Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаштың атымтай жомарты

2759
Алаштың атымтай жомарты - e-history.kz
1927 жылы Алаш тілегінде болған бір топ байлармен бірге Рубцовскіге жер аударылған Қаражан Үкібаев көп ұзамай елге оралып, Совет үкіметіне қарсы күрес жүргізеді

ХХ ғасырдың басында «Алаш» идеясы төңірегіне шоғырланған қазақ зиялылары мен бұқара халықтың арасын жалғап тұрған «алтын көпір» қазақтың дәулетті азаматтары болатын. Олар қазақ халқының қоғамдық-саяси, мәдени өмірінде болып жатқан айтулы шараларда ұлт зиялыларымен қатар тізе түйістіріп, ел мүддесін қорғауда аянып қалмады. Тіпті, Алаш автономиясы жарияланып, мемлекеттік құрылымды жасақтауда қазақтың ауқатты азаматтары Алашорда үкіметі үшін ұлттық инвестор болды.

Алашорда үкіметінің экономикалық және қорғаныстық тірегі саналған қазақ байлары қатарында семейлік Үкібайұлы Қаражан мен Оразалыұлы Жұмеке, шыңғыстаулық Медеу Оразбайұлы, Ике Әділұлы, Тұрағұл Ибрайымов, Мұсатай Молдабаев, Қарқаралы өңірінен Ақайұлы Хасен, ағайынды Бекметевтер, Ақбайұлы Ыбырай, жетісулық Маман байдың балалары болды.

Сондай Алаш мүддесіне қамқорлық танытып, барынша материалдық және қаржылық тұрғыда қолдау көрсеткен қазақ дәулеттілерінің бірі – Қаражан Үкібаев еді.

Қаражан Үкібаев (1868-1931) Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаған, Ақпан төңкерісіне дейін қалтасы қалың, аса бай миллионерлердің бірінен саналады. Өзі бұрынғы Шыңғыстау өңіріндегі Саржал елді мекенінде дүниеге келіпті. Әкесі Үкібай асқан бай адам болған. Оның 11 мың жылқысы болған [1].

Қаражан Үкібаев ХХ ғасыр басында Қоянды жәрмеңкесінде сауда-саттық жасаған. Сол жәрмеңкеде Ресейдің «ақша сандығы» Ботов дейтін мал сатып жүрген ірі көпес, бірінші гильдиялы саудагермен Қаражан бидің танысуының сәті түседі. Ботов «Александр Невский» жолаушы таситын пароходын сатып алып жолаушы тасуда мардымды пайда таба алмайды, Семейде Қ. Үкібаевпен кездескен соң ет тасу кәсіпкерлігіне ауысады. Қаражанның еті өмірі бұзылып көрмепті. Содан соң ол Үкібаевқа құпияңды ашсаң, ақша төлеймін дейді. Қаражан етті қалай бүлдірмей сақтау құпиясын айтады. Бұл үшін Ботов Үкібаевқа 1,5 млн. рубль ақша төлепті. Сол кездегі баға бойынша ең қымбат жылқы 10 рубльден аспайтын [2, 22-б.]. Осы келтірілген деректерден-ақ Қаражанның байлық көзін есептей беріңіз.

Қазақ дәулеттілері мен ұлт зиялыларының қарым-қатынасы ХХ ғасырдың басында басталды. Көзі ашық, санасы ояу дәулетті азаматтар ұлт үшін зиялы азаматтардың қажет екендігін сезіне білді. Сондықтан оларға қолдау көрсетіп, қаржылық-материалдық жағынан қолдау жасап отырды.

Мәселен, 1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда сол жылдың 17 маусымында Қаражан Үкібаев кепілдікке 2500 рубль төлеп шығарып алған [3, 765-б.]. Құжаттардан көріп отырғанымыздай, Алашорданың орталығы болып саналған Семей қаласы мен оның өңірлеріндегі қазақ байлары оқыған қазақ азаматтары бастаған Алаш қозғалысын қолдауы 1905 жылдан басталады деуге болады. Мысалы, Қоянды жәрмеңкесінде 1905 жылғы қабылданған Қарқаралы петициясын қостаушылардың ішінде ауқатты адамдар көп болған. «Дело об агитации среди киргиз Каркаралинского и Павлодарского уездов о посылке в Петербург для представления от Киргизского народа петиции царю» деп аталатын құжатқа 42 адам қол қойған. Аталмыш науқанды іске асыру барысында петицияны ұйымдастырушылар қырдағы халыққа беделді, сөзі жүретін ел ағаларына, байларға сенім артты. Осы саяси науқан Алаш қайраткерлері мен енді ғана қалыптаса бастаған ұлттық буржуазия өкілдерінің тізе қосып қимылдаған алқашқы қадамы болғаны анық.

