Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қазақ әйел бас киім атауларының этнолингвистикалық сипаты

30173

Әр ұлттың ерекшелігі көбінесе этностың салт-санасынан, дәстүрінен, әдет-ғұрпынан байқалады. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр халықтың мәдени, тұрмыстық, психологиялық, дүниетанымдық жағдайларына байланысты қалыптасады да, тіл арқылы сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады.

Академик Ә.Қайдар өзінің «Этнолингвистика» деген мақаласында: «Халықтың дүниетанымы мен болмысы оның тек тілінде сақталып, тіл арқылы көрініс тауып отыр.Әр түрлі заттың, құбылыстың аты-жөні, сыр-сипаты, қозғалыстық қатарлар, әдет-ғұрып, салт-сана мен дәстүрлер жайлы мағұлматтар бәрі-де кейінгі буындарға тек тіл фактілері арқылы ғана, яғни тілдегі сөздер мен сөз тіркестер, фразеологизмдер мен мақал- мәтелдер, аңыз ертегілер арқылы ғана келіп жетуі мүмкін емес», — деп жазды [1.18].

Ұлт -тіл-мәдениет бір-бірімен тығыз байланыстағы ұғымдар. Бұл соңғы жылдары қалыптаса бастаған лингвомәдениеттану пәні зерттейді.В. В. Воровьев пен В. Н. Телияның зерттеулерінің негізгі ой желісі барысында туды. Бұл ғылым саласы лингвистика мен мәдениеттану пәндерінің бірігуінен пайда бола келіп, этнос мәдениетінің тілге әсер етуін қарастырады. Бұған дейін ұлттың тілі мен мәдениетінің ерекшеліктерін, олардың өзара байланысын ғалымдар этнолингвистика пәнінің негізінде зерттеп келді. XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы И. Г. Гердер, В.Гумбольдт еңбектерінен этнолингвистикалық көзқарастар байқалады. Осындай көзқарастарды XX ғасырдың басында Ф.дэ Соссюр: «Әр халықтың салт-дәстүрі тілінде көрініс табады, екінші жағынан алғанда дәл тілдің өзі қалыптасуына септігін тигізеді» — деген құнды ойлар келтіреді. [2.55]

Қазақстанда бұл мәселе 70–80 жылдардан бастап Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов сияқты тілші — ғалымдардың еңбектерінде сөз бола бастады.Ә.Қайдаров ойына жүгінетін болсақ: «Этнолингвистика, егер оның түп-тамырына үңілсек, этнография мен лингвистиканың жай қосындысы емес, бір шаңырақ астында әрқайсысы өз бетінше тон пішіп, өзінің жырын жырлайтын шартты түрде ғана қосарласқан дүние емес, этнолингвистиканың нысаны — этнос және оның тілі.Тілсіз этнос, этноссыз тіл өмір сүрмейді» [1.18].

Демек, этностың өткен жолы тілдің этномәдени қорында сақтаулы. Сондықтан да қазақ халқы туылғанда «ит көйлектен» бастап, өлгенде «ақыретке» дейін денесін киім-кешекпен қымтап, адам өмірі үшін аса маңызды киімнің жасалуына үлкен мән берген. Оны қажетіне тұтына білуіне этностың талғамы мен танымы өте жоғары болған. Осыған байланысты ұлт өмірінде үлкен мәнге ие болған бірнеше киім атауларының, оның ішінде әйел бас киім атауларының этномәдени табиғатын ашуға тырыстық.

Қазақтың ұлттық киім үлгілерінің ішінен семантикалық статусы өте жоғарысы — бас киім.

Қазақ ғұрпында бас киім көріктілік пен сәнділікті, баршылықты білдіретін қасиетті киім саналған.Қазақтың «дос аяғына қарайды, дұшпан басыңа қарайды» дейтін мақалы осы жайдан қалыптасқан болу керек.

Қазақ әйелдерінің бас киімдері олардың жасы мен отбасы жағдайына байланысты бір-бірінен көп ерекшеленіп отырған. Жазды күні қыздар түрлі-түсті жібек, барқыт, мақпалдан тігілген, төбесі жайпақ, дөңгелек тақия киген.Қыздардың негізгі киетін бас киімі кәмшат бөрік болған. Әйелдердің ең қымбат бас киімі қалыңдықтың тойға киетін сәукелесі есептелген. Ері бар егде тартқан әйелдер әшекейі жоқ, ақ матадан тігілген бас киім киген немесе жаулық тартқан.

