде оны аңызға айналған алтай ханшасы ретінде біледі
Алтай ханшасының өмірі мен өлімі жайлы құпия әлі күнге дейін көптеген ғалымдарды толғандырып келеді. Неге алтай мумиясын отбасылық қорғандардан қашық жерге жерлеген? Укоктан табылған ханша шын мәнінде кім болды? Және, ең бастысы – оның өліміне не себеп болды?
Бұл құпияның 2500 жылдан кейін ашылуы тарихтың ақтаңдақтарын өшіріп отырған химияның, физиканың және генетиканың жетістіктері арқасында мүмкін болды.
Алтайдағы Укок үстірті.
Ресей, Қазақстан, Моңғолия және Қытай мемлекеттерінің түйіскен жерінде орналасқан шағын үстірт. Темір дәуірінде бұл жерлерде жауынгер көшпенділер – пазырықтар мал баққан. Осы жерде тас қорғандардың астында олар туыстарын жерлеген. 1993 жылы Укок үстіртіндегі жалғыз қорғанда жүргізілген қазба жұмыстары таңғаларлық жаңалықтың бетін ашты. Қорған тоналған және келешегі жоқ болып көрінген. Бірақ Новосибирск қаласынан келген археолог Натальи Полосьмак бастаған бір топ ғалымдар дәл сол қорғанды қазба жұмыстарын жүргізу үшін таңдайды. Бұл тағдыр ма? Тоналған мола астынан зерттеушілер тағы біреуін – қол тимеген қабірді тапты. 11 бөренеден жасалған жабынды ағаш саркофагты, тұрмыстық бұйымдарды және иесімен бірге жерленген алты жылқының сүйектерін жасырып келген. Көптеген басқа халықтар секілді пазырықтар өлім өмірдің соңы емес дегенге сенген. Ал, о дүниеде адамға осы өмірдегі заттары керек болады деп сенген.
Новосибирск, Академиялық қалашық
Б.з. дейін жасалған ат әбзелі бүгін де ойып жасалған өрнек көркемдігімен таңғалдырады. Бұл әсемдік сирек кездесетін табиғи сақталуы арқасында бізге жетіп отыр. Жерленгеннен кейін бұл жер жер асты суларына толып кеткен. Күрт суыту оларды мұзға айналдырған. Қатқан мұз 2500 жыл бойы сақталған. Мәңгілік тоң, тоңазытқыш секілді, пазарықтық құнды заттарды уақыттың жойқын әсеріне төтеп беріп, сақталуына мүмкіндік берген. Ең басты сұраққа жауап әлі табылмады: кімді осындай құрметпен ағаш саркофагта жерлеген екен? Мұз кебін жерленген адамды толығымен жасырып келген. Археологтар мұзды мұқият еріткен соң, мумияланған адам сүйегін тауып алды. Бальзамдалған қыз денесі бір бүйірмен, ұйқыдағы адам кейіпінде жатыр екен. Оның үстінде жүннен тігілген белдемше, қытай жібегінен тігілген жейде, жасанды шаш және күрделі етіп жасалған бас киім болды. Пазырықтық құдайлардың алдына бұл белгілісіз жан өзінің ең жақсы киімінде баруы тиіс болған. Қыздың денесіне шынайы және ғажайып жануарлардың бейнелері салынған. Ғалымдар пазырықтықтардың денеге әшекейді тек қана әсемдік үшін ғана емес, оны өздерінің төлқұжаты ретінде пайдаланған деген ойда. Алтай мумиясының сол қолында археологтар төрт ойып түсірілген бейне тапты. Олардың ең ірісі – гриф тұмсықты және тауешкі мүйізді мифтік бұғы. Азияның кейбір халықтарында бұл ғажайып жануар о дүниемен байланысты білдіреді. Өкінішке орай, қазіргі күні бұл бейнені бір мәнді етіп ашып айту мүмкін емес. Укокта жерленген бұл қыз кім болды? Неге ол жастайында қайтыс болды? Және, ақыр аяғында, бұл белгісіз қыздың бет әлпеті қандай болды?
