Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Абылай ханның тегі және туған-өлген жылдары

3328
Абылай ханның  тегі  және туған-өлген жылдары - e-history.kz
Қазақтың даңқты ханы, «үш жүздің баласының атын басын бір кезеңге теңеген», «он сан Алаш баласын аузына қаратқан» Абылайдың шыққан тегіне, оның туған-өлген жылдарына қатысты бірталай сұрақтар бар

Бұл мәселе өте маңызды, қай мемлекетте де  билеуші әулетке қатысты дүдәмал сұрақтар болмағаны жөн, бұл тарихшылар үшін үлкен сын.

Абылайдың атасын біз Қанішер Абылай деп білеміз, шын мәнінде ол әуелде Жолбарыс Абылай атанғаны анық. Қанішер атануы 1718 жылы Қайыпты өлтіргеннен кейін. Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси өмірінде әжептеуір орын алатын, иелігінде Түркістан өңірінің бірталай қалашықтары бар сұлтандардың бірі екен. Оның насабы Жошы тұқымынан, яғни қазақ хандары шыққан алтын өзекпен жалғасады. Қазақ хандығын құрушылардың бірі Орыс (Орманбет) хан шөбересі Кіші Жәнібектің тоғыз ұлы болған, соның бірі Жәдік. Жәдіктің ұлы Шығайдан бастап Қазақ хандығының үлкен хандары осы Жәдік тұқымынан сайланып отырды.

Шығайдан Есім, одан Салқам Жәңгір, одан Әз Тәуке мен Уәли-Бақы. Осы Уәли-Бақы деректерде «Абақ», «Аула» атауларымен кездеседі де біздің тарихшыларды шатастырады. Уәли-Бақы Әз Тәуке ханмен ағалы-інілі туыс, әкелері бір,  аналары бөлек. Мәшһүр «Салқам Жәңгірдің екінші қатыны-Ғайша ханым-Қатағанның ханы Тұрсынның қызы. Мұнан туған –Уәлибақы» дейді. Уәли-Бақыдан «Қанішер» атанған Абылай сұлтан, одан Көркем Уәли, одан Әбілмансұр, яғни өзіміздің Абылай туады.

Жолбарыс Абылайдың Қанішер атануы

Жолбарыс Абылайдың Қайып ханды өлтіруіне не себеп болды ? Қайып та Есім ханның тұқымы. Насабы: Есім хан, одан Сырдақ сұлтан, одан Қысырау-Датқы, одан Қайып хан. Қайып хан Әз Тәукенің жанында жүріп көтерілген сұлтандардың бірі.  1715 жылдың жазында Әз Тәуке хан қайтыс болғаны деректерден белгілі. Осыдан кейін ұлы ханға ас беріліп, ел ағалары енді үлкен хандыққа Қайыпты дұрыс көреді. Қазақ мұрагерлік тәртібі бойынша билік ағадан ініге өтеді. 1715 жылы Ресейге, Түркияға, Бұхарға аттанған қазақ елшілері Қазақ ордасында хан тағына Қайыптың отырғанын растайды. Қайып кеңсе басқару, елшілік  жұмысына жақсы, бірақ әскери іске жетік  болмаған сияқты.  Қайып өзіне жүктелген міндетті орындай алмады, билік жүйесі әлсіреді. 1717 жылы Аягөз өзені бойында Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан отыз мың қолды бастап барып қалмақтан оңбай жеңілді. Қайып Түркістанға екі нөкерімен қашып келді, одан кейін қалмақтар дәндеп Арыс, Бөген, Шаян өзендеріне дейін келіп қазақты тағы да  жаулады. Кейбір деректерге қарағанда хан билігін босатып алған Қайып Ресей көмегіне арқа сүйенбекші болады. 1716 жылы Тобыл қаласына келген Қайып ханның елшілері Байдәулет пен Бекболат егер орыс әскерлері қолдаса 30 мың әскермен қалмақты шабуға дайын екенін жеткізеді. Менің ойымша осы кездесуден кейін Түркістанға келген Никита Белоусов елшілігі Қайыпты көмектің болатынына үміттендірген сияқты. Басқаша Қайыптың 1717 жылы қалмақты Жетісудан бастап шаппай, Балқашты айналып барып Аягөз түбінен іздеуі түсініксіз болып қала бермек.

