Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Социализм "Салтанатын" сейілткен айғақ - 1937 жылғы жалпы одақтық санақ

29868
Социализм "Салтанатын" сейілткен айғақ - 1937 жылғы жалпы одақтық санақ - e-history.kz

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшы төрағалығымен, ү.ж. 5 маусымында өткен Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі Ведомоствоаралық кеңейтілген отырысы замануи кезеңнің тарих ғылымына қойып отырған жаңа талаптарын, оның тарихшылардың негізгі міндеттерімен тікелей байланыстылығын атап өткен еді. Бұл шара аясында ұлттың тарихи санасын кемелдендіру мақсатында Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Халық тарих толқынында» бағдарламасын ұсынғандығы жарияланды. Мұның өзі ел тарихының жасампаздық істерінің бетін ашып берді деуге болады. Ұлт тарихы – мәңгілік ұлт мүддесі. Рухани мұра ғана тарихты алға жетелейді. Ендеше жоспарланып отырған бағдарлама - халық санасын жаһандық ауқымдағы мәселелерді екшейтіндей дәрежеге жеткізу ғана емес, жеке адамның біліктілік бәсекесіне шыдас беретін өзіндік даму зердесі деңгейін қалыптастыру мақсатын көздейтіні айқын.

Осы тұста өткен тарихтың беттерін қайта-қайта ашуға тура келеді. Елдің даму жолында қандай күрделі соқпақтардан өттік, жетістіктерге итермелеген құндылықтарымыз қандай және т.б. мәселелер сан рет қойылып, оның жауабын іздеу арқылы тұжырымдар жасау ғана ұлттың тарихын кемелдендіріп, рухани санасын сәулелендірері хаһ. Ендеше қоғамның әрбір мүшесі ұлт мүддесі жолында ат cалысады деген сөз. Өлкелік тарихтың жандануы да заңды құбылыс. Өткен тарихтан тағылым алу да ең қажетті дүние. Ол үшін сол кезеңнің күнделікті өмір тарихынан хабардар да болу қажет.

Қазақстан тарихының кеңестік кезеңіндегі ауыр жылдардың бірі – 1937 жыл. Осы кезеңде Одақтың бір бөлшегі ретінде ұлт тарихының да тікелей тәуелділікте қалыптасқандықтан,  ахуал жалпыға бірдей болды. Ұлттық құндылық негізі – халық. Сондықтан да халықтың әл-ауқаты деңгейімен, мемлекеттің даму деңгейі анықталады. Сол себептен де халық санағы, оның жүргізілуі мен нәтижелері маңызды тұжырымдар жасауда таптырмайтын дерек көзі. Халық арасында КСРО-ғы социалистік құрылыс бір күнде жойылды ма? Оны жоюға қандай алғышарттар болды? Тағы басқа сұрақтар көпшілікті мазалайды. Мемлекеттік құрылысты нығайтуда даму заңдылықтары сақталмаған жағдайда, мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатандығын кеңестік дәуір тарихы дәйектеп беріп отыр. Халықтың саны мен өмір сүру сапасы – ұрпақтар сабақтастығын кепілдендіретін басты өлшем. Мемлекеттің құлдырауы байқалған, ұрпақтар тамырына балта шабыла сақтаған жылдар көрінісін ашу, заманауи тарих ғылымы алдындағы басты міндеттердің бірі. Ендеше 1937 жылғы Бүкілодақтық санаққа қатысты мәліметтерді қысқаша зерделеп көрелік.

