Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қоқан хандығындағы халық толқулары мен көтерілістері және орыс-қоқан қарым-қатынастары

29136

Ө.Қожақұлы,тарих ғылымдарының докторы, профессор

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Хандықтың әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайын есепке алып қарасақ Нарбота (1770-1801 ж.ж.) және Омархан билігі кезінде халықтың наразылығы күшейе түседі. Халық алымның көбеюіне, хан мен феодалдардың қанауына қарсы болды. Бұл толқулар хандықтың орталығында да, шеткері бөлігінде де болып отырған. Көтерілістерді сипаты жағынан прогрессивті және реакционды деп бөліп қараймыз.

Прогрессивті халық көтерілістеріне: 1709 жылғы Шадан қожаларының толқуларын; 1748-49 жылғы қыпшақтар көтерілістерін; 1808 жылғы Ташкент көтерілісін; 1821 жылғы Тентектөре бастаған көтеріліс; 1841 жылғы Қоландар көтерілісі; 1842 жылғы Қоқан халық көтерілісі; 1847 жылғы Ташкенттегі халық көтерілісі; 1853 жылғы Қыпшақтар толқуы; 1858 жылғы Уратөбеліктер көтерілісі; 1858 жылғы Әулиеата көтерілісі; 1873-76 жылғы Пұлатхан көтерілісі жатады. 

Реакционды көтерілістерге: 1799 жылғы Қожабек бастаған көтеріліс; 1800 жылғы Шуст толқуы және 1843 жылғы қыпшақтар көтерілісі жатады.

Архив материалдарының жетіспеуіне байланысты төмендегі көтерілістердің сипаты әлі анықталған жоқ: Абдураим би билік еткен кездегі Андижан көтерілісі, Кабул көтерілісі, 1849 жылы Сарыбағыш, Қаратегін, Ыстық көл қырғыздарының көтерілісі; 1850 жылғы Ташкент толқуы, 1854 жылғы көтеріліс; Рустамхан мен Мырза Муновар бастаған көтеріліс, 1857 жылғы көтеріліс, 1858 жылғы Ходженттіктер толқуы, 1859-60 жылғы қазақтар көтерілісі, 60 жылдағы қырғыздар көтерілісі, 1871 жылғы сох көтерілісі.

Зерттеулер көрсеткендей бұл көтерілістердің көбінің сипаты ұлт-азаттық болған. Мысалы қырғыздар мен қазақтар көтерілісі. Ал өзбек халқы негізінен феодалдар қанауы мен салық системасына қарсы болған. Көтерілістер ұйымдаспаған, стихиялы түрде болған. Қазақтар Қоқан хандығының деспотынан құтылып Ресей бодандығына кіргісі келетіні көрсетіледі. Қырғыздар қоқан хандығының салық саясатына қарсы болып, тәуелсіз билікке ұмтылған. Тәжіктердің де мақсаты қырғыздардікіне ұқсас болған. Қыпшақтар өз руының өмірі үшін және жоғарғы билік шендері үшін күрескен. Бірақ көтеріліске өзбектер, қыпшақтар, тәжіктер, қырғыздар біріге қатысып отырған кездері болған. Оған 1842 жылы Қоқан халық көтерілісі және 1873-76 жылғы Қоқан хандығының бүкіл халқы қатысқан көтерілістер мысал бола алады. Зерттеу материалдарына сүйенсек Қоқан хандығында әрбір екі жылда бір көтеріліс не толқу болып тұрған. Тек 1800 бен 1876 жылдар аралығында Қоқан хандығында хандығына елшілік жіберуді сұрады. Осыған сәйкес Ресей Әлімханның атына елшілік жібереді. Бірақ орыс елшілігі Түркістанға жеткенде Әлімханның өлтірілгенін және тоққа Омарханның отырғанын естиді. Бірақ Түркістан бегі елшілікті көндіреді. Сонымен 1810 жылы Қоқанға орыс елшілігі келеді. Омархан оларды қуана қарсы алып, Санкт- Петербургке өз елшілерін де жібереді. Бірақ Петропавл қаласында қоқан елшісі өлтіріледі. Бұл 1812 жылы болған оқиға еді. 1813 жылы орыс үкіметі Филипп Назаровқа бұл инцидентті жөндеуге тапсырма береді. Сол жылы Назаров Қоқанға барып, 1814 жылы жақсы хабармен Ресейге оралады.

