Ал, арындаған 25 жаста қолына түскен тарихи кітаптарды оқып «Қазақтың түп атасы» деген тарихи туындысын өлеңмен жазған. Ең ғажабы, бозбала шағынан басталған тарих пен шежіреге сүйіспеншілігі ақырғы демі таусылғанша бәсеңсімеген. Мысалы, өмірінің соңында, 1931 жылы С. Мұқановқа жолдаған хатында: «Шежіренің бір жыртылып қалғаны табылып, бұрынғы басылғанында қате бар, һәм қосылмаған сөздер бар болғандықтан, көшіріп жатырмын түзетіп» дейді.
(Осы орайында, астрология ғылымының он екі айдың ішінде шілде жұлдызында туылғандар табиғаты тарихқа әуес, ерекше бейім болады деп атап көрсететін жорамалы еріксіз еске түседі. Шәкерімнің өзі: «Жылым – ой, жұлдызым – июль» деген. Ендеше адамзатпен бірге жасасып келе жатқан кәрі ілім жұлдыз-жорамалдың түбінде бір шындық бар-ау сірә деген ойға келесіз).
«Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі», қысқаша «Шежіре» – Шәкерімнің тұңғыш жарық көрген еңбегі. Бұл кітап 1911 жылы Орынбор қаласында бір мың данамен басылып шығады. Өкінішке қарай аталмыш еңбектің жазылу уақыты мәлімсіз. Әдетте бұл автордың еңбекті бірер жыл көлемінде емес, ұзақ даярлықпен, кезең-кезеңде жазған жайынан хабардар етер белгі. Шәкерімнің өзі де шежіренің жазылу уақыты белгіленбеу себебі тарихтың мәселесімен көп жылдар айналысқандығында екенін сездіргісі келгендей, «Шежіренің» кіріспесінде былай дейді: «Қазақтың түп атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген, білгенімді жазып алып және әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым».
Абай мен Шәкерімге дейін қалың қазақ жұрты өзінің артқы жағы: ру-тайпалық дәуіріне қатысты ғылыми мағлұматтардан, мысалы, ғұн және түркі тайпалары тарихынан мүлде дерлік хабарсыз қараңғыда қалып келгені өтірік емес. Сондай-ақ, халық арасында құймақұлақ шежіре кісілер таңды таңға асырып, жатқа айтатын ата-тек шежіре мұрамыздың жайы да (орыс тілінде баспа бетін көрген зәредей бөлігін айтпағанда) оңып тұрғаны шамалы еді, өйткені, жарық көріп, хатталғаны атақты хан-сұлтандар шежіресі ғана болатын. Әрине, мұның өзіндік себептері баршылық.
Қысқасы, сол кездегі ғылымнан сырт жатқан сахара хәлінде, Әлихан Бөкейхан айтқандай, «кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп» біліми көзқараспен арнаулы зерттеу еңбек жазуды қолға алу айтуға ғана оңай. Тілдерді меңгеру қажеттігі тұра тұрсын, дерек көздерін – кітап, журналдарды іздеп табудың өзі неге тұрады десеңізші!
Бізше Шәкерімнің «Шежіре» кітабының жазылуы ұзаққа созылуына себепкер де осы жайлар. Кітап соңында ақын «Мақсұт» (қазіргі лексикамызда – мақсат деп жазылады) деген арнау өлеңін беріп, онда мақсатым – қазақты ағарту, халқыма ғылым дәнін таттыру дей келе, тағы бір мақсатын былайша жеткізеді:
Жазғанда мақсатым көп менің тағы,
Қазақтың қараңғы еді артқы жағы.
Мұны оқып ата жөнін білген қазақ,
Артымнан дұға қылсын дедімдағы.
Құр шежіре демеңіз мұның өзін,
Ойлаңыз ғибрат алып әрбір сөзін.
Өзі мәлімдеп отырғандай, «Шежіре» – сөз жоқ, Шәкерімнің ағартушылық арнадағы толымды туындысының бірі.
Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, ұлы Абай өзінің «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегін 1890 жылы аяқтаған. Бірақ бұл осы жылдан соң ұлы ақын қазақ тарихы мәселелерінен қол үзді деген сөз емес. Керісінше, ұлт көсемі тарихи өрістің аясын кеңейте түседі.
Шамасы осы жылы ұстаздың өз айналасына талапты жастарды жиып, Көкбай мен Шәкерімге тарихи тақырыпта сюжетті дастандар жазуға кеңес бергені белгілі. Абайдың аталған еңбегі арғы қазақ тарихын, яғни ХУ ғасырда Қазақ хандығы құрылу қарсаңына дейінгі кезеңді ғана қамтиды. Демек, оны дамыта жалғастыру, істі аяғына жеткізу Абай мектебінің күн тәртібінде тұрған. Сондықтан ұстаз ақынның қазақтың қайдан шыққанын ғылымдық жолмен тексеруді тарихқа ерекше ықыласты Шәкерімге арнайы тапсырып, бұл мәселені үнемі назарында ұстауы ұғынықты жәйт. Баласы Ахатқа Шәкерім былай деген екен: «Абай маған «Мұсылмандық», «Түрік-қырғыз...» шежіресін (астын сызған – біз), «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебекті» жазуыма көп көмек берді».