КСРО территориясындағы тұрғындар туралы ауқымды мәлімет берген санақ - 1926 жылғы жүргізілген халық санағының 55 томнан тұратын мәліметтерінің негізділігі мен ғылымилығы жағынан шындыққа жақындау болды. 1926-1937 санақаралық жылдар елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге толы болғаны белгілі: жаппай ұжымдастыру, малдарды, ауыл шаруашылық мүліктерін тәркілеу және т.б. Бұл жерде тек байлар мен ауқаттылар мүлкімен шектелмей, асыра сілтеулерге жол берілді. Себебі 1917 жылғы қазан төңкерісі саяси жүйені төңкергенмен, халықтың жадын жадырататындай әлеуметтік өзгерістер жасай қойған жоқ. Көмбіс халықтың көкейінде не жатқанын зерделер коммунистер социалистік қоғамды орнату жолына ғана мән берді де, «жолсеріктерінің» мүддесін бір ғана арнаға тоғыстырып шығармауға тырысты. Алайда әрбір жолсеріктің құқы, арманы, ойы ешкімді ойландырған жоқ. Ресейден КСРО-ның солтүстік және солтүстік шығыс аймақтарына  1930-1931 жж. «арнаулы қоныстарға»  ауқатты шаруалар деп табылған 1803392 адам жер аударылса,  1932 -1936 жж. басқа республика, өлке, облыстардан  446 872 адам орналастырылды. Ресми ұжымдастыру аяқталған 1932 жылдың соңында одақ бойынша ұжымдық шаруашылықтар 15 млн. шаруа шаруашылығын біріктірсе (61,5%), 1937 жылы жалпы шаруа шаруашылығының 93%-ын біріктірді. Мұндай нәтижеге жету жолы 1928-1932 жж. аралығында мал басының, астық өнімділігінің азаюымен  қатар жүрді. 1931 жылғы одақтың маңызды астық өндіретін Украина, Солтүстік Кавказ, Төменгі және Орта Повольже, Оңтүстік Урал, Сібірдің бір бөлігі және Қазақстан аймақтарын жайлаған құрғақшылық, 1932 жылы да жалғасып, егін шықпай қалды. Осыған қарамастан, шетелден өнеркәсіп құрал-жабдықтарын сатып алу мақсатында жұмсалатын, төменгі құнымен астық салығын өткізуге шаруаларды мәжбүрледі. Ауылдар мен деревня тұрғындары ашаршылыққа ұшырады. 1929 жылдан 1935 жылға дейін қалалық жерлерде азық-түлік карточкасы енгізілді. 1932-1933 жж. ашаршылықтың демографиялық салдарына байланысты зерттеулер қорытындылары әртүрлі, көптеген зерттеуші ғалымдар одақ бойынша ашаршылық және оның зардаптарынан өлгендердің санын 10 млн. адамнан 23 млн. адамға дейін, ал ағылшын-австралиялық ғалым С. Уиткрофт 1932-1933 жж. ашаршылық құрбандарын 3-4 млн. адамға теңестіреді.

ОДАҚ ТҰРҒЫНДАРЫН ШЕТЕЛГЕ ҚОНЫС АУДАРУҒА ИТЕРМЕЛЕГЕН СЕБЕПТЕР

Біріншіден, 1932 жылдың соңынан бастап шаруалардан басқа барлық азаматтар үшін паспорттық жүйе енгізілу туралы қаулы қабылданды. Бұл құжат ауылдық жерлерден қалаларға көшуге, қоныс аударуға (оның ішінде ашаршылық жайлаған аймақтан) тиым салды.

Екіншіден, XX ғасырдың 20-30 жылдары мемлекеттік жүйенің нығайып, экономиканың тоқырау себептерін жау элементтерден іздестірілді. «КСРО социализмге жақындаған сайын ел ішінедегі тап күресі шиеленісе» түседі деген Сталиннің тезисіне орай, елдегі және аймақтағы эсерлер, меньшевиктер қалдықтарын соттау, партия мүшелері, зиялылар арасындағы Сталинге қарсы топтарды жою кең өріс алды. Бірінші бесжылдықтағы «...барлығын техника шешеді» ұраны, 1935 жылы «кадр бәрін шешеді» ұранымен өзгертілді. 1921-1940 жылдар аралығында революцияға қарсы және басқа да «аса қауіпті мемлекеттік қылмыстары» үшін сотталғандар 3 080 574 адамды құраса, 1937 жылдың өзінде 790 665 адам «мемлекеттік қылмыскер» ретінде сотталды. Бұл да демографиялық ахуалға әсер еткен фактор.

