Мақалада облыстың әлеуметтік коммуникативтік жүйесінде өзіндік орны мен рөлі бар он бір тілге сипаттама беріледі. Әрбір тілдің генологиялық шығу тегіне, белгілі бір этнстың ұлттық құндылығы екендігіне, сөйлеушілер санына, ол тілге берілген заңды мәртебелер мен оның қоғамдағы өмір сүру формаларына т.б. қысқаша мәлімет береді.
Мұнан кейін сол тілдің жалпы Қазақстандағы, оның ішінде зерттеу нысаны болып отырған облыстағы сөйлеушілер санына, облыс халқы ішінде алатын үлесіне, өз ана тілін, мемлекеттік тілді, сондай-ақ өзге тілдерді меңгеруіне статистикалық материалдар негізінде талдау жасайды. Облыстың аумағындағы бртілділік, қостілділік, көптілділік мәселелеріне назар аударады. Облыстағы тілдік жағдаяттың аймақтық ерекшелігіне әлеуметтік лингвистикалық баға береді. Қазақстандағы, оның ішінде Қызылорда облысындағы тілдер өзге этнос тілдері әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан қарағанда олардың негізгі отанындағы тілдерінен ерекшеленеді. Мұны ұлттық тілдердің бір түрі, яғни аталмыш ұлттық тілдердің «қазақстандық варианты» деп қарауға толық негіз бар деген қорытынды жасайды.
Түйінді сөздер: әлеуметтік лингвистика, тілдердің қызметтік жүктемесі, тіл меңгеру деңгейлері, тілдік жағдаят.
А.Абасилов
Языки кызылординской области: социолингвистическая характеристика, социальные функции
Автор статьи дает обозрение языкого состояния Кызылординской области социолингвистической с точки зрения. Статье дается характеристика 11 имеющим роль и место в социально-коммуникативной системе области языкам. Даются краткие сведения по генологическому происхождению каждого языка как национальной ценности каждого определенного этноса, о количестве говорящих на этом языке, юридическому статусу и формам существования данного языка в обществе и т.д.
Далее на основе статистических данных дается анализ количеству говорящщих на этим языке в Казахстане в общем и в исследуемой области, доле говорящих на этим языке среди населения области, о владению ими родным, государственным и другими языками. Уделяется внимание проблемам о владения родним языком, двучзычию, многоязычию. Дается социолингвистичиская оценка региональным особенностиям языкового состояния в области. С точки зрения социальной лингвистики языки других этносов в Казахстане, в том числе в Кызылординсой области, имеют свои особенности, чем в своем Отечестве. Подводится итог, что есть полные основания рассматривать это как один из видов национальных языков, т.е. как «казахстански вариант» данных национальных языков.
Ключевые слова: социальная лингвистика, функциональная нагрузка языка, уровень владения языком, языковая ситуация.
A.Abasilov
The languages of kyzylorda oblast: sociolinguistical characteristics,
social functions
Author in his own article reviewed to sociolinguistic status of languages in Kyzylorda region. In the article he is given a description to eleven languages which has got place and own role in social communicative system of region. He gives short information about genological origin of each language, about national purchases of ethnos, about quantity of speakers, legal status and life`s forms was given to language. After this author analyzes to quantity of speakers in Kazakhstan, in the region it is a research object, to contribution from people on the basis of statistical data for study native language, state language as well as other languages. He draws attention to multilingual, bilingual, monolingual problems of region`s territory. he is evaluates linguistic to regional feature of regions status. Other ethnic’s languages which in Kazakhstan, Kyzylorda region from social linguistic approach. He is concluding that is one of national language that is aforesaid national languages`s «Kazakstan`s version».
Key words: language problem, social linguistics, functional system of language, the level of knowing the national language, language situation.
Қызылорда облысындағы тілдік жағдаят жалпы Қазақстанның жағдаятының бір бөлігі ретінде өте күрделі болып саналады. Мұнда отбасылық қатынастан бастап қолданылатынәрбір тілдің өз рөлі мен орны бар. Олардың ішінде негізгі әрі шешуші рөлді мемлекеттік тіл мен орыс тілі алады. Әрине, өзге этникалық топтар тілдері де өз тұтынушылары мен өзінің туған халқына қызмет етеді.