Қаражан Үкібаев сауда ісін дамытумен қатар, өз қаржысын ел игілігіне жұмсай білгендігімен ерекшеленеді.

Мәселен, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында Семей көпестері акционерлік қоғам құрғандығы белгілі. Осы ұйымға кіруші көпестер 1907 жылдың соңына қарай түрлі сауда түрлерін жүргізген. Соның бір мысалы олар арзан қант алу жолында Зайсан уезінің Алтай тауы етегінде жүз мың гектарға жуық көп пайдаланылмаған жерге қант қызылшасын егуді жоспарлаған. Ертіс пароходының магнаты Латиф Мусин құрылыс материалдарына барлық керек-жарақты өз пароходымен, баржаларымен жеткізуді мойнына алған. Сол жерді Семеймен байланыстыратын телефон жүйесі туралы сөз болғанда: «Оны мен өз мойыныма аламын. Ұзындығы 600 шақырым жерге телефон діңгектерін орнатып, сымын өзім тартамын», – деген Қаражан Үкібаев. Сол сөз айтылып, дереу іс басталған. Семейден арнайы төрт бригада құрған Қаражан Үкібаев оларды керек-жарақпен қамтамасыз етіп телефон діңгектерін әзірлеуге Алтай тауына аттандырған. Бұлар 300 шақырымға жетерлік бағаналарды екі жылда әзірлеген. Енді осы ірі жобаны іске асыратын маманды іздестірген. Құрылыстың бастығы болып Варшава қаласынан инженер Казимеж Жолкевский шақырылды. Ол өзіне көмекшіге Петербургтің тәжірибелі құрылысшы инженері Александр Николаевты таңдады. Осы істі тындыру мақсатында Балтық өңірінен маман жұмысшылар алдырылды. Мұндай жобаны орындау, аяқтау үшін кем дегенде 7 жыл қажет болатын. Сол жұмыстардың едәуірі атқарылғанда бірінші дүниежүзілік соғыс басталады, көп құрылысшылар майданға тартылып, құрылыс толық аяқталмай қалады [2, 22-б.].

Қаражанның көмегі сонымен қатар талантты қазақ жастарына да тиді. Саржал ауылынан шыққан жас таланттар Тоқжігіттің Шаймарданы, Нақымжанның Әмізесі, өз ағасы Аймағамбетұлы Жұмжұма, Мекеш, өз балалары Тоқтағазы, Бекетқазылардың білім жолына түсіп, қалаған мамандықтарын алуға қамқоршы болады.

Шаймардан Тоқжігітов (1901-1937) Шыңғыстаудағы Шаған болысының №4 ауылында туған. Саржалдағы ауыл мектебінде оқып, сауатын ашқан. Қазақтың ірі бай адамы, меценат Қаражан Үкібаевтың тәрбиесін, қамқорлығын көріп өседі [4, 45-46-бб.]. Қаражанның қолдауымен білім алған Шаймардан Тоқжігітов қоғамдық өмірге белсене араласып, қазақ зиялыларымен тығыз байланыста болды. 1920 жылдары Семей қаласында шығып тұрған «Қазақ тілі» газетінің редакторы қызметін атқарды.

Қаражан Үкібаевтың Алашорда үкіметінің қолдаушысы және белді мүшесі болғандығы ел арасындағы көнекөз қарттардан жеткен әңгімелерден белгілі. Сонымен қатар, мұрағат құжаттарындағы 1928 жылғы 27 тамыздағы қазақ байларын тәркілеуге байланысты қабылданған декреттегі Қаражан Үкібаевтың жеке ісінде оған мынадай мінездеме берілген:

«Қаражан Үкібайұлы жеті атасынан бері қарай байлығы үзілмеген шонжар, шіріген бай, әрі Алашорданың маңдайына басқан байының бірі болып, Алашорданың өмір сүруіне жанын салып қызмет етті. Совет үкіметіне дұшпандық ниетте болып, қазақ ауылындағы кедейлерді аузына қаратып, Қаражан аты жер жарған» [5].

