Иісбек Әбілмәжінов: Ақбас атанның аяғымды жаншып кеткен кездері болды
01.02.2017 2977
Асан атамызға көп монолог айтуға тура келіп тұр. Айтқызбасақ желісі үзіліп қалар еді де, көрерменге түсініксіз жайттар көп болар еді

- Иісбек аға, сіз «Алмас қылыш» тарихи картинасында Асан қайғы бабамыздың ролінде ойнадыңыз? Қалай келдіңіз?

- Әрине, бұл образды сомдау әр актердің арманы. Сонымен қатар жауапкершілігі де аз емес деп ойлаймын. Бірнеше майталман актеріміз кастингке түсті, соның ішінде мен де болдым. Он бес жыл бұрын жолым түсіп, Асанқайғы бабамыздың мазарында болып, Құран бағыштаған едім. Бабамыздың образын сомдаймын деген ой ол кезде үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Мен мұны басыма қонған бақ шығар деп бағалаймын.

- Асан қайғының бейнесін сомдау – қазақ халқының өткен тарихын, тағдырын оқу деген сөз. Асан айтты деген сөз аз емес. Баба мұрасымен бұрын таныс па едіңіз?

- Алтыншы-жетінші сыныптарда оқып жүрген кезде Ілияс Есенберлин ағамыздың трилогиясын оқып, таң-тамаша болған кездерім әлі есімде. Есенберлиннің ұлылығы  сол, өз дәуірінде аты шықпаса да, ұрпаққа мәңгілік мұра қалдырды. Қазіргі кезде біз Есенберлиннің есімін жиі айтамыз, жиі еске аламыз. Ұлылық деген сол меніңше. Жазушының тарихи романдарынан алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Сол кездегі бала, мына маған патриоттық сезімнің оянғаны соншама, қазақ болып туғанымды шынайы сезіне бастадым десем, сөзім жалған болмас.

- Фильмде Асан қайғыға монологына көп орын берілген деп сынайды. Келісесіз бе?Асан ата образы түйе мінген, ақылды сөздер айтқан ата бейнесінде қала ма?

- Қаражаттың тек ұласпалы хикая түсіруге бөлінгенін білесіздер. Бірақ мұндай мүмкіндік бола бермейтіні хақ. Сол себепті шығармашылық топ, кинодастан режиссері  Рүстем Әбдіраш тәуекелге барып, әр он сериалдан бір толық метражды фильм жасап шығуды мақсат тұтты. Толық метражды кино мен хикаяның қаражаты мүлдем бөлек. Соған байланысты Асан атамызға көп монолог айтуға тура келіп тұр. Айтқызбасақ желісі үзіліп қалар еді де, көрерменге түсініксіз жайттар көп болар еді. Тарихи романдарымыз жазылды, оқырмандар көп. Сол оқырмандар: «Қашан кино түсірілім болады, неге батырларымызды, абыздар мен хандарды киноға түсірмейсіңдер» деген сауалдарды көп қоятын еді. Сол көрермендерге тарту іспетті. Әрине, бұл идея – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлыныкі. Сол себепті де тікелей өз бақылауында болған жоба. Енді қазақ даласының қай түкпіріне барсаң да, Асан Қайғы айтыпты деген қанатты сөздері бүгінгі күнгі ұрпақтарға жетті. Сол себепті өз сөзін неге өзіне айтқызбасқа? Біткен іске сыншы көп, тіпті кейбіреулері: «Мен киноны көргем жоқ, бірақ мұқату жағында боламын» дейді екен. Ондай сынға көңіл бөлудің қажеті не? Өздеріне жақсы болса сынай берсін!

- Сіздің қоңыр дауысыңызды өзгеден ажырату оңай. Асан Қайғының роліне дауысыңызды ерекшелігіне қарап таңдаған ба?

- Қоңыр дауыс – Алланың маған берген сыйы. Даусыма қарап алса алған шығар рөлге, оны Рүстем Әбдіраш білер, мен сұрамаппын.

- Киім турасында айтсаңыз: картинаның басынан бастап Асан ата соңына дейін бір киіммен жүреді. Бұл қалай?

- Ұлы көштің Дешті-Қыпшақ даласынан Жетісу жеріне келген сәті ғана көрсетіледі. Уақыт мөлшері үш ай, ары кетсе алты ай ғана. Оған бірнеше киім киюдің қажеті шамалы деп ойлаймын. Ары қарай жалғасы болып жатса,  костюм суретшісі ойланатын шығар.

- Фильмнің азаппен түсірілгені елге белгілі. Түсіру барысында қандай қиыншылықтар болды?

- Қиыншылығы сол, фильм сюжеттері екі мың метр биіктікте түсірілді, атмосфера қысымы өте жоғары, жүрек қағады, бас айналады, актерлар талып қап жатты, түйе екеш түйе де шыдамай жата қалды. Ақбас атан аяғымды жаншып кетсе де, түсіру алаңын тастаған жоқпын. Соған қарамастан көрерменнің алғысына бөленген кезде оның бәрі ұмыт болады. Әрине, қыстың аязы, қары, жауыны мен тұманы әсер етпей қалған жоқ, ауру-сырқау да болып жатты. Қалай болғанда да біз бұл қиындықтарды жеңе білдік, нәтижесінде мақтау мен сынауға да ие кинодастан жарық көрді.

- Көркемдік шындық пен тарихи нақтылықтың арасы қалай байланысуы тиіс деп білесіз?

- Көркемдік шындық болуы заңдылық. Өйткені, аты айтып тұрғандай, көркем фильм. Дей тұрғанмен көркемдік шындық тарихи шындықты негізге ала отырып түсірілсе ғана оқырманның, көрерменнің көңілінен шығады деп ойлаймын. Асыра сілтеу әбестік болады. Қалай болғанда да осы киноны көрген жастар кезіндегі менің балалық шағымдағыдай патриоттық сезімдерінің оянатынына көзім жетті. Кинотеатрда көріп отырып, жастарымыздың «Алаш! Алаш!» деп ұрандағанын көзім көрді. Демек бекер еңбектенбедік деген ой түйдім. Біздің мақсатымызда сол еді. Сауатты да салауатты сұрақ қойғандарыңыз үшін алғысымды білдірем. Табысты еңбек етулеріңізге тілектеспін!

- Сұхбат бергеніңізге рақмет.

Заңғар КӘРІМХАН

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)