«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев
Бұл күн тарих бетінде

Қазақтың қос батыры

2218
Қазақтың қос батыры
Қарасай мен Ағынтай батыр мемориалды кешенінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді

Қарасай мен Ағынтай батыр мемориалды кешені Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданы Қарасай ауылының жанындағы Құлшынбай төбесінде орналасқан. 1999 жылы аталған мемориалды кешеннің ашылу салтанатына Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысып, лентасын өзі қиды.

Қарасай батыр 1598-1671 жылдар аралығында өмір сүрген. Өз заманында әрі серіктесі, әрі үзеңгілесі Ағынтай батырмен бірге жоңғарларға қарсы шабуылдарға қатысып, көп жағдайда ойсырата жеңіп отырған.

Ағынтай батыр 1599 – 1672 жылдары ғұмыр кешкен. Орта жүздің Арғын руының тумасы. Есім мен Жәңгір ханның сенімді серіктерінің бірі. Ағынтай батырдың орасан күштілігі мен батылдығы туралы халық аңыздарында көп айтылған. Қарасай мен Ағынтай батыр Жәңгір ханды 1635 жылы қалмақ тұтқынынан құтқарып қалды.

Қос батыр 1643 жылғы Орбұлақ шайқасында Жәңгір ханның 600 сарбазының ішінде болып, жоңғардың 50 мың әскеріне қарсы соғысқан. Қарасай мен Ағытай батырдың мемориалды кешені әскери дулыға түріндегі қос мұнарадан және мешіттен тұрады. Басты белдігі бойынша кешен құрылысы Меккеге қарай бағытталып салынған. Кешеннің сыртқы қабырғалары күйдірілген қызыл кірпішпен қапталған.

Мемориал ішінде қос батырдың ерліктері қабырғаға қашап жазылған пинотека залы бар. Батырлардың кесенесінің күмбезі металл тірекке орнатылған иілген әйнекпен жабылған. Әйнек пен қабырға арасында күмбезді желдетуге арналған саңылаулар орнатылған.

Өткен жылы «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қос батыр кешенінде қайта жаңғырту жұмыстарын атқарды. 2017 жылы Қарасай мен Ағынтай батыр мемориалды кешенінің ішкі және сыртқы қабырғаларын сылау және бояу жұмыстары жүргізілді.

Аталған жұмыстарға қоса, кешеннің қабырғасының сырты клинкер плиткасымен қапталып, шатырға гидрооқшаулау жұмысы жүргізілді және шатыр жабыны алмастырылды.

Ағымдағы жылы да Қарасай мен Ағынтай батыр мемориалды кешенінде қайта қалпына келтіру жұмыстарын «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны атқаратын болады.