1937 жылдың тамыз айының 1-інен, 31-інші желтоқсанға дейін Шүй бойынан РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабымен 636 адам жаппай жазаланған: атылған, сотталған, айдалған
«Совет үкіметінде саяси қуғын-сүргін бес толқынмен өтті», – деп баға берді Алтай Республикасының тарихшысы Д.И. Табаев.
Бірінші толқын – 1917-1928 жж. революцияның жеңісін, жемісін, Совет үкіметін саяси түрде орнықтыру.
Біздің аймаққа үкіметтің орнығуының үлкен бір белгісі, Шекара қорғау және ішкі Совет үкіметінің саясатын іске асыру мақсатымен, Ойраттың шекаралық ОГПУ (Объединенное Главное Политическое Управление) Комендатурасы 1928 жылы ашылды.
Екінші толқын – 1929-1933 жылдар байларды құртып жер аудару, бірлестік құрып колхоздастыру.
Үшінші толқын – 1933-1938 жылдар саяси қуғынды кеңінен қамту. Біздің аймақта бұл екі толқын бір-бірімен жалғасып, кеңінен қамтылғаны соншалық, ер-азаматтарды құртып жіберді. Алды атылып, айдалып, із-түзсіз жоғалып жатты, артынан ержеткендерімен алдыңғылардың орнын толтырып жатты, осылай толассыз айдау, ату он жылға созылды.
Жаңа заман ешкімге киім, тамақ тауып беріп тұрған жоқ, әзірше жоқтар барлардан бірде сұрап, бірде ұрлап күндерін көруде. Бірақ үнемі өйтіп күн көруге болмады. Совет үкіметі бұдан былай ұрлануды да, сұрануды да қойып, ашық түрде бардыкін тартып алып, жоқтарды асырауға көшті. Халықты колхозға «өз еркімен» кіргізу науқаны басталып кетті. «Өз еркіңмен» кірмесең «зорлық» жоқ, бірақ ел ішінде отыруға болмайды. Үкімет басындағылар колхозға кірмейтіндерге арнаулы жер белгілеп қойған. Ол жер – мал бағуға жағдайсыз, өрісі тар, суы алыс, отыны жоқ, рұқсатсыз ел ішіне араласуға болмайтын, жиналысқа қатысуға, сайлауға дауыс беруге құқығы шектелген, «голос лишен» шетке шыққан адамдар күн көретін жер. Ондай жерге алдымен колхозға кіргісі келмеген байларды малын зорлықпен тартып алып, колхозға қосып, өздерін елден шыққан, тең праводан айырылған, жексұрын сүйкімсіздер қатарына қосып көшіріп тастаған, олар «лишондар» деп аталды.
Совет өкіметінің колхозға «өз еркіңмен» кір дегені қалай, кіргісі келмегендерді көптің алдында мазақ қылғаны қалай, халық үкіметтің саясатының байыбына барып болғанша недәуір уақыт өтіп кетті. Барлар, байлар иттен қадірсіз күйге түсті. Балақтағы бит басқа шықты. Ел ішіне кіруден қалды. Үйлеріне ешбір жан хабарласпауы керек. Біреу хабарласа қалса, тыңшылар шолақ төрелерге жеткізіп қойса, ол адамның пәлеге қалғаны.
Күн өткен сайын «лишондардың» саны көбейе берді. Ел іші қаулаған өсек: «бәлембай да түгембай «лишон» болыпты», «малын колхозға қосыпты», «лишондардың» балаларын оқуға алмайды екен», «Лишон» болған кісімен арақатынас жасаған адам қара тізімге ілінеді екен», онда оның келешегіне балта шабылғаны. Байдың малын тартып алып көпшіліктің ортақ қазанына салып, малшы шығарып, бағып өсіргенін өсіріп, керек болса сойып жеуге кедейлергебереді дейді, деген сияқты өсек шынға айналды. Байларды құртып жер аудару программасы басталып кетті.
