Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Жоңғар хандығының жекелеген тарихы "Сибирский вестник" журналы т.б.ХІХ ғасырдағы Ресейлік жазба деректерінде

30110

Орталық Азияда ХV-ХVІ ғасырлар мерзімінде мемле­кеттер, халықтар арасындағы қарым-қатынастар, соның ішіндегі орын алған терең қарама-қайшылықтар нәтижесінде жаңа тайпа одақтары, мемлекеттік құрылымдар қалыптаса бастағандығы белгілі. Атап айтқанда, бұл мерзім Шыңғысхан негіздеген мон­ғолдық басқару жүйесінің әлсіреп, оның ұрпақтары басқар­ған мемлекеттердің үнемі орын алған ішкі бақталастықтың, сырт­қы сәтсіз жорықтардың себептерінен тарауларымен ерекше­ленді. Ке­рісінше аталған ғасырларда көрсетілген аймақтар бір орта­лық­қа бірігуі арқылы сол мерзімдегі ірі мемлекет құра білген Ресей пат­шалығы мен Қытайдың назарларына ілікті. Міне осы мер­зім­де орталығы Алтай өңірі болған Орталық Азия аңғарында негі­зін жекелеген монғол тайпалары құраған жаңа көшпенді мем­ле­кет қалыптаса бастады. Тарих сахнасында ХVІ ғасырдан ХVІІІ ға­сырдың ортасына дейін өмір сүрген Жоңғар хандығының сырт­қы саясатының негізі басқа елдермен, халықтармен жау­лау­шы­лық қатынастарымен ерекшеленді. Осындай қатынас мемле­кет­тің белгілі мерзімде көршілері есебінен терри­тория­сы­ның ұл­ғаюын қамтамасыз етті, немесе керісінше терең дағда­рысқа ұшы­рап, құлдырау кезеңдеріне әкеліп соқты. 

Мемлекеттің ішіндегі билеуші топ арасындағы жиі орын алып келген бақталастық, көшпелі мал шаруашылығына негіз­делген экономиканың заман талабына сай келмеуі, сонымен қатар сыртқы саясаттағы үнемі соғыс жүргізу аталған хандықтың әлсіреп, ақыр соңында толығымен күйреп, халқының басым бөлігінің қырғынға ұшырауына, қалғанының жерлерін тастап, көрші мемлекеттерден пана іздеп, басқа  халықтарға қосылуына ұшыратты.

ХІХ ғасырдың басындағы “Сибирский Вестник” журна­лының бірнеше сандарында  Сібір, Орталық Азия тарихын зерттеуші C. Липовцевтің нақты тарихи деректерге негізделген “Обозрение Зюнгарии” [1] атты баяндамасы жарияланып, онда бірнеше ғасыр көлеміндегі аталған хандықтың құрылуы, жүргізген сыртқы қатынастары, хандыққа мұрагерлер арасындағы бітіспес бақталастықтар, осы­ның негізіндегі мемлекеттің күйреуі жан-жақты көрсетілген. Яғ­ни автордың жазуынша: “Халкастық Жасақту ханның иелік­терінің батысында қырғыз-қайсақ даласына, оңтүстігінде Кіші Бұхара мен Турфанға, солтүстігінде Сібірдегі Олот монғолдары мекендеген жерлерге дейінгі кең аймақта көп санды, іскер және жауынгер, өздерінің тайшаларының билігіне бағынған Шыңғыс әулетінің негізінде 15 ғасырда құрылған мықты және елеулі тұрғыда белгілі Жоңғар немесе Зюнгар мемлекеті  бар.

 

... (Мөлшермен ХV-ХVІ ғасырлардағы Монғол импе­рия­сының тарауы негізіндегі,-Ғ.Қ.) Тұқай-Темір әулетінің дәрежелі адамдарына қызмет етуші Есен өзіне бағынып келген ол – от­тармен бірге Монғолияның батысындағы жайылымдыққа бай Іле өзені аңғарына ойысып, осында берік орналаса отыра жаңа мемлекетті негіздеді. Үшінші Маньчжур-Қытай императоры Юнь-Джень Есеннің ұрпағы Галдан Церенге қарсы соғыс жа­риялай отыра соңғысына «Шыңғыс әулетінің жауыз, қаны­пезер, кекшіл және бүлікшіл жалғасы» дегене сипаттама береді.

... Есен қуатты мемлекеттің негізін қалады, ал оның ер­жү­рек ұрпақтары Шыңғыс мерзімінің салты мен талаптарын сақтай отыра өз билігін Кіші Бұхара, Турфан және Хамиге та­ратты. Көр­­ші буруттар мен хасақтар (жаңа мемлекетті негіз­деушілер тарапынан,-Ғ.Қ.) кемсітуші мағнасындағы “албату” (құлдар) де­ген анықтама алды. Міне осылай, өз билігін Орта Азияға тарата отыра олар мемлекетін Жоңғар немесе Зюнгар деп атады. Осын­дай атаумен бұл мемлекет 1757 жылғы толығымен құлауына дей­­ін белгілі болды. Олардың ең дамыған мерзімі екі жүз жыл­дыққа дейін созылды. Үлкен Бұхараны, Үндістанды, Тибет, Хал­кас хандары мен Қытайдың өзін тітіркендірген миллионға жуық қару ұстауға қабілеті барлар бұл мемлекеттің әскери күшін  құрады.

Канси (Қытай императоры) жақын халықтарға өзінің қуат­тылығын мойындатып жатқан кезде Жоңғария ресейліктердің Оңтүстік Сібірді жаулауының кең ауқымды мерзімінде Мәскеу билігімен қатынастары арқылы белгілі болған Батыр қоңтайшы­ның баласы Галдан Цереннің билігінде болды. Екі ағасының қа­ны арқылы билікке келген атаққұмар Галдан бабалары ие бол­ған “тайшы” атағын місе тұтпай, өзін Шыңғыс ханның әулетіне ғана тиесілі болып келген “Ботоқты хан” деп атады.

Жоңғарияның билеушісіне айналған ол өзінің барлық на­за­рын сол мерзімдегі Монғолия мен Кансидің арасындағы қу­лықты саясатқа арнады. (Осы арқылы,-Ғ.Қ.) өзінің шексіз би­лігіне қауіп төндіретін Қытай императорының барлық бағыт­тағы өктемдігін  көре білді.

... Пекин билеушісіне қарсы барша жолмен қарсылық көр­сетуге шешім қабылдаған ол өзін көршілерінің күшімен нығайту мақсатында Мәскеу билігі қалыс қалмаған одақтар іздей бастады.

... Қарсы жақ (Қытай-Ғ.Қ.) аса үлкен көлемдегі артықшы­лығы және сансыз көп артилерриясымен олоттарды барынша сасқалақтануға ұшыратып, оның арты соңғысының қашуына ұласты. Осы үлкен жеңілістен кейін Галдан қытайлықтарға қар­сы шығуды қойып, талқандалудан сау қалған әскерлерін Жоңға­рияға аман жеткізуді ғана ойлады.