Қазақстан қоғамындағы тіл дамытудың басты бағыты - лингвистикалық егемендік жағдайында тілдерді үйлесімді теңдікте дамыту жолын ұстану. Бұл - тіл дамытудың демократиялық бағыты. Ол өте күрделі де қиын әрі нәзік мәселе. Сондықтан оның проблмаларын шешуде өздерін демократияшымыз деп санайтын елдердің өздері де араласа қоймайды. Халықтар достығы мен ынтымағының әлемдік символына айналған біздің еліміздегі тілдік саясат бұл мәселені «бір социум - көп идиом (тіл)» формуласына сәйкес шешеді.
Көпэтносты қоғамдағы осындай күрделі тілдік проблемаларды шешуде әр алуан әлеуметтік лингвистикалық түсініктер мен ұғымдарды (мемлекеттік тіл, ресми тіл, ұлттық тіл, ана тілі, біртілділік, қостілділік, үштілділік, төрттілділік, қоғам, социум, тілдік ұжым, тілдік тұлға, әлемнің тілдік бейнесі т.б.) ажырата отырып, олардың әрқайсына өз құзіреттілігіне қарай көңіл бөлу қажет.
Елдің немесе оның аумақтарындағы тілдік процестер жағдайына әлеуметтік лингвистикалық мониторинг жасау үшін ондағы тілдерге жекелей тоқталып, сипаттама жасау қажет. Қалыптасып отырған тілдік жағдаятқа әлеуметтік лингвистикалық баға беру керек.
Тілдік жағдаят деп көпэтносты қоғамдағы тілдердің нақтылы қызмет етуін айтамыз. Қазақстан бұл күнде өзіне тән қалыптасқан әлеуметтік-коммуникативтік жүйеден тұрады. Бұл жүйе осы өңірде қоғамдық қызмет атқаратын тіл атаулының қостілділік, көптілділік сынды түр-түрінің барлығын қамтиды. Әрқайсының қоғамдық қызметін анықтап, оларға деген әлеуметтік қажеттілікті нақтылау – кезек күттірмейтін келелі міндеттер. Біз осы мақалада сол әлеуметтік коммуникативтік жүйеде өзіндік орны мен рөлі бар облыстағы кейбір тілдерге сипаттама бергенді жөн көрдік.
Қазақстандағы халық тілдері сөйлеушілерінің саны мен атқарып келе жатқан қоғамдық қызметінің көлеміне қарай үш топқа бөлінеді: 1)қоғамдық қызметінің ауқымы кең тілдер; 2)қоғамдық қызметінің ауқымы тар тілдер; 3)қоғамдық қызметі нашар дамыған тілдер [1, 159-б.]. Осыған сәйкес Қазақстанда тілдерді қызметтік дамытудың тиімді моделі құрылуда.
Қазақстан кеңістігінде, сондай-ақ әлемнің тілдік практикасында ұлттық социумды құрушы халық алдымен өз тілін дамытады. Бұған өзге тіл сөйлеушілері түсіністікпен қарауы керек. Қазақ тілі көптілділік жағдайында қызмет ете отырып, біртіндеп өзінің мемлекеттік мәртебесін жүзеге асыруы қажет. Мемлекеттік тілді меңгеру қазақстандық патриотизмнің құрамдас бөлігі болып табылады.
Орыс тілі. Орыс тілі - тұтынушылар саны бойынша славян тілдерінің ішіндегі біршама ірі тілдердің бірі. Ол үндіевропа тілдер семьясының славян тобындағы шығыс славян тармағына жатады. Орыс тілі - орыс ұлтының тілі және ТМД мен кезінде КСРО құрамына енген өзге де мемлекеттерде өмір сүрген көптеген халықтардың ұлтаралық қатынас құралы. Орыс тілі БҰҰ-ның, ЮНЕСКО-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың ресми және жұмыс тілдерінің бірі болып табылады. Ресей Федерациясының конституциясына сәйкес орыс тілі оның барлық аумағында мемлекеттік тіл болып табылады. Қазіргі ұлттық орыс тілі бірнеше формада өмір сүреді. Солардың ішінде жетекші орынды әдеби тілі алады. Әдеби тілден бөлек аймақтық және әлеуметтік диалектілері бар.