1929 жылдың 12 мен 15 қараша аралығында Ақыұлы Баттал, Ақыұлы Қайса, Ақыұлы Расұл, Ақыұлы Сағила, Өмірбекұлы Сатқанбай, Әміреұлы Шәкер, Аухаұлы Қожабай, Аухаұлы Қожа, Қожабайұлы Ізбайыр, Қожабайұлы Мүбәрәк, Қожабайұлы Мұхаметқажы, Көбентайұлы Бүргебай, Сыдықұлы Құсан, Нүрпейісұлы Түркістан түрмеге отырғызылды да, әйелдері, балалары Қазақстанға және Сібірге жер аударылды.
Ақыұлы Сағиланы Шүй қазағының соңғы биі, бәйбішесі Күлбәрәнді, балалары Аблайды, Зияданы, келіні Бөшөйді ұстап әскерлер алдарына салып айдағанда, бесікте Зияданың Көксеген деген жалғыз ұлы қалған. Байдың тұқымын асырап алуға ешкімнің батылы бармаған. Әке-шешесіне алып жүруге рұқсат бермеген. Ел ішінде болса да, жалғыздық көрген жас нәресте, шырқыраған дауысын еститін, қол ұшын беретін жанашырдың жоқтығынан, керексіз болып жұртта қалып өлген.
1930 жылы 7 ақпанда үштіктің шешімімен Ақыұлы Сағиланы, Көбентайұлы Бүргебайды, Нұрпейісұлы Түркістанды, Аухаұлы Қожабайды атылуға деген шешім шығарылды, 17.02.1930 жылы Қызылөзекте атылды, дүние-мүлкі тәркіленді.
Екінші рет 1930 жылы 8 ақпанда Бақрайұлы Нұралла молда, Бүргебайұлы Солтан, Жақсыбайұлы Серғазы, Кәтенұлы Дүйсенбай, Көбентайұлы Кеңшілік, Кеңгірбайұлы Машта, Қожаұлы Әбүтәліп, Мүкәбалаұлы Иіс, Мамашұлы Иманғажы, Нұрекеұлы Арыстан, Табытыұлы Аманбай, Табытыұлы Тәмем, Мандықаұлы Әкеми, Жетпісұлы Мырзағали, Ахетұлы Жүйебай түрмеге отырғызылды да, әйелдері, балалары Қазақстанға, Сібірге жер аударылды.
Айдалғандардың малдары иесіз қалды, аңырап иесіз қалған үйлерді, киімдерді, ыдыс-аяқты кедейлер бөлісіп алып жатты. Байдың әйелдерінің кейбіреуі малдарын бағып, оттарын жағып жүрген кедейлерге тиіп, айдаудан қалып қойды.
Шүйдің іші ұлар-шу жылаған, көз жастарына еңірегенде етектері толған халық. Қолдан келер жоқ, қайғы-қасіретке бойларын алдырған, естерінен жаңылғаны да, аспаққа асылып өліп жатқаны да бар, өте ауыр күйзеліске ұшырады.
Қой бастаған серкедей кезінде Шүй қазағының биі болған Ақыұлы Сағиланы бірге туған аға-бауырларымен, әйелдері, бала шағасымен және сол кісінің ақыл қосар достарын жазықсыз, топ-тобымен айдағаны елдің қанын қайнатты.
Біраз күн жылап-сықтап алған соң, әзірше бостандықта жүрген бас көтерер, атқа мінер азаматтар Абдолдаұлы Сәлімжанның үйінде бас қосты. Түстері суық, тәуекелге бел буғандары жүріс-тұрыс, қимылдарынан білініп тұр. Бас қосқандар ұзақ уақыт ойларын ортаға салысты, бірақ бастарына төніп тұрған пәледен құтылатын жол таппады.