XX ғасырдың 20-шы жылының екінші жартысынан бастап жүргізілген үдемелі әдіспен жүргізілген индустрияландыру нәтижесінде 1928-1932 жылдары 1500 фабрика, зауыт (ауыр индустрияның ірі кәсіпорындары) салынды. Трактор, автомобиль жасау, авиация, химия, өнеркәсіптің станок құрылысы салалары жаңадан қапына келтірілді, нығайтылды және кеңейтілді. 1925-1932 жж. аралығында жұмысшылар мен қызметшілер саны 10,1 млн.-нан 22,9 млн. адамға өсті. Машина жасау дамыды, 1929-1932 жж. машина жасау өнімділігі мен металл өңдеу 4 есе артты, бұл 1913 жылғы деңгеймен салыстырғанда 7 есе өскен. Тұттыну заттарынан гөрі өнеркәсіп заттарын шығару басымдылыққа ие болуына байланысты тұрғындарға ең қажетті деген тауарлар тапшылығы қалыптасты.

Өнеркәсіптің дамуы және ұжымдастыру урбанизация үрдістерін үдете түсті. Қала халқы 1939 жылы 1926 жылмен салыстырғанда 29,6 млн. адамға ұлғайды. 1936 жылғы 5 желтоқсандағы қабылданған жаңа Конституцияда КСРОда социалистік құрылыс жеңіске жеткендігі ресми жарияланды. Осыдан бастап КСРО және одақтас республикалар Кеңесіне сайлау шын мәнісінде баламасыз партия және кандидаттарсыз-ақ, мәлімделген адамдардың кандидатурасын өткізу арқылы орындалып отырды. Халықтың материалдық жағдайы жақсарғандығы, туу көрсеткішінің артып, өлім-жітімнің азаюы, тұрғындар өсімінің өскендігі туралы кеңестік ақпараттар қаптады. Сталин 1934 жылы БКП (б) XVII съезінде 1933 жылдың соңында КСРО тұрғындарының саны – 168 млн. адам болғандығын атап өткен еді. КСРО Мемлекеттік жоспары бойынша 1937 жылы КСРО тұрғындарының саны 180 млн. адамға, ал 1939 ж. 183 млн. адамға жететіндігі ресми болжанады. Жалпы тұрғындар санын көтеру мақсатында 1936 жылы әйелдерге түсік тастауға тиым салынды, санақ жүргізу мерзімін бірнеше рет өзгертті: алдымен 1932 жылға тоқтады, содан соң 1935  жыл, одан соң 1936 жылға.

1937 ЖЫЛҒЫ ЖАЛПЫОДАҚТЫҚ САНАҚ 

 Нәтижесінде үкіметтің  араласуымен екінші Жалпыодақтық санақты өткізудің мерзімі 1937 жылдың 6 қаңтарына қалдырылды. Санақ алдындағы халық арасындағы қауесеттер де әртүрлі болды.

Тұрғындар есебін алған бір күндік жалпы азаматтық санақ аясында армия мен флоттың (Қорғаныс Халықком күшімен) «арнаулы санағы» және арнаулы контингенттердің (НКВД күшімен) «арнаулы санағы» жүзеге асырылды. Бір күндік санаққа 1200 мың есепші нұсқаулармен таныстырылып, алдын ала даярлықтан өткізілді. Дайындық 1936 жылдың сәуір айынан басталды. Сапалық деңгейін көтеру мақсатында Н.Я. Воробьевтің редакциялық жетекшілігімен «Тұрғындар санағы» оқу әдістемелік құралдары даярланды, санақ бетін толтыру бойынша ЦУНХУ Нұсқауы құрастырылды, «Есепші жұмысының Ережесі» (О. Квиткин және Л. Бранд) жасалды. Санақ Бюросын О.А. Квиткин басқарды. 1937 жылғы санақ жүргізудің үш жобасы болды. «Соңғы редакциясы» бойынша  санақ тұрғындар санын, ұлт , тіл (санақ нұсқаулығында ұлт пен тілге байланысты жауап сәйкес болмауы мүмкіндігі айтылады, сондықтан да осы мәселе отбасыларына қиындық тудырды. Сөйлей алмайтын балалар үшін ана тілі оның отбасындағы сөйлесетін тіл алынды).