Терелдзи аймағына жетіп үлгерісімен-ақ оның (Галданның,-Ғ.Қ.) Кансидың қолбасшысы Фянгуге қарсы ша­буылы  олот әскербасыларының әйелдері мен балалары тұт­қынға түскен жеңілісімен аяқталды. 1697 жылы болған осы әс­кери оқиға Галданға үлкен сын әкелгенімен қалқас хандары­ның қорғаушысы ретінде әрекет етіп,  оларға шексіз билігін орнатқан Канси үшін аса жемісті болды.

... Күйрей жеңілу, жауланудың ораса зор зардабы, олат­тар­дың қайғысы мен Цебан Раптанның таққа отыруға деген ұм­ты­лысы жоңғарлардың Ботоқты ханы Галданды тығырыққа тіреді. Ол өзінің бақытсыздығын көтере алмай, келесі жылы ауыр қайғыдан, ал Кансиге сенсек, қабылдаған удан қайтыс болды.

Галдан өлгеннен кейін оның үлкен ағасының баласы Се­бан Раптан өзін Жоңғарияның ханы етіп жариялап, олоттар та­ра­пынан толығынан  қолдау тапты. Ол Галданның тірі кезінде бастауында Канси болған өзара жеккөрініштіліктің себептерінен Турфанға кетіп, ағасының жеңіліске ұшырауы туралы хабар жет­­кенге дейін сонда болды, Жоңғарияға қайтып оралып, ағасы­на қарсы әрекет етуші көптеген жақтастарын тапты. 

Цеван Раптан қытайлықтарға тосқауыл қоя және қар­сы­лық­тары үнемі күшейе түскен хасақтардың (қазақтардың,-Ғ.Қ.) қимылдарын баса алмай, Пекин сарайының  талаптарын орын­дауға мәжбүр болды. Осындай қадамдары арқылы оған хасақ­тар­дың қарсылығын тоқтатуға, Қытай әскерлерін аластатуға мүмкіндік туды.

... Раптан біраз уақыттан кейін соңғысымен (Қытаймен,-Ғ.Қ.) арадағы өзін төмендететін қатынасты өзгертіп, тәуелсіз би­леуші екендігін көрсетуге кірісті. Ол Қытай елшілері тарапынан  бұрын көтерілмеген биік мәртебелі билеушіге арналған құрметтерді талап ете бастады. Пекин билігі әділетсіз тұрғыда өзіне қосып алып, өз құқықтарын жариялаған жекелеген жерлердің қайта­рылуын табандылықпен талап етті, ақыр соңында Кансидің ренжуін ескерместен  Қытай жағынан кете бастаған наразы мон­ғолдарды өз жағына тарта бастады және де соңғысының қатал талабына қарамастан оған үнемі қарсылық көрсетіп отырды.

(Тибеттен жорықтан оралған,-Ғ.Қ.) Цебань Раптанға қарсы жасақталып, аттандырылған (қытайлық,-Ғ.Қ.) жасақ жоңғарлар­ды қайтар жолында қарсы алды. Раптан батылдықпен және ұйым­дасқан түрде оған шабуыл жасап, 1715 жылы Қытайдан бірінші рет басым түсті. Жоңғар ханының Тибетке осы жылғы жорығы Кансиге іскер және сақ мемлекет басшысымен байла­ныс жасайтындығын ұқтырды, ал оның (Қытай,-Ғ.Қ.) жасағын талқандау Пекин билеушілігіне (Цебань Раптанның,-Ғ.Қ.) шебер қолбасшы екендігі туралы түсінік тудырды.

Іскер және көреген ол бір бір мерзімде Қытай шенеунік­те­рімен жеке келісім жүргізумен қатар Ресей елшілерін қабыл­дады, Қытай және халкас әскерлеріне шабуыл жасауға да үлгер­ді және бұл шабуылдарды тұтқиылдан жүргізе отыра оларды қатал жеңіліске ұшыратты.

1722 жылдың соңындағы император Кансидің қайтыс болуы Цеван Раптанды ең қауіпті жауынан құтқарды. ... Осыдан кейін  ол одан да ары еркін қимылдай бастады. 

... Алайда Қытайға қарсы соғысқа дайындық жүріп жатқан кездегі Жоңғар ханы Цевань Раптанның қайтыс болуы басталуға дайын қалған соғысты артқа шегеріп, осыны күтіп отырған Юньдженді  қорқыныштан құтқарды.

... Цеван Раптанның атақ пен ерлікке лайық үлкен ұлы Гал­дан Церен 1727 жылы барлық олоттар атынан бірауыздан хан болып танылды. Аталған жаңа хан Пекин сарайына арнайы грамота мен салтанатты елшілік аттандырып, императорға әке­сі­нің қайтыс болғандығын, өзінің таққа отырғандығын жеткізді. Оның бұл сенім хаты императорға ұнамады, себебі Галдан Це­рен әкесінің өлгендігін еске ала отыра өзінің фуцианге (құ­дай­дың елшілігіне) айналатындығын хабарлады, ал таққа отыр­уы туралы  айта келе аспанның өзі оған адамзатқа жақсы­лық жасау, ағартушылық пен сенімді таратуға ниет білдірген­ді­гін еске сал­ды. Мұндай жоғары атауды тек Қытай императорла­ры өздеріне теңейтін еді, сондықтан да Юнджень Жоңғар ханын дөрекі, жа­за­лауға лайық деп бағалады. Осыдан барып ол аталған мерзімде өзінің асқақ аброй үшін емес, керісінше әзірге Галдан Церен тақ­қа берік отырып болмағандығын, сонымен қатар ха­лық сені­мін алмаған мерзімін пайдаланып, онымен соғыс ашуды жос­парлады. Нәтижесінде, іріктелген жауынгерлерден тұратын ба­рынша жақсы жабдықталған, тәжірибелі әскер басылар бас­қар­ған екі көпсанды әскери жасақ жаз ортасында Монғолияға жібе­рілді. Галдан Церенді әлсіз қарсылас деп есептеген импера­тор Юньджень бір жорық арқылы Жоңғарияны жаулап алуды жос­парлады, алайда  оның үміті ақталмады.

Алғашқы әскери қимылдар Галдан Цереннің ұлы әскер ба­сылар қатарына жататындығын дәлелдеді, оның жеңіле тұра қол жеткізген жеңісі ешқандай әрекет жасай алмаған Қытай әс­кер басыларынан артықтығын көрсетті. Осы жағдай тәкаппар Қы­тай Хуандиін (императорын) 1729 және 1730 жылдары бірі­нен соң бірі  екі елшілікті  Ресей императоры сарайына және осын­дай елшілікті Тұрғұт ханына жіберуге мәжбүр етті. Осы ар­қылы ол Қытайдағы қолайсыз жағдайды пайдаланып, жоңғар­лардың билігін Монғолияға, немесе шығыстағы Амурдан арғы жерлерге тараттырмау үшін Ресеймен достық қатынас жасағысы келсе, Тұрғұт ханын жоңғарларға қарсы қаруландырмақ болды. Алайда соғыс екі жақтың белсене қатысуымен одан ары жал­ғастырылып, Галдан Церен өз әрекетіне толығымен қанағат­тан­ды. 1732 жылы ол Қытаймен болған соңғысы 60 мың адамынан айырылған үш шайқаста жеңіске жетті. Осындай нәтижесіз  әре­кеті үшін бас қолбасшы Гунь (Граф) Фурдания орнынан алы­нып, оның орнына ешқашан әскер басқарып көрмеген сарай вельможасы Гун Марсай тағайындалы.

