Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Желтоқсан тоталитаризмді талқандады

1842
Желтоқсан тоталитаризмді талқандады   - e-history.kz
Азаттықтың бастауы Алматыдағы Желтоқсан ызғарына негiз болған көптеген себептердің бiрi – 1950-1990 жылдар аралығындағы Қазақстандағы советтік жүйенің жүргізген саясаты болатын

Отан тарихының беттерiн парақтай отырып, халықтың ұлттық рухының үздiксiз талпыну, даму, өсу сатыларын ерiксiз мойындайсыз. Ұлтымызды Тәуелсiздiкке жетелеген не? ХХ ғасыр аяғындағы Алматыда бастау алған Желтоқсандағы көтеріліс балар рухының биiк көрiнiсi – Ұлы рух болатын. Осы мезетте халықтың тағы да дүрліге көтерілу сыры неде? Әдетте, оның негізгі себептерін мемлекет билігімен ғана ұштастырамыз. Расында дүрлігудің астарында не жатқан еді? Оның астарында тағы да жер мәселесі, ел тағдыры болғанын қаншалықты ескерілуде.

1986 жылдың көктемі. М.С. Горбачевтің Теңіз мұнай-газ кеніші мен Түменді біріктіріп, біртұтас кешенді өндірістік аймақ құру туралы «таптырмас идеясына» Дінмұхамед Қонаев өзінің қарсылығын ашық көрсетпегенмен, бұл идеяның негізсіздігін дәйектейді. Д. Қонаев аталған жоба туралы оның «авантюра екенін және ғылыми негізделмеген шикі ұсыныс, шығын өте көп кететін жоба» ретінде бұлтартпас тұжырым жасаған соң, М. Горбачев оның сөзіне тоқтауы қажет болды. Алайда, сөзге тоқтағанмен ішінде зіл мен кек қалған-ды. Бұл жобаның қауіптілігі неде еді. Осы жөнінде белгілі қаламгер, Желтоқсан көтерілісінің куәгері Қайым-Мұнар Табеев былайша жазады: «Қазақстан өзінің солтүстіктегі бірнеше облыстарынан көпе-көрнеу айырылғалы тұр еді. Ал, тізе салып біржақты қабылдауға «қайта құрудың» оң нәтижесін күтіп отырған халықаралық қоғамдастықта шу шығатындықтан, Мәскеудің ондайға батылы бармады. Олар үшін мұндай «ұсыныс» төменнен болғаны тиімді еді. Бірақ, күткен үміт ақталмады. Қонаев үндемеді, жоғарыдан көрсетілген барлық қысымға төтеп берді. Мұнайлы Маңғыстау өңіріне жиі келгіштеп жүрген Рыжков та тосқауылдың кімнен болғанын анық ұқты. Бұдан әріге шыдау – Кремль үшін аса қауіпті еді. Сондықтан, Горбачев өз серіктестеріне қалай тездетіп Қонаевтың көзін құртуды тапсырды. Қызмет бабымен екі рет Қазақстанның солтүстік облыстарына келіп тұрып, республиканың астанасы – Алматыға ат басын бұрмай кетуі арқылы қазақтарға қыр көрсетті». Осылайша, жаңа 1997 жылға өздеріне жақсы сыйлық жасағысы келді ме екен, кім білсін? Жаңа жылға екі апта қалғанда елдің шырқын бұзды. Халықтың намысына тиді. М. Горбачев және оның айналасындағылар адам баласының бойындағы Намыс атты күштің қаншалықты зор екенін бағамдамаған да еді.

Ұзақ тарихи өткелдерден өткен халықтың Ұлы тәуелсiздiк рухының жемiсi – ұлттық мемлекетiмiздiң орнығуы, әлем кеңiстiгiне өзiн ұлт ретiнде көрсете алуында. Тарих шындығы сол, халықтың және тұлғалардың намысы мен ұлтжандылығы нәтижесiнде жаңа кезеңге қол жеткiздiк. Сондықтан шындық ақиқатын сан ғана емес, салиқалы көзқарастар мен өткен тарихи үрдiстер бойынша алған сабақтардан алуымыз қажет шығар. Жеке адамдардың астамшылығынан халық жапа шеккенi рас.

