Жарты ғасырлық тарихы бар фильмнің мерейтойы өтті
23.12.2016 2476
Қазақ киносының төл туындыларының бірі «Қыз Жібекке» - 45 жыл. Тарихи мерейтой Жібектің Отаны Ақжайықта болды

Даңқты махаббат дастанының желісімен дүниеге келген «Қыз Жібек» кинофильмінің мерейтойы тұңғыш рет Жібектің тарихи Отаны – Ақ Жайықта өтті. Әйгілі фильмде басты кейіпкерлерді сомдаған КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Құман Тастанбеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешева қатысты.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев алғы сөз айтуда

Қазақ халқын әлемге танытуға үлес қосқан «Қыз Жібек» фильмінің желісінде тарихымыз көрініс табады. Сол дәуірдегі батагөй ата-бабаларымыз, хас батырлар, өткір тілді шешендер мен билерді дәріптейді. Үлкен мен кішінің құрметі, жастардың арасындағы сезім де көрініс табады. Оның ішінде адалдық та, тәртіп те бар. Қазіргідей жаһандану заманында ұлттық рухты көтеруге осы «Қыз Жібек» дастаны және оның желісі бойынша түсірілген кинофильм үлес қосады. Өйткені, кинода қазақтың дарқан даласын, халқының көрегендігін, сәні мен салтанаты келіскен тұрмыс кешкендігін көрсетеді. Сондықтан, жылдар өте келе фильм биіктей береді. Елдің ел болуына, халықтың сақталуына, ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына зор септігін тигізетіні рас.

Қазақ киносының майталманы Асанәлі Әшімов

Расында, кино тек екі жас арасындағы махаббатты ғана баяндап қоймай, сол замандағы қазақтың күйін, болмысын одан өзге салт-дәстүрі мен сол замандағы белең алған қазақ қоғамындағы мәселелерді алға тартады. «Қыз Жібек» жырының әуелгі бастауында шынайылық жатыр. Аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері – өмірде, осы біздің Жайық өңірінде болған адамдар. Жырдың негізгі кейіпкерлері – Төлеген мен Жібек, бірін-бірі шын сүйген ғашықтар, бірақ, әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің қазасы мен Жібектің қайғылы тағдыры талай жанарларға жас үйірілтпей қоймайды. Бұл – махаббатқа соғылған еңселі рухани ескерткіш.

«Қыз Жібек» – тек қана мәңгілік махабатты емес, патриоттық сезімді ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен қамтыған кино. Содан болар, ол басқа картиналармен салыстырғанда өміршең болды. Оған деген халықтың сүйіспеншілігі жылдар өте келе артпаса, кеміген жоқ. Өйткені бұл кино тек қана бір тақырыптың аясымен шектелмеген.

Қызықты мәліметтер

Фильмді түсіру жұмыстары Семей, Көкшетау, Ақтау өңірлері мен Алматы облысының сол кездегі Күрті ауданында, Жаркент маңында, Іле өзенінің жағалауында жүргізілген.

Басты кейіпкер Жібек рөліне лайықты бойжеткенді табу мақсатында 1968 жылы 1 қаңтарда «Лениншіл жас» (қазіргі таңда «Жас Алаш») газетіне хабарландыру жарияланады.

Төлегеннің ақсауыты мен Жібектің бүрмелі көйлегі бұл күнде «Қазақфильм» мұрағатында сақтаулы.

Бішкек қаласының хайуанаттар бағынан киноға түсіру үшін арнайы аққулар әкелінген.

Түрлі себептермен киноның 500 метрлік лентасы қиылған. Түпнұсқада фильм ұзақтығы 3 сағаттан асады.

Фильмге сегіз, он, он алты қанатты жалпы саны отыздан асатын киіз үйлер арнайы тігілген.

Фильмнің бас суретшісі Гүлфайруз Ысмайылова киноны көркем безендіру үшін мың жарымнан астам эскиз жасаған екен.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)