«Даңқ кітабы» тұғырға қойылды
06.12.2016 3032
Еліміздің өркендеуі мен өсуіне, тарихы мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан тұлғалар туралы топтамалар жинақ болып шығарылды. Жас ұрпаққа аманат болып қалатын тағылымы мол мағлұматтар қоры көбеюде

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасының «Даңқ кітабын» тұғырға қою және электронды нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты шараға «Даңқ кітабына» енген марапат иегерлері мен саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 8 маусымда бекітілген «Қазақстан Республикасының Даңқ кітабы туралы» №538 қаулысы негізінде «Даңқ кітабын» жүргізу және сақтау Ұлттық музейге тапсырылған болатын. Аталған қаулыда көрсетілген ережеге сәйкес жарыққа шыққан «Даңқ кітабын» Ұлттық Ұланның сарбаздары салатанатты түрде витринаға қояды.

Алдағы уақытта «Даңқ кітабы» Ұлттық музейдің Тәуелсіздік залындағы Мемлекеттік марапаттар витринасының экспонаты ретінде музейге келушілердің назарына ұсынылады.

Шараның алғы сөзін ашып берген Қазақстан республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев: «Бүгінгі болып отырған іс-шара біздің 25 жылдық тәуелсіздігіміздің тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Бүгінімен мақтана алмаған ел – өткенімен ғана мақтанады», - деген сөзі бар. Ал қазақ халқы тек өткенімен емес, бүгінімен де, болашағымен де кеудесін кере мақтана алады.

Бүгінгі тұсауы кесіліп, тұғырына орнатылып отырған «Даңқ кітабы» соның бірден-бір айғағы деуімізге болады» деді. Ұлтымызға еңбегі сіңген 292 тұлғаның есімі жарияланған «Даңқ кітабының» электронды нұсқасының лентасын қоғам және мемлекет қайраткері Өмірбек Байгелді мен Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев кесті.

«Даңқ кітабына» ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісіне, «Алтын Қыран», «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордендеріне және «Халық Қаһарманы», «Қазақстанның еңбек ері» атақтарына ие болған азаматтар туралы жазбалар енгізіледі. Жазба тек мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Әзірлеген: Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)