Көші-қон үрдістеріне байланысты сұрақ түрі бірінші жобада санақ бетінде болғанмен, соңғы нұсқасында алынып тасталды (жаппай күштеп қоныстандыру, тәркілеу жағдайында); отбасына байланысты, - Некеде тұрасыз ба? деген сұрақ және - Сауаттысыз ба? деген білім туралы сұрақ алғаш енгізілді. Сол сияқты «Қандай топқа жатасыз»: жұмысшы, қызметкер, колхозшы, жеке шаруа, қолөнерін кәсіп етуші, еркін кәсіп иесі немесе наным қызметшісі және басқа еңбекші емес элементтерге жатушы - мұның әрқайсысы жеке сұрақ болып келді. Бұл сұрақ бағдарламаның ғылыми қағидаларын бұзатындығына орай, есепшілер тарапынан қолдау болмаса да енгізілді. Н.Я. Воробьевтің пікірінше, жалған мәліметтен алшақ тұру үшін тұрғындардан баға беру мен жіктеуді талап етпей, тек факт бойынша жауап сұрауға болады. Оның үстіне Кеңестердің VIII съезінде Сталин «біздің қоғам тек жұмысшы, шаруа және интеллигенциядан тұрады, ал қоғамның басқа топтары кеңес мемлекетінде жойылғандығын» мәлімдесе, Молотов жұмысшы табын индустриалды пролетариат, қызметкер, сонымен қатар мемлекеттік аппарат құрамына кіргізді. 

Санақтың жауап беру парағындағы дін туралы сұрақтың тікелей Сталиннің бастамасымен енгізілуі мүмкін деген тұжырым бар. Бұл сұрақ халықтың үрейін туғызды. Себебі дін – ескінің сарқыншағы ретінде танылатын қоғамнан нақты жуап алу да мүмкін емес еді. Орыс тіліндегі «неверующий», яғни «дінсіз» деген сөздің өзі Орта Азия мен Қазақстан тұрғындарын үрейлендірді. «Дінсіздерді» қудалауға ұшыратады екен деген ел ішінде қауесеттер тарады. Мәселен, Белорус ССР Петриков ауданында «санақ жүргізілген уақытта діншілдерге мөр басады екен», «санақ тек түнде, тек діншілдерге жүргізіледі екен», осы республиканың Чечерск ауданының тұрғындары ішінде: «санақ болғанда діншіл екеніңді көрсет, басқаша жағдайда жапондықтар немесе поляктар келгенде дінсіздерді жазалайды» немесе «санақтан тығылып қалу керек, ол бір түнде өтеді, бұл түн Варфоломей түні болады»; Климовичск ауданында: «санақ БССР-нан діншілдерді жер аудару үшін жүргізілмекші екен», «санақ жаңадан адам басына салық салу үшін жүргізілмекші екен»; Белыничск ауданында: «бұл ақыр заман алдындағы тұрғындар санағы», «санақтан қашу керек»; Сталинград облысында: «діншілмін деп жазылыңдар шіркеу ашуға мүмкіншілік алады екен»; «аудандық атқару комитеті төрағасына келіп, қашан шіркеуді клубтан босататынын сұраған» алып-қашпа әңгімелер мен үрейлену белең алды.

1926 жылғы санақ бойынша 194 этникалық қауым тіркелсе, 1937 жылғы санақта 109 ұлт өкілдері (басқа да деген графада тағы да - 56) барлығы 165 этникалық қауым тіркелгенмен санақ қорытындысында тағы да топтастырылды. 1939 жылғы сөздікті құрастырушылар Сталиннің атап өткен 60 ұлт өкілдерінің санына тоқталуға мәжбүр болды. Ал санақ материалдарын 1940 жылы баспадан шығарарда статистер ақиқаттан аттамау жолдарының бірі ретінде кестеге саны 20 мыңнан асатын КСРО-ның 50 ірі көп ұлттарын түсірді.

