Қазіргі кезде елімізде қалыптасқан мемлекет құрылды деген сөз жиі айтылуда. 2012 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан Президенті халық алдында жария еткен «Қазақстан — 2050» Стратегиясында бұл ұғым өзінің орнын тауып, ерекше мәнге ие болды. Қазіргі заман тарихы үшін мұндай шегеленіп айтылған ойлар өте маңызды, методологиялық ұстанымға тең. Сондықтан 2013 жылдың 5 маусымынан бастап отанымызда үлттық тарихқа қойылатын талаптар күшейтіліп «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарламаға жол ашылды. Расында қалыптасқан және әр мемлекеттің негізін қалайтын халық. Олай болса ол өзінің тарихынан дәрежесіне теңдес орнын алуға тиісті. Мұндай қалыпқа оны жеткізетін ең алдымен кәсіби тарихшылар қауымы. Осы сәтте соңғылардың жұмысы көбейіп ғана қоймай, әлеуметтік, яғни халық алдындағы жауапкершілігі арта түседі. Халықтың тарихын жазу үшін талап та қажет, қаһарлықта керек, ең алдынғысы оны ішінен түсіну қиынға келетінін көпшілік кәсіби тарихшылар жақсы біледі. Адамдардың санасына тарихшының айтқан сөзі мен оның жазған еңбегінің тікелей әсер ететтініні туралы аз жазылған емес. Кейбір жағдайда тарихтың қызығушылық қырларынан гөрі тарихшының бір ғана айта салған сөзі мен оның артында тұрған ойы арқылы адам санасы күрт өзгертіліп, адамзат тарихы беттері аударылып жатады.
Сондықтан мемлекеттік-деңгейде тарихты зерттеу ісімен оны жазу қолға алынып отырғанында белгілі бірізділік пен заңдылық байқалады. Әсіресе қайнап жатқан жаһандану мен нарық заманында мемлекеттің ұлттық тарихқа көңіл бөлуі халықтың өзіндік ерекшелігі мен оны ұлт ретінде сақталуына үлкен ықпал етеді.
Бүгінгі таңда отандық, яғни қазақ жерінің тарихы мен тарихнамасы замана талаптарына сай өзіндік трансформациялану көпірінен өту амалы алдында тұр. Мұндай жағдайда көптеген мәселелер күн тақырыбына қойылып іргелі және қолданбалы түрде зерттелуін қажет етеді. Соның бірі — өлке тарихы. Ғылыми және өмірлік тәжірибеде бұл тақырып әрине тамыры ертеде жатқан еңбектерден етек жайып белгілі мағынада зерттеу нышанына айналған. Дегемен тарихтың әр саласы бірдей зерттеліп қарқынды дамып жатыр деуден алшақ болғанымыз жөн. Ғылым тоқтауы жоқ тәулік мезгіліне жалтақтамайтын үнемі мәңгілік құбылыс. Ол бір сәтте секунд сайын жаңалықтар ашып тұратын, ал басқасында адамзатты жылдар мен ғасырлар бойы өз нәтижелерін күттіріп қоятын сипатқа ие. Осыған сай өлке тарихының да беттері мен қырлары бір мезгілде өз сырыларын ортағақтара салмайды. Тіпті кейбір құпияларын болашақ ұрпақ үшін жасырып қалатындай болып көрінеді.
Өлке тарихы жалпы отандық тарихпен тығыз байланысты болғанымен көбінде көленкеде қалып жергілікті өлкетанушылар иелігінен аса алмайтын халге ұшырайды. Бұның бастапқы себебі өлке тарихының тарихтың басқа да салалары сияқты тиісті теориялық-методологиялық негізге бейімделмей, ақсап жатқанында. Жасыратыны жоқ еліміз егемендік пен тәуелсіздік алғалы жалпы отандық тарихымыздың сүбелі және ең маңызды мәселелерін енді-енді теория мен методологиялық тұрғыдан тазартып аяғынан тұрғызып жатырмыз. Өлке тарихына назар аударсақ ол әлі-де сол фактаждық жергіліктік жұпынымен жамылып жүргендігі бірден көзге түседі. Сондықтан ең алдымен жалпы тарих құрамындағы өлке тарихына қатысты мәселелерді анықтаған жөн сияқты.
