Астанада Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы басталады
20.06.2017 1858
2017 жылдың 22-25 маусымы күндері Астана қаласында халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы өтеді

Құрылтай бағдарламасының негізі ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған тұжырымдамалық идеяларына құрылған.

Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға болып саналады. Ол 1992-2017 жылдар аралығында өткен бес Құрылтайдың өзара сабақтастығының бар екендігін көрсетеді және тәуелсіздік кезеңдерінде Қазақстан Республикасының айтулы табыстарға, соның ішінде этникалық көші-қон саясатының жетістіктеріне қол жеткізгендігін паш етеді.

Құрылтай жұмысына барлығы 750 делегаттар мен қонақтар қатысады, оның 350 адамы алыс және жақын шетелдердегі әлемнің 39 елінен келді. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысады.

750 делегаттар мен қонақтардың басым көпшілігі ғылыми-шығармашылық және педогогикалық зиялылар өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері болып саналады.

Алдыңғы төрт Құрылтайға қатыспаған әлемнің сегіз елінен V Құрылтайға делегаттар мен қонақтар келіп отыр. Олардың қатарында Жапония, Корея Республикасы, Италия, Ирландия, Черногория, Польша, Әзірбайжан, Молдова елдері де бар.

Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 60 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Олар дені – түрлі елдердегі және Қазақстандағы жастар ұйымдарының, студенттік бірлестіктерінің көшбасшылары, магистранттар, докторанттар және жас мамандар.

Құрылтай аясында тұңғыш рет «Нұр-Отан» партиясының қолдауымен «Жастар рухани жаңғыруды қолдайды» атты дүниежүзі қазақ жастары көшбасшыларының форумы өтеді.

Құрылтайға шетелден келетін қандастар қатарында – Молдова Республикасы Парламентінің депутаты, ғалым-саясаттанушы Богдан Кайдарұлы Цырдя (Киікбаев), Ресей Федерациясының Томск облысы губернаторының әлеуметтік саясат жөніндегі орынбасары Шыңғыс Ақатаев, РФ-інің Алтай Республикасындағы Турата ауданының әкімі Аманжол Сахарьянов, Омбы облыстық алтыншы шақырылған заң шығарушы жиналысының депутаты Нұрлан Қартабаев, Орынбор облысындағы Орск қалалық кеңесінің депутаты Құрмамбай Құмақбаев, Санкт-Петербордағы Аймақтық экономика және заң университетінің ректоры Ерлан Ысқақов, Қырғызстан халықтары Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Еркін Бөлекбаев, Мәскеуден Алаш Орда тарихының белгілі зерттеушісі, Ресей жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Дина Киселева (Аманжолова), Батыс Сібір қазақтарының этнографиялық және тұрмыстық мәдениеті жөніндегі монографиялар авторы, доцент Шолпан Ахметова Омбы қаласынан, Абай өлеңдерін өзбек тіліне аударған Абдолла Рүстемов, түмендік белгілі журналист, «Көшпенділер» деректі кітабының авторы Қалил Қабдулуахитов бар.

Құрылтайға келетін Ағыпар Бәкей Моңғолия ауылшаруашылығы ғылыми академиясының вице-президенті, Бауыржан Ермекбаев Қарақалпақстандағы аудандық соттың төрағасы, Гүлсім Масақова Берлиндегі (Германия) Гумбольд университетінің Орта Азияны зерттеу Орталығы «Қазақстан тарихы және қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейді.

Делегаттар арасында – Ресей екінші Мемлекеттік Думасының депутаты, «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, Түріксіб теміржолын жобалау мен салуды белсенді түрде жүзеге асырушы, қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы-инженер, қоғам қайраткері Мұхамеджан Тынышпаевтың немересі, металлтану саласындағы философия докторы, канадалық Асқар Шейх-Әлі, атақты дінтанушы-ғалым Халифа Алтайдың Франция және Қазақстанда тұратын ұлдары, Түркиядағы колледж директоры Өзтопырақ Сүлеймен, Өзбекстан, Моңғолия, Ресейдің Омбы облысындағы, АҚШ-тағы (Хьюстон, Техас штаты) қазақ тіліндегі мектептердің директорлары мен мұғалімдері, Моңғолия мен Ресейдің Алтай Республикасындағы қазақ мұражайларының директорлары, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы М. Құрманхан атындағы қазақ драма театрының директоры, моңғол телевидениесіндегі қазақ тіліндегі тұңғыш бағдарлама авторы, таэквондадан Түркия чемпионы, Иранның Сари қаласындағы қазақ диаспорасы арасынан шыққан тұңғыш инженер әйел бар.