Мұрағат құжатынан көріп отырғанымыздай, советтік билік Қаражанды үкіметке қарсы жау ретінде көрсетуге тырысқанымен, халық алдындағы беделін жоққа шығара алмаған.

Смахан Бөкейхан өзінің «Әлекеңнің өмірі» деген естелігінде Семей уезіне қараған тобықты елінен Әлихан Бөкейханға тілектес, жолдас болғандардың ішінде Үкібайдың ұлдары Аймұхамед, Темірғали, Қаражандарды атап өтеді [6, 105-б.].

Әлихан Бөкейханның 1915 жылы Абайдың туысы, Алаш қайраткерлерімен тығыз қатынаста болған Кәкітай Ысқақұлының қайтыс болуына орай «Қазақ газетінде» берген қазанамасында: «Мен абақтыдан шыққан соң, бір түн Қаражан үйінде бір болып, мені Қарқаралыға Омарбек, Кәкітай шығарып салып, қош айтысқан жерде жылап қоштасты» деп өткен күндерді еске алады [7, 135-б.]. Бұл жерде Әлиханның Семей абақтысында саяси қылмыстары үшін жазасын өтеп шыққандығы және Абай елінің басты адамдарының көңіл сұрай келгендігі сөз болып отыр. Бұдан түйетініміз, Әлиханның Қаражан баймен жақсы таныстығында, етене араласуында болып отыр.

Алаш көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақыптар құрған «Азамат» серіктігіне қызу қолдап, Тұрағұл және Кәкітай Құнанбаевтар, Мағат, Хасен Ақаевтармен бірге Қаражан Үкібаев мүшелікке жарна төлеп тұрды. Бұл қаржы семинарияда, медіреселерде оқып жатқан қазақ жастарына шәкіртақы ретінде, «Қазақ» газетінің басылып шығуына жұмсалып отырды.

Қаражан Үкібаевтың меценаттық қызметінің бір белесі – «Абай» есімімен аталатын журналдың жарық көруіне толыққанқанды қолдау көрсетуі еді.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 1918 жылы «Абай» атты журнал шығаруға Қаражан Үкібаевқа қаржы жағынан көмектесуін сұрап барыпты. Миллионер бай Мұхаңа: «Журналды шығарсаңыздар болды, оған қанша қаражат керек, үнемі беріп отырамын», – дейді [1, 75-77-бб.].

Осы келісімнен кейін Қаражан Абай журналына өзінің бір үйін беріп, қаржылай қолдау жасап отырады.

Алашорда үкіметінің орталық басқару органы Бүкілхалықтық Кеңес пен Семей облыстық кеңесінің Алаш қалалық думасы мен Алаш қалалық қоғамдық басқармасының, сондай-ақ Семей уездік Земство басқармасының кеңселері негізінен Алаш қаласында қоныс тепті. Семей уездік Земствосына қатысты бір құжатта оның кеңсесі Алаш қаласындағы белгілі бай-көпес Қаражан Үкібаевтың үйінде орналасқаны атап көрсетілген. Сонымен қатар, Қаражан Үкібаев өзінің көптеген үйлерінің тағы бірін Алаш қаласында қазақ балаларын оқыту үшін мектеп ғимаратына берген көрінеді. Көнекөз қарттар бұл ғимараттың қашан бұзылғанға дейін Жаңасемей қаласындағы «Океан» сауда базары аумағында сақталып келгенін айтады [8, 71-72-бб.].

Жоғарыда келтірген мәліметтеріміз дәлелді болу үшін төмендегі мұрағат деректерді ұсынамыз:

«Семипалатинская Уездная Земская Управа от 11/26 марта 1918 года. Повестка членам Семипалатинской уездной Земской школьной комиссии.