Баспасөз беттерінде 1937 жылғы жалпыодақтық санақтың бастамашысы Сталин екендігі жарияланды. 1936 жылғы «План» журналында: «Санақ парағын Сталиннің өзі мұқият қарағаны» туралы берілуі, оның санақты өткізу бағдарламасының құрастырылуына тікелей қатысқандығын көрсетеді.  Санақты жүргізу жобасы ХалКомКеңесіне 1935 жылдың 22 ақпанында (ЦУНХУ бастығы В.В. Осинский, кейін оның орнына И.А. Краваль тағайындалады) ұсынылады. 1935 жылдың 16 қыркүйегінде санақ парағының жобасын жетілдіру үшін арнаулы комиссия құрылады. Бұл комиссияның құрамы санақ қорытындысымен бірге жылдар бойы құпия сақталды. Тек 1990-жылдары ғана ресей мұрағаттанушылары мен РҒА Ресей тарихы институтының ғалымдары күшімен санақтың қысқаша қорытындылары жариялана бастады. 1937 жылғы санақ тарихымен айналысқан А.Г. Волков мұрағаттық материалдарды зерделей отырып анықтады, комиссия құрамын анықтады: Халкомкеңесі төрағасы В.М. Молотов, байланыс жолы халкомы Л.М. Каганович, тамақ өнеркәсібі халкомы А.И. Микоян, КСРО ХКК және СТО төрағасының орынбасары Н.К. Антипов, Москва кеңесі төрағасы Н.А. Булганин, КСРО Мемжоспарлау төрағасының орынбасары Э.И. Квиринг, ЦУНХУ басшысы И.А. Краваль, ЦУНХУ басшысы орынбасары А.С. Попов болды. Комиссия отырысына дауыс беу құқысыз санақ парағы жобасының авторлары О.А. Квиткин және Л.С. Бранд шақырылды. Комиссия жасалынған нұсқауларға байланысты санақ парағының соңғы нұсқасын бекітіп отырды.

КСРО Мемжоспары Халықшаруашылығы есебінің Орталық Басқармасының бастығы Кравальдың 1937 жылдың 14 наурызындағы Жалпыодақтық санақтың алдын ала қорытындылары туралы И.В. Сталин мен В.М. Молотовқа жазған хатында (құпия):  « санаққа даярлық кезеңінде таптық-жау элементтердің қауесеттер, әсіресе діни мәселелер бойынша қауесеттер таратқан белсенді қарсылығына жолықтық. ...санаққа қатысушылар тарапынан алған хабарларға қарағанда, дінге сенушілер санының, күткен нәтижеден басым болуы, дінге қарсы күрес жұмысының нашар қойылғандығын куәландырады»,- деп баяндалады. Мәселен, БССР-ғы Лепельск округында 200-дей  адам өздері туралы мәлімет беруден бас тартқан.

1937 жылғы 6 қаңтарында өткізілген Жалпыодақтық облыс және республика тұрғындар санағы қорытынды есебі 5 топқа бөлінеді, соның ішіндегі бесінші топқа тұрғындар санының азаюына, ең бастысы тұрғындардың табиғи қозғалысының келеңсіздік танытқан облыстар мен республикалар жатқызылады: Украина облысы (Донбастан басқа бөлігі), Қазақстан, РСФКР: Азов-Қаратеңіз өлкесі, Солтүстік Кавказдың орыстар тұратын аймағы, Поволжье Немістері АССР, Саратов облысы, Куйбышев облысы, Курск облысы, сол сияқты ұжымдастыруға қатты қарсылық жүргізілген облыстар. Санақ бойынша баяндау хатта кулактардың қарсылығының тұрғындар санына әсерінің мол болғандығы  аталынып өтіледі. Жастық-жыныстық пирамиданың бұзылу көрсеткіштері де әсерін берді. Туу және өлім-жітімді тіркеудің ұйымдастырылған жүйесінің жоқтығы да айтылады.

1937 жылдың қаңтарында И.А. Краваль Сталин мен Молотовқа «санақтың нақтылықтың жоғарғы деңгейімен өз дәрежесінде өткендігі»  туралы баяндайды.  1937 жылдың наурызында Тұрғындар және денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасары М.В. Курман санақ бойынша есепке ілікпей қалған тұрғындар КСРО бойынша орта есеппен тұрғындардың 0,5-0,6%, 1 млн. адамға жуық екендігін айтады.