Жалпы және жергілікті тарихтың өлке тарихын тануға қатынасы қаншалықты деген мәселеге көңіл бөлейік. Тарихи зерттеудің бұл екі тармағы да зерттеу үрдісіне қарағанда білімді жіктеуде жеңіл ерекшеленеді. Жалпы және жергілікті тарихта, қоғамның жетістіктері-де, құрылысы да бір мезгілде зерттеледі, қоғамның жетістігіне қарап қоғамның табиғатын және оны құрған күштердің іс-әрекеті немесе керісінше қоғамның құрылысы арқылы қоғамның жетістігі өлшенеді. Алайда жалпы және жергілікті тарихта екі пән тепе-теңдікте болмайды, біреуінде бір пән, екіншісінде екінші пән артығырақ болады. Оны түсіну мақсатында жалпы және жергілікті тарих көлемінде тарихшының зерттеуі үшін көлемді мәлімет алу-деңгейін салыстырып, алдына әлеуметтік сипаттағы мәселелер қойған тарихшыға қатысты қырларыды сараптаған жөн.
Жекелеген халықтардың аз немесе көп-деңгейде пайдаланатын адамдар қоғамының жетістіктері, мәдениетке және өркениетке қол жеткізуі, олардың қызметінің ғана жемісі емес, барлық мәдениетті, яғни өркениетті халықтардың біріккен күшінің жемісі, оларға қол жеткізу барысы жергілікті өркениеттің жалпы адамдықпен байланысын ғана көрсететін бір ғана жергілікті тарихтың көлемінде ғана емес, адамзаттың жалпы мәдени жұмысы мен тірлігі барысында жинақталады. Бұл жұмыстың барысы мен адамзат қоғамының жалпы дамуының көрінісін пайымдаған жағдайда зерттеушілер олардың өлкелік тарихпен тығыз байланысты екенін ұмытып кетеді. Тіпті сол өлке тарихы жалпы тарихтың клеткасы екені ойдан тыс қалады. Халықтар мен ұрпақтардың ауысуымен қоғам тәртібі өзгереді, бірақ тарихи даму өзегі өшпей, халықтар мен ұрпақтар, бірінен кейін бірі дүниеге келіп, біртіндеп белгілі мәдени қор жинақтап, ол ұзақ ғасырлық қордан бөлініп, бізге дейін жетіп, біздің өміріміздің құрамына еніп, біз арқылы бізден кейінгі ұрпаққа тарайды. Бұл күрделі үрдіс жалпы тарихты зерттеудің негізгі пәніне айналады;
хронологиялық тәртіптің және себептер мен салдардың байланысы қоғам дамуындағы халықтардың өміріндегі бірлескен күшпен қол жеткізген табыстарын бейнелейді. Құбылысты өте үлкен көлемде қарай отырып, жалпы тарих халықтардың қол жеткізген мәдени жетістіктеріне көңіл бөле отырып, өлке тарихын көлеңкеде қалтырады. Жекелеген халықтың тарихы ерекше, яғни өлкелік тұрғыдан зерттелетін болса, зерттеушінің көзқарасы зерттеу пәнімен ығыстырылады. Мұндайдың қауіптілігі-де бар. Өйткені оқиғаның мәдени мәні, тарихи жалғастығы мұнда өркениеттің негізгі мезеттері, адамзат дамуының сатысы ретінде қаралмай, тек түрі өзгерген қоғам үрдісіндегі жекелеген этнографиялық және хронологиялық көлемде зерттеледі. Ой адамзат қоғамының құрылысына, осы құрылысты тудыратын құбылыстың себептік байланыстарына, тарихи күштердің қасиеттері мен әрекеттеріне терең бойлап, өмірдің басқа жақтарына үлкен көңіл бөлінбей кетеді. Жергілікті тарихты зерттеу тарихи социология, басқа да әлеуметтік пәндермен тығыз байланысып ұштасады. Олар үшін дайын және көлемді материал береді. Сондықтан өлке тарихы тағдыры туралы әңгіме қозғаған кезде пәнаралық зерттеулер ауадай қажет екенін естен шығармаған жөн. Жалпы және жергілікті, яғни өлкелік тарихты зерттеу мәселесінің айырмашылығы көзқарастардың әр түрлі болуымен-де байланысты. Тарихтың беттері бұрмаланып, мифологияға немесе, аңызға айналуы осыдан туындайды. Ғылыми және кәсіби салыстырамалы зерттеулер жүргізуге өлкетанушылардың қабылеттері жетпей жатқан жағдайда олар міндетті түрде мамандарға қарай ат басын бұрып кеңесуге тиісті. Айтқандарына құлап салып ашқан «жаңалығын» лезде жария етуден аулақ болуы керек. Мұндай ұстаным көзқарастарды бірін-бірі жоққа шығаруға шақырмайды, керісінше толықтыра отырып белгілі немесе беймәлім тарихи құбылыс жөніндегі көпшілікке зиянын келтірмейтін түйіндер жасауға жол ашады. Тек жалпы және жеке тарих ғана емес, сонымен бірге, тарихты зерттеуші мен онымен шұғылданушының таңдауы бойынша жекелеген тарихи фактілер зерттеу нысанына айналуына мүмкін. Өлке тарихын жан-жақты тану үшін тарихи зерттеуде екі көзқарас та тиімді қолданылғаны дұрыс. Бірақ түсініктің тұтас реті тарихшыны жергілікті өлке тарихын зерттеу барысында жан-жақты немесе пәнаралық қатынастарды жақсы меңгерген маман болуына шақырады.