Мұхаммед Али хан (1822-1841) билігі кезінде Ресейге бірнеше қоқан елшілері жіберіледі. Архив документтеріне сенсек, 1825 жылы Ташкент басшысы «Батыс Сібір генерал-губернаторына императорға хат жолдаған елшілігін өткізбегені туралы айтады [1]. Ал 1828 жылы Мұхаммед Али хан Ресейге елшілерін жібереді, олар «жылы» қабылданады. 1830 жылы Қоқан хандығына хорунжий Потанин барады. Ол 1830 жылы Ресей сарайында болған елшілермен бірге сапар шеккен еді [2].

1831 жылы Ташкент басшысы Мұхаммед Али ханға Санкт-Петербургке елші жіберуді кеңес етеді [3]  және Ресейден екі тау инженерін (геолог), «Қытай әскерімен соғысуға» бірнеше артиллерия қаруы мен тәжірибелі офицерлер сұрайды. Бірақ елшілік қабылданбайды. Себебі Ресей патшалығы Қытай үкіметімен жанжалға барғысы келмеді. Осыған байланысты орыс-қоқан қатынастары шиеленіседі. 1843 жылы көктемде Ташкент күшбегісі мен Сұлтан Саржан Қасымов Ресейге бағынышты қазақтарға шабуыл жасайды. Сөйтіп 1834 жылы Сібір корпусының штаб басшысы генерал-мойор Броневский басқарған орыс жазалаушы  отряды құрылады. Бұл отряд 1834 жылы 28 маусымда қоқан қамалы Ұлытауды қоршап, 110 жылқыны және 5 қарулы ташкенттікті қамауға алады. Бір тұтқынды қамалға жіберіп, сөзсіз берілуді талап етеді. Бірақ жауап алмаған орыс әскері бір сағаттан соң 6 қарудан тұратын батареядан оқ атады.  Атыс 2 сағатқа созылады. Қамал міз қақпаған қалпында тұра береді. Сонда шабуылға екі жаяу әскер ротасы сапқа тұрғызылады. Қорыққан қамал қоршаулылары берілуге келіседі. Гарнизон тұтқындалып, қамал орыс әскерінің басшылығына өтеді. Мұхаммед Али хан мәселенің қиындығын түсініп 1841 жылы Ресеймен достық қатынас орнату мақсатымен Мұхаммед Халил  Сахиб- зедені елші етіп жібереді. Патша үкіметі елшінің барлық өтінішіне оң жауап қайтарады. Бірақ елшілікке талқыланған мәселелер орындалмайды. Осыған байланысты Қоқан ханы Мұхаммед Али хан тақтан бас тартып, орнына інісі Сұлтан Махмұдты отырғызады. 1841 жылы Сұлтан Махмұд өзінің таққа отырғанын хабарлап Ресей императорына хат жолдайды. 1842 жылы сәуірде Бұхар әмірі Насрулла Қоқанды жаулап алады да Сұлтан Махмұд ханды, Мұхаммед Али мен басқа да хан тұқымдарын өлтіреді. Қоқан елшісі оқиғадан хабардар болғаннан соң, өз өміріне қауіп туғанын біліп Семипалатинскіде қалады. Сонымен қатар 1844 жылы Омскіге, 1847 және 1851 жылы Петропавловскіге барған қоқан елшілері жөнінде архив материалдары сақталған. 

1852 жылы генерал Перовский қоқан қамалы Ақмешітке шабуылы сәтсіз болады. 1853 жылы Қоқан елшілігі Ресейге жіберіледі, ол Омскіге 1853 жылы 17 маусымда жетеді. Осы кезде орыс генералдары Ақмешітке шабуыл жасауға дайындалып жатқан болатын. Архив материалдарына сүйенсек, 20 күндік қоршаудан кейін, 1853 жылы 28 шілдеде Ақмешіт қамалы алынады. Орыс офицерлері: қоқандықтар күшті қорғанды. Гарнизондағы 400 адамның 74-і ғана тұтқынға алынды, оның жартысы қатты жараланған. Бізде 9 төменгі шен офицері өлді, 46 обер-офицер мен солдаттар жараланды [4]. Сонымен қоса Батыришкиннің айтуы бойынша қоршау кезінде тағы 10 адам өліп, 20-сы жараланған» [5] деген. Сонда орыс әскерінен 19 адам өліп, 20-сы жараланды. Ақмешіт қамалының есімі Перовский фортына өзгертілді. Ақмешітті қоршау кезінде орыс әскері Жөлек қамалына да шабуыл ұйымдастырады. Бірақ алдын-ала хабардар болған Қоқан әскері қашып кетеді. Қамал қабырғаларын орыс әскері қиратып, ішкі құрылысты жағып жібереді. Осы оқиғалардан кейін орыс-қоқан қарым- қатынастары тынышталады. Жалпы алғанда Ресей патшалығының саясаты Қоқан хандығының бірнеше қамалын жаулап алуға бағытталады. Сондықтан достық елшілерін ресми түрде қабылдағысы келмеді.