Қазақ шырмауы мол Ресей империясы мен Совет Одағының тұзағына түскен ұлттардың бірі ретінде орыстың уысынан шығу үшін терін төкті, қанын шашты, құрбан болды, бірақ күресін тоқтатқан жоқ. Азаттыққа сенімін жоғалтқан жоқ. Сол табандылық пен сенім Желтоқсан ызғарынан алып шығып қазақтың ұлттық санасының сәулесін барша халыққа паш етті. Ол ерікті де еркін, ашық та жарқын ұлт рухының сәулесі еді. Желтоқсан көтерілісі халық жадында мәңгі қалмақ. Неге? Себебі ол – қазақ ұлтының ғасырлар бойы азаттық күресінің нәтижесі. Ежелгі қазақ мемлекеттілігі діңгегімен байланыстыруға алғы шарт болған тәуелсіздік жолындағы дүлей күштің жемісі.

Азаттықтың бастауы Алматыдағы Желтоқсан ызғарына негiз болған көптеген себептердің бiрi (одан бұрынғы кезеңді есепке алмағанда) – 1950-1990 жылдар аралығындағы Қазақстандағы советтік жүйенің жүргізген көшi-қон саясаты болатын. Себебi, дәл осы кезеңде Қазақстанның «ұлттар зертханасына» айналуы бекiген әрі ұлтын ұлықтау мүмкіншілігінен айырылған заман еді ол. Алдыңғы тарих ақтаңдақтарын есептемегенде, тiптi, 1960-1990 жылдардағы тұтас саясаттың бiр бөлшегi советтiк көшi-қон саясаты, яғни қоныстандыру қоғам заңдылықтарына сәйкес жүргiзiлiп, оның қағидалары негiзделген демократиялық үрдiстермен ұштасқан болса, онда 1986 жылғы ұлтаралық қақтығыстар шиеленiспеген болар едi.

Осыған орай, Президент Н.Ә. Назарбаев: «Ақиқат маңдайыңа тимей, санаңа сiңбейтіні» сияқты халық әрең жеткен өз бостандығын қолдан бермек емес және ешкiмге сыйлай салмайтындығын» тұжырымдаған болатын. «Тарих толқынында»: «...Тоталитаризм – өкiнiшке қарай, заңдылық. Қоғамдық үрдiстердi тоталитарлық әдiспен реттеу тиiмсiздiгi көрiнiс бердi» деп, кеңестiк саясаттың күйреу салдарын сараласа, «Қазақстан-2030»  Жолдауында: «…осал жағымыз кез-келген тұрғыдан қауiптi-демографиялық өнiмсiздiгiмiзде» деп сипаттап, ұлттық қауiпсiздiктің сақталуы – күштi демографиялық және көшi-қон саясатында екендiгiн айқындай түседі.

Иә, Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгi қызметкерлерiнiң есебi бойынша 1928-1934жж. қазақтардың 1610 мыңы, ал 1935-1938 жылдар аралығында әлеуметтiк және саяси қуғын-сүргiн нәтижесiнде 135 мыңға жуық адам құрбан болған. 1950 жылға дейiн Арнаулы қоныстандыру жүргiзiлгенмен, белгiлi бiр жүйелiлiк сақталмады.

1950 жылы республикада тұрғындарды қоныстандыру Басқармасы құрылды, ал 1956 жылы жұмысшы күшiн үйлестiру, жинақтау органдары «Оргнабор» Басқармасымен бiрiктiрiлдi. Кеңестiк дәуiрдiң көшi-қон саясаты және қоныстандырудың тұрғындардың санының өзгеруiне, ұлттық құрылым мен мигро-экономикалық әсерлерi болды.

Кеңес үкiметiнiң Орта Азия республикалары мен Қазақстандағы ұлттық-территориялық межелеудi iске асыруы кезiнде кейбiр ауытқушылықтарға жол беруi, ассимиляциялау үрдiсiнiң жүргiзiлуi, басқарудың орталықтануы, республикадағы ұлттық ресурстарды бiртұтастандыру, ұлттық шаруашылық дамуын бiржақты етiп шикiзат өндiруге ғана бейiмдендiруi және iс-шаралар дербестiгiнен айыруы, бiрыңғай советтiк ұлттық саясат сипатын айқындайды.

