Еврей халқының алғысы
18.01.2018 2471
Қазақстандық еврейлер тарихының тамыры тереңде. Демографиялық үрдістер, негізінен ХХ ғасырда жүргеніне қарамастан, иудаизм туралы алғаш рет ІХ ғасырдың басында айтылған

Тарихи деректер бойынша еврей қауымдастығының өкілдері Түркістанға XIV ғасырда Парсы елінен қоныс аударған екен. XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстан аумағында Ресей империясының еуропалық аумағынан қоныс аударған еврей-қолөнершілері пайда бола бастады. Қазақстанға еврей халқының жаппай қоныстануы ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдарындағы сталиндік қуғын-сүргінмен байланысты болды. Бұл бір жағынан қайғы-қасірет болса, екінші жағынан аман қалу еді. Туған жерлерінен күштеп көшірілген еврейлердің көпшілігі түптеп келгенде Холокост сұмдығынан құтқарылды. Алыстағы дархан даланың қазақтары оларға баспана мен азық берді. Тар заманда қазақ жері көрсеткен көмегі ажалдан құтқарғанына алғыс ретінде Қазақстандағы Израиль Елшілігі «Алғыс».жобасын жариялады. Осы іс-шара туралы Израиль мемлекетінің Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаэль Бродский бізге берген эксклюзивті сұхбатында егжей-тегжейлі айтып берді.

– Сәлеметсіз бе, Михаэль Бродский, Израиль елшілігі «Алғыс» жобасын жариялады. Бұл жобаның идеясы қалай пайда болғанын айтып берсеңіз...

– Өзіңізге белгілі, Израиль 1948 жылғы 14 мамырда құрылды, 70 жылдық мерейтой қарсаңында біз, еврей мемлекетін құруға атсалысқан, түрлі тарихи кезеңдерде еврейлерге көмектескендерге алғыс білдірсек дегенбіз. Холокост жылдарындағы еврейлердің құтқарылу тарихын Израильде жақсы біледі. Тіпті, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еврейлерді құтқарған еврейден басқа ұлт өкілдеріне берілетін «Әлем халықтарының тақуасы» атағы да бар. Айтқандай, 2018 жылғы 30 қаңтарда Израиль елшілігі «Дипломаттар – әлем (бейбітшілік) тақуалары» атты көрмені ашады. Бұл – 27 қаңтарда атап өтілетін Холокост құрбандарын халықаралық еске алу күні. Израильде балаларға мұны ерте жастан үйретеді, бұл туралы мектепте де өтеді. Бірақ, басқа да тарихи фактілер бар, бәлкім, оларды қоғам біле бермейтін де шығар.  30-40-шыжылдары Қазақстанға қоныс аударылған адамдардың, АлЖИР, КарЛАГ лагерлеріне саяси жер аударылғандардың, соғыс кезінде эвакуацияланған адамдардың тағдыры, олардың аман қалу тарихы. Бұл, қазақтар үшін ауыр: соғыс, аштық, қуғын-сүргін жылдары эвакуацияланған он мыңдаған еврей. Бірақ, қазақтардың еврейлерді жылы шырай танытып қарсы алғанын біз білеміз. Бұл жерге адамдар ештеңесіз келді, бірақ, олар осы жерде көрсетілген көмектің арқасында аман қалды. Еврейлердің бір бөлігі осы жерде қалып, көпшілігі 70-90-шы жылдары Израильге көшіп кетті. Қазір Израильде қазақстандық еврейлердің қауымдастығы тұрып жатыр – бұл бірнеше он мыңдаған адам. Олардың көпшілігінің Қазақстанмен байланысы бар, бұл жерде олардың туыстары, достары қалды.  

Осы жерге 30-40-шы жылдары еврейлердің қалай келгені, оларды қазақ отбасыларының қалай қарсы алып, баспана бергені туралы оқиғалар өте көп. Бұл фактілер жалпыға аян, бірақ, біз Израильдің 70 жылдық мерейтойын ескере отырып, осындай қатынастар үшін Қазақстан халқына тағы да алғыс айтқымыз келіп, әңгіме, естеліктер жинауға осы кампанияны жарияладық. Бұл оқиғалардың тарихи жадыда сақталып қалуы біз үшін маңызды. Осыған байланысты, біз, баспасөз, әлеуметтік желілер арқылы осындай оқиғаларды жолдауға қазақстандықтарға үндеу тастадық.  Біз солардың ішінен ең жарқын, репрезентативті оқиғаны таңдап алып, оның авторын туыстарымен, достарымен немесе жай ғана Израильді көріп қайту үшін Израильге жібереміз – бас жүлде осы болмақ. Осы науқанға қатысқан басқа да қатысушыларды да марапаттауға тырысамыз. Оның үстіне Қазақстанда жаңа мереке белгіленді – Алғыс айту күні, ол 1 наурызда атап өтіледі және осы күні біз шара жеңімпазын жарияламақшымыз.  