1859 жылы 19 қаңтардағы Батыс Сібір генерал-губернаторының жазбаларында «Шу өзенінің жоғарғы ағысын басып алу» айтылды. Бұл мәселе оның алдында да Император Николай I кезінде талқыланған еді. Оны талқылауға бұрынғы әскер министрі князь Долгоруков, граф Перовский мен генерал Г. Гасфорд қатысты. Нәтижесінде Тоқмақ, Пішпек, Әулие-Ата, Созақ және Түркістан қамалдарын жаулау мақсат етілді. Осымен оңтүстік сызық Батыс Сібірді Орынбор сызығымен түйістіру көзделді. Билікке жаңа Қоқан ханы Малли бектің келуін білген орыс үкіметі мақсатты тез іске асыруды жоспарлады. Ал орындауды 1861 жылдан кейін қалдыруға болмайтының айтты [6]. «Жоспар» 1859 жылы 24 қаңтар Император қатысуымен тағы да талқыланады. Г. Гасфордтың «жоспары» мақұлданады. Сөйтіп «ерекше оқиға» болмаса, жоспарды 1860 жылдан қалдырмай орындау керектігі шешілді. Малли хан шекара мәселесіне көп мән берді. Ол өз әскеріне орыстармен қақтығысқа түспеуге бұйрық етті [7].

Қоқан ханы Ресеймен достық қатынас орнатуды көздеді. Осы мақсатпен ол 1859 жылы көктемде елшілік жіберуді жоспарлады. Бірақ орыс генералдары оған мүмкіндікті бермеді. Оған дәлел Орынбор генерал-губернаторы Қоқан елшілігін Перовский фортында ұстай тұруы.

1860 жылы 8 шілдеде қоқандықтар 3000 адамымен Қастекке шабуыл ұйымдастырады. Бірақ орыс әскері алдын-ала хабарланып қойылып, қоқандықтарды күтіп алады. Нәтижесінде қоқандықтар көп шығынмен кейін шегінуге мәжбүр болады [8]. 1860 жылы 23 тамызда орыс әскері екі колонналық отрядпен Тоқмаққа аттанады. 26 тамызда колонна қамалға жақындаған кезде, полковник Циммерман қоқандықтарға қамалды беруді талап етеді. Бірақ жауап берілмеген соң қорғанға 5 мортирка мен бір қару қойылады. Кешкі сағат алтыда оқ атып, атыс бір сағатқа созылады. Осы уақытта жарылатын 50 снаряд атылады. Кешке таман Хаккули комендант бастаған Тоқмақ горнизоны беріледі.  Ал 1860 жылы 27 тамызда орыс әскері қамалды бұзады.1860 жылы 23 тамызда орыс әскері полковник Циммерманның басқаруымен Пішпекке шабуылға дайындалады. Таңертең қоқандықтар оларды тауып алып, қамал  қаруларынан оқ жаудыртады. Сағат 5-те батареядан жауапты оқ атылып, атыс кешке дейін созылады. 2 және 3 қыркүйекте де атыс болады. 1860 жылы 4 қыркүйекте Пішпек бекінісінен 627 адам мен 38 жасөспірім шығып, беріледі. Қоқандықтарда 20 адам өліп, 50 адам жараланады. Орыс әскері бұл кезде 954 снаряд пен бірнеше ракета және 12869 патрон құртып үлгіреді. Ол адам шығынына келетін болсақ, бір обер офицер жараланып, бір адам өледі, бір төменгі шен офицері есінен айырылады [9]. Кейін қамал бұзылып, күлге айналады. Пішпекті алғаны үшін полковник Циммерманға генерал – майор шені беріледі. 1861 жылы 21 маусымда Санкт- Петербургте Ресей императорының өзі қатысқан ерекше комитеттің жабық жиналысы өтеді. Онда орыс әскерінің Орта Азиядағы әрекеті талқыланады.