Өлке тарихы белгілі бір уақытта қалыптасқан адамзат өмірінің жиынтығынан емес, еш жерде қайталанбайтын алуан түрлі жергілікті және уақытша күшпен жағдайларының ауысуынан құралады. Тарихи сахнадағы халықтардың үздіксіз ауысуы, тарихи күштер мен жағдайлардың мәңгілік өзгерісі тарихи өмірді жоспарлылықтан және заңдылықтан шектейді. Белгілі бір елдің басқа жерде қайталанбайтын және болжай алмайтын тарихи шығармалары мен жағдайларын анықтайды. Өлкелік тарихтану адамдардың қарым-қатынасындағы және қоршаған ортамен күресте адамның ішкі табиғатының қалай ашылғанын біліп, тарихи үрдістің мазмұнын құрайтын құбылыстарды меңгеру барысында адам жасырын күшін қалай пайдаланғаны арқылы ашып көрсетеді. Мәңгіге кеткен ұрпақтың көз жетпес тізбегінің ізіне түсе отырып, өлкетану арқылы өзімізді, өзіміздің ішкі қасиеттеріміз бен күшімізді тану мүмкіндігіне ие болып, жер бетіндегі өмірімізді әрі қарай жалғастыруға жол ашамыз.
Дегенмен тұрмыстың жергілікті жағдайларына байланысты, тұтас халықтарда да және жекелеген адамдарда да адамзат табиғаты кездейсоқ және тұтас ашылмайды, ол жердің және уақыттың жағдайларына бағынады. Бұл жағдайлар бойынша тарихи үрдісте көрнекті орын алған жекелеген халықтар адамзат табиғаты күшінің белгілі бір жақтарын көрсете бастады. Дала, қала, теңізді меңгерген қазақ халқы ерекше күшпен әдеби шығармашылық пен философиялық ойлауды дамытты, жерін сақтады, найзаның үшімен тарихын жазды, ұрпақтарына бай материалдық және рухани мұра қалдырды. Өлке тірлігі мен болмысы, жердің жағдайы дегеніміз осы.
Тарихи үрдістің құпиясы елдер мен халықтарда емес, олардың ішкі ерекшеліктерінде, оның ішкі және сыртқы жағдайлары дамуының сәтті және сәтсіз сәйкессіздіктерінде сақталады. Сөйтіп олар өлке тарихының еншісіне айналады. Жергілікті ерекшелік ғылыми қызығушылық танытпай қоймайды.
Әсіресе қазақтың дәстүрлі қоғамы, оны құрайтын жеке адам мен артефактілер қасиеттерге айналып, арнайы зерттеуді талап етеді. Барлық тарихтағы оқиғалар өзінің қазіргі заман тұрғысынан тарихи 6 шындыққа сәйкес болуын тілейді. Мұндай сәйкестікті көп зерттеген сайын, бұл жағдайлардың қасиеттері мен іс әрекеттердің ашылмай жатқан кырлары мен сырларын біле береміз. Осы жолмен жүрудің тәжірибелк мазмұны мен мәні бар. Оларды өмірдің өзі дүниеге әкеледі. Соларды түсініп, ақиқатты парасатқа айналдыру өлке тарихын жан-жақты зерттеуден бастау алады. Жергілікті тарихты зерттей отырып, біз адам қоғамының құрамы мен оны құраушы элементтердің ішкі бөлшектерімен танысамыз. Жергілікті тарихты зерттеген кезде мәдени-тарихи және әлеуметтік көзқарастардың арақатынасы қандай жағдайда болу керектігін анықтағаннан кейін біз жалпы қоғамның даму жағдайлары, бұл жағдайлардың арақатынасы жөніндегі мәселені жақын зерттеуге көшеміз.
