Біздің еліміз өзінің заң шығарушы жоғарғы органын кәсібилендіре алды, енді болашақта мемлекетті кәсібилендіру міндеті бар
Қазіргі әлем күрделі өзгерістерді бастан кешіріп отыр. Әсіресе Азия құрлығының бүгінгі таңдағы саяси хал-ахуалы жер жаһанның геосаяси қақтығыстарын өршітті. Әлемдік сын-қатерлердің алдын орау үшін Қазақстан билігі күн тәртібінің алдында жаңа Парламентті жасақтап алу міндеті тұр.
Толқыған араб көктемі мен ислам мемлекеттерінің бір-бірімен қырық пышақ қырқысы белгілі бір деңгейде біздің елімізге де әсерін тигізеді. Мұнай бағасының арзандауы біршама алпауыт мемлекеттердің экономикасына тигізген зиянын қандай білсек, Қазақстандағы теңге бағамының құлдырауы да осы жағдайға тікелей байланысты.
Араб елдерінде көктемде басталған толулардың ақыры Сирия еліндегі азаматтық соғысқа ұласты. Өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялаған содырлар жиыны мемлекеттің билік жүйесін түгелдей қиратты, елдегі бейбіт тұрғындардың өмірін ерте қиып, адам айтқысыз ауыр азаптар төндірді. Мұндай аса ауыр қылмыстарды көзімен көрген жергілікті сириялық жұрт Еуропа елдеріне босып кетуге мәжбүр боды. Соның салдарынан осыдан 25-30 жылдай уақыт бұрын болжанған «Еуропадағы мұсылмандар саны күрт өседі» деген жорамал шындыққа айналды.
Бұндай оқиғалар біздің елімізден тыс өтіп жатқанымен, белгілі бір деңгейде зардабы да жоқ емес. Өткен жылдың басында Қазақстаннан Сирияға аттанған 150-ге жуық қазақстандық туралы ақпарат қоғамды дүрліктірді. Бұл оқиға – ел ішіндегі діни ахуалдың мәз болып тұрмағанын аңғартады және соның салдарынан содырлар тарапынан болатын қауіптің күшейетінін білдіреді.
Сонымен қатар әлемдік нарықтар деңгейінің нашарлауы біздің елдің жалпы ішкі өнімі мен сыртқы жалпы сауда бағамына қатты әсер етті. Бұл дағдарыс Елбасы бастамасымен бірнеше жаңа жобаларды, нақты қадамдарды жүзеге асыру механизмін көрсететін жолдарды көрсетуге тиіс болды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында үлкен жұмыс атқарылып, нәтижесінде ел экономикасының жаһандық дағдарыс алдындағы қаупін сейілте алды.
«Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жаңа мақаласында Президент бірнеше басым бағыттарға ел назарын аударды, атап айтқанда, мемлекетті кәсібилендіру, заңдық құқық тәртібі, бюрократтық шығындарсыз экономика кезеңіне өту, сыртқы инвестициялық жаңа көздер, әлеуметтік жаңғыртуды ынталандыру, қоғамға есеп беретін ашық мемлекетті нығайту секілді «қазақстандық арман» жолдары айқын көрсетілді.
Қазақстанның саяси зерттеулер институты мамандарының үстіміздегі жылды болжау барысында бірнеше қатерлерді анықтағаны біздің жоғарыдағы ойымызды дәлелдей түседі. Аталған институт ұжымы және Орталық Азия елдеріндегі экономикалық өсім қарқынының төмендеуі деп бағалады. Ал екінші жағдайда еуразиялық кеңістіктегі экономикалық өзара іс-қимылдардың жаңа жолдарын іздеудің міндеті тұрса, сириялық шиеленістегі террористік қауіп-қатерлердің ұлғаю үдерісін де осы жылғы болуы мүмкін 10 оқиғаның қатарында атады.
Біздің еліміз өзінің заң шығарушы жоғарғы органын кәсібилендіре алды, енді болашақта мемлекетті кәсібилендіру міндеті бар. Осы орайда «Сайлау деген – өзiңе берген ықтияр» дейтін рухани көсем А. Байтұрсынұлының сөзі еске түседі. Алдағы уақытта болатын Қазақстандағы парламенттік сайлау елдің саяси және әлеуметтік жаңғыруында жаңа кезең екеніне дау жоқ. Жаңа Парламент кәсіби мемлекетті құру жолындағы заңнамалық тетіктерді бүгіннен бастап іске асырып, қоғам үшін ашық есеп беретін мемлекеттің мүддесіне жұмыс істейтін болса, онда бұл жағдай ел тарихында орын алатын елеулі оқиға болып қалатыны сөзсіз. Республика жұртшылығының кез келгені өзіне берілген мүмкіндікті тиімді пайдалана алған жағдайда әлемдік сын-қатерлер мен жаһандық дағдарыс ауылы алыс болады.
Заңғар Кәрімхан