Мәскеу, М. Герасимов атындағы антропологиялық қалпына келтіру зертханасы
Өткен ғасырдың 50-шы жылдарынан бастап зертхана қызметкерлері өткенді бейнелейтін бірегей портреттік галереяны жасап келеді. Өте ертеде қайтыс болған адамдардың бет әлпеті бас сүйектері бойынша қалпына келтіріледі. Жақ сүйегінің биіктігі, көз қиығы, мұрынның және тіпті құлақтың пішімі – осының бәрін, ғалымдардың айтуы бойынша бас сүйек арқылы білуге болады. Оны тек дұрыс санау керек. Бет әлпетті қалпына келтіру – ұзақ және көп еңбекті талап ететін жұмыс. Ғалымдар сүйек негізіне қабат қабат болып мүсіндік ермексаз жағады. Оның түпкілікті қалыңдығы мен пішімі сүйекті-бет әлпетті сәйкестік бағдарламасы көмегімен есептеледі. Бұл бет әлпетті антропологтар 1995 жылы қалпына келтірді. Олардың ойынша, Укоктан табылған қыз дәл осындай бейнеде болған. Қалпына келтіру ешқандай күмән қалдырмайды: біздің алдымызда – еуропа тектес нәсіл өкілі. Осыны алтай мумиясының ДНК сараптамасы де дәледеп отыр. Укок мумиясын 20 жылдан астам уақыт бойы зерттеп келеді. Осы уақыт бойы оған көптеген зерттеулер жасалған. Мысалға, пазырықтық бальзамдау дәстүрі толығымен қалпына келтірілді. Ғалымдар бальзамдалған дене бірден жерленбегеніне көз жеткізді. Қайтыс болғаннан бастап жерленгенге дейін аз дегенде үш ай өткен. Осы уақыт бойы белгісіз әйел өзінің тайпасының өмірінде ерекше рөл атқарған – мысалға, оны орындықтарға отырғызған, оны денесіндегі іздерден байқауға болады.
Бұл ретте, күрделі, бейнетті бальзамдау ғұрпы – қайтыс болған адамның бірегей мәртебесінің белгісі. Оған неге осындай құрмет көрсетілген? Археологтар оның алтай ханшасы болған деген пікірден үзілді-кесілді бас тартып отыр. Оның қорғаны пазырық ақсүйектерінің сәулетті бейіттеріне қарағандай әлдеқайда шағын. Бірақ, ең бастысы – ол барлық рулық қорымдардан алшақ орналасқан. Ежелгі мәдениетте дәл осылай үйленбеске ант берген әйелдерді жерлейтін болған. Ғалымдардың пікірінше, ол емші немесе бақсы болған. Кезек-кезек мыс және сынап буын жұтып отырған (бұл химиялық сараптама нәтижесінде анықталды), ол қандай да бір ғұрыптармен байланысты болғанға ұқсайды. Буланған зиянды заттар әйелдің денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймаған. Бірақ олар өлімге алып келуі мүмкін емес. Сонда алтай бақсысы неден өлген? Ғалымдар оның бір дерттен өлді деген болжам жасады. Бірақ ол қандай дерт? Ежелгі адамдардың ауруларын палеопатолгия деген арнайы ғылым зерттейді.
Мәскеу, РҒА-ның Археология институты
2010 жылы қызуға шыдамды материалға оранған мумияны томографиялық зерттеуге жібереді. Алайда нәтижені бірден алу мүмкін болмады. Магниттік-резонанстық томограф радиотолқындарды есептейді. Бұл белгілер сұйықтықта және жұмсақ тінде болатын сутек атамдордан шығады. Мумияланған, құрғап кеткен сүйектер әлсіз белгі берген және бейнелер нашар шыққан. Бұл бейнелерді зерттеулерден кейін бірнеше жылдан соң жасап шығарылған арнайы компьютерлік бағдарламалар ғана жақсарта алды. Осы өңделген томографиялық суреттер – алтай жұмбағын шешудің жалғыз кілті. Жаңа графикалық бағдарламалар зерттеушілерге өткенге көз салуға мүмкіндік берді. Олардың күдіктері расталды: бальзамдалған дене ауыр сырқат іздерін сақтап келген. Ғалымдар Укок қызын сүт безінің қатерлі ісігі өлтірген деген пікірге келді. Онкологиялық сырқат аз дегенде үш жыл бойы асқынған. Ауру соңғы – төртінші сатысына жеткен. Бұл 2500 жылдан соң қойылған ақырғы диагноз болды. Укоктан табылған қыздың ажал құшу құпиясы ашылды. Оның шыққан тегі мен әлеуметтік дәрежесі туралы даулар жалғасып келеді. Мүмкін, болашақта ғылым мұның да жауабын берер. Демек, бұл әңгіменің соңы емес.