Жергілікті тарихты зерттеудің ортақ ғылыми мақсаты болуға тиісті. Бастысы тарихи құбылыстардан қандай мәселелерді іздеу керектігін біле отырып, халықтың жалпы адамзат тарихын зерттеуге қатысының ғылыми мәнін анықтауға ерекше назар аударылуға тиісті. Жер бетіндегі бірде бір халық әлемдік жалпы тарихи үрдістерден тыс қалмайды. Тым құрығанда оның бір шетінде жүреді. Әр халықтың даму қуатымен, осыған байланысты оның басқа халықтарға ықпал ету-деңгейімен және адамзаттың жалпы дамуына ықпалымен дүние жүзі тарихы жазылады. Сондықтан белгілі халықтың жеке тарихы оның мәдени мәніне тікелей қатысты өзіндік ерекшелігімен маңызды. Осыны тарих мұхитынан сүңгіп жүріп аулау өлкетанушылардың міндетіне жатады. Мұнда зерттеушіге тарихи өмірдің технологиясын ашу мүмкіндігі туады және оған тарихи қасиеттердің сирек қайталанатын қырлары көріне бастайды. Бұл жағынан белгілі бір халықтың тарихының ғылыми мүддесі жергілікті сәйкестік санымен және қоғам қойнаунан ашылған қасиетімен анықталады. Сондықтан да кейбір кезде өлкетанушылардың еңбектерісіз археологиялық немесе этнографиялық зерттеулерді жүргізу мүмкіндігі тумай жатады. Қазақстанда өлке тарихын зерттеудің көптеген тәжірибелік үлгілері бар екендігі көпшілікке белгілі. Соның кейбір әдістемелік ыңғайлылықтарына назар аударсақ. Бұл ыңғайлылықтар:
- Қазақ жерінің қайсы бір өлкесін алмасақ оның тарихы өте бай болып келеді.
- Салыстырмалы тұрғыдан алғанда әр өлкенің тарихы ерекше келеді, бірақ олар ортақ бір халықтың еншісі болып есептелінеді.
- Жалпы тарихтағы халық өмірі жағдайларының өзіндік сәйкестігі.
•
Біздің тарихи өміріміз құрылысының салыстырмалылығы оның құрылымының ерекшелігіне бөгет болған емес. Мұнда басқа қоғамдардағы сияқты тарихи күштер мен элементтердің әрекетін байқаймыз, бірақ бізде бұл күштер біркелкі қысыммен қимылдайды да, басқа елдерде жоқ қасиеттер пайда болады. Осының нәтижесінде қоғам өзіндік құрам мен сипатқа ие болып, халық өмірі қозғалысының келеңсіз жылдамсыздығына әкелетін ерекше жағдайларға тап болады.
Осылай, біздің өткенімізден өлкетанушылар қазақ қоғамының жан-жақтылық икемділігін көрсететін көптеген құбылыстарды, оның қажетті жағдайға пайдалану қабілеттілігін және халық тұрмысқа қажеттілігіне қарай қалайша бейімделгені туралы мәліметтерді кездестіреді. Дәстүрлі қазақ қоғамының ерекшеліктеріне қарамастан біздің қоғам жергілікті жағдайлардың ықпалымен және халық өмірінің қажеттілігіне сәйкес өзіндік келбетін сақтай білді. Бұл мәселені қарастыра отырған жағдайда ғана өлке тарихы ерекшелігінің алғашқы көзін табуға мүмкіндік туады.
Барлық қазақ халқына ортақ тарих қоры сол жергілікті және өлкелік өзінділіктердің анағұрлым көбейюімен тікелей байланысты. Әр өлкеге көршілес елдер және жалпы олардың төңірегінде жүріп жатқан геосаяси үрдістердің әсер ететінін естен шағармауымыз керек. Осы жағдайлар өлкелік тарихымыздың бастан кешкен мезеттерін түсінуге, оларды тиісті түрде баяндауға көмектеседі.
