Атырау облысы Қазақстанның табиғи қазба байлығымен қатар тарихи мұрасы да мол аймақтың бірі. Осындай тарихи мұралар қатарында облыс территориясындағы көне қалаларды да жатқызуға болады. Қазіргі таңда ЮНЕСКО халықаралық ұйымы негізінде қорғауға алынған дара ескерткіш ретінде Сарайшық қаласы әлемге танылып отыр. Дегенмен-де, осы Сарайшық қаласынан басқа да көне қалалар мен тұрақтар әлі-де өз зерттеушілерін таппай келеді. Осындай қалалар қатарында орта ғасырлық Ақтөбе-Лаэти қаласын атауға болады. Жалпы Атырау өңірі өзінің археологиялық зерттелуі-деңгейі кенже қалып отырған өңір болып табылады. Оның айғағы ретінде облыс территориясындағы кейінгі жылдары ашылып жатырған жаңалықтарды айта аламыз. Атап айтқанда, Атырау облысының Жылыой ауданының Аралтөбе деген жерінен табылған сармат дәуірінің ескерткіші. Қазіргі кезде оған екінші «Алтын адам» дәрежесі беріліп, біздің облысымыздың көне және ең маңызды жәдігеріне айналды.
Біздің тақырыбымыздың арқауы болып отырған мәселе — Атырау облысының территориясында орналасқан көне қалалар, қала мәдениетінің дамуы мен ерекшеліктері. Бұл аталған мәселе, Ақтөбе-Лаэти қаласының мысалы негізінде зерттеу нысанына алынады. Көшпелі мал шаруашылығы дамыған, ауа райы өзінің қаталдығы және континенталдығымен ерекшеленетін, негізінен қала мәдениеті дамымаған деген тұжырым жасалып келген Атырау жеріндегі өзіндік қала мәдениетінің болғаны нақты деректермен дәлелдеу іске асып келеді. Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы, екі үлкен теңіз Арал және Каспий арасындағы құрлық, сонымен қатар, осы аралықтағы Жайық, Жем өзендерінің жағалаулары өмір сүруге қолайлы жағдай туғызып отырған. Сондықтан, бұл территорияны халық ежелден-ақ қоныстанып, осы екі теңіз аралығында көшіп-қонып жүрген әртүрлі халықтардың мәдениеттерінің тоғысқан аймаққа айналған. Каспий теңізінің елуден астам әр тілдегі атауының болуы да бұл жерді түрлі халықтың мекендегенінің айғағы. Батыс Қазақстан территориясында қала мәдениетінің дамуы Алтын орда дәуірімен байланысты дамиды. ХІІІ-ХV ғасыр аралығында Алтын Орда империясының күшейген уақытында қалалар мен елді мекендер қайта бой көтере бастайды. Қалалар мен елді мекендер енді Батыс Қазақстан мен Еділ өңіріне шоғырланады. Деректерге қарағанда, Еділ өзені бойына астанасы Сарайды қоса есептегенде 80-дей қала салынады. Ал Батыс Қазақстан аймағында қырыққа жуық қала мен елді мекен салынған деп саналады. Соның ішінде астана дәрежесіне жетіп, өркениет орталығына айналған Сарайшық қаласы болды.
Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы, екі үлкен теңіз Арал және Каспий арасындағы құрлық, сонымен қатар, осы аралықтағы Жайық, Жем өзендерінің жағалаулары өмір сүруге қолайлы жағдай туғызып отырған. Сондықтан, бұл территорияны халық ежелден-ақ қоныстанып, осы екі теңіз аралығында көшіп-қонып жүрген әртүрлі халықтардың мәдениеттерінің тоғысқан аймаққа айналған. Каспий теңізінің елуден астам әр тілдегі атауының болуы да бұл жерді түрлі халықтың мекендегенінің айғағы.