Арғы бетке қашып кете алмайды, мұнда тыныш жатқызбайды, жігерлері құм болды. Лаждары таусылып, қызыл пәледен құтылар амал таппады. Теп-тегін тыныш жатырмыз дегендегілері мынау. Бейуаз адамдар, бала-шағасымен айдалып сорлап кетіп жатыр. Ел ішіндегі асылдарымызды тобымен бір айдады үндемедік, екі айдады үндемедік, енді үшінші айдағанын тоссақ, бас көтерер азаматтар қалмайды. Алдыңғы айдалғандарды атып өлтіре бастады, соңғылар түрмеде азап шегіп жатыр, жастарын Сібірге айдайды деседі. Итжеккенге жазықсыз айдалғанша атқа мініп айбар көрсетейік, ноқталы басқа бір өлім, көтерілдің деп өлтірсе, өз жерімізде өлейік. Өлер алдында тұяғымызды бір серпіп қалайық. Мына заңсыздыққа бір тосқауыл қоймаса болмайды, дыбыс шығармай қойша бауыздағанға көне береміз бе, қарап жүрсек те тұяқты серіптірмей айдап жатыр. Өлсек Совет үкіметіне наразылығымызды бір білдіріп өлейік. Құпия сырымызды жансыздарға білдірмей, сенімді адамдарға хабарлап, уағдалы жерде қосылатын болайық десті. Алла қолдаса топтарын көбейтіп, сегізінші наурызда Ақталдағы сельсоветтің тысындағы алаңға жиналып, жазықсыз халықты айдағанын тоқтатсын, Қошағашта түрмеде жатқандарды босатсын деп, халық болып көтеріліп наразылықтарын үкіметке білдірмекші болды.
Айтқандарына тұрып 1930 жылы 8 наурызда күн көтеріле әр тұстан топ-тобымен атқа мінген азаматтар сельсоветтің артындағы алаңға жинала бастады. Қолдарында шошаңдатқан қамшыдан басқа қарулары болмаса да, айбаттанып қыр көрсеткен ажарлары ешнәрседен тайынғалы тұрған жоқ. Ауылдағы үкімет басындағылар жұмыс орындарында отыра алмай жиналған халықтың неге көтерілгенін біліп тұрса да білмегенсіп, қайда барасыңдар, мұнша халық неге жиналдыңдар? – деп сұраған болды. Топтың ішінен атын тебініп алға шыққан Әкімбайұлы Құтбай:
– Мына халық «Сәбет үкіметі жазықсыз түрмеге отырғызғандарды босатсын және бұдан былай мұндай бассыздықты тоқтатсын» деп айтқалы келді,– деді.
Ауылдық кеңестің бастығы Қарамұрзаұлы Әміржай жиналғандарға жақындауға сескеніп, алыстан айқайлап:
– Тарқаңдар үйлеріңе! Сәбет үкіметіне қарсылық көрсетуге болмайды, – деді.
Сонда Мұрынұлы Мәсіп:
– Ей, Әміржай, әрине сендер бізді естігілерің келмейді, айдалғандар халық жауы емес, анық халық жауы сендерсіңдер, бізбен бірге Қосағашқа барасыңдар, сондағы бастықтарға бірге барып наразылығымызды жеткіземіз.
Тез қасымызға еріңдер, ермесеңдер өзгеге болмаса да сендерге күшіміз жетеді, сатқын немелер, – деп сөзін аяқтап үлгермей Қошағаш жақтан гүрілдеген дауыс шықты.
Халық жиналып үкіметке наразылығын білдірмекші деген хабар Қосағаштағы әскер бастықтарына хабарланып қойғанын көтерілісшілер енді ғана білді.