(Міне осылай, -Ғ.М.) Галдан Церен Қытай әскерлерімен болған шайқастардағы көптеген жеңістерімен Монғолияны таңдандырды.

... Нәтижесінде ол Монғолиядан Қытай әскерлерін қуып шы­ғып, оларды Қытай және Монғол шекарасының өн бойын­да­ғы қамалдарға бекінулеріне мәжбүр етті. Ақыр соңында маньч­жур­лардың әлсіздігін ашығынан көрсеткен соғыс император Юньдженнің 1735 жылы қайтыс болуымен аяқталды.

Өзінің ерекше қабілеттері арқылы Пекин сарайын көн­дір­ген Галдан Церен нәтижесінде Юньдженнің  ұлы және мұрагері император Кянь-Лунмен бейбіт келісім жасады және өз өмірінің соңғы жылдарын тыныштықта өткізді.

Аталған жоңғар ханының кезіндегі билік жеңісті және даңқ­ты болды, алайда оның балалары мен мұрагерлерінің мұн­дай қабілеттері болмады.

Галдан Цереннің үш ұлы және бір қызы болды. Ол өлер ал­дында өзінің ізбасары етіп екінші әйелінен туған үлкен ұлы Ла­ма Даладжаға тоқтамай, бірінші әйелінен туған Оджаны та­ғайын­дады.

... Аса қатал Оджа таққа отырысымен-ақ інілерін өлті­ру­мен айналысты. Галдан Цереннің кіші ұлы бақытсыз Мокша осындай жауыздықтың құрбаны болды. Кіші інісінің өлтіріл­ге­нінен қорыққан Лама Даладжа өз өмірін сақтаудың барлық ша­раларын қолданды. Оджаға толықтай бағынуын көрсетіп, осы арқылы өзін қауіпсіз етуді мақсат етті. Ол сонымен бірге інісін өлтірушіні жазалаудың қолайлы сәтін күтті, ... Біраздан кейін Ла­ма Даладжа көптеген өзінің жақтастарын, соның ішінде Од­жа­мен тікелей байланыс жасайтындарды тауып, түнгі уақыттың бірінде хан ағасына тұтқиылдан шабуыл жасап, оны өлтіреді. Галдан Цереннің ұлдарының арасындағы осындай жағдай жоң­ғар халқына тыныштық әкелмеді.

Олоттардың ақсүйектері Лама Даладжаны қанды әрекет­тері үшін жазалағылары келмеді, ол ешқандай да кедергісіз тақ­қа отырып, заңды тұрғыда хан ретінде танылды. Аталған хан­ның билік етуінің алғашқы кезеңі тыныштық және жайлылық жағдайында өтті. Алайда ханның айналасындағылар тарапынан ешқашан толастамайтын бақталастық пен атаққұмарлыққа орай қауіпті қастандық әрекеттер ойластырылып, оның өміріне нұқ­сан келтіру жоспарлана бастады.

Галдан Цереннің қызы Ұлан Баяр осындай істі алғашқы ұйымдастырушы болды. Әйел болғандықтан хандық билікке та­ласа алмайтын ол хандық тұқымға жатпайтын күйеуін осы іске дайындағысы келді. Лама Даладжаны барынша жексұрын іні­лерін өлтіруші тақтың заңсыз жауыз иесі ретінде жариялай оты­ра Ұлан Баяр өз жағына ханның жауларын жинай бастады. Олар­ды кек алу мақсатында қаруландырып, асығыстықпен хан сарайына апарды, алайда ханның қарулы күштеріне тап болып, күшпен басылды, біраз жақтастарымен тұтқынға түсіп, өмірі қиылды.

Галдан Цереннің қызының сәтсіз қимылы, оның қайғылы тағдыры шен құмарлардың Лама Даладжының өміріне және оның хандығына деген қастандық әрекеттерін тоқтата алмады. Галдан Цереннің қызының сәтсіздікке ұшырауын Даваци мен Әмірсана нәтижемен аяқтады. Олардың біріншісі хан тұқымынан тараған­дығы және ықпалды әулеттің жақын туысы болғанымен өзінің жоғары дәрежелілігін ештеңемен дәлелдей алмаса, соңғысы Са­райға Цеван Раптанның қызы Ладзан ханшадан тараған шеше жа­ғынан ғана туыс болды. Яғни, шығыс ережесі бойынша ол ешқандай да хан тұқымына жатпады. Алайда аса керемет дары­ны оның әулеттік жағынан жетіспегендігін толықтырды.

Жылдам және нақты шешім қабылдау қабілеті, шексіз шенқұмарлығы арқылы  Әмірсана  өзінің жоғары билікке жетуге деген мақсатын орындауға кірісті. Сол кездегі сарайдың барлық қатынастағы жағдайын біле отыра Лама Даладжаның ерте ме кеш пе үнемі, барлық жерде ұйымдастырылып жатқан өзінің та­биғи әлсіздігінен оған қарсы тұра және оларды жазалай ал­майтын  қастандықтың құрбандығы  болатынын түсіне білді.