Елімізде археологиялық қазбалар нәтижесінде ежелгі адамдар мекен еткен қоныстарда, тұрақтарда, қалашықтарда, қорғандарда адам еңбегінің белгісі ретінде олардың пайдаланған еңбек құралдары, тұрмыстық заттары, қару-жарақ түрлері, әйел адамдардың әшекей бұйымдары тағы басқа заттар табылуда. Осылайша жүз жыл, тіпті мың жылдықтар бұрын ата-бабаларымыз мекендеген аймақтарда сол заманның өмірі мен шаруашылығынан мағлұмат беретін тарихи жер қабаттары қалыптасып отыр.
Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге Сарайшық қаласын зерттеп, оның тарихи-мәдени маңызын көтеру қолға алынып, қала орны мұражай қорыққа айналып, хандар зиратына ескерткіш қойылды. Сарайшық қаласының құландысы Атырау қаласынан солтүстікте 58 шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жағалауында, Махамбет ауданындағы қазіргі Сарайшық ауылы түбінде. Қазіргі кезде қаланың жартысы ғана қалған. Қалған бөлігін өзен шайып кеткен. Қазіргі кезде облыстың археолог мамандары Сарайшық қаласы орнына қарсы жағалауды, яғни Жайық өзенінің екінші жағалауында барлау және қазба жұмыстарын жүргізуді ұсынып отыр.
Қала туралы жазба деректерді бізге саяхатшылар мен тарихшылар қалдырған. Қаланың орнында бұрын қандай қала болған, ол қай ғасырда салынып қалай аталғаны туралы мәлімет жоқ.
Археологиялық зерттеулерден қаланың төменгі мәдени қабатынан ҮІІІ ғасырлардың жәдігерлері кездеседі. Сондықтан қала орнында ежелгі мекен болғанықталып отыр [1].
Сарайшық қаласының орнында бұрын қала болған, бірақ ол туралы қазіргі кезеңде жазбаша мәлімет табылмай отыр. Ал археологиялық мәліметтер тапшы.
Сарайшық орнында X–XII ғ.ғ. Хазарлық Сақсын қаласы болған деген мәліметтерді кейбір зерттеушілер келтіреді. Бұл пікірді С. П. Толстов қолдайды [2]. Ал, Ә.Х.Марғұлан «Сақсын оғыз-печенек қаласы болған»- деп жазады [3].
Махмуд Қашқари Түркі сөздігінде: «Сақсын-Бұлғарға жақын шаһар — Суар деп аталады» — дейді [4].
Ал, Г. А. Федоров-Давыдов Сақсын қаласының жұрты Сарай қаласының астында жатыр,-деп есептейді [5]. Соңғы зерттеулер Сарайшық пен Сақсын қаласы екі бөлек қала екенін анықтар отыр. Сарайшық орны да бұрын мекен болуы мүмкін.
Саяхатшылар Ибн Баттута, Плано Карпини, Вильгельм Рубрук, Джованни Мариньоло, Бальдучи Пеголотти, Антоний Дженкинсон қала туралы құнды деректер қалдырды.
Тарихшылар А. И. Левшин, В. В. Вельяминов-Зернов, П.Небольсин, В. В. Бартольд, Б. А. Греков, А.Юкубовский, А.Чулошников, М.Вяткин т.б. да өз еңбектерінде қала туралы мәлімет береді.
Жазба деректерден көңіл аударалық дерек, 922 жылы Аббасидтер халифы Жафар ал-Муктадир биллахтың елшісі Ибн-Фадлан Бағдаттан Атил (Еділ) бойындағы бұлғар еліне жіберілгенде Джайх(Жайық) өзенінен өткен. «Бұл біз көрген ең үлкен өзен, оның ағысы тым қатты. Шындығында, мен жүктердің қалай ауғанын және өткелде кісілердің суғағып кеткенін өз көзіммен көрдім. Жалпы, біз өткелден өтерде көптеген адамдарымыздан, түйелер мен жылқыларымыздан айрылдық. Біз Жайықтан төтенше қиындықпен өттік»-деп жазады [6]. Бірақ ол, Сарайшық қаласы туралы дерек келтірмейді, оның Жайық өзенінен өткен тұсы Индер жерінде болған. Қала бұл кезеңде салынбаған болса керек.