Халықтың беті дауыс шыққан жаққа бұрылып, сөйлеушілерді тыңдайтын кісі болмай сөз тоқтады. Дауыс шыққан жақтан көп ұзамай жүк машинаның келе жатқаны көрінді. Автомобильдің үстінде қарулы әскерлер келе жатқанын халық көріп біліп тұр. Бірақ қарусыз жиналған халыққа тиісе қоймас десіп тарқамай орындарында тұрды. Автомобиль ақырындағанда бірқанша әскер қарғып түсіп жаяу келе жатты. Мылтықтарын асынған әскер сұсты, айбынды көрінді. Автомобиль сельсоветке жақындап барып тоқтады. Үлкендерден «атсыз жүретін арба болады», «құс секілді қанаты бар жансыз нәрсе жеті қат көкте ұшып жүретін болады» деген секілді аңыз-әңгіме естігендер автомобильді көргенде таң қалысты. Атсыз арба дегендері осы екенін білсе де, оның қалай жүріп тұратынын қайдан білсін. Жалғыз автомобиль, он шақты әскер, мына жиналған топ қорқа қоятын күш еместей көрінді. Алдымен автомобиль тұрған жерінен қозғалмастай ету үшін алдыңғы доңғалағы айналмасын деп тастан, сиырдың қатқан боғынан үйіп бөгет жасады. Тағы бір тапқыр адам автомобильдің көзіне сиырдың жас боғын жағып, ал енді мықты болса көзсіз жүріп көрсін деп, өзінің тапқырлығына масаттанып қасындағыларға мақтанышпен айтып жатты.
Алдына бөгет қойылған, көзіне боқ жағылған автомобильдің үстіне келген әскерлердің біреуі шығып бөркін қолымен басынан биік көтеріп, халықтың гуілдеген шуын тоқтатуға ишарат істеді. Ол орыс тілінде бірдеме айтып еді, ешкім ешнәрсе түсінбеді.
Әскерлерді бастап келген офицердің айтқаны мынау деп, бір қазақ сөз бастамақшы болып еді, халық шуылдап, сен сөйлеме біз сөйлейміз деп тоқтатып тастады. Шуылдақ бәсеңдей бере көптің ішінен қамшысын жоғары көтеріп «біз сөйлейміз, бізді тыңда» деп Жұмаұлы Тұрсынхан атпен алға шыға бергенде мылтық даусы гүрс етеді. Тұрсынхан аттан құлап түседі. Халықтың бірқаншасы оққа ұшқан Тұрсынханның қасында «ой бауырымға» салысып жүрді.
Көбі тым-тырақай қашқан. Бір мылтықтың аузына жүз кісі сыяды деген осылай болады екен. Әркім өз бетімен кеткен кезде, анадай жерде тағы бір жансыз дене жатады. Келіп көргендердің арасында Қалаңай Әжіке бар еді, сол кісі тани кетеді. Бұл кісі жаяу топтың ішінде, қолын шошаңдатып, «келгендер бізді тыңдасын, жазықсыз айдалғандарды босатсын немесе біз барып босатамыз. Қорықпаңдар, ұмтылыңдар алға! Жаудан өлсең шәйітсің, тегін өлсең мәйітсің, өлмейтін пенде туған жоқ» деп жүргенін естігендер шәйіт болу өзіне бұйырғанын, марқұмның айтқаны Алланың құлағына шалынды деген осы-дағы. Қалқабайдың отқа қарсы ұшқан көбелектей, топ ішінде өрескел қимылымен жүргені жаяу әскерлердің көзіне түссе керек. Көкжелкеден мылтықтың дүмімен ұрып өлтіріп кетіпті.
Қалқабайдың қайдан келгенін, кіммен туыстығын тарқатып тұрған Қалаңай Әжіке. Ол кісінің айтуына қарағанда, Қалқабай Катонқарағайдан ағалары Сағынай, Жарқымбайлармен бірге келгелі екі жыл болған. «Қалқабайдың Әлике атты жалғыз қызын Есетұлы Мақай алған, сол қызын қара тартып келді ме, ағайындарына ере салды ма, әйтеу келгелі дос болып кетіп едік»,– дейді көзіне жас толған Қалаңай Әжіке. Жақсы адамның өлімі де жақсы, ел ішінде жақсы өлді, көптен топырақ бұйырады, көп уайымдамаңдар деп жылағандарға басу айтып жүр. Топтың ішінен біреу, жақсы өлді деген де өлім бола ма екен, мына кісі нені айтып тұр деп наразылығын білдірді.