Өткізілген санақ мәліметі тұрғындар санының 162 млн. (жоспардағы 180 млн.-ның шаңы да көрінбеді) адамды  көрсетуіне байланысты, жүргізілген санақты «жарамсыз» санақ деп тауып, ал оны ұйымдастырушылар «халық жауы» ретінде қуғындалатынын жариялады. Санақта есепке ілінбегендер жөнінде зерттеген В.Н. Старовский 1964 жылы 1,2% немесе 2 млн. адамды құрайтынын айтса, 1972 жылы Ф.Д. Лившиц алдыңғы мәліметтерде асыра бағаланғандығын айтып, оның есебі бойынша 1937 жылғы санақ есепке алмаған тұрғындар саны 0,3%-ын немесе 450 мың адамды құрайтынын айтады. Ал соңғы 1990 жылғы Е.А. Андреев, Л.Е. Дарский және Т.Л. Харковтың есептері бойынша есепке алынбаған тұрғындар саны 0,4%-ды немесе 700 мың адамды құрағанын тұжырымдады. В.Б. Жиромская жән т.б. зерттеушілер пікірінше, 1937 жылғы жалпыодақтық санаққа ілікпеген тұрғындар санын анықтауда И.А. Кравальдің жалпы одақ тұрғындарының 0,4-0,5 % құрағаны туралы есебі шындыққа жақын және негізделген жауап деп есептейді.

Тұрғындар санының күрт азаюына табиғи қозғалыстан  басқа оған әсер етуші факторлық көздер есебінен болуы мүмкіндіктерін сол кезеңнің өзінде айқындалды:

Біріншіден, қарастырылып отырған кезеңде тұрғындардың бір бөлігінің КСРО-дан тыс жерге кетуі. Мәселен, Қазақ халықшаруашылығын есепке алу Орталық Басқармасының мәліметінше 1930-1932 жж. аралығында Қазақстаннан КСРО аумағынан кеткендер саны (қайтып оралғандарды алып тастағанда) 1,3 млн. адамды құрады. Қазақстаннан шекара асқандар 1933 жылы да жалғасын тапты. Мұндай үрдіс Түркімен ССР, Тәжік ССР-да да орын алды. Жалпы бұл кезеңдегі Одақтың шекарасынан асқандар саны қайтып оралғандарды есептегендегі айырымы, яғни 2 млн.-ға жуық адам шекара асқан.

Екіншіден, 1926 жылғы санақта қайта саналып кетуі мүмкін, шамамен 1%, яғни жарты миллионға жуық адам. Бұл санақ қалалық жерлерде 7 күн, ауылдық жерлерде 15-20 күнге созылды.

Үшіншіден, бір күндік 1937 жылғы санақ та да тексеру көрсеткендей, КСРО бойынша орташа алғанда тұрғындардың 0,5-0,6 пайызы есепке алынбай қалуы мүмкін, бұл 1 млн. адамға жуық (әсіресе, паспорт жүйесі енгізілмеген, қалалық тіркеу жүргізілмеген қалаларда ). Жоғарыда аталынған үш жағдайды есепке алғанда шамамен 4,5 млн. адамды қамтиды.

Төртінші. Ал қалған 3,5 млн. адам өткен онжылдықтағы есепке алынбаған өлім-жітім есебінен құралуы мүмкін. Әр жылда түрлі көрсеткіш беріп отырды, оның жоғары деңгейі 1933 жылға тиесілі болған. Жергілікті жерлердегі арнаулы зерттеулер Украина, Азов-Қара теңіз өлкесі, Саратов және Сталинград өлкесі, Курск пен Воронеж облыстарында өлім-жітім көпшілік жағдайда ЗАГС  кітабына жазылмаған. Қолда бар материалдар негізінде 1933 жылы өлім-жітімнің 1 млн.-ға жуығы есепке алынбаған. 1933 жылғы мұндай есепке алынбағандар пайызын М.В. Курман мүмкін екендігін нақтылайды. Есепке алынбаған өлім-жітім санының 1-1,5 миллиондайы  жалпы азматтық тіркеуге ілікпеген (арнаулы қоныс аударылғандар, концлагердегі тұтқындар және басқалар) өлім-жітім есебіне тиесілі екендігін баяндай келе, ол мәліметтердің НКВД-ге қарасты ГУЛАГ-да болуы тиіс екендігін көрсетеді.