«Халықтар достығы» лабораториясына айналған Қазақстан басқа республикаларға қарағанда жергiлiктi халықтың ең төменгi пайызына ие болды. Әсіресе өнеркәсіп пен өндіріс салаларында қазақ мамандарының білікті де білімді техника мен технологияны меңгеру қажеттілігі ел үшін қажет болғанмен, Совет Одағы билік тармағы үшін маңызы болмағандықтан шеттетілді. Еңбек ресурстары республикадан тыс жерден көшіріліп қалалық жерлерге орналастырылды және қоныстанушылардың әлеуметтік жағдайларына ерекше мән берілді.

Совет үкiметiнiң 1960 жылдары бұл бағытта жүргiзген саясаты жаңа кәсiпорындар құрылысы мен кен орындарын игеруге байланысты ССРО көлемiнде тұрғындардың ұйымдасқан түрде көшi-қоны, жаңа жерлерге орналасуы (әсiресе, славян халықтары) көзделе отырып, жүзеге асырылды. Соның нәтижесiнде 1960 жылдары Одақ бойынша барлық одақтас республикаларда орыстардың үлес салмағы тағы да өсе бастады. Қазақстанда да 1970 жылы олардың саны 1959 жылмен салыстырғанда 30%-ға көбейдi. Әсiресе, 1960 жылы орыс ұлтының өсiмi жалпы тұрғындардың үлесiне шаққанда Қызылорда облысында 84%, Алматы облысында 58,8%, Талдықорған облысында 11,7%-дық өсiмдi құрады.

Жалпы 1959-1965 жылдары Қазақстанда салынған және пайдалануға берiлген 728 iрi өнеркәсiп орны мен 535 шеберхана болды.1955-1970 жылдар аралығында Қазақстан тұрғындарының саны сыртқы көші-қон әсерінен 8,3 млн.-нан 13,2 млн. адамға өстi. Оның iшiнде, қала тұрғындары 3368 мыңнан 6727 мың адамға өссе, ауыл тұрғындары 4915 мыңнан 6563 мың адамға өстi. Қалалық жерлердiң негiзiн славян ұлты өкiлдерi құрады, ал қазақтарға қала тұрғыны мәртебесiн алу үшiн мiндеттi түрде қалалық тiркеуде (пропискада) тұруы қажет едi. Ал үй-күйi жоқ, ауылдан келген қазақ үшiн бұл мүмкiн де емес едi. Урбанизация процесiнiң қарқыны жаңа қалалардың санының күрт өсуiне әкелдi. 1959 жылы 42 қала болса, 1970 жылы 77 қала, ал қала типтес орталықтардың саны 138ден 173-ке дейiн өстi.

Демек, қалалық жерлерде өзге этностар саны өсім берді. 1960-1990 жылдар арасындағы елдегi жүргiзiлген жүйе еңбекшiлердiң шығармашылық белсендiлiгiн, жоғары өнiм үшiн еңбек етуге талпынысын басып қана қойған жоқ, қабiлеттен де жұрдай еттi. Жалақының бүкіл жұмысшылар мен қызметкерлерге теңдей бөлiнуi, жұмысшылардың тек қана “атқарушылық” рөлi, қоғамдық бюро, тексерушiлер, қайта-қайта болатын нәтижесiз жиналыстар мен жалған ақпараттар легі, еңбекке коммунистiк көзқарастар мен социалистiк жарыстар, өндiрiстiң даму дәрежесiн төмендетiп қана қойса жақсы ғой. Ол өнiмнiң сапасын төмендеттi, технология мен тәртiп төмендедi, ғылым мен өндiрiс арасында байланыс әлсiредi. Нәтижесiнде өмiрге селқос қарайтын, болашақтағы мамандықтарына қабiлетсiз қоғам мүшелерiнiң саны артты. Өндiрiс салаларындағы  мамандар тек Мәскеу мен Ленинградта даярланды немесе еңбек ресурстары Украина, Белоруссия, Закавказье республикалары арқылы толықтырылды. Бұдан біз, 1960 – 1990 жылдар аралығында Қазақстан экономикасында өзiндiк дербестiктiң болмағанын көремiз. Минералды байлықтың түрлерi мен жалпы қоры жағынан Қазақстан Одақта 2-орында болды. Қазақстан ТМД елдерiндегi мыстың 30 пайызын, мырыштың 40 пайызын, қорғасынның 60 пайызын, титанның 40 пайызын, шет елдерге шығарылатын хромның 95 пайызын, сары фосфордың 93 пайызын бердi. КСРО халықтарының 6 пайызын құрайтын Қазақстан Одақ бойынша бидайдың 5 пайызын, қой жүнiнiң 3 пайызын, еттiң 8-10 пайызын өндiрдi. Қазақстандағы өнеркәсiп орнының 7 пайызы ғана республика құзырына қарады, қалғаны (93%-ы) Мәскеуге бағынды.