Оны ести сала Қалаңай Әжіке сөзін одан ары жалғастырды: – Көресіңдер әлі, мына қызыл партия атқамінерлердің бәрін итжеккенге айдап қырады. Бөтен жерде ит пен құсқа жем болып өлгенше, өз жеріңде өлген жақсы. Жақсы өлім деген сол. Шәкірт қажының қасына қойылса дұрыс болар еді. Өзі жау қолынан өлген шейіт болса, мәңгілік орны Шәкеңнің қасынан бұйырса жұмақтың төрінен болмаса да есігінен орын алары рас. Өзі жақсы досым еді, жалғыз өзі жақсы өліп алғанша, мені де ала кетсе жөн еді,– дейді.
Көтерілісте халық қамын ойлап үйде тыныш жата алмаған замана ағымын болжаған, ақылды, қайратты көпке айтары бар азаматтармен бірге, қосақ арасында бос жүрген, елмен бірге дүрмекке еріп, топты көбейткен, бейуаз Қалаңай Әжіке секілділер де баршылық. Сол қара басыңа пана табылмаған заманда, соқыр ерлікке итеріп тұрған қандай күш десеңізші. Ата-бабамыздың қарап жатып өлмеудің қамын ойлағандары ғой. «Дүниенің кеңдігі не керек, аяғыңа кигенің тар етік болса» деген осындайда айтылған шығар.
Айға шапқан арыстандай мерт болған көтерісшілер, бірер күн өтпей-ақ қара тізімге ілінді. «Үй іші ала болса, кереге басы пәле болады» дегеннің шындығына халықтың көзі жетті. Ағайын арасында туыстық бір біріне сүйеу болған заман артта қалды.
Сенімсіздік, күдікшілдік жаңа заманның жемісі еді. «Сапты аяққа ас құйсаң, сабына қарауыл қойғызған» сұм заманның ықпалы тигелі бірлік-береке кеткен еді. Руластың біреуі жаңа үкіметке жағынып жұмыс істесе, біреуі ол үкіметке қарсы. Кімнің беталысы дұрыс, кімдікі бұрыс анығына жетіп болғанша халық тозып болды. ОГПУ-дың тергеушілері, ел ішіне қаптап кетті. Сұрақтың үлкені сегізінші наурызда қайда болдың, кіммен болдың? Тергеушінің тізіміне ілінген күдіктілердің саны күннен-күнге көбеюде.
Сегізінші наурыздағы көтеріліске Ойрат Автономиялық облысының ОГПУ бөлімшесі көптен бері Қосағашта, Совет үкіметіне қарсы ұйымдасқан үлкен бандының ұйымы табылды деп, саяси баға берілген қаралаушы іс ашылды. Ол саяси топтың басында бұрынғы билер және оның балалары, моллалар, Кайгордов пен Сатуниннің бандысына қосылып қолына қару алып Совет үкіметіне қарсы шыққандар бар екені анықталған. Ендеше оларды құрту, жою керек. 1929 жылдан бергі түрмеге алынғандар, сол бандының бастықтары екендігінде күмән жоқ, енді соларды қолдаушыларды
ұстап ату, түрмелеу – ОГПУ-дың алдындағы үлкен мақсат. Осындай саяси шешіммен қаруланған ішкі істер қарулы күші, қарапайым халықты құртатын себеп табылып, ойына келгенін істеп елдің ойран-топырын шығарды.