– «Қазақстан тарихы» интернет-порталы осы науқанды қолдауға және конкурсқа жолданатын жұмыстарды порталда жариялауға дайын. Бұл қаралы беттер – біздің ортақ тарихымыздың бір бөлігі.  

– Бізге үн қосып, қолдау көрсеткендеріңізге рахмет.

– Михаэль мырза, Сіз де ССРО-дансыз ғой. Израильге қалай барғаныңыз туралы айтып берсеңіз?

– Мен Ленинградта туып-өстім. 18-ге толғанда Израильге келіп, «Саясаттану» мамандығы бойынша Тель-Авив университетін тәмамдадым, Израиль әскерінде әскерде болдым. Кәсіби мансабымды баспасөзде бастап, 15 жыл бұрын СІМ-ге жұмысқа ауыстым. Мәскеу мен Лондонда 2 ұзақ іссапарда болдым.  Осыдан 2 жыл бұрын Елші ретінде осы жерге келдім.  

– Сіздің отбасыңыз немесе Сіз өзіңіз ұлттарды жер аудару немесе ұлтына қарай бөлу сияқты тоталитарлық жүйенің құбылыстарын бастан кешірдіңіз бе?

– Совет Одағында өмірге келген әрбір адам тоталитарлық режим әсерін бастан кешірді деп ойлаймын. Менің отбасымда, жақын туыстарымыздың арасында сталиндік қуғын-сүргін мен жеке басқа табыну кезінде жапа шеккендер болған жоқ, бірақ, басқа оқиға – Холокостты басынан кешкендер болды. Бұл Украинада орын алған апат. Атап айтқанда, менің Украинадағы туыстарым, нағашыларым қаза тапты, оның ішінде нағашы әжем де геттода, концлагерьде болды, көпшілігі сонда көз жұмды. Бұл оқиғаларды мен бала кезімнен естіп келемін. Өткеніміз туралы деректі материалдарды жоғалтпас үшін фильмдер шығарып, куәліктер жинайтын Спилберг қоры бар. Әжеміздің қатысуымен де осындай деректі фильм түсірілді. Еврейлер осы жерде аман қалды деп айтқан кезде, олардың тек соғыс пен бомбалаудан ғана құтқарылғанын емес, олардың Холокосттан да құтылып, аман қалғандығын түсінуіміз керек. Бұл жерге еврейлердің көпшілігі олардың көзін жойып, құртып жатқан Украина, Беларусия, Польшадан келді.

Освенцим әкелінген еврей әйелдері

– Олардың сол жағдайларда аман қалуы екіталай еді.

– Әрине. Екінші жағынан, бұл адамдар бұл жерге саяси себептермен жер аударылған болатын. Олардың туыстары, мысалы, жұбайлары, әпкелері лагерлерге қамалды. АлЖИР лагерінде көптеген еврей әйелдері отырды. Мамырда осы лагерде тоғытылған еврей әйелдеріне арнап арнайы ескерткіш белгі орнатпақшымыз. 

– Тарих қалайша бір-бірімен тығыз байланысты. Осыдан тура 80 жыл бұрын, 1938 жылдың қаңтарында Ақмола лагеріне тұтқын әйелдердің тұңғыш эшелоны келді.

– Кеше ғана «Сталинге сыйлық» фильмін көрген едім, фильмде Холокост та, АлЖИР де, Қазақстан да сөз болады.

– Қазақстанның еврей қауымдастығының тарихы қызықты. Кейбір дереккөздерінде николаевтық солдаттардың ХІХ ғасырдың аяғында пайда болғаны туралы айтылады, алайда тарихта «бұхарлық» деп аталатын Түркістан еврейлері де белгілі. Яғни, олардың пайда болуының тарихы тереңе кетеді.

– Сіз дұрыс айтасыз. Өзбекстанда Бұхарадан шыққан бұхарлық еврейлердің қауымдастығы бар. Олардың тілі тәжіктік парсыға ұқсайды және Орта Азиядан шыққан ССРО-лық бұхарлық еврейлердің көпшілігі Израильде тұрады. Бүгін бұл үлкен ықпалды қауымдастық. Қазақстан еврейлерінің көпшілігі – ХХ ғасырдың басында осы жерге келген Еуропадан шыққан ашкеназдық еврейлер.

– Демек, еврейлер көші-қонының екі түрлі тобы туралы сөз болып отыр ма?

– Иә, бұл мүлде басқа екі қауымдастық. Кезінде Өзбекстанда бұхардан шыққан еврейлер мен ол жерге ХХ ғасырда келген еуропалық еврейлердің тепе-тең жартысы тұрды. Әр қауымдастықтың өз синагогасы болды да, олардың жолдары бір-бірімен түйісе қоймайтын. Қазақстанда бұлай болған жоқ, өйткені бұхарлық еврейлер саны аз болды. Ал, 30-40-шы жылдары бұл жерде, негізінен Алматыда, еуропалық еврейлердің үлкен қауымдастығы қалыптасты.

