Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Юдин қазақ даласын жанындай жақсы көрді

3043
Юдин қазақ даласын жанындай жақсы көрді - e-history.kz
Осыдан тоқсан жыл бұрын, ақпанның алғашқы күні, қазақ халқының тарихын зерттеуге мол үлес қосқан көрнекті орыс ғалымы В.П.Юдин (1928-1983 гг.) өмірге келді

Оның қазақ халқының тарихымен әуестенуіне ұйғыртану саласындағы зерттеулері себепші болған. Осылайша, о баста түркі әлемі өз әсемдігін Юдин үшін сақтап келді.  

Вениамин Петрович тарихқа ынтық бола тұрса да, қарапайым адам болған. Ғалым аз жалақыны қанағат тұтып, істің материалдық жағын жиі ұмытып, өзінің ғылыми ізденістерін жалғастыра беретін.  

Вениамин Петрович 1928 жылдың 1 ақпаны Волгоградта дүниеге келген. Мәскеудің Н.Нариманов атындағы шығыстану институтын тәмамадайды. 1955 жылы Юдин Абай атындағы ҚазПИ-ге жұмысқа шақырылады, содан өмірінің аяғына дейін Алматыда тұрып, жұмыс істеді (Қазақ КСР ҒА, С.М.Киров атындағы ҚазМУ).

Ортағасырлық Қазақстан мен Орта Азияның тарихы бойынша парсы және түркі тілдес дереккөздердің терең білгірі әрі зерттеушісі В.П.Юдин Қазақстанның тарих ғалымына баға жетпес үлес қосты.

Оның шығармашылығында және жалпы қазақстандық тарих ғылымындағы тұңғыш іргелі деректанулық «XV-XVIII ғғ. Қазақ хандығы бойынша материалдар» (1969 ж.) еңбегі ерекше орын алады. С.К. Ибрагимов, Н.Н. Мингулов, К.А. Пищулина сынды әріптестерімен бірігіп Юдин өте үлкен зерттеу жұмысын жүргізді: барлық аудармаларды салыстырып, олардың жалпы редакциясын жүзеге асырды, 10 дереккөзден үзінді аударып, оларға түсінік жазып, жинаққа  кірген барлық дереккөздер бойынша 17 мақала жазды.

Бұл мақалаларында ғалым тарих-деректану сипатындағы кең көлемді сұрақтарды шеше алды.  Жаңа дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу өз алдына аса маңызды. Бұны оның  Шыңғысхан болмысы мен табиғаты, ордалардың сипаты мен рөлдері, қазақ жүздерінің тарихы, қазақ халқы мен «қазақ» терминінің  этногенезі, қазақ халқының, қазақ хандарының шежіресіндегі моңғол элементінің рөлі туралы еңбектері дәлелдейді.

Қазақстан тарихы бойынша шығыс жазба деректерінің ерекше санаттағы тобы ретінде «далалық ауызша тарихнама» терминін ғылымға енгізу де Юдиннің еңбегі. Көшпелілігі басым халық болғандықтан қазақтар өз тарихының жазбаша тарихын жазбағандықтан да Юдин еңбектерінің маңызы арта түседі. Біздің тарихымыз кірме-ғалымдардың идеологиялық ұстанымына, басқа елдердің тарихнамасының үрдістік бағытына өте тәуелді болды.  

Жазбаша тарихтың – хроникалардың, қолжазбалардың, арнайы тарихи еңбектердің болмауы ішінара ұжымдық жадымен, ауызекі бай тарихи біліммен орны толтырылып отырды. Юдин сынды ғалымдардың арқасында ауызша материалдар жүйеленіп, объективті түрде жазылды, бұл өткен оқиғалардың нақты картинасын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Ғалым қайтыс болғаннан кейін Ю.Г.Баранова (жұбайы) және академиктер М.К.Қозыбаев пен Р.Б.Сүлейменовтың қолдау көрсетуі арқасында жарық көрген XVI ғасырдағы хиуалық тарихшы Өтеміс қажы «Шыңғыснама» еңбегі Вениамин Петровичтің ақырғы шығармасы болды.