САНАҚ САҒЫН СЫНДЫРДЫ...

1937 жылдың наурыз айының аяғынан бастап тұрғындар санағы Бюросының басшысы О.А. Квиткин және оның орынбасары Л.С. Бранд тұтқындалды, мамыр айының аяғында ЦУНХУ басшысы И.А. Краваль жұмыстан босатылып тұтқындалды және атылды. 1937 жылдың күзіне дейін орталықтағы және жергілікті жерлердегі басқа да есепшілер қуғын-сүргінге ұшырады. 1937 жылдың 26 қыркүйегінде КСРО Халкомкеңесінің қаулысымен өткізілген Жалпыодақтық санақтың Үкімет пен КСРО Халкомкеңесінің бекіткен нұсқауларын бұзғанына, үлкен қателіктерге жол беруіне  байланысты санақтың ұйымдастырылуы қанағаттанарлықсыз, ал санақ материалдарын жарамсыз деп жариялайды.  Осы қаулымен жаңа санақ жүргізу мерзімі 1939 жылдың қаңтарына белгіленеді.

Санақ қорытындысының жарияланбау себебі: 1937 жылғы санақ қорытындысы - адам айтқысыз халық санының азаю көрсеткішін көрсетіп қана қоймады, сонымен қатар тұрғындардың «жаппай сауттылығы» мен «жаппай атеистер» туралы кеңестік насихаттық ұрандар ақиқаттығын ақтамады. шынайылығын бекіте алмады.

Осылайша, КСРО мемлекеті өз тарихында  социализмді орнықтырып, кемелденген социализм баспалдағын аттады. Теориялық тұрғыда өркениетке өріс ашылғанмен, сандаған ұлттар мен ұлыстардың әлеуметтік-экономикалық мүддесін қорғау мен интеллектуалдық әлеуетін қолдау және жетілдіру мәселелерінде теріс саясаттың белең алуына байланысты, мемлекеттің «кемелдену» жолы да тұйыққа тірелді. Ел дамуына кедергі келтіретін «халық жауларының» саны көбейді. Бұқара халық жалпы тарихын ғана емес, шыққан тегін де жасыруға мәжбүр болды. Мәселен, 1954 жылы КСРО Бас прокуроры В. Руденко, Ішкі істер министрі С. Круглов, Әділет министрі К. Горшениннің Н. Хрущевке даярлаған анықтамасында 1921-1954 жылдар аралығында революцияға қарсы қылмыстары үшін 3 777384 адам сотталған, оның ішінде 642980 адамға  ату жазасы кесілген.

Бұл сан ғана емес, кеңес одағы тұрғындарының қасіретті күндер тарихы. Кейде осы тарих беттерін айта берудің қажеті не? деген сұрақтар да туындайды. Тарихтың өткен бетінің мазмұны мен мәліметінсіз, қалайша жаңа бет ашылуы мүмкін. Қателікке ұрынбау - оны болдырмау жолын іздестіру. 1937 жылғы жалпыодақтық санақ қорытындысы – социализм «салтанатын» сейілткен айғақ болып еді. Бірақ, билік халыққа қарай жақындаудың орнына, халықтан қалай айырылып қалғанын да сезбей қалды.

Қорытындысында айқындалған тарихи тағылым -  жалған ұран, қатаң да қасаң партиялық талап қоюмен халықтың мәселесін шешу мүмкін еместігі. Ұлттық тарих жан-жақты зерделенгенде ғана қоғам мүддесіне қызмет ете алатындығы. Әсіресе шешім шығарылатын стратегиялық маңызы бар нысандарда өткеннен тарихи тағылым ала отырып, ел игілігі үшін қателіктерге жол берілмеуі мүмкін. Ендеше тарихи жадын жаңғырту - қалың жұртшылыққа ортақ міндет болмақ. Қалыптасқан мемлекетті кемеліне жеткізу – ұлттық сананың кемелденуімен тікелей байланыстылығы заңды құбылыс.


Ерімбетова Құндызай Мырзашқызы

Дереккөз: «Алматы ақшамы» газетінде 17 тамыз 2013 жылы жарияланған.

Материалды Мемлекет тарихы институты ұсынған

Фото: positime.ru
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?