Орта ғасырда өткел мен көпірлер, елді мекен мен қала маңына ғана салынған. Шамасы Қарақорымға саяхат шеккен Плано Карпини мен Гильом Рубрук ХIII ғ. ортасында Сарайшық қаласы тұсындағы өткелден өткен болса керек.
Плано Карпини 26, ақпан 1246 жылы Қарақорымға саяхатында Жайықтан өткен «…третью — Волгу, это река очень велика, у нее переходить с места на место Бату, четвертая называется Яик (Jaec), у нее переходят с места на место два тысячника, один с одной стороны реки, другой с другой стороны» [7].
Ал, жалпы облыс көлеміндегі кешенді зерттеулердің басталуы өткен ғасырдың 50–60 жылдарын қамтиды. Атап айтқанда, алғашқы облыс территориясындағы археологиялық жұмыстар Әлкей Марғұланның басшылығымен 1956 жылы басталады. Ол экспедиция Сарайшық қалашығына археологиялық жұмыстар жүргізіп біздің өлкеміздің мақтанышы болған осы ескерткіштің тарихын жете меңгеруге үлкен мүмкіндік берді.
1975–1983 жылдар аралығында КСРО Ғылым Академиясы Археология Институтының Орал-Еділ бойы экспедициясының жетекшісі Л. Л. Галкин Қызылқоға ауданында және Жайық өзені бойындағы қорғандарға археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, зерттейді.
Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы 1989–2004 жылдар аралығында тарих ғылымдарының кандидаты З. Самашевтың басшылығымен Жылыой, Мақат, Құрманғазы аудандарына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде неолит және ерте темір дәуіріне жататын көптеген тұрақтар мен қорғандар анықталды.
1991 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы отряд басшысы, жергілікті өлкетанушы В. К. Афанасьев басшылығымен Атырау қаласы маңындағы алтынордалық Ақтөбе-Лаэти қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.
2005–2007 жылдары археолог М.Қасеновтың басшылығымен тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау мақсатындағы экспедициясы Қызылқоға, Жылыой аудандарына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, орта ғасырлық Қарабау, Қызылқорған, Қорғанша, Ақтөбе қалашықтарын, неолит дәуріне жататын Жолай, Сарышағыл тұрақтарын, сонымен қатар, көптеген қорғандарды анықтады.
Қазіргі таңда, Атырау облысында ортағасырлық қалалардан Сарайшық қалашығы, Қызылқорған қаласы, Қорғанша қаласы, Ақтөбе (қызылқоға ауданында), Ақтөбе-Лаэти қалашығы (Атырау қаласы маңында) болғанын археологтар толық дәлелдеді.
Ақтөбе қалашығы Алтын орда кезеңіндегі керуен жолдың бойында ХІІІ-ХІV ғасырларда құрылып, өмір сүрген. Қалашық ХІV ғасырда Каспий теңізі-деңгейінің көтерілуі салдарынан жойылған болуы мүмкін. Көптеген жылдар су астында жатқандықтан мәдени қабаттары өте жақсы сақталып келді. Теңіз суы қайтқаннан кейін, яғни, ХХ ғасырдың 50-жылдардан бастап қалашық үстінен көптеген қара жолдар салынып, малдардың тапауымен мәдени қабаттары бүліне бастады. Көп жылдар бойы су астында болғандықтан мәдени қабатының құрылымы тығыз сақталған. Сонымен қатар, тұрғын жайлардың орындары мен қабырғалары да өте жақсы сақталған. Алғаш рет қалашыққа 1965 жылы М. С. Мерщнев археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 1974–1981 жылдар аралығында КСРО Ғылым Академиясы археология институтының Еділ-Орал бойы экспедициясы археолог Л. Л. Галкинның жетекшілігімен жүйелі түрде қазба жұмыстарын атқарды. Көлемі 200×80 метр ортағасырлық қаланың мәдени қабатында қалыңдығы 0,15–60 см болатын мал сүйектері мен керамика фрагменттері кездеседі. Табылған жәдігерлерге қарап бұл жерде темір, шыны (әйнек), сүйек, сәндік бұйымдар өңдейтін шеберханалардың болғандығы дәлелденіп отыр. Олардың ішінде арнайы құйылған пішінді заттар, керамикалық ыдыстар, моншақтар, жүзіктер, шыныдан жасалған білезіктер, ХІV ғасырға жататын алтын тыйын және т.б. бар. Қазіргі таңда бұл жәдігерлер Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде сақталған.