Делегаттардың көпшілігі қазақ тілін, ұлттық салт-дәстүрлерді, бекзаттық мәдени мұраларды сақтау және насихаттау, гендерлік қозғалысты дамыту жөнінен шетелдердегі танымал қоғам қайраткерлері болып табылады.

Сондай-ақ, Құрылтайға Германия, Франция, Өзбекстан, Ресей елдеріндегі этномәдени қозғалыстың ардагерлері де қатысады. Олардың ішінде Кельннен келген Әбдірахман Четин, Париждегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Абдулсәмет Алтай, ташкенттік Ташболат Бабажанов, Ленинград облысы және Санкт-Петербор қаласы қазақ қоғамының президенті Сәрсенғали Құспанов бар. Ауғанстан, Түркия, АҚШ, Германия, Франция, Латвия, Белоруссия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей мен Қазақстан елдерінің шағын және орта бизнес өкілдері де Құрылтай делегаттары ретінде өз салаларының проблемалары туралы ой бөліспек. Құрылтай делегаттарының ортасында Ресей, Моңғолия, Қырғызстан және Түркиядағы (алғаш рет) танымал журналистер, ақпарат құралдарының (газет, журнал, телевидение, радио) редакторлары мен бас редакторлары да бар.

Атап айтқанда, Баян-Өлгей аймағы радиосы, «Kasnews.mn» порталы, «Моңғол Заман» газеті, «Қырғыз туы» газеті (Бішкек қ.), «Нұрлы жол» газеті (Ташкент қ.), «Алтын аймақ» телевидениесі (Науайы қ.), «Омбы қазақтары» газеті, «Шүй нұры» газетінің (РФ, Алтай Республикасы, Қосағаш ауылы) тілшілері ұлт жиынының қыр-сырына қанығуда. Құрылтайға қазақстандық баспасөз өкілдері де қатысады.

Түрік тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесі (Түрік кеңесі) Бас хатшысының орынбасары Омер Кожамен, «Түріксой» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, шетелдік әзірбайжандармен жұмыс жөніндегі мемлекеттік Комитеттің төрағасы Назым Ибрагимов (Баку қ.), Франция қазақтары қауымдастығының президенті Берлин Иришев (Париж қ.), Моңғол Елшісі дәрежесіндегі, Дүниежүзілік моңғол конгресінің жетекшісі Дагва Цахилгаан (Ұлан-Батыр қ.) Құрылтайға алғаш рет құрметті қонақ ретінде шақырылып отыр. Құрылтайға Душанбеден филология ғылымдарының докторы, Ресей-Тәжікстан (Славян) университетінің профессоры, Тәжікстан қазақтарының тарихы туралы ғылыми монографияның авторы Абсаттор Нұралиев қатысады.

Социалистік Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, ССРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ССР-інің Халық жазушысы Олжас Сүлейменов, ССРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері Марфуға Айтқожина, ССРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, тұңғыш қазақ ғарышкері, Совет Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы, ғарышкер Талғат Мұсабаев, Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов, Қазақ ССР-інің Халық әртісі және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері Айман Мұсаходжаева, олимпиада чемпиондары Ислам Қанат, Бақтияр Артаев, Данияр Елеусінов, Қазақстан чемпионы Ақжүрек Таңатаров, т.б. қазіргі атақты спортшылар, ұзақ жылғы ұстаздық жемісті қызметі үшін елімізде тұңғыш рет Қазақстанның Еңбек Ері атанған Аягүл Миразова да Құрылтайдың құрметті қонақтары болып табылады.