Тақия. Үкілі тақия қазақ қыздарының ерекше ұнатып киетін бас киімі.Ол ұлттық өрнек мәнеріне тігілуіне қарай әр түрлі болған.Қыздардың тақиясы қызыл, күлгін, жасыл т.б. түстермен, шұға, барқыт, мәуіті сияқты маталармен тігіледі.Түрлі-түсті моншақ-маржан, алтын, күміс теңгелер және асыл тастармен безендірілген.Үкінің үлпілдек қауырсыны әсемдік үшін тақияны төбесіне қадайды. Бұл қазақ халқының арасына көне діни ұғымға байланысты үкі құсын «қасиетті құс» деп тотем тұтқандығынан пайда болған.

Тақия — кестелеп, сырып тігілген дөңгелек, жеңіл бас киім.

Сәукеле — ұзатылған қыз киетін бас киім. Оны арнайы басылған, ақ киізден немесе арасына жүн салып сырыған матадан жасап, сыртын арнайы барқыт, атлас, мәуіті, шұға сияқты қымбат маталармен қаптайды. Шетіне құндыз, кәмшат терісі ұсталады. Сәукеле үш қарыс шамасындай болып, өн бойына алтын, күміс, меруерт-маржаннан әшекей тағылып, сыртын жібек жіппен кестеленеді және арнайы күмістен жасалған төбелдір маңдайшасы болады. Сыртында жерге жететін, ақ жібек жаулық болады.

«Сәукеле» лексемасы «сәу» және «келе» толық мағыналы екі сөзден құралған. «Сәу» компоненті көпшілік түркі тілдерінде кездеседі: көне түркі тілінде say- здоровый, целый, хороший [3.480], тат. сау- целый, чув.тыва — здоровый т.б. Ал екінші компонентін қарастырайық, қырғ. күлә — «тюбетейка, надеваемая под чолму, конусообразная шапка», парсы тілінде куга — шапка календера; чаг. кylyk — головная повязка: азер: гүллә -башня мағыналарында берілген.

Е.Жанпейісовтың докторлық диссертациясында «сәукеле» сөзінің этимологиясы жайлы былай дейді: " компонент сәукеле разным языкам: сау /сәу/ из общетюркского, күла/күлә~кела~келе/ из персидского сау/сәу/ — выражает значение целый всецело, целиком; а компонент келе как название головного убора связан с его основном признаком — конусообразностью, относительно удлиненностью» [4.30].

Кимешек — көбінесе, ақ матадан немесе, ақ жібектен тігілетін бас киім. Кимешек басты, кеудені, арқаны жауып тұратын болған. Оның жиектерін көмкеріп кестелейді.Жас келіншектердің бет жақтауы жалпақтау болып, кестесі-де көркем тігіледі.Мосқал тартқан әйелдердің кимешегінің бет жақтауы тар болады. Бірақ әшекеленбейді.Кимешектің қазақ рулары мен тайпаларының өзгеше болуына байланысты әртүрлі үлгілері болады.

Кимешекті 25–40 жас аралығындағы әйелдер киген. В. В. Радлов сөздігінде «кімашак / kir/ — головной убор старых женщин» деп түсіндіреді.Әйтсе-де, маңдайы оқалы, биік сұлама кимешек әйелдің өңіне салтанатты кейіп береді.

Жаулық — әйелдер басына тартатын орамал. Жаулықтың жібектен, матадан, жүннен жұқа етіп тоқылғаны да, қалың етіп тоқылғаны да болады. Жүннен қалыңдап тоқығанын «бөртпе» деп атайды. Жібектен не матадан шашақ шығармай тоқыған түрін «салы» деп те атаған. Қазақ әйелдерінің жас ерекшелігіне қарай жаулық әртүрлі болады. Бұл сөз түркі тілдерінің бәрінде-де кездеседі. Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігінде бұл сөзге төмендегідей анықтама береді: «йағлиқ аргументируя это тем, что значение „полотенце“ -„то, чем вытирают жир“. М.Асамутдинов бұл сөздің түбірін jap деп алып, „накрывать, покрывать“ деген мағынаны білдіреді дейді.

Жаулықты бертін келе „орамал“ деп атаған В. В. Радлов жаулық сөзін екі компоненттен (жау+лық) тұрады дейді-де, бірақ этимологиялық жағын анық көрсетпейді.