Отдел народного образования просить т.т. членов пожаловать на заседания, назначенное на 14 марта с.г. (четверг) в помещении Земской Управы – г. Алаш, дом Укубаева, к 5 часам вечера...» деген деректер кездеседі [9].

 

Осындай тағы бір құжатта төмендегідей мәселе айтылған:

 

«Земство Семипалатинской области, Семипалатинская Уездная Земская Управа от 12 августа 1918 года, №3755, г. Семипалатинск.  

 

                                           Повестка

 

Настоящим Семипалатинская Уездная Земская Управа приглашает Вас пожаловать на заседания ея (г. Алаш, дом Каражана Укубаева) сегодня, 12(30) августа с.г., в 8 часов вечера для обсуждения договора по мясной заготовке.

Зам. Председатель ЗемУправы Воробьев» [10].

Қаражан Үкібаевтың Алаш қозғалысына сіңірген еңбегінің бір парасы Алаш полкының құрылуымен тығыз байланысты. Сол кезде Семейден шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде Алаш полкының Алтай өлкесіндегі ерліктерін былай деп сипаттайды: «Алтай губерниясында ұрыс жүргізген Тұрағұл Абаев, Биахмет Сәрсенов, Қаражан Үкібаев, Тоқтар Бегметов, Ғабдолда Қаскеев т.б. ерлікпен шайқасты» [11].

«Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти 1918 года правительства Восточной Алашорды» деп аталатын мұрағат құжатында Алаш қайраткерлерімен қатар, Алаш атты полкын құрушы һәм ұйымдастырушылардың қатарында Қаражан Үкібаевтың есімі кездеседі [12].

1918 жылы көктем айларында большевиктерден уақытша бой тасалаған Алашорда қайраткерлері Шыңғыстау іші, Абыралы өңірлеріндегі және Байқошқар маңындағы қазақ дәулеттілерін паналаған. Бұл әңгіме ел ішінде кейіннен айтылып жүр және сол кездегі орыс басылымдарында да жазылған [13].

Алаштанушы-ғалым Кеңес Нұпейісовтың «Алаш һәм Алашорда» атты еңбегінде Алаш қозғалысына мүше болғандар мен ниеттестер тізімінде Қаражан Үкібаевтың да [14] есімі аталады.

Уақытша үкімет жеңіліске ұшырап, Совет үкіметі күш ала бастаған 1920 жылдары ұлт зиялыларымен қоса, дәулетті қазақ азаматтары да жаңа жүйенің қырына ілікті.

Мәселен, кәсіпкерлік иеліктері шығыс өңіріне жайылған Қаражанның Алтай губерниясы Змеиногорск уезінің Қайыңды болысында астық өсіретін жер телімдері болған. 1920 жылы 22 қаңтарда кеңестік жергілікті қызметкерлер Дүйсекен аулында өткізген жиналысында Қаражанның қалдырып кеткен астығын тәркілеу туралы жасаған құжаттары сақталған. 

«На повестке дня стоит вопрос об отьеме имущества хлеба оставшегося после побега богачей к белым. Обсуждая этот вопрос мы выяснили, что в нашем поселке из посторонних лиц сеяли хлеб двое киргиза Джумажан Баккарин и Каражан Укубаев, хлеба обоих лиц сложен на гумне Сапаргалы Катаева.  ...Из частных слухов слышно, что Укубаев Каражан бежал к белым, а Баккарин находится налицо и занимается. Каражан снимал землю у Джарсека Ордабаева 10 десятин и Джаныша Джумадилова 5 дес. а так же из других лиц. Таким образом выяснено, что Каражан Укубаев имеет немолоченного хлеба семь прикладов овса. ...Постановили: семь прикладка Укубаева взять на учет» [15]

деген құжатта Қаражан Үкібаевтың Совет үкіметі орнауының алғашқы жылдарында-ақ тәркілеуге ілінгенін аңғарамыз. Бұл қазақ даласындағы барлық ауқатты топтарға тән жағдай болатын.

1928 жылғы қазақ байларын тәркілеу науқаны іске қосылғаннан кейін қазақтың дәстүрлі шаруашылық жүйесінің іргесі шайқала бастады.