Делегаттар қатарында – экономика, ғылым және білім, мәдениет пен спорт, бизнестің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі оралмандар. Айталық, «Құрмет» орденінің иегері, ресейлік мұнайшы Қайнулла Қасенов, Моңғолияның халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Авхий Хавлаш, физик ғалым Досан Баймолда Моңғолиядан, философ Эркин Байдаров Өзбекстаннан, шығыстанушы Ислам Жеменей Ираннан, Қытайдан келген аудандық маслихат депутаты Бәзілхан Әбдіғани, журналист Құтмағамбет Қонысбай Қарақалпақстаннан, суретші Рыстан Өмірзақ Моңғолиядан, кәсіпкер Нығарбай Төлеубай Моңғолиядан, опера әншісі Тілеубек Қожанұлы, ақындар Алмас Сақбаев пен Қайрат Құлмұхамед Қытайдан, т.б. қоныс аударған.

Құрылтай жұмысына ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, министрлік пен ведомствалар басшылары, түрлі партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың көшбасшылары, Қазақстандағы ұлттық-мәдени орталықтардың басшылары қатысады. «Нұр-Отан» партиясының өкілдері де бұл жиынға кеңінен қатыстырылмақ.

Ұлт Көшбасшысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың әлемге мәшһүр беделінің нәтижесінде тарихи отандарының қол жеткізген табысымен танысуға деген құштарлық Құрылтайға келетін шетелдік делегаттардың басын біріктіреді.

Құрылтайдың негізгі іс-шаралары

Құрылтайдың басты ерекшеліктерінің бірі қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен өнерінің кең тарауына бағытталған мәдени-көпшілік шараларының көптігінде болып отыр.

22 маусымда Астана қаласы әкімшілігі Елордадағы ҚР Ұлттық мұражайы, Әзірет-Сұлтан мешіті, Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің кітапханасы сияқты көрікті орындарға саяхат ұйымдастырады.

Бұл күні Құрылтай делегаттары мен қонақтары «Қазақ елі» монументіне гүл шоқтарын қояды, Этноауылды аралайды, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша ашылған «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрында біздің ұлттық музыкамыздың алтын қорына кірген Евгений Брусиловскидің «Қыз Жібек» операсын тамашалайды.

23 маусымда Тәуелсіздік Сарайында Ұлт Көшбасшысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа Төрағасы – Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен Құрылтайдың салтанатты ашылуы болады. Түстен кейін делегаттар мен қонақтар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен танысады. Кешкілік мезгілде «Салтанат» сарайында шетелдік қонақтарды ҚР Президенті атынан қабылдау болады.

24 маусымда (сенбі) бес министрлікте Құрылтайдың шетелдік қонақтарымен «дөңгелек үстел» отырысы өткізіледі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шетелдік қазақ диаспорасы өкілдерімен тұңғыш рет жүздеседі.

24 маусым күні түстен кейін бір мезгілде екі бірдей маңызды шара өтеді: Ұлттық академиялық кітапханада белгілі дінтанушы-ғалымның 100 жылдығына арналған «Халифа Алтай және тарихтың оралуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және Дүниежүзі қазақтарының бес құрылтайының тарихында алғаш рет «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жастар рухани жаңғыруды қолдайды!» атты әлем қазақ жастары көшбасшыларының форумы өтеді.

«Дөңгелек үстел», конференция және жастар форумының қабылдаған ұсыныстары ҚР Президенті Әкімшілігіне, Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығына, шетелдегі қазақ мәдени орталықтарына жолданады.

25 маусымда Құрылтай қонақтары Қазақстаннан өз елдеріне аттанып кетеді деп жоспарлануда.

Министрліктер мен ведомстволардың Құрылтай бағдарламасындағы іс-шараларға дәстүрлі түрде қамқорлық көрсетуі бұл жолы да көрініс табады деп күтіледі.

Өзінің қайнар бастауын сонау 1992 жылдан алатын әлем қазақтарының Құрылтайлары жер шарының түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың іскерлік сұхбаты алаңына айналуда.

Құрылтай қазақ халқының мәдениетіне, тарихына және салт-дәстүрлеріне жаңаша тұрғыда қарауға, оны молайтуға мүмкіндік береді. Ол, сондай-ақ, біздің отандастарымыздың Қазақстанға өз еркімен қоныстануына жол ашады.

Осынау маңызды іс-шара көші-қонға жауапты мемлекеттік органдарға шетелден қоныс аударушылардың өздерінің тарихи отандарында бейімделуіне, этникалық көші-қон мәселелерін шешуге, көші-қон жәнен білім туралы заңдарына байланысты уақыт талабын ескеруге жаңаша тұрғыдан қарауға көмектеседі.