Қоқан хандығы бойынша Ресей саяси және стратегиялық жағынан бұрынғы шекараны сақтау дұрыс емес екені анық болады. Шекараны алға жылжыту анықталады. Бірақ орыс әскерінің Қоқан хандығына одан әрі ене түсуін комитет қолдамайды. Сондықтан егер Қоқан ханы келіссөз жүргізуге келген жағдайда Сібір корпусының командирі бейбітшілікке келісім жасауға тиісті болды [10].

Бұған қарамастан 1862 жылы 20 қаңтарда 15 сағаттық блокададан және ұзақ шайқастан кейін қоқан қамалы Дін-Қорған орыс әскерімен алынып, келесі күні бұзылады [11]. Ал 1862 жылы 6 мамырда орыс әскері еш қарсылықсыз Ақсу, Піштөбе, Шалдавар қамалдарын жаулайды.

Қоқан хандығындағы ішкі қайшылықты пайдаланып орыс әскері 1863 жылы 25 мамырда еш қарсылықсыз Түркістанға еніп, 30 мамырда Созақты алады. 8 шілдеде Шолақ-Қорған өз ниетімен орыс бодандығын мойындайды және бестамғалы  қазақтардың бір бөлігін Ресей империясы құрамына кіргенін жариялайды. Осыдан кейін отряд еш қарсылықсыз Жөлекке оралады[12].

1864 жылы шілдеде Орынбор мен Сібір корпустарындағы әскери қимылдарды біріктіру мақсатымен генерал-майор М.Г. Черняевке Шу өзенінен Жаңақорған  бекінісіне дейінгі аймақты бағындыру тапсырылды. Сол жылы орыс әскері Түркістанды жаулайды.

1864 жылы 28 желтоқсандағы генерал Черняев хабарламасына сенсек, Шымкент қаласына Ташкент билеушілерінің бастығы Абдурахманбек келеді. Ол Қоқан мыңбасшы Аликулға наразылық білдіреді. Ташкентте наразылар саны көбейе түседі. Ташкент қазақтары орыс иелігіндегі қалаларға көше бастайды. Осыған байланысты генерал Черняев қалада төңкеріс болған жағдайда не істеу керек екендігі жайында сұрап, әскер министріне хат жолдайды.(14)

1865 жылы 3 ақпандағы жауапта былай делінген: «Жоғарғы Мәртебелі император көмек жібермейінше  еш қадамға бармауды және Ташкент тұрғындарымен байланысқа түспеуді бұйырды. Бірақ ыңғайы келгенде көмек берілетіні туралы сендіруді өтінеді».

Бірақ оқиғалар басқа сипатта өрбиді. М.Г Черняевтің сөзіне қарағанда: «Ниязбек тұтқындалғаннан кейін Ташкентке шабуыл жасалатыны анықталып қалған болатын. Сондықтан Ташкент горнизонының тікелей ықпалымен Ташкентті кейін ығыстырып, бізге тәуелді етуге тырыстым» дейді [3]. Осы мақсатпен генерал Черняев Ниязбекті тұтқындағаннан кейін Ташкентті сумен қамтамасыз етіп тұрған Шыршық өзенінің екі саласын қаладан тыс жерге бұрып жібереді. Ташкент тұрғындары Ресейге бағынуға келісетіні жөнінде ресми емес болса да айтады. Сөйтіп 1865 жылы 7 мамырда Ниязбекте горнизон қалдырып, қалған әскерімен Ташкенттен 8 шақырым жерге бекінеді.