Екіншіден қалмақпен соғыстағы жеңілістерден кейін елдің біразы Қайыпты тастап Түркістаннан Арқаға қарай көшеді. Бұл да қазақ дәстүрінде бар. Елмен санаспаған хандарды тастап көшіп кету бұрын да болған, бірақ бұл жолы Қайып Қазан губернаторы Петр Салтыковқа «от такого калмыцкого разорения остальные уходцы прижались к Вашему владению, и они бедные и убогие люди...попадутся к вам в руки, и их прикажите казнить смертию без остатку...» деп жазады. Әрине, бұл хаттардың мазмұны хан сарайындағы адамдар арқылы Қайыпқа наразы топқа бірден жеткені анық. Осылайша 1718 жылы Жолбарыс Абылай Орта жүз батырларының қолдауымен Қайыпты өлтіреді де «Қанішер Абылай» атанады. Екеуінің арасында бас араздық бұрын болмаған. 1717 жылы Түркістанға Қазаннан келген Ф.Жилин бастаған елшілік Абылай сұлтанның үстінен  арыз жазғанда «Қарнақ қаласында Қайып ханның інісі Абылай сұлтан үш мылтықты оқ дәрісімен алып қойды» дейді.  Қарнақ қалашығында Түркістанға келген елшіліктердің адамдары орналасады. Түркістан мен Қарнақ арасы 25 шақырымдай. Қазақ саяси өмірінде өз ханын өлтіру өте сирек болатын оқиға, көшіп кету т.б. болған. Сол себепті Қанішер Абылайға Сырдақ сұлтаннан тарайтын төрелер де, Салқам Жәңгірдің өзге тұқымы да т.б. наразы болады. Қазақ ортасында бұдан әрі қалу қауіпті болғандықтан Қанішер Абылай өзінің жанындағы төлеңгіттерімен, от басын алып Үргенішке қарай кетеді.

        Ораз аталық және Абылай

Үргеніште болған бір қырғынның кезінде Қанішер Абылай әулеті түгел опат болып тек Әбілмансұр деген ұлы ғана ғана Ораз аталықтың жанқиярлығы арқасында аман қалды деген әңгіме белгілі. Он екі жасар Әбілмансұрды Түркістанға қайта алып келген Ораз аталық кім ? Ораз аталық Қанішер Абылай тұсынан бастап осы әулетке қызмет жасаған тұлғалардың бірі.  Мен Көкшетау маңында ескі сөзден хабары бар қариялармен осы тақырыпта әңгімелестім, бәрі де Ораз аталықты «жаугершілікте Абылайды жерошаққа тығып аман алып қалған»  дейді. Қазақтың тарихи романдарында Ораз аталықты Абылай өлтірген-мыс деген әңгіме бар, бұл ешқандай шындыққа сай келмейді.

«Аталық» деген сөз сол заманда биік лауазым, мемлекеттік қызметкер. Шешіп айтсақ, аталық -хандардың ақылшысы, елшілік қызмет атқарушы, ханзадалардың тәрбиешісі. Өзі үшін жанын қиып, етектен қан кешіп Үргеніштегі қырғыннан алып қашып келген қамқорын, ақылшысын Әбілмансұр қалай өлтіреді ? Бұл жазушылардың кейде бір қиялға беріліп, күшті образ жасау мақсатынан шыққан жорамал. Ораз аталық жасы жетіп Көкшетауда, хан ордасы атанған Қызылағаштан 15 шақырым жерде өз ауылында, бала-шағасының алдында қайтыс болады. Ертеде ол жер «Оразбұлақ», «Аталықтың ауылы» аталған екен, қазіргі уақытта «Қарабауыр» атанады. Іздеген адам болса Бурабайдан тым алыс емес, таудың теріскей жағына ассаңыз 20-25 шақырым. Абылайдың тұқымы «Бабамның ауылы», «Бабамның жұрағаты» деп аса қастерлесе керек. Бұл сый Абылай тұсынан басталып Кеңес үкіметі орнағанға дейін жалғасқан.