Бүгінгі күні Қазақстанда 3793764 орыс тұрса, оның 16146-сы Қызылорда облысында тұрады. Олар облыс халқының 2,4 пайызын құрайды. Орыстардың ішінде 96,6 пайызы (15596 адам) өз ұлтының тілін ана тілім деп санаса, 3,4 пайызы (550 адам) өзге этнос тілін ана тілім деп көрсетеді. Қазақстандағы орыс тілі әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан қарағанда Ресейдегі орыс тілінен ерекшеленеді. Орыс тілі үшін бізде мүмкін болатын жағдайлардың барлығы жасалған. Қазақстандағы орыс тілі - елдегі этносішілік және этносаралық қатынаста ауызша, жазбаша және электронды түрде қазақ тілімен ресми түрде тең қолданылатын тіл, әлеуметтік-тарихи категория.
Орыс тілі ел тұрғындарының қарым-қатынасында сонау кеңестік заманнан кеңінен қолданылып, әбден мықтап орныққан. Сондықтан да республиканың қай өңірі болмасын ұлттық-орыс қостілділігі әлі де кеңестік замандағыдай даму қарқынында. Міне, осындай жағдай қазақстандық орыстардың басым көпшілігінің біртілді күйінде қалуына, тек өз этносының тілін ғана меңгеріп өзге тілге, соның ішінде мемлекеттік тілді білуге ықылас білдірмей отыр. Айталық, еліміздегі орыстардың небәрі 14,9 пайызы ғана мемлекеттік тілді меңгерсе, 0,9 пайызы ағылшын тілін, 0,4 пайызы неміс тілін біледі екен. Ал қазақтың қаймағы бұзылмаған Қызылорда облысында бұл сең бұзылған деп сеніммен айтуға болады. Өйткені соңғы халық санағының мәліметінде (2009) қызылордалық орыстардың 15 және одан жоғары жастағыларының 61,9 пайызы (8195 адам) қазақ тілін ауызша түсінемін десе, оның ішінде 18,4 пайызы (2442 адам) еркін оқи аламын, 14,7 пайызы (1942 адам) еркін жаза аламын деп көрсеткен. Ал орыстардың ішінде ағылшын тілін білетіндері 15,5 пайызды құрайды.
Кәріс тілі. Кәрістер - Шығыс Азиядағы көне халықтардың бірі. Олар біртұтас халық ретінде Х-ХІV ғасырларда қалыптасқан. Кәрістердің жалпы саны 69,8 млн. (1989ж). Олар әлемнің көптеген елдерінде қоныстанған. Айталық, Қазақстанда олардың саны - 100385 адам. Бұл республика халқының 0,6 пайызын құрайды. Соның ішінде Қызылорда облысында бүгінгі күні 8190 кәріс этносы тұрады. Кәріс тілі - әлемде кеңінен тараған тілдердің бірі. Кеңес заманында кәріс тілінің қызметі шектеліп, тіпті ана тілі ретінде қолданудан аластатылып, оқу тілі ретіндегі қызметін жойды.
Кеңестік кәрістердің мәдениеті мен тілінің дамуы оларды Қиыр Шығыстан Орта Азия мен Қазақстанға қоныс аударуынан басталады. Осы кезеңнен бастап олар түркі халықтарымен бірге өз мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндік алды.
Қазақстанның тәуелсіздік алуымен бірге кәріс тілі де еркін даму жолына түсті. Бұған еліміздегі өзге тілдерді ана тілі ретінде сақтау мен дамыту бағытын көздеген демократиялық бағыттағы тіл саясаты және кәріс тіліндегі оқу құралдармен қамтамасыз етіп, әр алуан көмек қолын ұсынған Оңтүстік Кореяның белсенді жұмыстарын айтуға болады.