Өлке тарихы тәжірибеснің негізін жалпы тарихта сияқты фактілер құрайды. Егер-де жалпы тарихты жазу барысында олардың ең ірілері немесе маңыздылары ғана есепке алынса, өлке тарихында әр тарихи факт жекешеленіп қарастырылады. Бәрінен бұрын олардың шығу тегі мен түрі немесе пайда болуы анықталынады. Фактілерді тарихқа айналдырып жазу барысы жергілікті өлкетану әдістерімен ерекшеленеді. Бұл фактілер өлкелік мүдде мен оның тархының мәнін ашуды көздейді.
Сөйтіп ол белгілі өлкенің өткені туралы тарихи-ақпараттық жиынтығына айналады.
Кейбір кезде осы себептен мұнда жалпы тарихнамадағыдай тұжырымдамалар мен ой пікірлер жиі кездеспейді. Өлке тарихында жеке фактілерде көбірек көңіл бөлініп, ой-талғамдарға көп жол берілмейді. Ойлар мен түйіндер көбінесе жеке адамдардың өмірі мен қызметіне арналған немесе естеліктер мен қолжазбаларда жиі кездеседі. Таза күйінде фактілер ғылым мен әдебиет ескерткіштерінде, суретшінің шеберханасында немесе жақын адам үшін жасалған жеке шығармада көрініс табады. Сол себептен жергілікті немесе өлке тарихына арналған тарихты анасы мен мынасы жетпейді деп артық сынаудың қажеті жоқ сияқты. Оның толық немесе толық еместігін сөз жолдары арасынан іздестірген жөн. Жергілікті адамдармен сұхбаттасу әдістемесінің өзінде айтылған ғой, толық мәліметтің жеке тұлғадан ешқашанда алуға мүмкін еместігі туралы. Өйткені ол белгілі бір тарихи оқиғаны баяндаған кездің өзінде сұхбат алушымен әңгімелесу барысында оның қолданып отырған құралдарының әсерінен алаңданып айтайын дегенінің тең жартысын айталмай қалады.
Кез келген уақытта тарихи фактілер өлкелік тарихтың келбетін толық ашпайтыны туралы немесе оны бұрмалайтыны туралы ұмытпауымыз керек. Бұл жерде айта кететін нәрсе, неғұрылым тарихи оқиға туралы мәліметтейтін фактының қайнар көзі немесе дерек одан мерзімдік шеңбер тұрғысынан алғанда алшақ тұрса оның ақиқаттығы мен сенімдік танытуға болатын дәрежесі төмендей түседі. Бұған уақыт ғана емес ең бастысы техника мен, ақпараттық технологиялардың өзгеруі ықпал етеді. Мысалы, Кенесарының 1837–1847 жылдары болған Ресей империясымен соғысы туралы мәлімет ХХ ғасырдың басындағы, ақпарат көзі арқылы жеткен болса ол бір мәселе. Ал сол ғасырдың ортасындағы естелікте айтылса ол басқа болып табылады. Өйткені ғасырдың басында радио мен теледидар дамыған емес, тіпті газеттер мен журналдардың өзі кеңінен таралмаған. Сондықтан дерек көзінің мәліметі құндылау болады. Өлкелік тарихты зерттеудің тәжірибелік мақсаты да зор. Ол отан тарихын зерттеудің реті мен әдісін көрсетіп береді. Бұл мақсатқа байланысты жергілікті тарихты зерттеудегі таза ғылыми нәтижеден басқа да мәселелер шешіледі. Өлке тарихы жалпы отан тарихының қолданбалы бөлігі емес, ол дербес қажеттілік пен ұмтылыстан туындайтын зерттеу саласы. Керісінші жағдайда ол адам баласы тарихи жадының жай ғана балансына айналып уақыт өте тарих ғылымының перифериясына немесе жетім баласына айналуы мүмкін. Осыған байланысты өлке тарихы мемлекет пен халықтың ара-қатынасын ерекше тұрғыдан көрсете білу қабылетін арттырып жалпы өзіне тән функцияларын байытуға тиісті.