Шежіре кестелеріне қатысты мағлұматтарды жинастыру жайлы Шәкерімнің өзі: «Абайдың ұқтыруымен және сол кісінің ел-елге жіберіп, хат жазып жинақтаған мағлұматтары да шежіреде бар» деп жазады. Бұл сөзден шежіре деректерінің ел-елге кісі жіберіліп, кейде алыстағы ағайынға хат жазу тәсілімен жинақталғаны ұғылады.
Осы ретте атап айтар жай – «Шежіренің» жазылып жатқанынан көп жұрт құлағдар болған. Абыралы өңірінің тумасы, зерделі ақсақал С. Мейірхановтың білуінше, Бөрлі болысы Шыныбай деген атақты адам Абай мен Шәкерімге білген шежіре деректерімен бірге арнайы кісіден: «Егерде біздің рудың шежіресін жақсылап жазар болса, ат-шапан сыйымыз даяр» деген дұғай сәлемін де жолдаған көрінеді. «Исі Жалықбас руында өткен ғасырда есімі жұрт аузына ілініп, жақсы атағымен мадақталған жан – Шыныбай Танашұлы Тоқсанбай тегі болса керек, – дейді бұл адам туралы жазушы М. Сәрсеке өзінің шежіре кітабында. – Ол тез айтқыштығымен де, ақылымен де, заман ауқымын аңғарғыш сұңғыла ойымен де өз тұрғыластарының алдына шығыпты. Жас жөнінен, сірә, Абай Құнанбайұлымен шамалас, бәлкім сәл үлкендеу болса керек» (Тарақты және қаракесек шежіресі. – Алматы, 1995. – 247-б.).
Осындай екінші деректі Қытайдың Алтай қаласында тұратын Мидхат Разданұлы жазған материалдан кездестірдік. ХІХ ғасырдың соңында Мәми есімді атақты бай Алтай қазақтарының алды болып ауылынан «Абақия» деген мектеп ашып, ауылды керейдің әкімшілік орталығы ғана емес, мәдениет орталығына айналдырған екен. М. Разданұлы «Шәкәрімнің өр Алтайда ізі бар» деген мақаласында Шәкерім Мәми Жұртбайұлына екі рет хат жазып, жақсы байланыс жасаған деп мәлімдейді. «Біріншісі, – дейді ол, – Шәкәрімнің шежіре жазуға дайындалып жүріп жазған хаты. Шәкәрімнің өзі де айтады ғой, Абай марқұм тірі кезінде жер-жерге, ел-елге адам жіберіп шежіре деректерін жинатқан еді, – деп. Сол ретте Абақ керейге тән шежірені Мәмиден сұратқан болуы әбден мүмкін. …Екіншісі – Шәкәрімнің Мәмиге өлеңмен жазған хаты бар екен, оны біздің Алтай жақта естіген адамдар болса да, айтып бере алмады. 1947 жылы күзде Ыбырайымбай деген әскери адам Мәми ауылына әдейі амандаса келіп отырып, сол өлеңді жатқа айтып беріпті. Руы Суан. Ол 1959 жылы Қазақстанға кетіпті. Оның адресі табылса әлгі өлең де табылып қала ма деген ой ғой» (Жұлдыз. – 1995. №4. – 207-б.).
Міне, Абай мен Шәкерім Орта жүздің басқа да ру-тайпалары деректерін әр рудың бас көтерер белді адамдарына арқа сүйеп, жинастырса керек.
Сөйтіп, ру-тайпа шежірелері, атап айтқанда, Шәкерім кітабының «Орта жүздегі арғынның рулары» деген тарауы 90-шы жылдардың ортасына қарай бір ізге түсіп, өз жүйесін тапқан болар.
Алаш ру-тайпалары шежірелерін жинастыруда Абай мен Шәкерім күш біріктірген деген жайға ғалым М. Мырзахметұлы да көңіл бөліп, жаңағы сөзінде: «Шәкәрім шежіресі – Абай тұсында-ақ жинастырылып, келе-келе жүйеленген» деп салиқалы ой түйеді.
Келе-келе жүйеленген демекші, Орта жүз руларының шежіре кестелерін жинақтау мен жүйелеу 90-шы жылдардың соңына таман аяқталған тегі. Өйткені, семейлiк өлкетанушы Н. Коншин Абайдан Орта жүз қазақтарының ру-тайпалық кестесiн жазып алып, оны 1900 жылы «Заметка о происхождении родов Средней Киргизской Орды» деген атпен «Памятные книжки Семипалатинской области на 1900 год» деген кiтапта жариялаған болатын. Анығы, Орта жүз руларының Коншинге Абай берген және Шәкерім өз кітабында келтірген шежіре кестеде айта қаларлық айырма жоқ.
Сонымен, қай қырынан келгенде де, Шәкерім шежіресінің алғашқы қолжазба нұсқасы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде жазылған деген пікір расталып отыр.
Асан ОМАРОВ.