Карпини көрген, Макдиси мәлім еткен Хорезм
02.05.2017 2636
Сауда мен қолөнер кәсібі қазанын қайната білген хорезмдіктер 42 тауар түрін ұсына білген

Ортағасырларда Хорезм мемлекеті көптеген Шығыс және Батыс елдерімен сауда қарым-қатынас орнатты. Әсіресе саудада Хорезмшах (1097-1231) басқарған тұс пен Алтын Орда дәуірінде озық тұрды. Алтын Орда территориясы Дешті Қыпшақ, Хорезм, Еділ бұлғарлары, Солтүстік Кавказ және Қырымның отырықты шаруашылыққа қолайлы жерлерін қамтыды. Аталған жерлер моңғол қалаларынан кейінгі, озық шаруалылық салалары мен мәдениет пен сауда өркен жайған болатын. Ұлы жібек жолының Хорезм арқылы тармақтарында Үргеніш (Гургандж), Кят, Миздахкан, Хиуа, Шемахақала секілді ірі сауда қалалары болды. Бұл қалалар сауда мен қолөнер кәсібі орталықтары болып саналып, әр қаланың халықаралық және қалааралық өзіндік маңызды орын алды.

Әл Макдиси өз деректерінде Хорезмнен тасымалданатын 42 тауардың оның ішінде 27-і Еділ бұлғарларынан әкелінетін әртүрлі ассортимент тізімін көрсеткен. Кейінірек Алтын Орда кезеңі туралы, оның ішінде Үргеніш (Гургандж - Хорезмнің астанасы 995-1603 жж) қаласының халықаралық маңызы жөнінде Ф.Б.Пеголотти (1342 ж.), Ибн Арабшах (1389-1450), және шираздық көпес Шамсуддин Мұхаммед Ходжа (1438 ж.) жазды. Арбашах былай келтіреді: Хорезмнен шыққан сауда керуендері еш қауіпсіз Қырымға дейін емін-еркін баратын, ол өз кезегінде 3 ай уақыт алады.

Тарихи дереккөздер мен археологиялық зерттеулер көрсеткендей Хорезмнің Үргеніш қаласы арқылы өткен сауда жол тармағы оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа дейін созылып жатты. Соңғы бағыттар Хорезмді Хазарин (Итиль), Еділ бұлғарлары (Биляр, Бұлғар), Алтын Орда (Аштархань, Сарай), Русь (Мәскеу, Новгород Великий), Кавказ (Маджар) және Солтүстік Қаратеңіз жағалауы (Судак, Азак, Кафа) қалаларымен байланыстырды. Одан соң Солтүстік Қаратеңіз жағалауы Византияға (Константинополь), италиялық республикаларға (Генуя,Флоренция) жол тартты. Осы аталған сауда жолында ортағасырларда негізінен болгар, орыс, батыс еуропалықтар мен хорезмдік көпестер саудаларын қыздырды. Тоғыз жолдың торабы Тана-Сарай-Үстірт-Үргеніш-Отырар-Алмалық одан әрі Қытай болды. Алтын Орда дәуірінде осы аталған жол тіршіліктің қызып тұрған күретамыры саналды. Бұл жолмен небір атақты саяхатшылар, ислам, христиан басқа да дін салаларын уағыздаушылар жүріп өтті, атап айтқанда Плано Карпини (1246 ж.), Вильгельм де Рубрук (1252 ж.), ағайынды Пикколо және Маффео Поло (1260 ж.), Ибн Баттута (1333 ж.), Эломазин (1336 ж.), Дж. Мариньолли, испандық Пасхали (1338 ж.) Антонио Дженкинсон (1558 ж.) және тағы басқа.

Хорезмнің Сұлтануыздақ тау қыраттарына археологиялық және геологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде тальк тастары, мәрмәр, күлгінтас (аметист), ақық (бирюза) басқа да ұсақ-түйек тас орындары табылды. Тальк тастарынан көбінесе қазан жасаған. Ол туралы араб авторы Шихаб әд-Дин әл Омари (1301-1349): Ол жерде (Хорезм) тас қашалып, өндірілетін орын бар, сол жердің тастарынан 60 жылға дейін шыдайтын қазандар жасалады. Алтын Орда кезеңінде тальк тастарынан жасалған қазандар Хорезмнен басқа да елдерге де сатуға шығарылған. Сол қазандардың үлгілері Еділ бойындағы қалалар, Қырым мен Киевтен табылған.

1289-1290 жылдары құрылған нотариалдық актіде көрсетілгендей Ескі Қырымда генуялық көпестер, сауда аристократтары Андрей Спиноло, Бонвассилино және Персиваль Ломеллина Генуяға жібек жіберген. Қырым қалаларынан Хорезмге қаржылай бірліктер арқылы айырбасталды. Сонымен қатар Тоқтамыстың шығарған тиындары Хорезмнің Белеулі сарайынан табылған. Жоғарыдағы аталғандардан өзге Хорезм мен Қырым арасында басқа да тауар айналымдары саудаға түсті. Бұл туралы Ф.Б.Пеголотти жазады, оның айтуынша кафалық (Кафа қаласы) көпестер Алтын Орданың астанасы арқылы Хорезмге одан әрі Қытайға бағыт алған.

Хорезмдіктер тек қана саудамен ғана емес, сонымен қатар дипломатиялық, саяси-қоғамдық маңызды идеялар таратушылары болды.

Қорытындылай келгенде, Хорезм мен Солтүстік Қаратеңіз жағалауы Алтын Орда дәуірі кезеңінде сауда, мәдени, саяси оқиғалардың біте қайнаған орталығы болды деп айтуға болады. Алтын Орданың құлауымен аталған өңірлер арасындағы Ұлы жібек жолы байланысы да өз маңызын жоғалта бастады.