Бүгінгі таңда өлке тарихы жеке тұлғаны зерттеу мақсатын арттыруға тиісті. Бұл — тарихты зерттеудің негізгі пәні. Тарихи тұлға, яғни жеке адам арқылы халықтың тарихи-деңгейде танылуына ықпал етеді. Халықты тану жеке тұлға мен қарапайым адамның әлемдік-деңгейге көтерілуінен басталады, одан көрініс табады. Әлемдегі өзінің рөлі мен ұлттық абыройын көрсете білмеген халықтың тарихы қоңыр тобырдың тарихына айналады. Ондай халықтың тарихы тарихи тәрбиелік мәнінен айрылады. Халықты тарихи тәрбиелеудің идеалы — қоғамның барлық элементтерін толық және дұрыс дамытуда, әрбір элементтің қоғам құрылысындағы қалыпты-деңгейде әрекет етіп өзіндік таңбасын қалдыру болып табылады. Бұл тәрбие барысы — тек өлкелік тарихи зерттеу арқылы тексеріледі. Келешектің тікелей ісі — өлке тарихы мен халық тарихы мәселесін тепе-тең қалпына келтіру. Сан ғасырлық күшпен және құрбандықтармен осы күнге дейін жеткен Қазақстан тарихы өлкелік тарихтың сүтімен емізделген. Егеменді тәуелсіз мемлекетті құрған халық, өзінің рухани және материалдық құндылықтарын ұпайлау үшін өлке тарихына бірнеше рет қайта оралып, шыққан тамырына су қүйюға шаршамауы керек. Әр ел мен оның халқы ғылыми, қоғамдық-саяси, басқа салаларда басқалармен бәсекелесу үшін өлкетану ісін қолдарына алып жергілікті барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тиіс. Өлке тарихы — ол біздің ата-бабаларымыздың ұзақ жылғы еңбегі мен маңдай терінің жемісі. Біз олардың не істеуге үлгермегенін білуіміз келсек әр өлкенің, оның ішінде қазақ ауылдарының сары сандықтарында сақталған, жер-жерінде көміліп қалған тарихи артефактілерді іздестіру жолдарын анықтауымыз қажет.
Өлкелік тарихи зерттеу — адамдар ауыр сезінетін қоғамдағы сәйкессіздіктерді, оның шығу тегін ашады және бұзылған тепе-теңдікті қалпына келтірудің жолдарын түсінуге мүмкіндік береді. Әрбір халыққа өлке тарихы екі жақты мәдени тапсырма береді — бірінші, өзі өмір сүрген елдің табиғатын және екінші, өзінің жеке табиғатын, өзінің рухани күштері мен қоғамдық қатынастарын дамыту мақсатында кейбір кезде зейін салып есте сақтап қалуды қажет етпейтін оқиғалар туралы бір жолдық болса да мәліметті жазып кету, есте сақтау жолын ойластыру, мәліметті жазып кету, есте сақтау жолын ойластыру.
Осылайша, өлке тарихын зерттеу тәжірибелік қызметтегі алдағы мақсатымыз бен бағытымызды анықтауға көмектеседі. Әрбір ұрпақтың өз тарихы мен өлкетанудан хабары болмаса ол барса келместің құрбаны. Саналы тарихи ойдың нағыз таза бұлағы — өлке тарихы. Онымен сусынданған азаматтың санасы ешқашан да уланбайды, жаман мен жақсыны, ақиқат пен, аңызды, бөтен мен жатты ажырата біледі. Сондықтан адам баласы қай салада болсын еңбек атқарып жатса, қоғам мүшелерінің қайсысы саналы және ар-ожданмен іс-әрекет ететін азамат болу үшін қандай жағдайда да көпте болмасын тарихшы болуға тиісті. Өлке тарихының оны танып білемін дейтін немесе онымен шұғылданатын тұлғаға жүктейтін жауапкершілігінің мәні зор — таңдаған мамандық деңгейінде шектеліп қалмау, тарихшылардың кең көлемді ортасында, өмірлік ауқымда болу міндетін қояды. Егер тарихшы белгілі межеден аспай жатса, тарихи үрдістің барысынан хабарсыз болса, өзін аралас пәндердің — философияның, экономиканың, құқықтанудың, тағы да басқа салалардың мағлұматтарымен байыта алмаса, адамзат жинақтаған көркем қазынаны өз бойына сіңіре алмаса, оның өрісі кеңеймейді. Тарихшы, сондай-ақ, кез келген ғалым, жан-жақты білімді, өзінің пәнінен басқа да ғылым салаларының жетістіктерін қадағалап отыратын маманның деңгейіне көтерілуге тиіс. Сонда ғана оның ақыл-ойы тарихи құбылыстардың негізіне терең бойлауға, алған нысанасына тиянақты талдау жасауға, өзінің саласын кең қамтуға қабілетті болады.
Мәжитов Саттар Фазылұлы
Ресей жаратылыстану және Халықаралық ақпараттандыру академияларының академигі, тарих
ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының
аға ғылыми қызметкері (Алматы қаласы), sattar_f@mail.ru