Ақтөбе-Лаэти қаласы ортағасырлық қалалар тобына жатқызылады және ол қазіргі Атырау қаласының әкімшілік басқару жүйесіне жататын Теңдік ауылының маңында солтүстікке қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан. Қала төменгі Еділ бойынан Орта Азияға қарай баратын сауда керуендерінің жолында пайда болған алтынордалық қолөнершілер қаласы ретінде ХІІ-ХІҮ ғасырларда пайда болған. Қала орнынан табылған заттарға қарағанда оның тұрғындары темірден, әйнектен, сүйектен әртүрлі бұйымдар жасаумен айналысқан. Осы аталған шикізаттардан бұйымдар жасайтын шеберханалар орналасқан. Бірқатар зерттеушілер пікірінше, XVI ғасырда қала тұрғындары Каспий теңізінің көтерілуіне байланысты қаланы тастап кеткен десе, екіншілері Әмір Темірдің Алтын ордаға жорықтары барысында қала қирап, қырғынға ұшыраған деген пікір айтады. Ақтөбе қалашығы 200×80 метр ауданымен, мәдени қабаттары жақсы сақталған. Оның көп уақыт бойы жақсы сақталуының себебі, ұзақ уақыт бойы Каспий теңізі түбінде жатуы. ХХ ғасырдың 50-жылдарында теңіз тартылды. Теңіздің тартылуына байланысты қала белсенді түрде бұзыла бастады. Оны мал жолдары да бұза бастады. Мәдени қабаты 0,15-тен 60 см-ге дейін тығыздығы мен оралымдар, малдың сүйектері қыш бұйымдармен сипатталады. Әсіресе, қаланың ежелгі тұрғындар мекені жақсы сақталған.
Археологиялық зерттеу бойынша: қыш ыдыстар, шыныдан жасалған моншақтар, жүзіктер, білезіктер және ХІV ғасырға жататын алтын тиын, зергерлік өндірістің қалдықтары табылған. Негізгі табылған заттар есеп-жоспарлары бойынша ежелгі тұрғын мекенге жатады. Ақтөбе қаласы ХІІ- ХІV ғ. Төменгі Еділ бойынан Орта Азияға өткен керуен жолдары бойында пайда болып, өмір сүрген Алтын Ордалық мекеннің қалдықтары көрсетеді. Табылған олжалар қала арқылы өткен сауда керуендеріне қызмет еткен — металдан, шыныдан, темірден, сүйектен зергерлік бұйымдар жасайтын шеберханалар болғандығын танытады. Қала, сірә, ХІV ғ. Каспий теңізінің көтерілуінің нәтижесінде өмір сүруін тоқтатқан. Оны Жайық өзенінің жоғары тұруы себепті су басқан.
1965 жылы Алтын Орданың тұсында бой көтерген, Ақтөбе-Лаэти қаласына археологиялық зерттеулер жүргізілді. Мұнда алғаш археологиялық барлау жұмыстарын М. С. Мершиев жүргізді. Нәтижесінде, Ақтөбе-Лаэти қаласының екі қорған ескерткіштен тұратындығы анықталды. В.Афанасьев бұл ескерткішті алғаш 1965 жылы Қазақстан ҒА Шоқан Уәлиханов атындағы тарих-археология және этнография институының ғылыми қызметкері М. С. Мерщиевке көрсетеді. М. С. Мерщиев қала орнындағы қалдықтардың молдығына назар аудара отырып олардың бірнеше үлгісін алады. Ол бұл ескерткіш туралы хабарды 1960 жыл жариялайды.