Бүгінгі таңда жоғарыда айтқандай, жалпы Қазақстанда, оның ішінде Қызылордада кәріс тілінің дамуы мен қызмет ету көлемінің ұлғаюына қажетті жағдайлар жасалған. Қазақстанда жалпы білім беретін 4 мектепте кәріс тілі оқытылады. Елімізде республикалық кәріс тілі орталығы бар, сондай-ақ облыстарды кәріс ұлттық орталықтары жұмыс істейді. Осылармен қоса, республикада оқуы кәріс тілінде 5 мектепке дейінгі балалар мекемесі жұмыс істейді. Оның 4-уі Қызылорда облысында орналасқан.
Елімізде кәріс тілін ана тілі ретінде 373 оқушы оқиды. Оның ішінде Қызылорда облысында 72 оқушы білім алады. Сондайақ, кәріс тілінде республикалық газет шығарылады, радиода, теледидарда кәріс тілінде хабар беріледі. Қазақстандағы кәріс тілі мен мәдениетін дамытуға қазақстандық белгілі кәріс-жазушылар (Г.Кон, Л.Сон, М.Пак, А.Хан т.б.) өз үлестерін қосуда. Олардың көптеген шығармалары кәріс тіліне аударылған және Кореяда кеңінен тараған [2, 236 -б.].
Кәрістердің мемлекеттік тілді меңгеруі біршама жақсы деп айтуға болады. Айталық, 2009 жылдағы халық санағының мәліметінде Қызылорда облысында тұратын кәрістердің 15 жас және одан жоғары жастағыларының 68,5 пайызы (4467 адам) мемлекеттік тілді ауызша түсінетіндігін, соның ішінде 20,8 пайызы (1358 адам) еркін оқи алатынын, 15,9 пайызы (1038 адам) еркін жаза алатынын көрсетеді. Кәріс тілі этносішілік, отбасылық қарым-қатынаста қолданылады. Олардың арасында кәріс-орыс, кәріс-қазақ және орыс-қазақ қостілділік түрлері кездеседі.
Татар тілі.Татар тілі - Қазақстанның барлық аумағында кеңінен тараған түркі тілдерінің бірі. Бүгінгі күні Қазақстанда 204229 татар ұлтының өкілі тұрады. Бұл республика халқының 1,3 пайызы. Ал Қызылорда облысында 1789 татар қоныстанған. Бұл барлық тұрғындардың 0,3 пайызын құрайды. Соңғы халық санағының мәліметінде 15 жас және одан жоғары жастағы татар этносы өкілдерінің 89,8 пайызы (1385 адам) мемлекеттік тілді ауызша түсінемін десе, оның ішінде 53,4 пайызы (824 адам) еркін оқи алады, ал 46,9 пайызы (810 адам) еркін жаза алады екен.
Татарлардың 45,3 пайызы (810 адам) өз ұлтының тілін ана тілім деп көрсетсе, 54,7 пайызы (979 адам) өзге этнос тілін ана тілім деп санайды. Татар этносына татар-қазақ және татар-орыс қостілділігі тән.
Түрік тілі. Түрік тілі - түркі тілдерінің бірі. Бұл Туркия, Иран, Ирак, Серия, Греция, Югославия, Болгария, ТМД және басқа елдерде таралған. Сөйлеушілерінің жалпы саны 46 млн адам. Түрік Республикасының және Кипр Республиксының (грек тілімен қатар) ресми тілі болып табылады.
Қазақстанда 97015 түрік этносының өкілдері тұрады. Соның ішінде Қызылорда облысында 1473 түрік тұрады. Бұл облыс тұрғындарының 0,2 пайызын құрайды. Соңғы халық санағының мәліметінде түріктердің өз ұлтының тілін ана тілім деп санйтыны - 95,2 пайыз (1402 адам), өзге этнос тілін ана тілім деп санайтыны - 4,8 пайыз (71 адам). Қызылордалық түріктердің 15 жас және одан жоғары жастағыларының мемлекеттік тілді ауызша түсінетіні - 97,7 пайызды (1034 адам) құраса, оның ішінде еркін оқи алатыны - 72,5 пайыз (767 адам), еркін жаза алатындары 54,2 пайызды (579 адам) құрайды.