... Лама Даладжаны тақтан тайдырып, өзін Жоңғарияның ханы етуді бойына берік сіңірген жоспарын ол әлсіз Даваци ар­қылы іске асырмақ болды. (Осы жоспарларын жүзеге асыру үшін,-Ғ.Қ.) олар өздерінің үлестері бар Жар (Яр) жеріне жетіп, соғыс ісіне дайындала отыра, сенімді жасақ жинай бастады. Мұ­ны білген Лама Даладжа оларға қарсы күшті атты әскер жіберіп, асығыс жасаған әскерін қуып таратып, өздерін хасақтардан (қа­зақтардан,-Ғ.Қ.) пана іздеуге мәжбүр етті. Лама Даладжа Даваци мен Әмірсана хасақтардан (қазақтардан,-Ғ.Қ.) қолдау тауып, олардың көмегі арқылы қуатты күшке айналуларын болдырмау үшін аталған жауынгер халық арасында қалдырмауға шешім қа­былдады. Ол бірден өзіне берілген қолбасшылар басқарған 60000 іріктелген әскер жіберіп, ... оларға бүлікшілерді  не ті­рі­дей ұстап немесе  өлідей  әкелуге тапсырма берді. Олардың күй­реуі сөзсіз еді, алайда Әмірсананың болашақты болжай білетін ақылы барлық қауіптен құтылып, басына түскен өлімді де өз пайдасына шешуді қамтамасыз етті. Лама Даладжа осындай көпсанды әс­кер жібергеннен кейін қажетті күзетсіз қалғандығын аңғара біл­ген (Әмірсана,-Ғ.Қ.) оған тұтқиылдан шабуыл жасап, тақтан тай­дыруды жоспарлады. Ол өз жоспарын Давациге айтады. Алайда жасқаншақ, таяз ойлы князь мұның мүлдемге мүмкін еместігін көзіне жас ала отыра мәлімдейді. Ол тек қана өзін қоршаған сәт­сіздікті, келіп қалған ажалды ғана ойлайды. “Өлім,-деп жауап берді оған Әмірсана,- ер жүрек адамдарға қорқыныш әкелмеуі керек. Ешқандай маңызды іс атқармай өлу санасы төмен адам­дарға ғана лайық. Батыл сеніммен менің соңымнан ер, саған бабаларың рух беретініне сенемін.” Осыдан кейін олар өздері­мен тағдырлас 1500 адамды жинап, Іле өзені жағалауына қарай жорыққа аттанды, түнде ғана жүре отыра күндіз өтуі қиын жер­лерге жасырынып, ақыр соңында жоспарлаған жерлеріне жетіп, қараңғы түнде Лама Даладжаның мекеніне шабуыл жасап, ештеңеге алаңдамай, қажетті күзетсіз отырған оны өлтірді.

Өзінің  баяндылығы және даңқты қызметі арқылы  ең лайықты және неғұрлым бақытты ізбасар қалдыруға  лайық болған Галдан Цереннің ұлдарының соңғысының тағдыры осылай болды.

Қатал Әмірсана Лама Даладжидің  өлі денесін ары ысыра отыра өзіне именшек Давациді шақырып, сатқындық және жа­уыз­дықтың нәтижесіндегі бұрынғы ханның қаны төгілген жерде оны Жоңғарияның заңды ханы етіп жариялайды. Ешкім де  қа­руланған Әмірсананың бұл шешіміне, Давацидің қабілеті болма­са да хандық билікке отыруына қарсылық келтіре алмады.

(Осы мерзімнен бастап,-Ғ.Қ.) Әмірсананың билігі күн өт­кен сайын күшейе түсті. Ол басқару тізгінін толығымен қолына алып, ханның өзіне өктемдік жасай бастады.

... Ол болашақ апатты болжай отыра, қолына келген билік­тің сенімсіздігін айқындай білді, сондықтан да ақсүйектердің өзі­не деген қолдауын, халық сүйіспеншілігін алуға ұмтылды. Осындай жолмен беделін арттыра отыра хандық билікке жетуді мақсат етті. Әлсіз Давацидің билік жүргізуге қабілетсіздігі, ма­ңайындағылардың дүние құмарлығы, атақ алуға деген ұмты­лы­сы оған осы мүддесіне жетуге жол ашқандай болды. Алайда ал­дындағы Лама Даладжының Даваци екеуінің арттарынан қыр­ғыз-хасақ даласына жіберген көпсанды әскерлері оған маза бер­меді. Себебі аталған әскерлердің басшылығында соғыс ісін жақ­сы білетін және бұрынғы ханға (Лама Даладжаға,-Ғ.Қ.) берілген әскер басылар болды. ... Осыдан кейінгі атқарылған шаралар Әмірсананың заңды алаңдаушылығының дұрыстығын көрсетті. Оларға (Лама Даладжаның әскер басыларына,-Ғ.Қ.) Давацидің атынан “жауынгерлерді босатып, өздерінің хан ордасына кел­уін” жеткізуге жіберген шабарман қанағаттанғысыз қарсы алын­ды және жаңа ханның бұйырығы орындаусыз қалды.

Сақ Әмірсана осындай жағымсыз хабарды алғаннан кейін өз өмірін қауіпке ұрындырмай, болашақтағы жағдайын қамта­ма­сыз етуге қажетті барлық тиісті шараларды жүзеге асыра бастады. Оңтүстік Сібір мен халкастар жеріне жақын оның иелігі орна­лас­­қан Жар (Яр) елі халықтың толқуы кезінде қауіпсіздік мекені міндетін атқарды. Өзіне нақты шабуыл жасаған кезде немесе сәт­сіздік жағдай орын алғанда ол көрші халықтан (қазақтардан,-Ғ.Қ.) өзіне пана іздеді, ал іс оңды бағыт алғанда бастаған ісін аяқ­тау үшін Іле өзенінің жағалауында бола алатын еді.

... Әмірсана ол жерден кетіп қалғаннан кейінгі біраз уа­қыт­тан соң Іле жағалауында мұздай қаруланған әскер пайда болып, Давациге және оның тағы да басқа жақтастарына үлкен қорқыныш әкелді. Әскер жетекшілері одан Лама Даладжыны күш­пен өлтірудің себебін батыл талап етті. Барлық кінә Әмір­санаға жабылды.

Давацидің ризашылықпен қабылдауы және ықыласты көз­қа­расы оларды риза етті, сонымен қатар бұрынғы артықшы­лық­тарының қалдырылуы, осылармен бірге жаңадан берілген құр­меттер ашуларын мүлдемге басты. Олар Әмірсанаға дайындаған кек алуларынан бас тартты. Тыныштық орнатылып, оны бұзуға ешкімнің де еркі болмады, ... алайда (біраз уақыттан кейін,-Ғ.Қ.) қоқан лоқылық, күш көрсету, тонау және толқулар қайтадан бас­талды. ... Тәртіпсіздіктер күн өткен сайын өсе түсті, әлсіз Да­ваци ... осындай тәртіпсіздіктердің өсе түсуінің себебіне айнал­ды.

... Оған (Давациге,-Ғ.Қ.) өзінің кеңестері және әрекеті ар­қылы тыныштықты қалпына келтіретін адам керек болды. Оның назары Әмірсанаға ауды. ... Алайда өркөкірек Әмірсана хандық дәрежеге өзін лайықты деп есептеп, Давациді жек көре отыра ... әрқашан шақыруларды әр түрлі себептермен қабылдамай тастап отырды.

... Ақсүйектер мен сарайдың бірінші мүшелері оның жа­сырын ойларын ұққанға дейін Әмірсанаға ықыластық көрсетті, барлығы оны Давацидің бірінші көмекшісі ретінде көргісі келді. Керісінше көпшілігі оның хан болуына қарсылық білдірді.

... Ол өзінің жақтастары арқылы Даваци мен оның адам­да­рына қарсы әрекет жасауды жоспарлады. Алайда олардың бұл қас­тандық әрекеттері Давацидің айналасына мәлім болды. Бұ­дан ары Әмірсананы қолдау тоқтатылды. Жалпы жиналыста “бүлік­шіл” деп жарияланып, оны қарудың күшімен жазалау туралы ше­шім қабылданды. ... Өзіне қажетті күш таба алмаған және Давациге қарсы күресуге және Лама Даладжы сияқты оны орны­нан алуға шамасы келмейтіндігін білген Әмірсана жоспа­рын Пе­кин сарайы арқылы іске асырмақ болды. Ақыр соңында өзін қол­дайтын жақтастарын жинап, ... өтуі қиын дала арқылы жаса­ғын Қытайдың Шанси губер­ниясының солтүстік шетіндегі Куку Хотон қаласына бағыттады.