Бірінші ескерткіш — оңтүстік бөлігі негізінен өзара кескін үйлесімі жөнсіз, оңтүстіктен солтүстікке қарай сайды бойлай ұзындығы жетпіс бес метрге дейін, ені отыз бес метр, биіктігі бір жарым метрге дейінгі үш төбеден тұрады. Олар бір-біріне таяу орналасқан немесе тура қабысқан архитектуралық кешен қалдықтарының көрінісі сияқты. Негізгі массивтің солтүстік-батыс жағында 5–6 метр жерде неғұрлым кіші құрылыстардың қалдықтары болып көрінетін жекелеген екі кіші-гірім төбе орналасқан. Одан әрі оңтүстікке қарай сайды бойлай созылған шамалы байқалатын саяз төбе, тағы да неғұрлым кіші құрылыстардың қалдықтары болуы мүмкін.
Ақтөбе қаласын жүйелі түрдегі қазба жұмыстары Л.Галкин жетекшілігімен КСРО ҒА археологиялық институтының Еділ-Орал экспедициясы 1974 жылдан басталды. Қазба жұүмыстары 1975, 1977, 1978, 1979, 1981 жылдары жүргізілді, нәтижелерін Л.Галкин ҚазКСР ҒА тарих-археология және этнография институтына ғылыми есеп түрінде береді.
Бұл қала орны ескерткіш маңындағы Томарлы селосының тұрғындарына әуелден таныс болған. Ескерткіш селодан солтүстік-шығысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан, ол жайында жергілікті өлкетанушы В.Афанасьев өз мақаласында былай деп келтіреді: «В конце 50-х годов научный сотрудник Института геологии (в Гурьеве) сейчас КазНИГРИ, Сапар Карымсаков дал мне выписку из какой-то машинаописной работы, вот ее содержание:
«В верстах к востоку от города Гурьева находится селение татар и оседлых киргизов-Сакол,
где бывают ежегодно ярмарки, киргизская школа. По дороге из города Гурьева, ближе к Саколу показывают место, сплош усеянное белыми костьми, среди которых много человеческих: на земле заметный следи широких стен, среди костей много обломков глинянной посуды с полировкой и украшенями. Местные жители утверждают, что это остаткой бывщего здесь когда-то Калмыцского городка».
Ақтөбе жөніндегі зерттеу мақалаларында, еңбектерінде қаланың Ақтөбе атына «Лаэти» атауы қосыла айтылады. Археолог Л.Галкин, Ақтөбе қаласын итальяндық жиһангерлер, ағайынды Пициганилердің картасындағы Лаэти қаласымен байланыстырады. Қаланың қос атауы осылай пайда болған. Л.Галкин Лаэти атауы туралы өз ойларын былай келтіреді: «Лаэти. Мүмкін италяндық саяхатшыға осылай естілген шығар. Түрік сөздерінен бұл сөзге сәйкес келетіні „лайлы“ сөзі».
Бұл, мүмкін, мекеннің қасынан, ағатын Жайық сағасының су тасқын кезінде судың лайлануымен және жаз аяғында судың аз мөлшерінде тағы да лайлануымен байланысты болса керек. Қаланың Ақтөбе атауына келетін болсақ, бұл қазақ тілінде көп тараған сөз. Бұл атаумен байланысты географиялық нысандар, тағы басқа атаулар жетерлік. 1960 жылы шығарылған Қазақстанның археологиялық картасында, Ақтөбе атауымен екі ескерткіш көрсетілген. Бірақ олардың екеуі-де біз қарастырып отырған ескерткішке жатпайды. Бір ескерткіш Жайықтың оң жағалауында, екіншісі Доссорға дейінгі теміржолдың шығысында көрсетілген.
Ақтөбе қалашығы тұтастай кәсіпкер-қолөнершілер кешені болуымен ғылыми-тарихқа үлкен қызығушылық туғызады. Ондағы қазба жұмыстары мекеннің пайда болуы, тұрғындарының этникалық құрамы туралы мағұлматтар береді.