Түрік тілі мен мәдениетін дамыту ұлттық-мәдени орталықтарында жексенбілік мектептер арқылы қолға алынған. Түрік тілі этносішілік тіл ретінде қызмет етеді. Түрік этносы өкілдері арасында түрік-қазақ және түрік-орыс қостілділігі қолданылады. Радиода түрік тілінде хабар таратылады., «Қазақстан - Заман» атты түрік және орыс тілдерінде газет шығып тұрады.
Өзбек тілі.Өзбек тілі - түркі тілдерінің бірі. Бұл тіл Өзбекстанда, Тәжікстанда, Қазақстанда таралған. Өзбек тілінің барлық сөйлеушілер 20 млн. адамнан асады. Бүгінгі күні Қазақстан аумағында 456997 өзбек этносының өкілдері тұрады. Бұл республика халқының 2,9 пайызы. Ал Қызылорда облысында 1302 өзбек тұрады. Бұл облыс халқының 0,2 пайызын құрайды. Сол 1302 өзбектің 809-ы өз ұлтының тілін ана тілім десе (62,1%), 493-і өзге ұлт тілін ана тілім деп санайды (37,9%).
Соңғы халық санағының қорытындысында өзбектердің 15 жас және одан жоғары жастағыларының (988 адам) мемлекеттік тілді ауызша түсінемін деп көрсеткені - 928 адам, бұл олардың 93,9 пайызы, соның ішінде еркін оқимын дегені - 742 адам (75,1%), еркін жаза аламын дегені - 677 адам (68,5 %).
Бұл этносқа біршама тән қостілділік типі - өзбек-қазақ және өзбек-орыс қостілділігі.
Қазақстандағы өзбек тілін дамыту еліміздің ана тілдерді сақтау және дамыту саясатына негізделген. Мысалы, республикадағы 75 мектепте өзбек тілі оқу тілі ретінде қолданылса, 51139 оқушы өзбек тілін ана тілі ретінде оқиды, мектепке дейінгі мекемелерде өзбек балалары өз этносының тілінде тәрбие алады [2, 230-231-б.].
Шешен тілі.Шешен тілі - кавказ тілдерінің наха тобына жатады. Ол Шешенстанда, Ингушстанда, Орта Азия мен Дағыстанда таралған. Сөйлеушілер саны шамамен 760 мың адам. Шешен тілінің 7 диалектісі бар.
Қызылорда облысында 814 шешен этносының өкілдері тұрады. Олардың арасында өз ұлтының тілін ана тілім деп есептейтіні 63 пайыз (513 адам), 37 пайызы (301 адам) өзге этнос тілін ана тілім деп санайды.
Облыста тұратын шешендердің 15 жас және одан жоғары жастағыларының ішінде 91,1 пайызы (563 адам) қазақ тілін ауызша түсінемін десе, соның ішінде 60 пайызы (371 адам) еркін оқи аламын, 52,4 пайызы (324 адам) еркін жаза аламын деп көрсеткен.
Шешен тілі этносішілік қарым-қатынаста қолданылады. Оларға шешен-қазақ және шешен-орыс қостілділігі тән.
Республикада 1985 жылдан бастап «Вайнах» шешен ұлттық орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтың облыстық бөлімшесі Қызылорда қаласында орналасқан. Ондағы жексенбілік мектептерде шешен тілі оқытылады.
Украин тілі. Украин тілі - үндіевропа тілдері семьясының шығыс славян тобына жататын тілдердің бірі. Украиндықтардың жалпы саны 45 мың адам (1989). Басым көпшілігі өз тарихи отаны - Украинада тұрады. Тарихи отанынан бөлек Ресейде, Қазақстанда, Молдавияда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Латвия, Грузия, Эстония, Литва, Канада, Аргентина және т.б. елдерде қоныстанған.
Украин тілі - укриан халқының ұлттық тілі. Оның солтүстік, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс деп бөлінетін үш диалектісі бар.
Жоғарыда айтып өткендей, украиндықтар Қазақстанда да қоныстанған. Олар республика халқының 2,1 пайызын (333031 адам) құрайды. Қызылорда облысында соңғы 2009 жылдағы халық санағы бойынша 430 адам тұрады. Бұл облыс халқының 0,1 пайзын құрайды. Облыста тұратын украиндықтардың өз ұлтның тілін ана тілім деп санайтыны - 11 адам (бұл барлық украин диаспорасының 27,7 пайызы), 311 адам немесе 72,3 пайызы өзге ұлт тілін ана тілім көрсеткен.