Мұнда қолдаушыларының негізін қалдырып, жақтаста­ры­ның аз бөлігімен өзінің оған берілгендігін және қайырымсыз Да­­вациге қарсы қолдау алу, осылармен бірге қорғаныш сұра­ғандығын білдіру үшін Қытай императорына аттанды. Осы мер­зімде Қытайда билік еткен император Кянь-Лун одан өзіне үл­кен жетістік күткен жаңадан келген бағыныштысын болмаған дәрежедегі қанағаттану және силастық белгілерімен қарсы ал­ды. Ол (Әмірсана,-Ғ.Қ.) арқылы өзінің әкесі және атасы іске асы­ра алмаған Жоңғарияны жаулауды жүзеге асыру мсақсатын­да оны империяның бірінші дәрежедегі князы дәрежесіне көтер­ді, және де байлыққа кенелтіп, сұрағандарының барлығын қам­та­масыз етті. Екі жақтан да перделеп, көмкерілген аса қулық саясат жүргізілді. Император Жоңғарияны бағындыруды жос­парлады, Әмірсана Давациді құлатып, өз отандастарына толық билік жасауды мақсат  етті.

Давациге қарсы соғысты бастауға арналған Әмірсана не­гіз­гі тұлға болған көптеген құпия кеңестерден кейін император Әмірсананың адалдығына шек келтіріп, неғұрлым алыстағы елмен соғыстың нәтижелілігіне сенімсіздік білдірген сарайдың мүшелерінің басым бөлігінің наразылығына қарамастан ... 1754 жылы (Жоңғар жеріне,-Ғ.Қ.) өзіне тікелей есеп беретін Баньди, Ожунан және Әмірсана басқарған іріктелген жауынгерлерден тұратын  көпсанды таңдаулы жасақ жіберуге шешім қабылдады. Қытайдың барлық батыс губерниялары Қытайдың Үлкен қорға­нының батыс қақпасы және Хами, сонымен бірге Турфан ар­қылы жорыққа шыққан көпсанды әскерді азықпен қамтамасыз етумен айналысты.

... Алаңсыз Даваци және оның дарынсыз сарай қызмет­кер­лері Қытай әскерінің жорығы, олардың жоңғар жеріне енуі тура­лы ештеңе білмеді. Толықтай жарқыраған қарумен жарақ­танған, сансыз көп тулары желбіреген үш жүз мың әскер Давацидің ие­лігіне қаптап кетті. Қорқыныш пен үрей қысқа уақытта барлық жерге тарады. Бірінші дәрежелі княздар, зайсандар қытай әскер басыларына тізе бүгіп, олардың императорына әрқашан адал болатындықтарын мәлімдеп, өмірлерін сақтап қалудан басқа ештеңе сұрамады.

(Қиын кезеңде,-Ғ.Қ.) өзінің жақын адамдарының барлығы сатып кеткендігін көрген Даваци қарадан шыққандығына қа­рамастан Әкімбек дәрежесіне көтеріп, Уши облысының билеушісі еткен Мұсылман Хогистен пана таппақ болды. Қатігез Хогис екі­жүзділікпен өз билеушісінің және жарылқаушысының тағды­рына жалған нали отыра Қытай қолбасшысына Жоңғар ханы өз қолында, егер де оның қызметі үшін силық берілген жағдайда табыс етуге дайын екендігін мәлімдеді.

Келісім аяқталып, бақытсыз Даваци өзінің жалғыз ұлы Лобдзанмен қайырымсыз Хогистің сатқындығы нәтижесінде қа­мауға алынды. авациді қолға түсірген Баньди (Қытай әскерінің қолбасшысы,-Ғ.Қ.) оны бірден императорға аттандырды және де үш жауынгерден тұратын шабарманды  Қытайға қарсы тұра алар Жоң­ғарияны бағындырғаны туралы хабармен  жіберді. Давацидің қабі­летсіздігі және Әмірсананың немқұрайлылығы оның (Жоң­ғарияның,-Ғ.Қ.) тарауына әкелді.

Давацидың тағдырына қуанған Әмірсана барлық ықыла­сы­­мен Жоңғарияның билеушісі болуға ұмтылды. Ол Қытай әс­керлерінің қайтуын ... күтті. Императордың қолбасшылары Баньди мен Ожунан көпсанды әскерлерін жабайы және кедей елден тамақтандыруға азық таба алмай, оларды қосымша дү­кендер бар Турфан және Хамиге жіберуге мәжбүр болды, ал өз­дері іріктелген әскерлерінің бір бөлігімен жаңа бағынды­рылған жерлерді басқаруға арналған тиісті жарлықтар дайындау үшін  Мирцинь өңірінде қалды. 

Осы мерзімде Әмірсана ойластырған жоспарын іске асы­руға кірісті. Ол жасырын түрде қытайлықтардың өркөкіректігі мен жаңа нұсқаулары ұнамаған лама, князь және зайсандарды жинап, оларға бұғаудан құтылудың жолдарын ұсынды, егер де олар бірауыздан өзіне көмектесіп, Жоңғарияның барлық күште­рін толық қарамағына беретін болса, еркіндіктерін қамтамасыз етуге өз өмірін қиюға дайын екендігін мәлімдеді. Шарттар мен сенім ризашылықпен қабылданып, антпен бекітіледі. Әмірсана жоғары әміршінің туын желбірете ұстады, мұны көрген әркім­нің еркіндікке деген ұмтылысы артып, барлығы қаруға жарма­сып, бірауыздан Әмірсанадан Қытайға қарсы жорыққа бастауды сұрады. (Әмірсана,-Ғ.Қ.) Оларды азғана әскермен Мирцинге орналасқан Баньди мен Ожунанға бағыттайды, оларды қапыда бас салып, барлығын өлтіреді. Одан ары Қытайға қарай асықпай бара жатқан Қытай әскерлерінің соңына түседі, оны қуып жетіп, толығымен талқандайды.

Еш жерде қарсылық кездестірмеген ол Хамиге дейін жете­ді, көпсанды әскер және қажетті заттар молынан жинақталған Барсай қаласын алуды жоспарлады. Алайда қала басшысы жау­дың келе жатқандығын және болған оқиғаларды біле отыра қа­ла­ны қорғауға барлық шараларды қолданды, сонымен бірге бар­ша жағдайды жеткізу үшін Пекин сарайына шабарман жіберді. Осы мерзімде Әмірсана Варкуня маңайында пайда болды, алай­да қала бастығының дайындығын көріп және атты жауын­герлерден тұратын әскердің қаланы алуға қабілетсіздігін ескеріп нәтижесіз қоршауды тоқтатты. Хами жерін тонап, ол Іле өзеніне жеңісін тойлау үшін қайтып оралды. 