Бүркіншек — басқа салатын жамылғы.
Ақ бүркеншік салған жұрт,
Ал ендігін жаққан жұрт
Қызыл маржан таққан жұрт (Едіге батыр) — деген өлең жолдарындағы мысалдан „Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігіндегі“ бүрке ~бүркеулі~ бүркеусіз~бүркеншікті т.б. сөздердің бір түбірден өрбіп, бүркеу яғни жамылу мағынасында дәл келетінін байқаймыз.

Бұл сөз XIғ.түркітанушысы М.Қашқаридың сөздігінде: „бүрүншүк- қатындар бүркенетін нәрсе“ деп түсіндіреді.

Бөрік -елтіріден, аң терісінен істелген, матамен тысталған, құлақсыз бас киім. Бөрік қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық бас киімі болып, қыстық және жаздық бөрік болып бөлінеді.Қыстық бөрік ішіне жүн немесе мақта салып тігіледі.Ал жаздық бөрік мақта салынбай, қос астарланып тігіледі.

„Бөрік“ сөзі түркі тілді халықтардың бәріне ортақ сөз. Бұл лексеманың этимологиясы жайлы ғалымдар әртүрлі пікір айтады. Көрнекті түркітанушы ғалым Н. К. Дмитриев бөріктің аң терісінен жасалуына байланысты бұл атауды „бөрі“ сөзімен байланыстырады. В. В. Радлов „кәмшат-камчатский боберь“ дегеннен шыққан дейді-де, мынандай мысалдар келтіреді: камчат бурік — шапка из бобрового меха» [5.493].

Э. В. Севортянның пікірінше «борик — бо+рук — бурук и далее борк — бурк представляет собой производное, образовавшееся с помощью отглагольно-именного аффикса- /а/ — к от глагола бору-буру „покрывать“. Причем, „борк//бурк“ и все остальные, односложные формы представляют собой вторичные образования, явившиеся результатом редукции закрытого гласного второго слога и стяжения двусложной производной обновы в односложную» [6].

Біз Э. В. Севортянның пікірімен келісеміз. Көне түркі тілінде burk-«шапка» мағынасында қолданылған. Етістіктен (-ық, -к,-к, -ақ, -ек) есім тудырушы жұрнақ болғандықтан бөрік сөзін туынды түбір (бор+ік) деп қарап, бұл сөздің сөз тудырушы моделін тіліміздегі бөлік, қонақ, көрік есім сөздермен және ішік, етік, көйлек т.б. киім атауларымен салыстырамыз. Сөйтіп, бөрік сөзі бүр-бүру, бүркес етістігімен-де байланысты болу керек деп топшылаймыз. Себебі, монғол тілінде «бүрээс — покрышка, покрывало; бұрхээк — покрывать, накрывать сверху» мағыналарын берген.

Қорыта айтсақ, киім-кешек атаулары — этностың күллі тұрмыс-тіршілігін айқындаудың таным айнасы, саналы ғұмыры мен ғасырлар мәдениетінің тұнып тұрған мұражайы. Киім арқылы оның иесі қай елдің өкілі екенін, әдет-ғұрпы мен салт -дәстүрі, әлеуметтік -иерархиялық мәртебесі мен қызметін т.б. белгілерін ажыратуға болады. Демек, киімнің негізгі функциясы — табиғи ортаның суығы мен ыстығынан, жауын-шашыны мен жел-құзынан қорғаумен қатар, ұлт жаратылысының қалыптасуы мен кемелденуінің ұзақ ғұмырнамалық рухани парасат келбетін танытатын этнографиялық, философиялық, мифологиялық әрі тәлім-тәрбиелік түрлі қыр-сырынан, ақпарат беріп, бойына сан алуан қызмет жүктеген синкретті ұғым.

Әдебиеттер тізімі:
1.Қайдаров Ә.Т. Этнолингвистика// Білім және еңбек,1985.-№ 10
2.Соссюр Ф-де. Труды по языкознанию. Москва,1996
3.Аймауытова Ә.Б. Қазақ тіліндегі киім атауларының этнолингвистикалық
табиғаты.фил.канд.дисс. Алматы.2004ж.
4.Жанпейісов Е. Этнокультурная лексика казахского языка.
5. Дмитриев Н. К. Грамматика башкирского языка, 1948
6.Севортян Э. Этимологического словаря тюркских языков (ЭСТЯ; 1–8 тома, 1978–2008)

Салимова Н.С.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?