– Бұл процестің басқа қырын да атап өткен жөн. Қазақ халқы қуғын-сүргін және жер аудару жылдары еврейлерді өз жерінде қабылдады, және еврей диаспорасының өкілдері Қазақстанның ғылымы, мәдениеті, өнеріне көп үлес қосты. Бұл үлкен үлесті бағалау қиын.

– Әлбетте. Бұндай тарих бұрынғы Совет Одағының басқа да елдеріне тән. Грузиядағы үлкен қауымдастықтың тарихы өте қызықты. Олар Грузияның ғылымына, медицинасына елеулі үлес қосты, кейін 80-90 жылдары еврейлер елден көшкен кезде қоғадам мамандардың жетіспейтіндігі сезілді.

– Еврей халқының тарихы адамзат тарихындағы ең қасіретті тарихтың бірі шығар. Еврей халқы барлық қиындықты мойымай көтеріп, өз тарихының өн бойында қайраттылық танытты.

– Адамзат тарихында көптеген халықтар азап шекті. ХХ ғасырда Совет Одағында азап шекпеген халық жоқ.

– ХХ ғасырдың басында әйгілі еврей қырғындары болды, бұл туралы газеттер көп жазды. Бұндай жақтырмаушылық большевиктер мемлекетінде де сақталды.

– Иә, мүмкін, бұл жерде байланыс байқалады, антисемитизм ХХ ғасырда да болған, ССРО-да шет қалған жоқ. Еврейлерге нақты шектеулер қойылып, құқықтарына нұқсан келтірілген шақта антисемитизм мемлекеттік деңгейде болды. Бұл заң аясында ешқашан реттелген емес, мысалы, Конституцияда заң факультетіне түсушілердің ішінде еврейлер саны 1 пайыздан артық болмауы керек деп жазуға болмайтын, бірақ бәрі бұл туралы білді және орындады.  Көптеген мекемелер мен құрылымдарда еврейлерге қатысты шектеулер болды. Біз Сталиннің еврейлермен не істеуді жоспарлағанын біле алмаймыз, бірақ, Ресейдің еуропалық бөлігінен  еврейлерді Қиыр Шығыстағы еврейлердің Биробиджан автономдық округіне қоныстандыру бойынша жоспар болған. Бірақ, ол үлгермеді, 1953 жылы қайтыс болды.

– Еврейлерге қатысты процестер мен қудалаулар көсем өлгенге дейін тоқтаған жоқ.

– Ия, мысалы, сталиндік қуғын-сүргіннің соңғы кезеңіндегі дәрігерлер ісі. Бұл процесс антисемитизм толқынын тудырды, шынында да, еврейлерді күштеп қоныстандыру жоспары болған.

– Сіздің тегіңіз өте танымал, белгілі. Сіз ақын Иосиф Бродскийдің туысы емессіз бе?

– Менің білуімше, біз туыс емеспіз.

– 2017 жыл Астанада ЭКСПО халықаралық көрмесі эгидасымен өтті. Көрме аяқталды. Бірақ қандай әсер қалдырды?

– ЭКСПО өте бір жарқын кезең болды, және Израильдің көрмеге қатысқанына қуаныштымын, өйткені, Израиль жаңғырмалы энергия саласындағы алдыңғы қатарлы мемлекет екендігі әлемге аян. Біздің  павильонымыз сәтті әрі танымал павильондардың бірі болды. Біз энергияның баламалы көздерін пайдаланудың қаншалықты маңызды, қоршаған ортаны қорғаудың қаншалықты маңыздылығы туралы негізгі ойды жеткізе алдық деп ойлаймын. Израильде жасыл энергетика саласында жаңа технологияларды әзірлеумен айналысатын компаниялар өте көп. Осы тақырыпта елдің алдыңғы қатарлы әзірленімдерін көрмеде ұсыну үшін бірнеше израильдік стартаптар таңдалынды. Бұл әлі де жалғасын тауып, осы салада Қазақстанмен қызметтес боламыз деп сенемін.

– Көрме нәтижесі бойынша жаңа серіктестер таптыңыздар ма? Шарттар бекітілді ме?

- Бір мезеттік пайда табу - көрме мақсаты болған емес, бастысы Израильді жасыл энергия саласындағы дамыған технологиясы бар ел ретінде таныстыру және имиджін нығайту, бұл біздің қолымыздан келді, ал әрі қарай өз технологияларын ұсыну компаниялардың, бизнестің ісі. Әлі көп уақыт өткен жоқ, бұл процестер уақыт еншісінде, дегенмен де бұл бастапқы қызығушылықты тудырды және нәтижелер болады деп ойлаймыз.

– Өзіңіз үшін ЭКСПО-дан не алдыңыз?

– Барлық павильондарды аралай алмадым. Алдыңғы қатарлы технологиялары дамыған деп ойламайтын елдердің өзінде де технологияларды дамытып жатыр екен, бұл жаңалық болды.

– Жобаларыңызды жүзеге асыруда сәттілік тілейміз!

– Рахмет! Ал Астана қыста жел энергиясын қолдана алады.