Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Репрессия37. Ізсіз қалған Ізбай редактор

2199
#Репрессия37. Ізсіз қалған Ізбай редактор - e-history.kz
Ізбай Нұржігітұлы өзіне тағылған айыпты мойындамай, бұрынғы «жауаптарынан» бас тартатынын мәлімдеген. Соңғы сөзінде «Мен адал өмір сүрдім, адал қалпымда қаламын» депті

Бұрын сталиндік саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың құжаттары Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің архивінде сақталатын. Соңғы жылдары ол Ішкі істер департаментіне ауысты. Осы архивте Орал облыстық «Екпінді құрылыс» газетін ойранды 1937 жылы бірнеше ай ғана басқарып, репрессияға ұшыраған редакторы Ізбай Қощановтың қылмыстық ісі сақталған. Ізбай Нұржігітұлы туралы ең алғаш тарихшы Қылышбай Сүндетұлы жазған екен.

«Журналистер жетіспейді...»

«1937 жылы 1 тамызда Қазақстан Комунистік (большевиктер) партиясының (ҚК(б)П) Орталық Комитеті Мәскеуге мынадай ақпарат жіберген:

«Әсіресе, Батыс Қазақстан облыстық газетіне 15 адам жетіспейді. Аудандық газеттердің 5 редакторының орны бос тұр. Есепті кезеңде облыстық газеттен дұшпандық пиғыл танытқан 14 әдеби қызметкер мен 4 редакторы жұмыстан қуылды. Аудандық газеттің 7 редакторы әшкереленді. Олардың барлығы да халық жаулары ретінде троцкистер мен контрреволюционерлермен ауыз жаласқандар болып шықты. ... «Екпінді құрылыс» газеті редакциясына сәуір және мамыр айларында түскен 759 хаттың бар-жоғы 288-і ғана жарық көрген, қалғаны редакцияда еш қозғалыссыз жатыр. Газет редакторы мен орынбасарлары еңбекшілердің хатына селқостық танытқан, хат бөлімі маңызды іске араласпай отыр» деген. Газет редакторы І.Қощановқа «партия ұйымдарының халық жаулары мен ұлттық фашистермен күрестегі үнсіздікті жою» міндеттелді. Алайда бірнеше күннен кейін тұтқынға алынған Қощанов 1938 жылы 13-қарашада сотталып, сол күні атылған. Ол 1969 жылы 23 сәуірде ақталған.

Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатындағы 708 қор, 1 тізім, №541 істе сақталған бұл деректер тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлының «Ордадан қанат қаққан үнпарақтар» (Орал, 2008) кітабында келтірілген.

ҰҚК-дегі деректер

Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің облыстық департаментінде 1930 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар туралы көптеген дерек сақтаулы. Департамент қызметкері Сәуле Әбитова «Орал өңірі» газетінің 95 жылдығына орай шығарылған кітапты дайындауға да көп қолғабыс еткен еді. Осы жолы Ізбай Қощановқа қатысты қылмыстық іспен танысуымызға, оның суретін көшіріп алуымызға да ерекше көмектесті.

«Қощанов Ізбай Нұржігітұлын РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58 бабы, 2, 7, 8 және 11 тармақтарымен айыптау туралы» №2463 қылмыстық іс 1938 жылдың 11-қаңтарында ашылған екен. Бірақ істе кейбір куәгерлердің 1930 жылы алынған жауаптары тіркелгеніне қарағанда І.Қощанов НКВД-ның қарауылына тұтқындалмастан көп бұрын ілінгенге ұқсайды.