1865 жылы 8 мамырда қаланың солтүстік-шығыс жағында рекогносцировка жасалынады генерал Черняев пен Ташкент тұрғындары арасындағы келісімге сәйкес, Черняев жағындағы ташкенттіктер қоқан горнизонын қарусыздандырып, қала қақпасын ашып беруге тиісті болды. Бірақ сол күні Қоқаннан Ташкентке 6 мыңдық әскері мен, 40 қаруымен Али-Кул келеді. Сөйтіп сатқындықтың алдын-алады. 9 мамырдың орыс әскерімен және Ташкент қорғаушылары арасында шайқас болады. Қоқандықтар жағында 300 адам өледі, соның ішінде Мулла Алимкұл болатын. Генерал Черняев: «құйылған қарулары өте сапалы, біздің тау единорогы сипатта жасалған. Бірақ үлкен калибрлі болып келеді. Лафеттері біздікіне ұқсас бірақ өте сапалы орындалған. Барлық қарулары біздікі секілді құйылған және штык-пышақтары бар. Сонымен бірге Бұхарлық қаруларды да таптық. Біздің жағымыздан 10 төменгі шен офицері жараланды, 12-сі есінен айырылды. Арасындғағы бір офицері- прапорщик Янышев».

Келесі айда генерал Черняев орыс әскерімен тағы да Ташкентке шабуыл жасауға аттанды. 1865 жылы 14-нен 15-не маусымға қараған түні Ташкент қаласы мен цитаделі алынады. Патша әскері қатарында 135 төменгі шен офицері және 25 адам өледі, ал 7 обер-офицер жараланады [15].

Атыс тоқтағаннан кейін орыс әскеріне Ташкент ақсақалдары келіп, бодандықты мойындайды. Бірақ кешке таман ташкенттіктер қайта оқ жаудырады. Черняев рапортында айтылғандай қарсыласу үдейе түседі. Қолына айбалта ұстаған адамдар қарулы орыс әскеріне қарсы шығып, аяушылық сұрамай өлген де оқиғалар болған. Қаланың әр көшесінде қарсылықтар көрсетілген. Ең үлкен қарсылық қала қақпасынан орталық базарға апаратын көшеде болған. 16 маусымда кешке таман барлық көшелерде тыныштық орнап, көше ақсақалдарына Черняевтың ертең кіретіні айтылды. 1865 жылы 17 маусымда қала ақсақалдары мен құрметті тұрғындары Черняев алдында басын иіп, тәуелділігін мойындады. XIX ғасырдың  60 жылдарындағы қоқан-орыс қатынастарын толық зерттеуге М.Г. Черняев естеліктері көп жәрдемдеседі.

Әскери министр Васильчиковқа жазған хатында М.Г. Черняев өзін Орынборға қызмет етуге рұқсат сұрайды. Жаңа ғана Орынбор генерал-губернатор болған Крижановский оған рұқсат береді. Крижановский Ташкентті қатты жаулап алғысы келді. Сөйтіп М.Г. Черняев қаланы жаулау жоспарын жасауды бастайды. Алдымен Бұқар және Қоқан күштерін ажыратып тастау көзделді. Жау күштері шашырап кеткенде орыс әскері қала қақпасына жақындайды. Қала қорғаушылары ұйықтап жатқан кезінде өлтіріледі. Полковник Краевский цитадельге шабуыл жасады. Қоқан гарнизоны қарама-қарсы қақпаға қарай қашады. Қала әкімшілік басқаруда болған және халқы батыр еді. Олардың сұлтаны қазақ батыры Кенесары Қасымовтың ұлы болды. Қаланың басқарушысы етіп оны өзі тағайындаған еді. Ол қала қорғаушыларының жартысын цитодельге жіберудің орнына, барлығын қамал қабырғаларын күзетуге қойды. Крижановский Ташкент өзі басып алғысы келеді. Ол Орынбордан келе жатқан жолда әскерге бірнеше рет тексеріс жасады. Солдаттарға жекіріп ұрса берді. Крижановский өзінің келуін үлкен ерлікпен байланыстырғысы келді. Сондықтан да қоқанды жаулауды ұсынды. Қоқан бұл кезде Бұхар әмірінің шапқыншылығына ұшырап өте әлсіз еді. Ал мен де (Черняевте - Ө.Қ.) тек 1100 әскер болды. Сонымен қатар қалайша жаңа ғана жауланған қаланы тастап кетем, әскер де шаршаған еді. Бірақ Крижановский маған Романовскийді жіберіп Қоқанға экспедиция жасауды ұсынды. Мен (  М.Г. Черняев - Ө.Қ.) қаладан кетем дедім, себебі сіз әрине табысқа жетесіз, бірақ біз қалайша бұл қалада әскерсіз қаламыз [16]. Ташкентті жаулағаны үшін генерал М.Г. Черняевке өмір бойғы 3000 рубль көлеміндегі пенсия тағайындалды [17].