Жиырма тоғызыншы жылдың аяғында және отызыншы, отыз бірінші жылдардағы ұсталғандардың атылмай, Сібірге айдалмай қалғандарын қосып, сегізінші наурыздағы Ақталдағы көтеріліске қатысы бар дегендердің 07.07.1931 жылы Айрықша үштіктің ПП ОГПУ-дың Батыс Сібір Өлкесінің №260 шешімімен 55 кісінің материалы қаралған.
Бұл туралы «Қара дақ – қасірет таңбасы» атты тақырыппен берілген мақала менің «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» атты деректі кітабымның негізі бойынша жазылған, мақаланың авторы – Заңғар Кәрімхан.
Ал 1937 жыл халық жауларын әшкерелеу, аяусыз жазалау, сөйтіп Совет үкіметін халық жауынан тазалайтын күрделі жұмыс атқаратын жыл деп жариялаған Қызыл партияның шешімін бітірудің жоспары бұрынғыдан бірнеше есеге көбейді. ОГПУ-шылар, соңында НКВД деп аталған халық жауын тауып құртушы рольдегі орган қызыл партияның жоспары көбейген сайын, саяси тапсырманы бітіру үшін халық жауын табудың жаңа түрлерін ойластырып, жаңа әдістер қолданып отырған. Сол әдістің бір мысалы Алтай Өлкесінің ФСБ-ның Архивіндегі том №1, іс қағаз №395-пф УНКВД-нің құжаттарынан көруге болады.
НКВД-ның жауынгерлеріне енді штабқа байланысты халық жауларын ұстау ғана қалды. Халық жауларын ұстауға саяси тақырып дайын. Болмағанды болды, көрмегенді көрдім дегізу НКВД жаналғыштарының қолында. Ешнәрсе ойларында жоқ бейкүнә адамдарды ұстап әкеліп, ұрып-соғып қинап, күні бұрын даярлап жазып қойған қағазға «шынын» айтқызып, қолдарын салдырып атқанын атып, соттағанын соттап, Сібірге айдай берген. Өтірік штабтың жемісі 1937 жылдың тамыз айының 1-інен, 31-інші желтоқсанға дейін Шүй бойынан РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабымен 636 адам абақтыға отырғызылып, атылған, сотталған. «Халық жаулары» аяусыз жазаланып тұрған. Қызылөзектің түрмесінде 1937 жылы 26 қыркүйекте түнгі сағат үште отыз адам «халық жауы» деп атылған.
Сол бір зобалаң жылдары, он жылдың бойына Қосағаш аймағының бір мыңнан асатын адамдар жазықсыз «халық жауы» деген атпен сотталған, олардың үш жүздейі атылды, қалғаны Сібірдегі лагерге айдалды. Атылған айдалғандардың бес жүзден артығы – қазақ, бес жүзге жуығы – тілеуіт.
«Халық жауларының» елу-алпыс әйелдері, бір жүзге жуық балалары Қазақстанға, Сібірге жер аударылған. НКВД-ның Қошағаштағы бөлімшесі «халық жауларын» уақытында тауып, жаза қолданушылардың алдыңғы қатарында деп бағаланып, жоғарғы жақ ұмытпай, сый-сияпатын жасап тұрған. «Халық жауларын» тауып, дер кезінде қол ұшын берушілердің ішінде, өзіміздің ортамыздан шыққан тоқылдақтар да болған. НКВД олардың да еңбегін жоғары бағалап, жоспарды артық бітіргендерінің төсіне медаль, орден тағып тұрған. Олар халқын сатып тамақтарын тауып жүргендерінен арланбаған, шендерін тағынып елге көрінуден ұялмаған. Сөйтіп арамтамақ арсыздардың айы оңынан туып, ел жақсылары жазықсыз жаланың құрбаны болған заман артта қалып, тайға таңба басқандай тарихтың бетінен орын алды.
Пионер Солтанұлы МҰХТАСЫРОВ