Қощанов 1938 жылдың 13 қаңтарында Орал қаласы, Батурин көшесіндегі 59 үйде тұтқындалған. Тінту хаттамасында одан «4 сақиналы Зауэр» аңшы мылтығы, үш оқшантай, 24 дана бос гильза, 25 грамм оқдәрі» тәркіленгені жазылыпты. 1906 жылы 20 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Гурьев округі, Маңғыстау ауданы Форт-Александровск қаласында туған, білімі бастауыш, мамандығы жоқ, соңғы қызметі – облыстық оқу-ағарту бөлімінің инспекторы, ата-тегі – жұмысшы, 1925 жылдан БК(б)П мүшесі, бірақ «контрреволюциялық ұлтшылдарды бүркемелеп, қолдағаны үшін» 1938 жылдың 7 қаңтарында партия қатарынан шығарылған. Бұрын сотталмаған. Әскери қызметке міндетті емес. Жалғызбасты. Әкесі Нұржігіт Қощанов 67 жаста, Форт-Александровск қаласында тұрады. Бар дерек осы ғана. Қылмыстық істің бір парақтарында руының адай екендігіне де мән беріліпті.

Айыптау

Қылмыстық істе тіркелген хаттамаларға қарағанда Ізбай Қощановтан екі-ақ рет ресми жауап алынған. Алғашқысы – қамалған күннің ертеңінде, яғни 14 қаңтарда болған. Оған «Антисоветтік, ұлтшыл, зиянкес-қаскүнем, диверсиялық-террористік ұйымға мүше болып, антисоветтік іс-әрекетпен айналысты» деген айып тағылып, «қылмысын өз еркімен мойындауды» талап еткен. Қощанов «1936 жылдың соңынан бері БҚО партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Ізмұхан Құрамысовтың тобында болғанын, тұтқындалған күнге дейін партияны алдап, антисоветтік іс-әрекет жасағанын» «өз еркімен мойындайды». Бірақ тергеуші «Мұныңыз өтірік. Сіз ұлтшылдық әрекетпен көптен бері айналысатыныңыз бізге мәлім» дейді. Сонда тұтқын «1927 жылы Адай уездік комсомол хатшысы болған кезінде ұлтшыл «Байбоз Қилыбаев, Игенов Ибат, тағы басқаларының тобында» болып, байлардың сойылын соққанын» да «мойындауға» мәжбүр болған. «Мен ол ұйымда 1928 жылдың соңына дейін ғана жүрдім, кейін олармен байланысымды үзіп, 1936 жылдың соңына дейін еш ұйымға кірмедім» дейді Қощанов.

Тергеуші І.Қощановтың Орда аудандық партия комитетін басқарған кезінде белсенді антисоветтік әрекетпен айналысқанын, өзінен бұрын (1935 жылға дейін) басшы болған Құрамысов Сахыпкерейдің қылмыстарын бүркемелегенін тұтқынның алдына тартады. Бұл айыптардың барлығы жинала келіп «Совет үкіметін құлатуды, Қазақстанды СССР-дан бөліп алуды, Жапонияның әскери көмегімен Қазақстанда буржуазиялық-демократиялық мемлекет орнатуды көздеген» «ғасыр қылмысын» құраған.

Ізбай Қощановтан екінші тәптіш сол жылдың 28 ақпанында алынған. Онда тұтқыннан 1927-1928 жылдары Маңғыстауда жасаған «қылмыстарын» толық мойындауын сұраған. Қощанов «мен ол кезде 20-22 жастамын, саяси жұмыстан хабарым аз еді, ақ-қараны толық айырмадым» деп ақталған. Сол кезде оған Жалмағамбет Қызылбаев пен Қарабай Жаншұбақовтан 1930 жылы алынған тергеу хаттамаларын көрсетіп, «астыртын кездесулерге қатысқанын» алдына тартқан.

«Халық жауы» Ізбай Қощановтың қылмыстық ісін тергеу 1938 жылдың 2 наурызы күні аяқталған. Айыпталушының екі жауабы, 16 адамның қосымша жауаптары тіркелген іс Алматыға жолданыпты. 1938 жылдың 17-сәуірінде Қазақ ССР ІІХК (НКВД) Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының 4 бөлімі қылмыстық іспен танысып, «айыпталушының қылмысы толығымен дәлелденген» деген шешім шығарады. Тіпті мұны қиыннан қиыстырып «Рысқұлов, Нұрмақов, Қожанов, Құлымбетов бастаған, шетелдегі жапон-герман тыңшылары Шоқаев пен Мәрсеков қостаған топтың» бір бөлшегі деп қарастырған.

ССРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының көшпелі сессиясы 1938 жылғы 12 қараша күні Алматы қаласында Қощановтың ісін сотқа жолдайды. Келесі күні өткен жабық сот отырысында (сағат 12.00.-да басталған) Ізбай Нұржігітұлы өзіне тағылған айыпты мойындамай, бұрынғы «жауаптарынан» бас тартатынын мәлімдеген. Соңғы сөзінде «Мен адал өмір сүрдім, адал қалпымда қаламын» депті. Советтің «әділ» соты Қощановты ең ауыр жаза – атуға кескен. Үкім сол күні орындалған.

Ақтау

Қощанов Ізбай Нұржігітұлы ССРО Жоғарғы соты Әскери алқасының шешімімен 1964 жылы 23 сәуірде «іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан» ақталған. ССРО Бас прокурорының орынбасары А.Мишутин қол қойған тұжырымдамада Қощановты айыптауға негіз болған «куәлердің», «сыбайластарының» бәрі де кейіннен ақталып, кінәсіздігі дәлелденгені, Қощановқа тағылған айыптардың негізсіздігі, айыпталушының өзіне тағылған айыптарды мойындамағаны айтылады.

Оқырман Ізбай Нұржігітұлының отбасы, туыстары туралы білгісі келетіні сөзсіз. Кейіпкеріміз отбасылы болған, қызы Ордада жүргенде ауырып қайтыс болыпты. Әйелі де туберкулезбен ауырған, Ізбай Қощанов тұтқындалар алдында ғана ауыр науқастан дүние салған. Оралда Қощановтар отбасы бұрынғы Батурин мен Плясунков көшелерінің қиылысында, екі қабатты үйде тұрыпты. Тұтқындалған кезінде айғақ ретінде тартылған көршілерінен 1961 жылы тағы да жауап алынған.

«Осы үйде 5 отбасы тұрдық. Олардың екі терезесі Батурин көшесіне, 4 терезесі Плясунковқа қарайтын. Бұл пәтер облыстық партия комитетіне тиесілі еді. Бір жылға жетер-жетпес уақыт қана тұрды олар. Әйелі төсек тартқан ауру еді. Ал күйеуі ұзын бойлы, өте таза, қымбат киінетін. Түсі суық, қуқыл болғасын біз сыртынан «Кащей бессмертный» деп атайтынбыз. Күзде, әлі қар жаумай тұрып әйелі қайтты. Оның қатты қайғырып, жылағанын көрдім. Жаным ашып, «қатты ауырғанын, өлетінін біліп жүрсің, дайын болуың керек еді ғой» деп жұбаттым. Сонда ол: «Ай, менің басымдағы зобалаңды уайымдамағанда әлі тірі болатын еді-ау!» деді. Сосын менің күйеуіме бұрылып: «Сашка, мен кінәлі емеспін ғой, мені бекер айыптайды!» деді. Көп кешікпей оны ұстап әкетті...» – депті Анастасия Ладыгина. Осы айтылғандарды аталмыш үй тұрғындары Анисья Филипова, Александра Семенова да қостап, Қощановтың үйінде әлдебір қарт кісі бірге, жас балалар тұрғанын, бірақ олардың кім екенін білмейтінін, ол пәтерде қазақы кілемдер, қазақы сандық, күйтабақтарымен патефон, кітап толы сөре, т.б. заттар болғанын айтқан.

Іздеу

Артында ұрпағы да қалмаған, 32 жасында атылып кете барған Ізбай Нұржігітұлының тағдыры туралы әңгіме осымен тұйықталған шығар деп ойлағанбыз. Атылар алдында түсірілген суретінде де Қощановтың көзінде еш сәуле жоқ, дүниеден баз кешкен жанның кейпі көрінген. Алайда Ізбайды іздеуші бар екен.