Жоңғариядағы қайғылы жағдайды білген Қытай импера­торы жаугер Әмірсананы қарғады. Ол (Қытай императоры Кян-Лунь) жауыз Әмірсананың бүкіл ордасының көзін жоймай, осы арқылы қырғынға ұшыраған өзінің мыңдаған әскерлерінің кегін алмай, бастаған ісін тоқтатпауға уәде берді. Оның жарлығымен екі көпсанды жасақ ұйымдастырылып, не жеңу немесе сонда өлу­­ге арналған тапсырмамен Жоңғарияға асығыс аттандырыл­ды. Аталған жасақтар Жоңғария иелігіне жетіп, жан-жағынан күні-түні шабуыл жасаған жау жағының (жоңғарлардың,-Ғ.Қ.) атты әскерлерімен ерлікпен шайқасты. Әмірсана тынымсыз ша­буылдарымен өздеріне белгісіз елдегі қытай әскерлерін әлсіре­ту­ді ойлады. Осыған қарамастан Қытай қолбасшылары жоң­ғарлар жігін ажыратып, олардың әскербасыларының қашу­ла­рына қол жеткізе алды. Әмірсананы жеңе отыра олар өздерінің жеңістерінің жемісін пайдалана алмады. Өзара келісе алмауы оның себебіне айналды. Әрқайсысы Әмірсананы тұтқынға алып, императордың құрметіне ие болғысы келді.

Алайда Әмірсана тағы да күшін жинап, өзіне көмек талап ете отыра хасақтармен (қазақтармен,-Ғ.Қ.) келісім жасады. Уа­ыт өте келе жағдай өзгеріп, Қытай әскер басылары тамақ қорын та­уысып, жау жағының шабуылына ұшырай отыра жоңғар елінен шығуға мәжбүр болды. Міне осылай бұл соғыс та табыссыз аяқталды.

Біраздан кейін Қытай императоры Жоңғариядағы соғыс­тың нәтижесіз жалғастырылып отырғандығын білді. ... Осындай сәтсіздіктің барлығының кінәсін өзінің қолбасшыларына аудар­ған (император,-Ғ.Қ.) біреуін шақырып алып, басқаларын жі­береді, алайда Пекиндегі сәтсіз қолбасшыларды бүкіл халық алдында асқан қатігездікпен  жазалау ғана молая түскен  мұндай ауыстырулар  жаңа сәтсіздіктерден басқа  ештеңе әкелмеді.

  Егерде Жоңғария біртұтас болып, ортақ бостандық үшін үлкен жігерлілікпен соғыса алса, Пекин сарайының барлық әрекеттеріне қарсы тойтарыс бере алар еді. Алайда жікке бөліну аталған бақытсыз патшалықты ыдыратуға әкелді. Зайсандардың немесе халық жетекшілерінің үлкен бөлігі алдындағы уақытта Әмірсананың әскери ерліктеріне тамсанып келсе, соңғы мерзім­де оны сатқын, Жоңғарияны ұзақ және созылмалы соғысқа тартушы ретінде жек көре бастады. Жікке бөліну одан ары жалғаса түсті, ешқандай да күш оларды татуластыра алмады, нәтижесінде Жоңғария Қытай қаруының күшімен емес, өзінің ішкі жікшілдігінен құлауы тиіс  болды.

Осы мерзімде екі әскери жасақ Қытайдан Жоңғария айма­ғына келді. Джа-гуй және Фуде  олардың қолбасшылары болды. Бұл екі әскер басына Жоңғар патшалығын талқандау және тұр­ғындарын қыру  тағдыры тиді.

Қытайдан тың күштердің келгенін және де Маньчжур елін­­дегі барлық маңызды дайындықтарды білген Әмірсана өз зайсандарын жауға қарсы бірлескен және табанды қарсылық көр­сетуге тартқанымен ... бұл іс нәтижесіз аяқталып, көпсанды әскерге аз күшпен қарсы тұруға мәжбүр болды. Ол батыл және қан­төгісті шайқас көрсетті, алайда ерекше саны көп жауға қарсы тұра алмай, қашуға мәжбүр болып, өз жасағын хасақтарға (қа­зақ­тарға,-Ғ.Қ.) бағыттап, осында тағы да әскер жинап, қолайлы сәт туғанда Жоңғарияға қайтадан баруды жоспарлады. Алайда Қытай әскер басы Фуде көпсанды атты әскермен оның артынан еріп, сондағы (қазақ жеріндегі,-Ғ.Қ.) хан мен сұлтандарға егер де кімде-кім опасыз Әмірсанаға пана болатын болса империя­ның жаулары деп жарияланып, Жоңғар Ордасы сияқты қарудың күшімен жазаланатындығын ескертті. Хасақтар арасында қауіп­сіздік таба алмаған Әмірсана Оңтүстік Сібір тауына кетуге мәж­бүр болып, осында өз өмірін аяқтады.

Империяға қаншама қастандық әкелген Әмірсананы қолы­на тірідей түсіре алмаған император Кан-Лунь аса ашуланған жағдайда қолбасшыларына бүкіл жоңғар халқын әйелдері, бала­ла­рын да аямай қырғынға ұшырату туралы жарлығын жіберді. Осы қатігез бұйырық дәлінен орындалып, миллионнан артық адам, көпшілігі кінәсіздер ашкөз билеушінің құрбанына айнал­ды. Кезінде әйгілі болған Жоңғар Ордасының аяқталуы осындай еді” [1.1-75].

  Зерттеуші П.Риттердің “... ХҮІ ғасырдың ортасынан аталған елден (Шығыс Түркістаннан,-Ғ.Қ.) солтүстікке қарай. Жоңғарияда  “Ойраттар” деген анықтама  алған  монғолдардың батыс бөлегінің ерекше саяси бірлестігі қалыптасты. Көрші мұсылман халықтары арасында “Ойраттар” “қалмақтар” деген есіммен әйгілі олар бізге де осы атаумен  белгілі болды. Қалмақтар Жоңғариядан батысқа қарай  сонда қалған түркі тұрғындарын  ығыстырып, ніәтижесінде  Шығыс Түркістанның көршісіне айналды,  өзінің шапқыншылықтарын осы елге де жасай бастады. ...  Гефть-Иклим ХҮІ ғасырдың екінші жартысындағы олардың Хотаннан тіке жол арқылы  Қытайға шабуылдарын еске алады. Қалмақтардың ханы Хара-Хуланың  кезінде (ХҮІ ғасырдың соңынан 1634 жылға дейін  билік еткен) одан ары күшеюлеріне орай  Тянь-Шяньннан оңтүстіктегі елдерге  шабуылдарының көлемі артты, оның зардаптары  аталған елдер үшін неғұрлым ауыр бола түсті”, [2]- деген деректерінен де жоңғарлардың жаугершілік тарихынан өзіндік маңызды мәлімет алуға болады. 