Одақтық саладағы кәсiпорынның Қазақстан өнiмiн сыртқа сату арқылы табатын табысы 2 млрд. сомнан асады, оның бiр пайызы ғана республикаға тиесiлi болды, яғни 20 млн. сом. Республика бiр жылда 5,5 млрд. сомның бұйымдарын сырттан тасып, 1 млрд. сомның ғана өнiмiн сыртқа шығарған.

Қазақстан экономикалық қуаты, өнеркәсiп деңгейi, елдi тауармен қамтамасыз ету жөнiнен 8–12орында болды, республикада 750 елдi мекен суды тасып iшiп, елдi мекендердiң 450-iнде монша, 1648-iнде аурухана, 2090-ында мектеп, 3800-iнде балалар бақшасы болмады.  Әр адамға 75 сомнан кем табыс келетiн отбасылар елiмiз бойынша бар халықтың 15 пайызын, соның iшiнде Балтық өңiрiндегi отбасылардың бір ғана пайызын құраса, Орта Азия мен Қазақстанда ондай кедей отбасылар саны 50 пайызға жеттi. Мысалы, соғыс жылдарында Қазақстанға көшiрiлген зауыт-фабрикалардың барлығы, өзінің жұмысшы және қызметкерлерiмен бірге келдi. Соғыстан кейiн «Тың жердi игерумен» және өнеркәсiптi өсiруге байланысты 1960-1965 жылдары iрi өнеркәсiптiң өнiмi 1,6 есе өссе, 1960-1970 жылдары 2,6 есе өскен.

Жастардың ауылдан қалаға қарай жылжуы заңдылық. Аз мөлшерде болса да Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түркiменстан және басқа аймақтардағы қазақтар қозғалысы орын алды. Әмiршiлдiк кезеңiнде басталған «вахталық әдiс» 1990 жылдары жалғасын тапты. Республикадан тыс жерлерден жұмысшылар тарту мәселесiнде ел экономикасына, әлеуметтiк жағдайына келтiрiлетiн шығын ескерілмеді. Дүниежүзiлiк практикада вахталық әдiс сол жердiң бiлiктi жұмысшылары даярланғанша екі-үш жыл бойы ғана қолданылатыны мәлiм. Өкінішке орай, Қазақстанда бұл кезеңдерде мәселен, Қазақстанның Каспий өңiрiндегi Атырау облысының мұнай өндiретiн кәсiпорындарында жұмысшы вахташылардың жұмыс жасайтын уақыты 10 жылға созылды. Жергілікті жердің жұмыс күші арасалмағы ескерілмеді.

Республикадан тыс жерлерден жоғары бiлiктi жұмысшылар келсе, сөз басқаша болар едi, асхана қызметкерлерi, жүк тасушылар, үй сыпырушылар қоса келдi. Мысалы, Ақтөбе облысының мұнай өндiрiстiк және құрылыс бағытындағы аса iрi тоғыз кәсiпорн мен ұйымға жасалған талдау бойынша, 1989 жылы жергiлiктi тұрғындардан мамандар даярлауға жұмсалған қаржы осы мерзiмде тек вахташыларды тасымалдап, бағып-қағуға кеткен шығынның жүзден бiр бөлiгiне жетпейтiнiн анықтады. Немесе 1990 жылы Маңғышлақ облысында теңiз-мұнай газ бiрлестiгiндегi 16 мың вахта жұмысшысын тасымалдау үшiн ғана 23 млн. сом қаржы жұмсаған. Бұл сол кездегi баға бойынша. Қазiргi нарықтың дәуiрлеп, жол шығыны шарықтаған шақта қаншалықты өскенiн елестету қиын емес. Ал бұл аймақтағы жастар жұмыссыздықтан әр аймақта жүр. Өндiрiс орындары аймақ тұрғындарының әлеуметтiк жағдайын ескерiп, мәдениет ошақтарын ашып, мектеп, тұрғын үйлер салу мәселелерiн де жоспарға енгiзбеген. Ал мұндай ахуалдар ұлтаралық алауыздықтардың тууына алғышарт болды. Немесе 1980 жылдың аяғында Одақ билігіне сол ахуал тиімді болды десе де болады.