        Абылайдың қамқорлары

Қазақтың ауызша дәстүрі Абылайдың «Сабалақ» атануы туралы жас сұлтанды киімінің жалба-жұлба, шашы өскен, ұсқыны нашарлығына қарап Төле би «Сабалақ» атаған деген жорамалды ғана біледі. Бұл тым әсіреленген, қара халықтың өзінің түсінігіне ыңғайлаған жорамалы ғана.

Абылайдың туғанда азан шақырып қойған аты Әбілмансұр. Ресей мұрағаттарында «мусульманское имя Абиль-Мансур» деп жазылғаны сол себепті. Ораз аталық Үргеніштегі қырғыннан кейін Әбілмансұрды Түркістанға алып келгенін жоғарыда айттық. Әрине, аталық ханзаданың қауіпсіздігін ойлайды, сол себепті оны төрелердің қолына емес, қара қазақтың басшы азаматтарының бірі Төле биге апарып тапсырады. Қазақта ертеде кек қайтару деген жазылмаған ереже болған, төре тұқымдары арасында ол ереже тіпті қатал екені анық. Төле би ханзаданы жауларынан жасырып елден алысқа- түйешілері мен жылқышыларына қосып жібереді. Ол кезеңде жылқышылық қазақтың жауынгерлік мектебі есебінде. «Сабалақ» Әбілмансұрдың осы кезеңде алған жасырын лақаб  аты. Қанішер Абылайдан қалған жалғыз тұяқты сақтаудың басқа амалы болмаған сияқты. М-Ж. Көпейұлы шежіресіне қарағанда Әбілмансұр туралы бас қолбасшы Бөгенбай батыр мен Бұқар жырау да білген. Екеуі де сол заманның өте ірі тұлғалары. Бөгенбай әкесі Ақша батыр Тәуке хан кезінде бас қолбасшылылқ қылған. «Абылай хан» дастанында «Бір күні жылқы ішінде отыр еді, Екі баран, бір қызыл атты келді, Сөйтсе олар –Қанжығалы қарт Бөгенбай, Келіпті Төле бидің ауылын сұрай» делінеді. Төле би Әбілмансұрды мақтап «қас төренің қалыбы екен, патша ізетті екен» деп қазақтың үш кемеңгері жас ханзаданың одан әрі тәрбиесімен айналысады. Бұл 1724 жылы болған оқиға, қазақтың бірлігі бұзылып, жан-жақтан анталаған жау қасқырдай тартып жатқан «Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұлама» заманы. Қазақ мемлекетінің болашағын ойлаған азаматтар төре тұқымынан елдің басын құрап, үш жүздің атының басын бір кезеңге жеткізетін тұлға іздейді. Әбілмансұр ел алдындағы жауаптылықты он екі жасынан бастап арқалап өсті деуге болады.

Төле биден кейін Абылайға қамқорлық жасаған Дәулетбай туралы орыс-қытай  деректерінде ешқандай мәлімет жоқ.  Қазақ шежіресі болса «Ақтабан шұбырындыдан» кейін Абылайдың келіп паналайтын осы байдың атын бірде «Дәулеткелді», бірде «Дәулетбай» дейді.

