Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Күміс шеге» қай жерде қағылды?

2279
«Күміс шеге» қай жерде қағылды? - e-history.kz
Осыдан тоқсан жыл бұрын, 1927 жылғы 15 қыркүйекте әйгілі Түрксібтің құрылысы басталды

Теміржол желісінің құрылысы КСРО-ның сауда, ауылдық, өнеркәсіптік инфрақұрылымының даму ырғағын жылдамдатуға бағытталған алғашқы бесжылдықтың бөлшегі болды.

Теміржолды салу барысында орасан зор насихаттау жұмыстары жүргізілді – ауа райы мен климат жағдайының ауырлығына қарамастан еріктілер саны күн сайын өсті. Жұмысшылар теміржолды құлазыған далада, тау сілемдері мен арнасынан шығып жататын өзендердің жанынан салуға тура келді.

Негізі, Орта Азия мен Сібірді байланыстыратын магистраль жасау идеясы 1886 жылы пайда болған. 15 қазанда Алматыда қалалық думаның жиналысы өтті, сонда жол салғаннан көретін пайдаға талдау жүргізу үшін комиссия құру туралы шешілді. Осы магистральды жүргізудің бірқатар артықшылықтарын анықтады. Атап айтқанда, астық пен мақтаны импорттау мен экспортқа шығару жеңілдейді, сонымен қатар Қытаймен шекаралас өңірде Ресейдің әскери қатысуы. Бұл себеп ресми түрде «батысеуропалық капитализмнің Шыңжаңға дендей енуінің алдын алу» деп аталды. 

Теміржол құрылысы 1927 жылы 15 қыркүйекте Семипалатинск стансасынан, ал екінші жағынан жол осы жылдың 19 қарашасынан бастап Луговой стансасынан бастап салынды. Осы уақытқа қарай зор ұйымдастырушылық тәжірибе жинап үлгерген Шатов Владимир Сергеевич Түрксіб құрылысының бастығы болды.  Ол революциялық қозғалысқа белсенді қатысқан еді, алайда бірінші орыс революциясы жеңіліп қалғаннан кейін Америкаға қоныс аударды да, сол жақта он жыл тұрды. 1921-22 жылдары оны Қиыр Шығыс республикасының әскери министрі және қатынас жолдары министрі қылып тағайындайды, ал шындығына келгенде, бұл нағыз жер аудару болды. Ал кейінірек 1932-1933 жылдары ол Қатынас жолдары халық комиссарының орынбасары  және Главжелдорстройдың бастығы болды.

Мансабы жылдам жоғарылауы мүмкін қызметкерлер арасындағыдай, жоғары буын басшылары арасында да кадрларды алмастыру жылдам жүрді.

Түрксіб құрылысының ұйымдастырылуын Сергей Витальевич Мрачковский қадағалады. Алайда 1936 жылы желі құрылысына қарсы астыртын әрекет жасады деп айыпталған Мрачковский өлім жазасына кесіліп, атылды.

Екінші қырынан, бұл құрылыс Кеңес Одағына жаңа есімдерді танытты. Жұмысшы-құрылысшылардың жұмыс орындарында соларға арналып мектептер ұйымдастырылды, сол мектепті бітіргендердің бірі – Мұхтар Қаптағаев. Қаптағаев кез-келген жұмысты жылдам меңгеріп алатын. Бір  кездері сауатсыз болған жігіт көп кешікпей машинист, ал сәл кейінірек КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Қаптағаев КСРО Мемлекеттік (Сталиндік) сыйлығымен марапатталды.  

Магистраль салу кезінде Түрксіб құрылысына көмек көрсету үшін арнайы Жәрдем комитеті құрылып, оны Тұрар Рысқұлұлы Рысқұлов басқарды. Комитет жұмысына теміржол құрылысы ісіндегі 50-ден аса ірі ғалымдар мен кәсіби мамандар қатысты. 1930-шы жылдары айналымын үдете бастаған репрессия мәшинесінің қанды шеңгеліне Тұрар Рысқұлов та халық жауы болып ілігеді.

Тұрар Рысқұлов Комитет құрамына жұмысқа шақырған Мұхамеджан Тынышпайұлы Тынышпаев инженер және жол бөлігінің басшысы ретінде қыруар жұмыс атқарды. Бірақ 1932 жылы қамауға алынған Мұхамеджан Тынышпаев бес жылдан кейін атылды.

Луговой стансасына шыққан алғашқы паровоз рельстарда арнайы салынған – киіз үйді бейнелейтін арка арқылы салтанатты түрде жүріп өтті. Арканың екі жағына «Түркістан» және «Сібір» деп жазылды. Паровоздың үстінде «Даешь Сибирь!» деген жазуы бар қызыл мата желбіреп тұрды.

Түрксіб құрылысының бүкіл КСРО үшін үлкен стратегиялық маңызы болды, ол туралы материалдар баспасөз беттерінде және басқа да мәдени дереккөздерде кеңінен жарияланды.  1929 жылы Виктор Туриннің «Турксиб» фильмі жарық көріп, шетелдік сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Ильф пен Петров Түрксіб құрылысшыларын елсіз аралға тағдыр айдап апарған Робинзон Крузоға теңеді. Құрылыс басталған кезде үй-жай, құдық, толыққанды жолдар деген болған жоқ. Бірақ, Робинзонға жеңілдеу болды-ау деп айтуға болады. Оның бір ғана нақты мақсаты болды: жан сақтап қалу. Ал кеңестік робинзондар болса, күрделі міндетті атқарды: ұзындығы 1442 шақырымды құрайтын жаңа теміржол салу. Бұдан басқа, зейінді оқырман «Золотой теленок» романындағы Шығыс магистралінен әйгілі Түрксібті тани алады.

Жаңа магистраль құрылысының басталғанын білдіретін «Күміс шеге» Айнабұлақ елді-мекенінде 1930 жылы қағылды. Түрксіб құрылысына 203,5 миллион рубль жұмсалды, ал 1930-шы жылдардың бағасы бойынша бұл әр километрге 141 мың рубльді құрайды. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?