Өндiрiс табалдырығын аттаған жұмысшы қазақтардың басым көпшiлiгi жатақханада тұрды. Айталық, Алматы қаласының жатақханаларындағы 3 мыңға жуық адамға жасалған сауалнамада олардың 38,6 пайызы жатақханада 6-10 жылдан берi, 30,7 пайызы 11-20 жыл, 4,3 пайызы 20 жылдан астам уақыт тұратыны анықталды. Оның үстiне олардың 66 пайызы балалышағалы, сондай-ақ, бiр бөлмеде 3 және одан да көп жандар тұратыны 67,8 пайызды құрады. Жатақханалардың 30 жасқа дейiнгi тұрғындарының жартысынан астамы бес жылдан еңбек стажы бола тұра тұрғын үй кезегi тiзiмiне тiркеле алмаған. Жатақхана тұрғындарының негiзгi бөлiгi – қарапайым жұмыс жасайтындар. Мұндағы отбасылардың 40 пайыздан астамының айлық жалақысы не киiмiне, не тамағына жетпедi. Сұрау салынған 26–30 жастағылардың 61,8 пайызы, ал 31-39 жас аралығындағылардың 35,5 пайызы отбасын құрмаған болып шықты. Жатақханада бар өмiрiн өткiзген сәби психологиясы, қоғамға бейімделуі қалай болмақ? Осыған қосымша жұмыссыздықтың белең алуы тұрғындардың әлеуметтiк-психологиялық даму деңгейiнiң тiптi де нашарлауын тудырды. Республиканың жекелеген аймақтарында жұмысшы мамандарын даярлау, мәселен, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан, т.б. облыстардағы кәсiптiк-техникалық училищелердi бiтiрушiлер арасында қазақ жастары 10 пайызға да жетпеген.

Тек елiмiздiң егемендiк алуына байланысты 1990 жылдардың басында республикада халықаралық көшi-қонның салмағы артуына байланысты ұлттық мамандардың экономиканың барлық салаларында мамандықтарды игерiп қана қоймай, шет елдерден алған бiлiм-бiлiктiлiгiн ел қажеттiлiгiне жаратуға мүмкiндiк туды.

Өткен ғасырдағы адами құндылықтарға мән бермеу, адамдар арасында  алауыздықтар туғызатын саясаттың ащы дәмін татқан  ұлт тәуелсіздіктің бағасын да біледі.

Алаш көсемі Ә. Бөкейхан ескерткендей «Біреудің жетегінде кететін жетім халық» болмас үшін бабаларға арман болған мемлекеттілігіміздің тәуелсіздік тұғырын нығайту, баянды болуы қоғамдағы кез-келген жағымсыз тенденцияларға қолайлы жағдай тудырмау жолдары үнемі ескерілуі шарт. Әсіресе ұлттық мүддеге байланысты халықтың әлеуметтік-демографиялық  жағдайын көтеру тек мемлекеттік бағдарлама мен жоба түрінде жариялау емес, бекітілген құжатты нақты іс-қимылдар арқылы нәтижелі көрсеткіштер деңгейіне жеткізу басымдылығы жолға қойылғанда ғана, жүзеге асырылатыны айқын. Өткен тарихтан алған тағылым арқылы болашақтың әділет жолы анықталуы тиіс.

Рухани тұрғыдан алғанда да кешегі  Абайды аздырған, Шәмшіні шырылдатқан, Мұқағалиды мұқалтқан кезеңді бастан өткізген қазақ, саяси тәуелсіздігі арқасында әлем халқының назарына ілініп қана қоймай, сеніміне де ие болды. Қазақ елінің көзқарасы және басымды бағыттарымен халықаралық қауымдастықтардың санасуы бүгінгі жүргізіліп отырған заманауи саясаттың нәтижелері. Еліміз өзінің кемел кезеңіне аяқ баса отырып, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру – Жаңа әлеуметтік Стратегияны жүзеге асырған жағдайда абыройлы белестерге көтерілеріміз анық. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақ елінің басты бағыты – жасампаздықпен аға ұрпақ армандаған қуатты мемлекеттілікті гүдендіретіндей,  асыл мұраттарға жету.

Құндызай ЕРIМБЕТОВА, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?