Аталған журналдың келесі санындағы [3] “О возмуще­ниях, бывших в Дзюнгарии и Малой Бухарии (Перевод с ки­тай­ского, из книги называемой: Си юй вынь дзянь лу, т.е. За­писки о землях лежащих близ западной границы Китая. Возмущение и погибель Дзюнгаров в 1754 году” деген сипатта­ма­да қүнды қы­тай деректері арқылы жоңғар хандығы­ның саяси тарихына талдау берілген. Аталған хандық билеушілерінің арасындағы ымырасыз билікке таласудың мемлекеттің күйреуі­нің себебіне айналғандығы айқындалған. Сол мерзімдегі қытай-жоңғар қаты­на­сының мақсатына, барысына, қорытындасына сараптама жа­сал­ған. Онда жазылғанындай: “Жоңғарлар олот­тар­дың ұрпа­ғы. Олот (Елёт) Қалмақ Ордасының атауы. Баты­сында Баргөл­ден қыр­ғыз-қайсақ шекарасына дейін орналасқан. Жоңғарлар Іле өзені бойында көшіп жүрген Орданың (Қалмақ Ордасының,-Ғ.Қ.) бір бөлігі. Бұл бөлек Қалмақ хандығына тие­сілі болды. Сондықтан да  барлық қалмақ жері Жоңғария не­ме­се Зенгория деп аталды. Бүкіл Қалмақ Ордасы төртеу болып есептелді Олар төрт ойраттар деген атаумен белгілі. ...

Олар егін екпейді, малды кәсіп етеді, ет – тамағы, сиыр неме­се жылқы сүті – шарабы. Олардың руларының атаулары бар. Әр атау жеке руды құрайды, бір рудағылар бір-бірімен үйлене ал­майды. Әйелдері бұхаралықтар сияқты ерлерінен жасырын­бай­ды. Билеушілерін хан деп атайды, одан кейін тайшалар мен зай­сандар. Жоңғарлар ашуланшақ және әдепсіз, арсыз және әре­кеттерін ақылға жеңдіре алмайды. Тонаушы­лықты батырлық деп есептейді, алайда ешқашан өз руластары­ның меншігіне қол сұқпайды. Олардың салты осындай.

Ламаларды силайды, олардың сөздерін заң ретінде қабыл­дайды, алыстан ламаны көргенде бас киімдерін шешіп, бастарын иеді, лама маңдайларына қолын тигізіп, бата бергендерге құр­метпен қарайды.

... Жоңғарлар қиындыққа үйренген, соғысуға бейім, мыл­тық және найзаны шебер меңгерген. Кіші Бұхара мен хасақтар (қырғыздар) оларға бағынышты болды. Олар миллионнан артық әскер шығара алады. Таулар мен жазықтар түйе, жылқы және ірі қарамен толтырылған. Өздерінің күшіне сенген олар Ресей, Үндістан, Кашемир, Тибет және Персия шекараларына шабуыл жасайды. Канси және Юнджан кезінде Қытай өңір­ле­ріне де жорық жасады. Империя (Қытай) бірнеше жыл олармен со­ғыс жүргізді. Көптеген жоңғарлар қазаға ұшыра­ғанымен то­лығымен талқандалмады. Олардың ханы Цеван–Раптан өлген­нен кейін үлкен ұлы Галдан–Церен хандыққа отырды. Оның үш ұлы, бір қызы болды. Үлкен ұлы Лама Дорджа, екіншісі Цеван-Дорджа-аджанан д жаль, үшіншісі – Цеван-джашы, ал қызы – Ұлан-баяр.

Екінші ұлы атақты жанұядан шыққан анадан, ал Лама-Дорджа қызметшіден туған. Галдан-Церен өлгеннен кейін ақ­сүй­­ектер өзінің кіші інісін өлтірген екінші ұлын хандыққа сай­лады. Осындай оқиғадан қауіптенген Лама-Дорджа інісін өл­ті­ріп, өзі таққа отырды.

Аталған оқиғаның себебінен Ұлан-Баяр мен оның күйеуі Ла­ма-Дорджаға қарсы шықты, алайда ұсталып, өлтірілді. Осы уа­қытта Таваци мен Әмірсана Жар (Яр) өңірінде көшіп жүрген, әрбіреуінің бірнеше мыңдаған жақтас жанұлары болған. Таваци белгілі тұқымнан шыққан, алайда қабілеті болмаған. Әмірсана қарапайым тұқымнан, алайда қатігез және іскер. Аталған князь­дар Лама-Дорджаның істеріне қарсы болды. Оның жарлықтары орындалмады. Лама–Дорджа қатты ашуға келіп, оларды тәртіп­ке шақыру үшін әскер жіберді. Таваци мен Әмірсана жеңіліп, ха­сакия (қазақтар,-Ғ.Қ.) даласына қашып, біраз уақыт жасыры­нып жүрді. Лама-Дорджа өзінің ламалары және тайджа­ларымен болған жасырын кеңесінде өзінің екі жауын өлтірмесе кейін көп бақытсыздық болатындығын айтып, өзіне берілген­дердің баста­уы­мен хасақтардың (қазақтардың,-Ғ.Қ.) барлық ұлыстары ар­қы­лы батысқа қарай жүре отыра оларды ұстап әкелуді тап­сырып 60000 әскер жіберді. Таваци не істерін білмей күні-түні жылады, ал Әмірсана таяп қалған әскерді біліп, 1500 іріктелген жауынгер жинап, кепкен етті молынан алып, таудағы жасырын жолдармен түн уақыттарында жүріп, күндізгі мерзімде жасы­рына отыра, ақыр соңында Ілеге келіп, Лама-Дорджаны өз Ордасында өлтір­ді. Әмірсана төменгі тұқымнан шыққандықтан Таваци хан тағы­на отырды.

Галдан Цериннің әкесі Цеван-Араптан Тибеттің байлы­ғы­на қызығып, бұл елді бағындырғысы келді, осы мақсатпен Ти­бет ханы Лацзанды империядан (Қытайдан,-Ғ.Қ.) бөлініп, өзі­не бағынуға үгіттеді, осы үшін өз қызын Лацзанның ұлына бе­ріп, оларды Іле өңіріне орналастырып, одан Тибет жерлерін беруді талап етті. Лацзань бұл талапты Далай Ламаға жеткізіп, бұған соңғысы қарсы болды. Қатты ашуланған Цеван–Араптан Бұхар қаласы Шаярь арқылы Үлкен Тибетке өтті. Шаярь билеушісі жол басшы болды. Күнди және шөл даладағы Лобнор жолы аса ауыр, көптеген адамдары мен малдарынан айырылды, осыған ашуланған ол өзінің күйеу баласы және Лацзанның ұлын өлтірді. Осы мерзімде қызы екі қабат қалып, егер ұл туса өл­тіретін, қыз туса тірі қалдыратын болды. Қыз туып, оны күйеуге беріп, одан Әмірсана өмірге келді.