Әр кезеңдегі зерттеулерге қарап, Ақтөбе қалашығының дәуірлеу және күйреу кезеңі Алтын Ордамен тығыз байланысты болғандығын көруге болады. Ақтөбе қалашығының Сарайшық қаласынан 50 шақырым төмен орналасқанын ескеру қажет. Мүмкін сондықтан да Сарайшықтағы гүлденген мәдениет, Ақтөбе қаласына әсерін тигізген болар.
Археолог Л.Галкин; «Европалық көпестердің ішінде итальяндық көпестер ең белсенділері болды. Олар алтынордалық базарларды еркін меңгерді және осы мақсаттары үшін өздері өткен жолдар мен елді-мекендер орындары жазылған карталар және жолкөрсетушілер жасады. Ғылымға Фра Маура және, ағайынды Пициганилердің (XIV–XVғғ.) карталары белгілі» — деп жазады (9). Ағайынды Пициганилер (1367ж.) Еділден шығып, Каспий теңізінің жағасында, Хорезмнен едәуір қашықтықта сегіз қала бар екенін, солардың бірі Маңғыстауда екенін жазады. Итальяндық көпестердің карталарындағы қазіргі таңда анықталғандары — Ақтөбе (Лаэти), Ұшқан (Тристарго) т.б. қалалары.
Атырау аймағында 1989 жылдан бері Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмыс жүргізді. Тәелсіздік алғаннан кейін 1991–1993 жылдары З.Самашевтің жетекшілігімен, Ақтөбе-Лаэти қаласында тыңғылықты археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Қаланың шамамен жобасы жасалды.
Келешекте Батыс Қазақстан аймағындағы қалалар мен елді-мекендерді біртұтас жүйе ретінде қарастырып, олардың өзара мәдени экономикалық саяси қатынастарын анықтау ғана, толық отырықшы мәдениетінің дамуын анықтауға мүмкіндік береді.
Археологиялық қазбалардан табылған жәдігерлерді пайдалану арқылы қаланың мәдени-экономикалық дамуын анықтауға болады. Оңтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан қалаларының мәдени байланысын анықтау арқылы біртұтас қала өркениетінің дамуын анықтауға болады. Бұл мәселеде аймақта қала мәдениетінің кешенді дамығанын дәлелдеу үшін 1. Сарайшық-Ақтөбе-Лаэти туристік маршрутын жасауға, 2. осындай маршрут арқылы облыста туризм мен оның бағыттарын дамытуға, 3. ;асалған маршрутты қала мектептері оқушыларына өлкетанушылық саяхат сабақтары ретінде таныстыруға пайдалануға болады.
Әдебиеттер тізімі:
1. Мерщиев М. С. ПоселениеХІІІ-ХҮ веков в Западном Казахстане.// Культура древних скотоводов и
земледельцев Казахстана. Алма-Ата, 1969. с. 153–161.
2. Отчет СВАЭ-1975, 1976, 1977; ВУАЭ-1981 г, 1983 г.
3. Отчет ЗКАЭ-1990, 1991 г. (З.Самашев)
4. Галкин Л. Л. Исследование Золооордынского города Лаэти. // Археологические открытия 1977 г.
М., 1978. с. 511; Галкин Л. Л. Стеклянныймедальон-амулет с поселения Актобе.// Советская
археология. № 2. 1976 г. с.252–255; Лев Галкин. Коробейники Золотой Орды. // Техника-молодежи.
Февраль. 2003 г. С.52–56; К истории северо-восточного Прикаспия. Реестр археологических
памятников области. (составитель Афанасьев В.К.) Атырау 1996. с. 51–65.
5. Археологическая карта Казахстана. Алма-Ата, 1960. № 1941. с.137
6. Мерщиев М. С. ПоселениеХІІІ-ХҮ веков в Западном Казахстане… с.154.
7. Афанасьев В.К., Бисенов С.Б., Галкин Л. Л. Работы в Западном Казахстане. // Археологические
открытия 1975 г. М., 1976. с. 513; Отчет СВАЭ-1975.
Қайырғалиева Г. Айбаров Д.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті