Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Депутаттар Елтаңбаны қалай қабылдады?

3373
Депутаттар Елтаңбаны қалай қабылдады? - e-history.kz
25 жыл бұрын Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекеттің жаңа рәміздерін бекітті. Ол қалай қабылданғаны туралы «NDH» порталына МТИ директоры, профессор Б. АЯҒАН әңгімелеп берді

1992 жылдың 4 маусымы ел парламентінің таңғы отырысында депутаттар тудың, елтаңба мен әнұранның жобаларын талқылауға кірісті. Отырысқа Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев қатысты. Отырысты Жоғарғы Кеңес төрағасы С. Әбділдин жүргізді.

Аздаған жарыссөздерден соң, парламент вице-спикері З.Л. Федотова Республиканың жаңа мемлекеттік рәміздерді дайындау бойынша жұмыс тобының басшысы Әбділдин Серікболсын Әбділдаұлына сөз берді. Ол ел президентіне, халық қалаулыларына, жұмыс тобының басшысына қарата отырып, «қоғамда Қазақстанға мемлекеттіліктің жаңа типтегі және жаңа мазмұндағы атрибуттары: ту, елтаңба мен әнұран керектігінің түсінігі пісіп-жетілгендігін» айтып өтті. «Рәміздер тәуелсіз мемлекеттің өмірінде, қоғамда аса зор мағынаға ие. Ол елдің өткенін, қазіргі уақытын, болашағын бейнелейді, оның ерекшеліктерін, идеясын, қағидаттарын көрсетеді», – деді Үкімет басшысы. Сонымен қатар, мемлекеттік елтаңбалар мыңжылдар бойы келе жатқандығы, әрбір нақты елдің маақсаты мен талпыныстарын бейнелейтіндігі айтылды. Сөйлеушінің сөзі бойынша, 1937 жылғы елтаңбаның негізінде жасалған қазіргі елтаңбаның мағынасы бұрынғы ССР Одағының мемлекеттік елтаңбасына негізделген және бүгінгі күн талаптарына сәйкес келмейді. Конкурстық талдауға 245 жұмыс пен мемлекеттік елтаңбаның үздік жобасы ұсынылған 67 хат келіп түсті.

Ұсынылған жұмыстардың ішінде Мәлібеков Жандарбек Мәлібекұлы мен Шота Ыдырысұлы Уәлихановтың авторлығындағы жобаға ілтипат білдірілді. Жаңа жобаның артықшылықтарын сипаттай отырып, «оның көркемдік шешімі негізінде, бұрын аталып өткен шаңырақ, сегіз бұрышты жұлдыз, сонымен қатар мифологиялық пырақтар және де «Қазақстан» жазуының» барлығына атап тоқталды. Эпостардағы жылқы бейнесі – қанатты тұлпар, ұшар биікті, болашақ туралы арманды бейнелейді. Тұлпарлардың жоғары көтерілген қанаттары шаңырақты, жалпықазақстандық үйді қорғайды. Депутаттардың қарауына шығарылған жобаларЖоғарғы Кеңес Президиумымен құпталды.

Жарыссөздер кезінде алғашқылардың бірі болып депутат Н.Б.Сандыбаев сөз сөйледі. Ол «Жоғарғы Кеңестің «бұрынғы рәміздерді қабылдаумен біршама кешігіп жатқанын», ал қазіргі рәміздердің бұрынғы рәміздерге біршама ұқсайтындығын» атап өтті. Депутат Б. Қыдырбекұлы «жылқының жалы қойдың құлағына ұқсайды» сонысы ұнамайтындығын айтып, сын тақты. Депутат А.Ф. Козловтың сөз сөйлеуі өте эмоционалды болды, өз сөзінде ол «жаңа елтаңбаның жобасымен тамсанатындығын, авторлардың оны өте сәтті орындағандарын» атап өтті. Депутат Ө.А. Жолдасбеков, ел президентіне, Президиумға қарата отырып, бірнеше елеулі ескертулер айтты. Ол: «Бұл жерде шаңырақ көрінбейді, жұлдыз бес сегіз бұрышты. Мен қазақ мектебін білдірдім, тарихты біршама жақсы білемін. Мен мына бір жануарды ешбір қабылдай алмай отырмын – бұл жылқы ма, әлде өгіз бе? Ал бұндағы мүйіздер жылқыға не үшін керек? Бұл жерде, әрине, мүйіз – күштің белгісі деп ойлап айта салуға болады, ал басқа халықтарда, керісінше – күшсіздіктің белгісі екендігін айта кету керек», – деді. Әрі қарай ол «Мықты ер адамда ешқашан мүйіз өспейтіндігін» мысқылдап ескертті. Депутат К.С. Смайылов елтаңба жобасын еш қарсылықсыз қабылдады, тек қана «тұлпарлар мүйізсіз,  қанатымен қалуы керек», – деп қосты. Жоба бойынша сауатты, маңызды ескертулерімен Т. Сүлейменов сөз сөйледі. Ол дизайнер ретінде, жобаға тыңғылықты талдау жасады.  Ол «адамзаттың тамаша туындысы – киіз үй - бұрынғы заманнан бері әлемнің үлгісі болып табылатындығын, мыңжылдардан бері ешбір өзгерістерге ұшырамағандығын» ескертті. Ол «7» санына көңіл аударды, «үш жасаушының қиылысы – алты элемент және осы шаңырақтың негізі – бұл жетінші элемент. «7» саны құрамдас ретінде, Конструктив ретінде қатысып тұр». Бұдан әрі жарыссөзге М.Д. Қалматаев араласты, ол «бұндай экскурс ойды бұзатындықтан, символиканы жекелей қарастыруды» ұсынды. Депутат М.Ф. Үркімбаев кенеттен «ұсынылып отырған елтаңба жобасы сынға жауап бермейтіндігін және елтаңба жобасын талқылауды күн тәтібінен алуға» ұсыныс жасады. Оны  депутат Ш. Мұртаза қолдады. Одан соң сөз сөйлеген  депутат Г.Б. Васильев  елтаңба бейнесіне нанды сипаттайтын масақты енгізуді сұрады.

Дебаттардан соң сөз кезегі авторлар Ш.И. Уәлиханов пен С.И. Рустамбековке беріліп, олар тыңғылықты түсінік жасады.  Үзілістен соң жұмыс комиссиясының төрағасы, ҚР ҰҒА академигі С.Зимановқа сөз берілді. Академик комиссияның қаңтардан мамырға дейін өте тығыз жұмыс жасағанын, апта сайын отырыстар өткізілгендігін атап өтті. Төраға ретінде «мен қайда жұмыс істейтінімді ұмытып еттім, өзім еңбекақы алатын институтта болмаймын» және төрт ай бойы осылай болды деді С. Зиманов. Тұжырымдаманы әзірлеу мақсатында, комиссия өз отырыстарына түрлі кәсіптердің мамандарын: нумизматтарды, археологтарды, тарихшыларды, философтарды және Қазақстанда геральдика теориясымен айналысатын, оны түсінетін мамандарды шақырды. Осынша күш-жігердің нәтижесінде белгілі бір тұжырымдама әзірленді; тудың 50-ге жуық эскизі мен жобасының нұсқалары қарастырылды.

Талқылаулардан соң негізгі өлшем ретінде тулар мен елтаңбалардың қандай болуы керектігінің әлемдік тәжірибедегі үш эталоны таңдап алынды. Бірінші қағидат – тарихи дәстүр. Ту мен елтаңба халықтың, мемлекеттің тарихи дәстүрін сипаттауы керек. Екінші себеп – кешегі мемлекеттілік және бүгінгі мемлекеттілік. Үшінші себеп – мемлекеттілік критериі үлкен қауымдастықтың, әлемдік өркениеттің бөлігі ретінде дамуы керек. Бейнені таңдаған кезде, мысалы, адырнаны тартып тұрған, шауып келе жатып садақпен бірдеңені атқан, қылыш немесе қанжар ұстаған немесе асатаяқ пен бүркіт  ұстаған адамды бейнелеген суреттерде, комиссия мүшелері қуат пен күштің көрсетілімін қабылдаған жоқ. Осылайша, өркениетті, бейбіт, сабырлы болуы керек. Тарихи сабақтастықты көрсету мақсатында комиссия мүшелері бес немесе алты бұрышты жұлдызға емес, сегізбұрышты жұлдызға тоқталды. Сегізбұрышты жұлдыздың құпиясы – шаңырақ. Шаңырақ – киіз үйдің жоғарғы бөлігінің негізі ғана емес. Дөңгелек – бұл қозғалыс, тұйық мәңгілік, бірлік. Шаңырақ, барлық халықтар өткен және әлемге ұлы адамдарды берген Ұлы өркениетті сипаттайды, және көшпелі өркениеттің ерекшелігін бейнелейді. Мемлекеттің елтаңбасы бойынша ел туралы, халық туралы, осы халықтың тарихы туралы сынауға болады. Әзірлеушілердің ойы бойынша шаңырақ осыны сипаттайды. Жарыссөзге қатысқан депутат С.Г. Аксенов, негіз ретінде Қазақстанның бұрынғы елтаңбасын алып, соны жетілдіруге ұсыныс жасады. Оны депутат Н.Р. Жотабаев қолдады. Бірқатар депутаттар (В. Чернышев)  бұрынғы елтаңбаны жетілдіріп қабылдауды ұсынды. Депутат С.Тәкежанов ұсынылған жобаны қолдауды ұсынды.  

Туындаған жағдайда төраға елтаңба жобасын қарауға ұсыныс енгізу туралы сұрақ қойды, ал қабылдау туралы мәселені кейінге қалдыруға ұсыныс жасады. Дауысқа салған кезде, ұсынылған редакциядағы елтаңба жобасы қабылданбады. Одан әрі елтаңба жобасы бойынша депутаттар Ә. Әлімжанов, В.В. Чернышев, Ө. Байгелдиев, сонымен қатар мәдениеттанушы Б. Байжігітовтер жарыссөздерге түсті. 

Содан соң елтаңбаның негізгі әзірлеушісі Ж.М. Мәлібеков сөз сөйледі. Ол «елтаңба жобасы Қазақстанда тұрып жатқан халықтардың тарихы мен дәстүрін, бейбітшілік пен достықты сипаттайтындығын» атап өтті. Бұл елтаңбаның ерекшелігі: ортасында шаңырақ, әдемі мүйізі бар тұлпар, шаңырақтың жан-жағында күннің белгісі ретінде күн сәулесі бейнеленген. Елтаңбаның үстіңгі жағында қанаттар бейнеленген, ол бірлікті білдіреді. Шаңырақ әбден ескірсе де, оны ешқашан лақтырмайды. Ол әрқашан киелі орында тұрады. Оны бейнелей отырып, біз халықтар достығын, бірлікті көрсеткіміз келді. «Шаңырак биік болсын» деп біздің халқымыз тегін айтпайды. Бұл біздің Отанымыз гүлдене берсін және беделге ие болсын деген идеалдандырылған түсінікті білдіреді. Шаңырақ көтерген кезде киіз үйді қою үшін көп адам бірігеді, әрқайсысы уықты ұстайды. Уық – шаңырақты ұстап тұратын сырықтар. Алтықанатты тұлпар – біздің көне тарихымыздан келе жатқан нышан болып табылады. Жүзжылдар бойына оны қанатын жайып ұшқан құсқа теңеп келеді. Сондықтан да қанаты бар тұлпар бейнеленген. V-VI ғасырлардың өзінде бұл нышандар болған және сол кезде біздің отанымыз шын мәнінде гүлденіп тұрған кез болған. Осыған байланысты сол уақыттан бері келе жатқан дәстүр қазір де жалғасын тапсын дедік. Сіздер дәл осы тұлпар деп ойлайсыздар ма? Ол біздің болашағымызды бейнелеу үшін. Сондықтан біз тұлпарды бейнеледік. Күн көзі қандай болса да, ол жарқырап тұруы керек». Мәтіннен елтаңба авторы Ж. Мәлібековтың қатты толқып тұрғаны көрініп тұр. Оның ойы сан-саққа шашырап, логикалық байланыс үзіледі. Дегенмен де, жоба авторының сөзінде жаңа ақпарат молынан беріліп, ол сөз сөйлеген басқаларға қарағанда депутаттар корпусына жаңа елтаңба жобасының мазмұнына жүктелген идеяны егжей-тегжейлі түсіндіре алды. Жобада бейнеленген мүйіздерге – қорғау мен қолдау сияқты көп мағына артылғандығын автор түсіндірді. Мүйіздер символикалық түрде үйімізді қолдау үшін, қорғау үшін. Оның түсіндіруі бойынша осы мүйізді жануардың бейнесі Алтын адамның бас киімінде де бар.

Кейін сөз сөйлеген Ә. Кекілбаев Ж. Мәлібековтың жобасына қолдау көрсетті. Шындығында, депутат автордың тегін шатастырып, оны «Жандарбеков» деді. Ә. Кекілбаев: «Осы елтаңбаның жобасы – ең сауатты, өйткені бұнда геральдика тілі бар. Орталық және дара фигура – шаңырақ, ол композициялық шоғыры болып табылады» деп атап өтті. Дауыс беруден соң, депутаттар үзіліске кетті. Елтаңбаны қабылдау бойынша жарыссөздер кешкі отырыста жалғасты. Жоғарғы Кеңестің төрағасы С. Әбділдин қажетті кворумның бар екендігін атай келіп, үзіліс кезінде депутаттардың пікірлерімен алмасқандығын және жобаға түзетулер жасалғандығын атап өтті.  Мысалы, «елтаңбаның ортасында, шаңырақтың уығы бар тұста, сәулені көгілдір түспен жасауға. Аяқ жағындағы «Қазақстан» жазуы бар тұста суретті көк түспен, ал «Қазақстан» жазуын алтын әріптермен жазу». Төраға қалжыңдап: «Арғы бетінде, біз келіскендей, «Чернышев» жазуын жазалық»,-деп қосып қойды. Осыдан соң ол депутаттардың қайтадан елтаңбаның алғашқы нұсқасына оралуларын сұрады. Бұл ретте ол қанатты тұлпарлардың мифологиялық бейнелеріне түсінік береді. Бұл жерде депутат Л.А. Арюшенко тұлпардың жалғыз мүйізге ұқсайтынын ескертіп айтады. Туындаған жағдайда жоғарғы жиналыс төрағасы ел Президенті Н.Ә. Назарбаевқа сөз берді.

Президент Н.Ә. Назарбаев өз пікірін былайша білдірді: «...Елтаңба бойынша қатты таласу қажет деп санамаймын. Барлық елтаңбаларға қараңыздар. Маған қазір тулар мен елтаңбаларды берді. Сіздер Ұлыбританияның әрқашан арыстанмен, Ресейдің тәжбен және басқалардың екі басты бүркітпен бейнеленетінін білесіздер. Сондықтан да тұлпардың қандай екендігіне ерекше көңіл аудару керек емес: мүйізді, жалғыз мүйіз және т.б. Нышан халықты, оның талпынысын сипаттайды. Біз өз тарихымызда тұңғыш рет алғашқы мемлекеттік елтаңбамызды, алғашқы геральдикамызды жасап жатырмыз. Ең бастысы біздің геральдикамыз басқа ешкімдігін қайталамайды. Мен мынадай түзету енгізу керек деп санар едім. Депутат Васильев дұрыс айтады, егер аспанды тудың фоны ретінде алсақ, онда ту жақсы көрінеді. Бірақ ортасында бір бесбұрышты жұлдыз жасап, фонды көгілдір қылса. Және осы күйінде қабылдасақ». Төраға түрлі-түсті түспен орындалған елтаңбаны дауыс беруге қойды. Экраннан түрлі-түсті бейнеленген елтаңба мен бесбұрышты жұлдыз көрсетілді. Осы бейнеге 214 депутат дауыс берді. Бұдан кейін сөз сөйлеген депутат С.С. Сартаев: «Мысалы, маған, Президенттің түрлі-түсті елтаңба туралы айтқаны көңіліме қонады. Баспаның түрлі-түсті болмайтыны басқа іс, бірақ мемлекеттік ғимараттарда, барлық құрылыстарда түрлі-түсті бейне болады. Бірақ бір ғана шартпен. Біздің елтаңбада тоталитарлық жүйені еске салатын ештеңенің және өткеннің сарқыншағының болмағаны дұрыс болар еді. Бесбұрышты жұлдызды қазір Ресей ауыстырғалы жатыр. Енді бесбұрышты жұлдыз алдымен масондық қозғалыстың қоғамдық қызметін еске салатын болады.... Сондықтан да онда біздің «сегіз қырлы – бір сырлы» дейтін халқымыздың дәстүріне жауап беретін сегізбұрышты жұлдыз болса». Және осы сегізбұрышты жұлдызды қалдырайық», – деп ойын білдірді. Депутат Б.С. Әйтімова көгілдір фонды қалдырып, басқасын алтын түсті қылып қалдырып, ал жұлдызды мүлдем алып тастауды ұсынды. Төраға дауыс беруге өтуді, ал жұлдыз туралы мәселені жеке шешуді ұсынды. Депутат В.В. Обухов жұлдызды, орақ пен балғаны алып тастауды, орнына жер шарын бейнелеуді ұсынды. Ал жер шарында құрлық пен теңізді шектеп, елтаңбада бүкіл әлем Қазақстанды көруі үшін  кішкентай штрихпен Қазақстан Республикасын белгілеуді ұсынды. Төраға қайтадан жұлдыз бейнесіне қайтып оралды – жетібұрышты, сегізбұрышты және бесбұрышты. Дауыс беруден соң, 238 дауыс берілгесін, елтаңба бейнесі бекітіледі.

Жарыссөздер аяқталған соң, төраға қорытынды жасады: «Құрметті әріптестер! Елтаңбаның қандай да бір элементтері бойынша әріптестердің қандай да бір ұсыныстары өтпей қалуларына қарамастан, сіздер үлкен шешім жасадыңыздар: тек көрші мемлекеттерде ғана емес, сонымен қатар әлемдегі елтаңбалардың біреуіне де ұқсамайтын елтаңбаны қабылдап, бекіттіңіздер». Бұдан әрі ол депутаттардан туды талқылауға көшуді сұрайды.

Н.Ә. Назарбаев болған оқиғаның мәні мен мағынасын былайша түсіндірді: «Еліміздің заманауи мемлекеттік және саяси нышандары қазақ халқы мен республиканы мекен еткен ұлттардың өкілдері үшін ескірген таптық, тоталитарлық қоғамның нышандарын ауыстыруды ғана білдірмейді. Бұл – республиканың демократиялық және құқықтық мемлекет құруға, тұлға егемендігінің, оның этникалық алуан түрлі халықтарының  бірлігі қағидаттарына негізделген жаңа қоғам құруға бет бұрғандығының дәлелі». 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?