Хандыққа келген Таваци бағыныштыларын біріктіре ал­ма­ды, жыл сайын өзара қақтығыстар  орын алды, оларды басу үшін Әмірсананы Жардан (Яр) шақырып отырды. Әмірсана Тавациді жиі мазақ етіп, ренішін білдіріп келді. ... Біраздан кейін едәуір көлемде халықтың қолдауын ала бастаған Таваци қатал Әмірса­на­ға қарсы соғысқа аттанды. Соңғысы өзінің күші­нің аздығынан Тавациге шамасының келмейтіндігін біліп, өз жақ­тастарымен Цян-Лунның 19-жазында (1754 жылы) импе­рия­ның (Қытайдың,-Ғ.Қ.) қарамағына өтті. Билеуші (импера­тор,-Ғ.Қ.) оған бірінші дәрежелі князь атағын беріп, Гуандун ге­не­рал-губернаторы Бань­диді Цьзяньканға ауыстырып, оған Цьзяюй  қамалынан шабуылды бастауды  бұйырды, ал Әмір­са­наны оған көмекші және жолбасшы етті. Әскер Баргол және Үрімші арқылы тура Ілеге бағыт алды. Жоңғар ұлыста­рына енген көпсанды әскерлерден үрейленген ламалар мен тайджылар бірден-ақ бірінен соң бірі беріле бастады.

Айналасындағылардың салқынқандылығын көрген Таваци өзінің қарсылық көрсете алмайтындығын сезініп, өзі қойған Бұ­хар қаласы Уштың билеушісі Хадиш жақсылықты ұмытпай­тын­дығына үміттеніп, өзінің ұлы Лобдзанмен және туыста­рымен, сонымен бірге 100 атты әскермен мұзды тау арқылы Бұхара аймағына кетіп, Уштан 40 ли жерге келіп орналасты. Хадиш Тавациді қабылдау үшін әскер және тамақ алып шықты. Тава­цидің жақтастары Хадиштің ойын түсіну қиын екендігін айтты, алайда Таваци өзі княздыққа қойған Хадиш және оның кіші княздар атағын алған төрт ұлының риза болмаулары мүмкін емес  деп ойлады.

Күту кезінде Таваци мас болып қалды, Хадиш мас болған­дардың барлығын байлап, қалаға әкеліп, қытай әскерлеріне тап­сырды, осы үшін  империядан бірінші дәрежелі князь атағын алды. Міне осылай бүкіл жоңғар иеліктері бағынды.

... Әмірсана қалмақтардың соңғы ханы болды, алайда Қы­тай империясынан бөлінген бүлікші ретінде хан қатарында есеп­телмейді. Оның әйелі Пекинге әкелініп, халық түрмесінде ұл туып, түрмедегі қаталдық жағдайында тәрбиеленді, алайда түрме қызметкерлері оны үнемі ақсүйек (принц) деп атаған. Ол мөлшермен қырық жасында қайтыс болған.

Әмірсана залым және тұрақсыз болды. Ілені бағындыру үшін ол Қытай әскерін бастап, олардың көмегі арқылы Жоңға­рияның ханы болғысы келді. Жорықтың басталуы оған елеулі тұрғыда қолайлы болды және оның ұсынысының орындалуы мүмкін емес еді, бұған керісінше сарайдың (Пекин,-Ғ.Қ.) бас­қа­ша маңызды жоспары болып, істің өзінің ойлағанындай бол­май бара жатқандығын көрген Әмірсана бүлік шығаруға деген ше­шім қабылдады. ... бұл мерзімде жеңімпаз Қытай әскерлері қай­тадан қайта бастаған болатын, тек бас қолбасшы өз кеңес­ші­лері­мен істерін жүйелеу үшін Пирцинде қалды, оларды бес жүзден сәл ғана артық әскері қорғады.

Шабуыл тұтқиылдан болып, Әмірсана оларды қатал­дық­пен талқандады. Мұнда тағы да көп санды әскер аттандырылды. Туысқандарының жанұяларымен ғана қалған Әмірсана Ресейге қашып, сонда қайтыс болды. Армия оны Ресей шекарасына дей­ін қуып барды. Осыдан кейін олоттар одан ары наразылық көр­сете бастады. Ашуланған Боғдыхан олот жеріне үш армия жі­бе­ріп, жынысына, жасына қарамай бір миллионнан артық адамды қырғынға ұшыратты. Біразы Махацин тауына барып тығылға­ны­мен Қытай әскерлері аталған тауды қоршап, соңғы адамына дейін өлтірді. Бүлікке қатыспаған олоттардың бір бөлігіне ғана кешірім жасалды. 

Осы мерзімнен бастап жоңғарлар Қытай империясына то­лы­ғымен қосылды. Елді басқару үшін бас қолбасшы анық­талды және  әр жерлерге әскер қойылды” [3.101-110].

Жоғарыдағы жарияланған бағалы мағлұматтар Жоңғар хандығының саяси тарихынан нақты анықтамалар береді. Қо­ры­та айтқанда, ел ішіндегі тұрақты түрде орын алып келген хан­дық­қа үміткерлер арасындағы үнемі қарулы қақтығыстармен аяқ­талып отырған бақталастық, билікке таласушылық, экономи­каның заман талабына сай келмеуі негізіндегі қоғамның бірлі­гі­нің іске асырылмауы мемлекеттің тарап, күйреуіне, тұрғын­да­ры­­ның басым бөлігінің қырғынға ұшырауына, осы арқылы мем­ле­кет пен оның халқының тарих сахнасынан кетуіне әкеліп соқты.

   ӘДЕБИЕТТЕР

1. //Сибирский Вестник, издаваемый Григорьем Спасским, 1821 год. Часть тринадцатая “Обозрение Зюнгарии” С.89-110,133-148., Часть четырнадцатая “Обозрение Зюнгарии, продолжение”. С.193-208., Часть шестнадцатая “Обозрение Зюнгарии, продолжение”., С.360-383- Спб., 1821

  2. Землеведение П.Риттера. География  страны Азии, находящихся  в непосредственных  сношениях  с Россиею. Восточный  или Китайский  Туркестан. Издано  императорским  русским  географическим  обществом. ... Выпуск второй-дополнения  отдел  первый-историко-географический.- Спб., 1873, с.351

  3. //Сибирский Вестник, издаваемый Григорьем Спасским, 1823 год, Часть третья-О возмущениях, бывших в Дзюнгарии  и Малой Бухарии (Перевод с китайского, из книги  называемой: Си юй вынь дзянь лу, т.е. Записки о землях лежащих близ  западной границы Китая)- Возмущение и погибель Дзюнгаров 1754 году. - С.101-122., Часть четвертая - О возмущениях, бывших в Дзюнгарии и Малой Бухарии (Перевод с китайского, из книги называемой: Си юй вынь дзянь лу, т.е. Записки о землях лежащих близ западной  границы Китая)- Возмущение и погибель Дзюнгаров 1754 году. Окончание - С. 123-130

Қарасаев Ғ.М., т.ғ.д.,ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты, Астана

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?