1964 жылы 26 қарашада сонау Түрікмен ССР-і, Тахта-Базар қаласы, Мургаб көшесіндегі 10 үйде тұратын Смағұл Байқұлов Қазақ ССР Жоғарғы Советінің президиумына хат жолдапты:

«Менің әкемнің туған інісі Қощанов Ізбай Нұржігітұлы 1937 жылы Орал қаласында тұтқынға алынды. Үй заттарын тәркіледі. Сол уақытта мен ағамның қолында едім. Мен оны «папа» дейтін едім. Әкем өлгесін 1935 жылы Гурьев облысы, Шевченко ауданына келіп, мені өз қолына алған. Ол уақытта Орда ауданында райкомның бірінші хатшысы еді. Соңынан Орал қаласына обкомға аударды, ұсталардың алдында 1-2 ай бұрын облыстық газеттің редакторы болып істеді. Әйелі ұсталардың алдында қайтыс болды, өз баласы жоқ, баласы тек мен едім. Үйде қызметші татар әйелі болды. Есімі Фатима, Ордадан еді. Мәриям, София, Дәулетжан деген балалары болды. ...Папамды түнде келіп әкетті. Фатима екеуміз таңертең НКВД-ға тамақ апардық. «Бұл жерде жоқ» деп тамақты алмады. Ертеңіне түрмеге бардық, «мұнда да жоқ» деді. Содан бір көрмей кеттім... Ол жерде күнелте алмағасын Шевченко ауданына тумаларыма кеттім. Менің алдымда шешем пақыр да жайлы жеріне барған екен. Қалған 5 баланы жетімдер үйіне алыпты. Мен де сонда қабылдандым. 1943 жылы 18-ге толып, соғысқа алындым. 1945 жылы ауыр жараланып, елге қайттым. 1946 жылы Түркіменстанға қоныс аудардым. Папамның туған інісі Қощанов Сисенғали да соғыстан контузия алып, ауруханада жатыр...» деп баяндайды хат авторы.

Смағұл Байқұлов жазықсыз жазаланған боздақтың тәркіленген заттарының тағдырын сұраған және ұрпағына қандай көмек болатынын білгісі келген. Осыған орай арнайы комиссия құрылып, Қощанов тұтқындалғанда тәркіленген қару-жарақ, оқ-дәрінің құны 110 сом 79 тиын болатыны анықталған. Марқұмның соңғы қызметі – облыстық білім басқармасының инспекторы болғандықтан, осы мекемеден екі айлық жалақы мөлшерінде өтемақы төленетіндігі хат авторына хабарланған. «Тек мұрагерлік туралы құжатыңызды көрсетуді ұмытпаңыз» депті Орал облыстық МҚК (КГБ) бастығы 1964 жылдың 22 желтоқсанында Түркіменияға жолдаған хатында. Бұл оқиғаның соңы қалай аяқталғаны бізге белгісіз. ҰҚК архивіндегі №2463 істің соңғы парақтары осымен аяқталған.

P.S. Бір кездері «Екпінді құрылыс» газетінің редакторы тұрған, тұтқындалған үйді көрмек болып бұрынғы Батурин мен Плясунков көшелерінің қиылысын іздедім. Қазір Ықсанов пен Жүнісов есімдерін иемденген бұл қиылыста бүгінде №21 мектеп орналасыпты. Сол маңда қыдырып жүрген қария 1970 жылдарға дейін бұл жерде көпес үйлері болғанын, кейін бұзылып, орнына жаңа ғимараттар салынғанын айтты. Соңғы қоңыраудың қарбаласымен у-шу болып жатқан мектеп оқушылары бұл жерде қандай трагедия өткенін білмейді де. Лайым, ондай күндер қайталанбасын!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

Орал қаласы

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?