1926 жылғы 22 шілдедегі қаулы бойынша Үкібаев Қаражан Қылмыстық кодекстің 10 және 83-тармағы бойынша қылмысты деп танылып, істері қарауға жіберілген.

Тексеру бойынша, Үкібаев Қаражан, бай, 58 жаста, ірі мал шаруашылығы бар, бұрынғы ірі көпес және патша заманындағы ірі ел билеушісі деп көрсетілген [16, 238-б.]. Бұл мәліметтер Қаражанның мүлкін тәркілеп, отбасын жер аударуға толығымен жеткілікті дәлелдер еді.

1927 жылы Алаш тілегінде болған бір топ байлармен бірге Рубцовскіге жер аударылған Қаражан Үкібаев көп ұзамай елге оралып, Совет үкіметіне қарсы күрес жүргізеді.

1930 жылы Шыңғыстау көтерілісіне қатысы бар деген себеппен Қаражан Үкібаев бастаған бес адам, яғни Жұмжұма Аймағанбетов, Рүстем Абылғазин, ағайынды Бұтабай және Несіпхан Ағыбаевтар ұсталады. Олар ОГПУ-дің шешімімен РСФСР Қылмыстық істерінің 58 және 59-баптары бойынша айыпталып, өлім жазасына кесіледі [17, 29].

1928 жылы Үкібаевтар әулетін Жетісу жаққа, кейін қырғыздың Бішкек қаласына жер аударады. Петербургтың финанс институтын бітірген Тоқташ (Тоқтарғазы) Фрунзе финанс техникумының директоры болып, Үкібаевтар отбасын аман алып қалады. Ұрпақтары қазір Қырғызстанда тұрады [18, 39-40-бб.].

ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында қазақ қоғамының экономикалық өміріне, мемлекеттік құрылымына байлығымен де, азаматтығымен де қызмет жасаған қазақтың дәулетті азаматтары аз болмады. Алайда, зұлмат заман олардың елі үшін құлашын кеңінен сермеуіне мүмкіндік бермеді. Бұған Қаражан Үкібаевтың жоғарыда баяндалған өмір жолы айқын дәлел бола алады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер:

  1. Қазбалинов Т. Қаражан Үкібаев Семейде кім болған? //Ертіс өңірі. 25 қаңтар, 2002 жыл.
  2. Сіләмов А.С. Тарих және тағылым. Ғылыми мақалалар жинағы. Семей, Интеллект, 2010. 326 б.
  3. Нәсенов Б. 9 бөлім: 14 кітап. Абыралы көтерілісі. Алматы-Новосибирск, 2005. 835 б.
  4. Жанболатұлы Молдабек. Тобықты-Шыңғыстау шежіресі: Үш томдық. – Алматы: Курсив, 2004. 3-ші том. 560-бет.
  5. Шығыс Қазақстан облыстық қазіргі заман құжаттама орталығы. 74 қор, 4 тізбе, 71 іс, 14 бет.
  6. Бөкейхан Смахан. Әлекеңнің өмірі // Жұлдыз. 1996, № 3, 102-125 бб.
  7. “Қазақ” газеті – Алматы: “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998. – 560 б.
  8. Сыдықов Е. Шәкәрім және Алашорда. Алматы, Раритет, 2008.
  9. ШҚО ҚЗТҚО. 37 қор, 01 тізбе, 10 іс
  10. ШҚО ҚЗТҚО. 37-қор,01-тізім, 23-іс
  11. Сарыарқа, 1918, №44
  12. ШҚО ҚЗТҚО қор-1п, тізім-1, іс-21, парақ 7.
  13. Свободная речь. 1918, № 162
  14. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. Алматы: 1995. 217 б.
  15. ШҚО ҚЗТҚО. қор 72, тізім 1, іс 24. парақ 361
  16. Нәсенов Б. «Абыралы қанды жылдары (1905 – 1945)». Екінші бөлім. Құжаттар жинағы. Алматы – Новосибирск. 2006 ж. 644 б.
  17. Сыдықов Ерлан. Алаш қаласының тарихы. Зерттеу.-Семей, 2010, - 154 б.
  18. Жанболатұлы Молдабек. Тобықты-Шыңғыстау шежіресі: Үш томдық. – Алматы: Курсив, 2004. 3-ші том. 560-бет.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?