Абылайдың қамқорының аты Дәулеткелді емес, Дәулетбай, ұрпағы Жаман Жаңғызтаудың  баурайында Өскен деген ауылда тұрады. Дәулетбай ішінде аталарынан аз маз сөз ұстап қалған Қалитай деген ақсақалдың әңгімесіне қарағанда

«Абылай хан Төле бидің қолында жеті жыл мекен еткен, содан бір нәрседен сезіктеніп осы жаққа қашады. Арқаға келгенде Дәулетбайдың бас жылқышысына кездесіп, сендерге жұмыс істейік деп келіскен екен».

Дәулетбайдың ауылына Абылайды кім бағыттағаны ақсақалдарға белгісіз, біздің білетініміз 1731 жылы жас төренің Сарыарқаға келгені ғана. Ал енді Дәулетбайдың өзіне келсек ол Қарауыл ішінде Жақсылық  деген атадан, бір құлақ Қалдаман деген батырдың баласы. Қалдаманның «бір құлақ» аталатын себебі, ол заманда қазақ жылқыны Омбы жақта Үлкен Қара ой, Кіші Қара ой деген  жерлерге қыстатады екен дейді ақсақалдар. Сол жақта жылқы қыстатып жүргенде  үлкен бір төбелес болып, төбелес үстінде Қалдаманның малақайы ұшып кетіп, содан бір құлағы үсіп кеткен, «бір құлақ» атанатаны сол себептен-мыс. Болса болар дедік, қазақтың ол заманда Ібір-Сібірдің ішіне ендей кіріп, Құлындыда жылқысын емін-еркін жайлататыны тарихи шындық. Ол заманда қазақтың соғыссыз, төбелессіз жүрмейтіні де жасырын емес.

Қойшыбай деген ақсақалдың айтуынша Бірқұлақ Қалдаман Қара ойда бір бай жесір әйелге аяқ салып, одан бір ұл туып, сол бала кейін әкесін іздеп келеді. Бәйбіше жатсынбай «дәулетім келді» деп қарсы алып, содан Дәулетбай атанып кеткен–мыс.

«Осы Дәулетбайға заманында жеті мың жылқы біткен екен. Жаман Жаңғызтау маңында Сасықкөл деген көл бар, сол көлге Қамсақтыдан шыққан Қарасай құяды. Жылқыны суаруға алып келіп, Сасықкөлге жапқанда бір тесік қалса бай: «Әй, балалар, бір үйір жылқы жоқ» дейді екен. Жылқыны осылай түгендейді.

Абылай келген соң байдың ауылына ұры да тимеді, малға мал, жанға жан қосылды, ырыс болып келді. Бір күні Дәулетбай таңертең ауылынан аттанып шығып жылқының қосына келсе Абылай ұйықтап жатыр екен, екі қолы екі жақта, екі аяқ екі жақта, дүниенің төрт бұрышын тірегендей жатыр. Дәулетбай оятпайды, бірақ ішінен мынау дүниенің төрт бұрышын аламын деп жатыр екен деп ырым қылады.

Содан Дәулетбай Абылайды үйіне шақырады, үстінде түйе жүн шекпені бар Абылай келеді. Отыр дегенде, байдың жанына барып отырады. Екі көзі жанып, жанындағылардан аруағы артып, мысы басып кетеді.  Содан Дәулетбай жас бозбаланың тегін емесін сезіп, той жасап, қатын алып беріп, отау қылып шығарады, бас жылқышы болады. Абылай Дәулетбайдың жылқысынан таңдап боз шұбар айғырды мінеді. Бұл айғырдың қасиеті жекпе-жекте иесіне көмектесіп қарсыласын омырауымен періп құлатады екен. Бұл шамасы Шоқан Абылайдың алғашқы жауынгер аты деп сипаттайтын атақты «Жалын құйрық» болса керек.