Санақ қорытындысы бойынша украиндықтардың 15 жас және одан жоғары жастағыларының 58 пайызы (225 адам) мемлекеттік тілді ауызша түсінемін десе, оның ішінде 17,3 пайызы (67 адам) еркін оқи алады, 13,7 пайызы (53 адам) еркін жаза алады екен.
Неміс тілі. Неміс тілі - үндіевропа тілдері семьясының герман тілдері тобындағы батыс-герман тармағына жатады. Бұл тілде сөйлеушілердің барлық саны шамамен 100 млн адам.
Қазіргі неміс әдеби тілі Герман Федеративтік Республикасының, Австрия Республиксының, Шфейцария Федерациясының (француз, итальян, ретороман тілдерімен қоса) ресми тілі болып табылады.
Немістердің Қазақстанға қоныс аударуы әр түрлі уақытты қамтиды. Соның ішінде басым бөлігі Ұлы Отан соғысы жылдарының алды мен соғыс жылдарында қоныс аударылған.
Соңғы халық санағының мәліметінде Қазақстанда 178409 неміс этносы тұрады. Оның 177-сі Қызылорда облысында қоныстанған. Олардың ішінде 42 неміс (23,7%), өз ұлтының тілін ана тілім десе, 135-і (76,3%) өзге этнос тілін ана тілім деп санайды. Қызылорда немістерінің 15 жас және одан жоғары жастағыларының (барлығы - 153 адам) 112-сі (73,2%) мемлекеттік тілді ауызша түсінемін десе, оның 42-сі (77,5%) еркін оқи аламын, 32-сі (29,9%) еркін жаза аламын деп көрсеткен,
Қазақстандағы немістердің тілі мен мәдениетін дамыту мәселесімен 17 облыстық және қалалық неміс ұлттық орталықтары, 14 облыстық, 30-дан астам аудандық қоғамдар мен мәдени орталықтар айналысады. Неміс тілі республикада 7 мектепте ана тілі ретінде оқытылса, 64 мектепте факультативтік түрде оқытылады [2, 228-б.].
Қырғыз тілі.Қырғыз тілі - түркі тілдерінің бірі. Сөйлеушілерінің жалпы саны - 2,4 млн адам. Қырғыздар Қырғызстаннан басқа Қазақстан, Тәжікстан, ҚХР-дағы Синцзян-Ұйғыр Автономиялық ауданында, МХР-нің батыс аудандарында, Ауғанстан мен Пәкістанның солтүстік-шығысында таралған.
Қазақстанда 23274 қырғыз тұрады. Ал Қызылорда облысында соның 156-сы қоныстанған. Олардың ішінде өз ұлтының тілін ана тілім деп санайтыны - 93 адам (59,6%), ал қалған 63-і (40,4%) өзге ұлт тілін ана тілім деп санайды. Санақ мәліметінде қырғыздардың 15 жас және одан жоғары жастағыларының (барлығы - 118 адам) 116-сы (98,3%) қазақ тілін ауызша түсінемін десе, соның ішінде 99 адам еркін жаза аламын (83,9%), 93 адам (78,8%) еркін оқи аламын деп көрсеткен.
Қырғыздар арасында қырғыз-қазақ және қырғыз-орыс қостілділігі тән. Қырғыз тілі этносішілік тіл болып табылады.
Белорус тілі. Белорус тілі - үндіевропа тілдері семьясының славян тобы, соның ішінде шығыс-славян тармағына жататын тіл. Белорустар өзінің этникалық отанынан бөлек Украинада, Ресейде, Латвияда, Польшада, Эстонияда, Канадада, АҚШ-та, Англия, Аргентина, Австралияда тұрады.
Қазақстанда 66476 белорус этносының өкілдері тұрады. Соның 112-сі Қызылорда облысында қоныстанған. Олардың ішінде 24-і (214%) өз ұлтының тілін ана тілім десе, 88-і (78,6%) өзге этнос тілін ана тілім деп санайды.