«Шыңғыснама» – Дешті Қыпшақ көшпенділерінің ауызша аңыз-әңгімелері негізінде жазып алынған түркі тіліндег3 шығарма. Шығарманың бел ортасында Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары – Бату мен Тоқтамыстың билік құру тарихы.

«Шыңғыснама» – терең шыншыл әрі сан қырлы шығарма. Терең ойлы оқырман бұл шығармадан Алтын Орданың саяси тарихы, және Шығыс Дешті Қыпшақта, яғни байырғы қазақтың жерінде өмір сүрген көшпелі қауымның этносаяси, шаруашылық, әлеуметтік-мәдени өмірі, тұрмысы, идеологиясы мен тілі туралы аса құнды мәліметтерді табады. Шығарма түпнұсқа тарихи негіз ретінде ең аз зерттелген Қазақстанның XIV ғасырдағы тарихи кезеңін зерделеуге септесуімен аса құнды.

«Шыңғыснама»  XIV ғасырдағы Қазақстан тарихы бойынша жан-жақты мәліметтер береді. Осы маңызды тарихи дереккөзді ғылыми тұрғыдан Юдин терең зерттеп шықты. Өтеміс қажының шығармасы революцияға дейін де белгілі болғанымен, Вениамин Петрович оны бірінші болып толық көлемде орыс тіліне аударып, транскрипциясын, текстологиялық ескертпелер жасап, факсимилесін (яғни, шығарма мәтінінің түпнұсқасын) келтіреді.

Өтеміс қажының «Шыңғыснамасы» – Қазақстанның тарихи ғылымындағы бірегей оқиға, және әлемдік санаттағы ғылыми шығармаларды басудағы мүмкіндіктің дәлелі.  

Вениамин Петрович Юдин – тамаша тұлға еді. Керемет шығыстанушы ғалым, тарихшы, филолог, зерттеуші және педагог, ол өз бостандығын, зерттеуші ғалымның тәуелсіздігін сақтап қала алды. В.П. Юдин Қазақстанға мансап немесе материалдық байлық қуып келмеген ғалымдар қатарынан еді.

Ол ғылым үшін өмір сүрді, ғылыми дәрежені ғалымның міндетті атрибуты деп санамады, тіпті сол кез үшін де ғылыми қызметкердің қарапайым болған еңбекақысына өмір сүрді. Оның өзінің шәкірттері болды, оған шынайы ғылым мен білімге ынтық жастар ұмтылды. Оның шәкірттері Н. Масанов, М. Әбусейітова, Т. Бейсембі – әлем таныған ғалымдар. В.П.Юдиннің атына құрмет көрсете отырып, елдің нағыз шын патриоттары – С.К.Ибрагимовтың, Я.Д.Серовайскийдің, М.М.Копыленконың Қазақстан ғылымына қосқан зор үлестерін де бағалауымыз керек.

Моральдық-өнегелік келбеттері бүгінгі таңда да ғылымдағы адамгершілік пен адалдықтың эталоны болатын В.В. Вельяминов-Зернов, В.В. Радлов, В.В. Бартольд сынды академик ғалымдардың біздің тарихымызды зерттеуі – қазақстандықтардың бағы. Көшпенділерді адамзат қоғамындағы артта қалған элемент ретінде көрсету туралы идея билік құрып тұрған шақта осы ғалымдар өз еңбектерімен қазақтарда өздерінің мемлекеттілігі, өзіндік өркениеті болғанын дәлелдеп берді.

XIX ғасырдың 60-шы жылдарының өзінде-ақ Радлов қазақ тілінің тұтастығын, онда диалектілер жоқтың қасы екендігін атап өтіп, қазақтардың салт-дәстүрінің, әдеттерінің, тұрмыс-тіршілігінің, мінездерінің  біркелкілігіне қайран қалған. Ол әсіресе, өзін-өзі танудың жоғары деңгейін, яғни қазақтардың ұлттық санасының жоғарылығын ерекше атап көрсеткен.

Мақаланы әзірлеген кезде Бейімбет Ермұхановтың «Ол біздің тарихымызды зерттеді» атты материалдары («Казахстанская правда» газеті 1998 жылғы 20 ақпан) қолданылды.   

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?