Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«ӘСКЕРИ КОММУНИЗМ» ҚҰРБАНДАРЫ

5071
«ӘСКЕРИ КОММУНИЗМ» ҚҰРБАНДАРЫ  - e-history.kz
1919 жылы 11 қаңтарда ХКК Декретімен азық-түлік салымы енгізілді

Азық-түлік салымының мәні – белгіленген бағамен әскердің және қалалардың пролетар тұрғындарының қажеттіліктері үшін ауыл шаруашылығының артық тауарларын алу.. Большевиктердің жеңісінен кейін елдегі жағдай тұрақсыз болып қала берді.

Партия триумфы Кеңес үкіметін қалыптастыру жолындағы тек алғашқы кезең ғана болды – Қазан революциясы орнағаннан кейін туындаған көптеген мәселелерді шешу қажет болды. Экономикалық қиындықтар Кеңес мемлекеті ортағының маңызды ауыл шаруашылығы аудандарынан алыс орналасуы салдарынан туындады.

Сол себепті қалалар мен кедейленген ауылдар нан мен басқа да азық-түлік жетіспеушілігін қатты сезді. Бастапқыда азық-түлік салымы нан мен жем-шөпке ғана жайылды. Көп кешікпей картопты, етті, ал 1920 жылдың аяғына қарай ол түгел дерлік ауылшаруашылық өнімдеріне тарады. 1918—1919 жж. - 107,9 млн пұт, 1919-1920 жылдары - 212,5 млн пұт, 1920-1921 жылдары - 367 млн пұт нан мен мал жемі жиналды.

Азық-түлік алымы кей жағдайда дөрекі әрі күштеп жүргізілгеніне қарамастан, ол Қызыл Армия жауынгерлері мен елдің орталық аудандарының тұрғындарын азықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Азық-түлік алымы тауар-ақша қатынасына айтарлықтай әсер етті: нанның, бидайдың еркін сатылымына тыйым салынды. «Нан монополиясын» жүзеге асыра отырып, билік азық-түлікті жоспарлап бөлу арқылы нарық бағаларын ретке келтіруге, оларды төмендетуге тырысты. «Әскери коммунизм» саясаты Азамат соғысы кезеңінде өткір тұрған мәселелерді шешуі керек болды.

Қызыл Армияны қолдау зор маңызға ие еді, өйткені оның жеңістері мен жеңілістері Кеңес үкіметі өмір сүру-сүрмеуін шешті. Бірақ осы шаралар халықтың ірі апатына әкеп соқты. Артық азық-түлікті тартып алу үшін қызыл әскерлер жіберілді, олар көбіне-көп өз құқықтарын асыра сілтеп орындайтын. Бұның бәрі жергілікті халықты қаруланған отрядтарға қарсы шығуға итермеледі. Экономиканың табиғи заңдарын елемеу, жергілікті халықтың қалыптасқан тұрмыс-тіршілігімен санаспау осы жүйенің кемшілігі еді.

Қазақтардың көпшілігі көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтымен өмір сүрді, яғни мал шаруашылығы олар үшін маңызды рөл атқарды, малын сатып азық-түлік, бидай алатын. Тұрғындар өз нанын бергісі келмей, ел ішінде наразылық өсе бастады. Осы жағдайды қадағалау үшін арнайы органдар қажет болды. 1918 жылдың жазынан бастап ауылдарда «кедейлер комитеті» жұмыс жасай бастады, халықтың тығып тастатаған азық-түліктерін іздеу олардың тапсырмасы болды, сонымен қатар олар реквизицияланған азық-түлікті, малды және ауыл шаруашылығы құралдарын ауыл тұрғындары арасында бөлулері керек болды.

Орта Азияда 1920 жылы кедейлер комитетіне ұқсас «Қосшы» одағы құрылды. Оның құрамына тек кедейленген халық қана емес, сонымен бірге орташалар да кірді. «Қосшының» мүшелері батрақтардың мүдделерін қорғап, олармен байлар мен дін басылардың ықпалына қарсы идеологиялық жұмыс жүргізді. Осының қарымы ретінде шаруалар жалпы кеңестік құрылысқа қосылып, большевиктер директивасына бағынулары керек болды. Поволжьеден (Еділ бойынан) Қазақстанның батыс аудандары арқылы Түркістанға ағылған халық ағыны жағдайды қиындата түсті. Еділ бойындағы аштықтың бірнеше себептері болды, соның ішінде азамат соғысының ауыр салдары, 1920 жылдардың басындағы қуаңшылық және де осы азық-түлік алымы. Кеңес басшылығы қуаңшылық салдарынан егін шықпағандықтан алапат аштық орын алды деп түсіндірді. Азық-түлік жетіспеушілігінен, температура төмендігінен, осылардың кесірінен туындайтын аурулардың салдарынан көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы халық саны азая бастады – ауыл тұрғындарының саны үштен бірге дейін азайып, көпшілігі туған жерлерін тастап, көшуге мәжбүр болды.

1920–1921 жж. Халық наразылығы өршіп, ашық бүлікке ұласты. Семей облысы аумағында, Қостанай, Ақмола, Петропавл, Көкшетау уездерінде «Коммунистерсіз кеңестер үшін!», «Азық-түлік алымы жойылсын!», «Азық-түлік диктатурасы жойылсын!» деп ұрандаған халық шерулері етек алды. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі халық шеруі ірі көтерілістерге ұласты.

Осылайша, экономикалық мәселе саяси сипатқа ие болды. Қазақстандағы 1921-1922 жылдардағы аштық халқымыздың тарихындағы зор қасірет. Жұттың, халықтың азық-түлігін реквизициялау, даланың географиялық жағдайынан бейхабар болу, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктерін білмеу салдарынан бір миллионға жуық халық қырылып қалды. «Әскери коммунизм» Қазақстан халқының төрттен бір бөлігін қырып тастаса, 700 мыңға жуық халық туған жерін тастап, көшуге мәжбүр болды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?