Облыста тұратын осы белорустардың ішінде 15 жас және одан жоғары жастағыларының (оларды саны - 98 адам) 65-і (66,3%) мемлекеттік тілді еркін түсінемін десе, соның 16-сы (16,3%) еркін оқи аламын, 12-сі (12,2%) еркін жаза аламын деп көрсетеді.
Қызылордалық белорустарға белорус-орыс, орыс-белорус және белорус-қазақ қостілділіктері тән. Белорус тілі этносішілік қатынастағы қызметті атқарады.
Ингуш тілі. Ингуш тілі - Ингуш республикасы мен Шешенстанда таралған. Кавказ тілдерінің бірі. Сөйлеушілер саны 181 мыңнан асады.
Қызылорда облысында 13 ингуш тұрады. Олардың ішінде 23,1 пайызы (3 адам) өз ұлтының тілін ана тілім десе, 76,9 пайызы (10 адам) өзге этнос тілін ана тілім деп санайды.
Ингуштардың 15 жас және одан жоғары жастағыларының ішінде 50 пайызы (6 адам) мемлекеттік тілді ауызша түсінемін десе, оның ішінде 33,3 пайызы (4 адам) еркін оқи аламын, 33,3 пайызы (4 адам) еркін жаза аламын деп көрсеткен.
Сонымен қорыта келгенде, Қазақстандағы, оның ішінде Қызылорда облысындағы аталған тілдер әлеуметтік лингвистикалық көзқарас тұрғысынан қарағанда олардың негізгі отанындағы тілдерінен ерекшеленеді. Бұл тілдерді осы ерекшелік тұрғысынан алғанда ұлттық тілдердің бір түрі немесе аталмыш ұлттық тілдердің «қазақстандық варианты» деп қарауға болады.
Этнос тілдері Қазақстанның лингвистикалық егемендігі жағдайында өздерінің негізгі этникалық қауымынан жырақта Қазақстандағы тіл саясатының аясында және диаспоралық қоғамдарының көмегімен дамуда.
Қазақстанда тұратын барлық өзге этнос өкілдерінің басым көпшілігі сол тілдің әдеби формасында сөйлейді. Кейбір облыс, аудандарда диалектілері қолданылуы мүмкін. Бірақ бірде-бір диалекті әмбебаптық қарым-қатынас құралы болып табылмайды. Сондай-ақ қазақстандық этностарға сол тілдердің тарихи отандарындағыдай қалалық сөйлеу тілі де тән емес.
Қазақстандық, оның ішінде қызылордалық диаспоралар тілінде қазақ сөздері молынан ұшырасады. Басқаша айтқанда, Қазақстандағы диаспоралар тілі олардың тарихи отанындағы және әлемнің басқа да елдеріндегі тілдерінен ерекшеленеді. Бұл алдымен, сол тіл көрініс табатын тақырып әр алуандығынан, қоғамдық қызмет көлемінен, көптеген типтегі қостілтілік және көптілділік түрлерінен байқалады, екіншіден, бұл тілдер әр алуан деңгейіндегі ішкі құрылымдық ерекшеліктерімен, сөздік құрамымен, лексика- семантикалық және стилистикалық ерекшеліктерімен, түрлі сөйлеулердегі қазақ сөздерінің грамматикалық тұлғаларымен, сол тіл мәтіндеріндегі қазақ сөздерінің грамматика-фонетикалық жазылымдарымен (Алматы, Астана, Қызылорда, мажилис, аким, тиын, теңге т.б.) ерекшеленеді.
А.Абасилов, ф.ғ.к., Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры
Әдебиеттер
1.Хасанұлы Б. Ана тілі –ата мұра (Қазақ тілінің жер жүзі тілдері жүйесіндегі алатын орны). -Алматы: Жазушы, 1992. -272 б.
2.Хасанулы Б. Языки народов Казахстана: от молчания к стратегии развития (социопсихолингвистические аспекты). –Алматы: Арда, 2007. -384с.
3.Қызылорда облысы. 2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағының қорытындылары. 2-том. Статистикалық жинақ. - Астана, 2011. -108 б.