Әбілмансұрдың Абылай атануы

Осы екі ортада қазақ пен қалмақ жанжалдасып, үш жүзден қол жиналып, Абылай да сойылын сүйретіп барады. Майдан даласында қалмақтың Шарыш деген батыры қазақтың екі батырын бірінен соң бірін өлтіріп, қазақ дағдарып тұр екен. Абылай астында айғыры, қолында сойылы бар, келе қалмаққа қарсы шауып, Шарышты аттан түсіреді. Сол жерде атығай Жәпек батыр бар екен, Абылайдың астына ақ кигіз төсеп қарсы алады». Міне,  бұрыңғыдан қалған кәрі құлақтардың сөзі осы.

Тарихшылар мен әдебиетшілердің көпшілігі Әбілмансұрдың «Абылай» атын алуы Аңырақай шайқасынан кейін болды деген пікірді ұстанады. Бұл жерде бір гәп бар. Бүгінгі күнге дейін Аңырақай шайқасының қай жылы болғаны анықталған жоқ. «Аңырақай» сөзі топоним есебінде ертеден белгілі, жел аңырап соғып тұратын жер. Мен Аңырақай шайқасын жоққа шығарайын деп отырған жоқпын, бұл жерде  талай соғыстың, жаугершіліктің болған күмәнсіз, мәселе қалмақпен болған шешуші соғыс  және Әбілмансұрдың «Абылай» атануы туралы.

Әбілмансұрдың қашан Абылай атанғанын анықтау үшін алдымен Абылайдың қай жылы туғанын анықтап алмақ керек. Егер біз Абылай 1711 жылы туды деген әдебиетте қалыптасқан жорамалды қолдасақ, онда Аңырақай соғысында жас төре 18 жаста болмақ, ал Абылай 1713 жылы туды деген пікірді қолдасақ, онда 16 жаста болмақ.

Қазақ деректері Әбілмансұрдың «Абылай» атануын қалмақтың атақты қонтәжісі Қалдан Сереннің туысы  Шарыш батырмен жекпе-жекпен байланыстырады: «Жиырмаға жасың толғанда, Қалмақпен соғыс болғанда, Алғашқы бақты тапқанда, Шарыштың басын қаққанда...». Үмбетей жырау бұл жерде «жиырмаға жасың толғанда» деп нақты уақыт межесін нұсқап тұр. Бұқар жырау бір толғауында  «Сен жиырма жасқа жеткен соң, Алтын тұғыр үстінде ақ сұңқар құстай түледің» дейді (Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. 7 т. Павлодар,2006. -6 б.). Біз Абылай 1713 жылы туды деген пікірді қолдаймыз, сонда оның Шарыш батырмен жекпе-жекке шыққан уақыты 1733 жыл болмақ, яғни тура 20-ға келген шағы.

Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда 1733 жылы қазақ жасақтары Жоңғария шекарасына еніп қонтәжінің өзінің ұлысына тиіседі. Сібір шекара командирі И.Бухгольц 1734 жылы жоғарыға тапсырған баяндамаларында «...Казачья орда прошлого году нападением своим на контайшины улусы учинили немалую обиду» деп жазады (Международные отношения в Центральной Азии. ХУІІ-ХУІІІ вв. Кн.1,М.,1989. –с.292). Егер тарихтан хабары бар адам болса ол 1730-1740 жылдар қалмақ-қытай арасындағы ХУІІІ ғасырдағы үшінші соғыстың болғанын біледі. Бұл бірде басылып, бірде ушығып кететін шайқастардың кезінде қазақтар да батыстан қалмақтарды тықсыра бастаған. 1731 жылы Шақшақ Жәнібек бастаған 6 мыңдық қазақ әскері дербеттерді шауып, қалмақтың қарауыл әскері Қамар Дабан (қазіргі уақытта Хабар-Асу аталады), Қалмақ Толағай тауларына дейін шегінді, 1732 жылы орыс елшісі П.Угримов қазақ жеріне аттанған «қалмақ жасағының түгел сонда қалғанын» баяндайды. Осыдан қорытынды жасасақ Бөгенбай жасақтарының 1733 жылы ойрат жеріне ішкернелей енуі және Қалдан Сереннің өз ұлыстарына батыл тиісуі заңды. Қалмақ құжаттарында Абылаймен жекпе-жекке шығатын Шарыш батыр қонтәжінің жақын туысы делінеді.