1867 жылы жауланған территориялардан Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды, ал К.П.фон Кауфман оның алғашқы генерал-губернаторы болып тағайындалды. Орыс-Қоқан қатынастарында 1868 жылы полковник Шауфус басқарған елшілік үлкен маңызға ие болды. Қоқан хандығы туралы мәліметтер жинау үшін, елшіліктің құрамына, түрлі ведомстволардан зерттеушілер кіргізеді. Түркістан генерал-губернаторы К.П. Кауфман елшілік нәтижесіне өте қуанды: «жиналған мәліметтер бұл өлке туралы бізге көп ақпар берді» - деді [18].

Елшілік жинаған мәліметтер бойынша Қоқан хандығында екі партия жұмыс істеді: «Біреуі бізге жақ, екіншісі бізге (орыстарға - Ө.Қ.) қарсы болды. Ал орыс партиясының басшылығында ханның өзі тұрды. Бірақ оны ашық айтуға батылы жетпеді, қарсы партияның көрнекті өкілдері дадхох Шерали мен Автобачиден қорқады. Халық бізді қолдамады, мен (К.П. Кауфман - Ө.Қ.) жіберген шенеунік адамдарды жақтырмады. «Хан өз иеліктерін Ресей Үкіметіне сатып жібереді» деген лақаптарды таратты». 1868 жылы келісімнен кейін орыс-қоқан қатынастары жақсара түседі, елшіліктер жіберіліп, сауда каравандары қатынайды. 1872 жылы Н. Раевский былай деп жазады: «Мұсылман фанатизміне қарамастан, соңғы 8-9 жыл ішінде біз олардың иелігінің көп бөлігін тартып алдық, билеушілерін биліктен тайдырдық. Осыдан кейін біз олардың достығына қалай сенеміз?  Сондықтан біз өз-өзімізді алдамауымыз керек» [19]. Одан кейінгі Қоқан-Орыс қатынастары Пұлат-хан көтерілісімен жалғасады. Көтерілісті басуға орыс әскері белсене қатысады.

Әдебиеттер:

1. Ресей Мемлекеттік әскери тарихи мұрағаты (РМӘТМ) 483 қор, 1 тізбе, 11іс, 4п.

2. Вестник ИРГО, 6 кітап, СПБ, 1856

3. Ресей Мемлекеттік тарихи мұрағаты (РМТМ) 1264 қор, 1 тізбе, 348-іс, 202 п

4. РМТМ 853 қор, 2 тізбе, 57 іс, 2 п

5. РМТМ 1021 қор, 1тізбе, 102 іс 80п.

6. Өзбекстан Республикасы (ӨРОММ) И-715 қор, 1 тізбе, 21-іс 89-92, 101-103пп.

7. ӨРОММ и-715 қор 1 тізбе 22-іс, 354, 133 пп.

8. ӨРОММ  и-715 қор, 1 тізбе 23-іс, 209п.

9. ӨРОММ и-715 қор, 1 тізбе 24-іс, 14-19пп.

10. ӨРОММ и-715 қор, 1 тібе 25-іс, 335-336 пп.

11. ӨРОММ и-715 қор, 1 тізбе 26-іс, 52п.

12. ӨРОММ и-715 қор 1тізбе, 26 «б»-іс, 168п.

13. Институт востоковедения Ан РУз рукопись,

  Ин-в №1011178, 63-67 бб.

14. РМӘТМ 1442 қор, 1 тізбе 10 іс, 5, 10-13пп.

15. РМӘТМ 483 қор, 1 тізбе, 83 іс, 43, 66пп.

16. Санкт-Петербург, РНБ, отдел рукописей,

  1008 қор, 4-іс 10-12 пп.

17. Санкт-Петербург, РНБ, отдел рукописей, 1009 қор, 6-іс,4 п.

18. РМТӘМ, 1396 қор, 2 тізбе, 44-іс, 43-44 пп.

19. РФ Мемлекеттік ежелгі актілер мұрағаты. 1274 қор, 1 тізбе, 931 «а» -іс 1п.
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?