Осы сияқты толып жатқан қисындар бізді Әбілмансұр-Сабалақ Абылай атанатын шайқас 1733-ші жылы болды деген тұжырымға итермелейді. Әбілмансұр 1733 жылғы жекпе -жектен Абылай атымен бірге өз бетіне жеке ұлыс және сұлтан атағын алып шықты. Қазақтың «жігіттікте жаннан без де іс қыл, өлсең өлерсің, өлмесең кісі боларсың» деген сөзінің дәлелі осы. Абылайға ұлыс есебінде берілген Көкшетау маңындағы атығай-қарауыл, керей-уақ, қанжығалы рулары. Қазақ ауызша дәстүрінде «Сұрасаң Абылайдың тұрған жерін, Хан болды 48 жыл Көкшетауда» делінетіні осыдан. 1740 жылы В.Урусовтың сұрағына Абылай осы үш елді атаса керек: «салтан обьявил, назвав три имеющиеся у него рода, ис которых-де в первом семей с шесть тысяч, во втором-з десять тысяч, а третьем- с четыре тысячи».

Сұлтандық атақтың «боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге отырғызып» ресми бекітілуі ауыз екі деректерге қарағанда 1734 жылы Баянаула жерінде Сабынды көлдің жағасында болды. Белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжабай Нұралыұлы «Сабалақ» атты ұзақ өлеңінде:

Баянаула Сабынды көл басында,

Үш жүзге шықты Абылай хан сайланып.

Мың жеті жүз отыз төртінші  жылында  еді,

Үш жүздің басын қосқан жиын еді,- дейді.

Абылай ханның қайтыс болған жылына  келсек...

Соңғы жылдары И.Ерофеева Абылайдың қайтыс болған жылы 1781 емес 1780 деп жаңалық ашып жүр. Ресей ол кезеңде қазақ саясаты туралы мәліметті толық ала алмайтын. Ханның өлімі туралы хабар да Ресейге кеш жетті, ал  Уәлидің әкесінің тағына отырғанын орыстар Абылайдың асы өткеннен ғана кейін білген. Ресейдің хан сайлау барысына араласа алмай қалғаны көп уайым болған, кейіннен осы мәселені орыс командирлері  мен Сыртқы істер Коллегиясы бірнеше рет талқылағаны белгілі. 

Сонымен қазақтың ұлы ханы қай жылы қайтыс болған ? Ресейдің архив құжаттары Абылай ханның 1781 жылдың ақпанында 68 жасында (на шездесят девятом году)  қайтыс болғанын куәлендіреді. Бұл дата қазақ ауызша тарихының деректерімен де толық сәйкес.

М.Ж.Көпейұлы жазбасына жүгінейік: «Сонан соң Абылай сол Арыстың бойындағы бір қорғанға түсіп, алпыс сегіз жасында, жұма күні дүниеден қайтып, сол жер осы күнде «Хан қорғаны» атаныпты. Сүйегін теңге салып, Түркістан шаһарындағы Хазірет сұлтан Алғарфин Әулиенің күмбезіне алып келіп қойыпты»(Көпейұлы М.Ж.Шығармалары. 8 т.Павлодар,2006. -194 б.).

1781 жылдың жазғы шілде-тамызында Абылайға Қараой деген жерде ас беріліп, оның үлкен ұлы Уәли хан сайланды. Абылайдың қатысуымен болған Сарыбел оқиғасы, Самарқандқа жорық жасамақ болғаны, Тәшкент, Шымкент, Сайрамды бағындырып хандықтың құрамына қайта қосқаны, оның қаза болуымен тікелей байланысты, толық жазсаң бір кітап шығады. Қысқаша осы.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

т.ғ.д, профессор

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?