Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Мектепті қастандықпен салды» деген жаламен Сібірге айдалған

1954
«Мектепті қастандықпен салды» деген жаламен Сібірге айдалған - e-history.kz
«Қайнар орта мектебін қастандықпен күн түспейтіндей етіп көлденең салдырған» және «жапонның жасырын агенті» деген жалған жаламен Жарылғасынның Нәсенін 1938 жылдың 8 шілдесі күні ұстаған

Қазақ тарихының ашылмаған қырларына қатысты, әсіресе көптеген тарихшыларымыздың қолы жете бермейтін алыс-жақын шетелдік архивтерде отырып, көз майын тауысып, білек қарын талдырып өндіре еңбек етіп жүрген қайраткер адам бар. Өзінің мамандығы басқа сала, яғни қаржыгер, экономист бола тұра, ұлттық тарихтың ұңғыл-шұңғылын, көлеңкелі тұстарын аршуда көп үлес қосып келе жатқан Болатбек Нәсенұлының тарихи-танымдық еңбектеріне қазақтың кәсіби тарихшылары жоғары баға берген.

Болатбек Нәсенұлы Нәсенов 1937 жылы бұрынғы Семей облысы Қайнар кентінде дүниеге келген. Ташкенттің қаржы-экономикалық институтын бітірген. 1982 жылы Қаржы министрлігінің коллегия мүшесі, аталған министрлікке қарасты Кірістер мен шығыстар басқармасының башысы, Салық басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Зейнет жасына шыққаннан бергі уақыттарда тарихи материалдарды, архивтік құжаттарды жинастырып кітап етіп бастырып келеді. Б. Жарылғасын немересінің қолынан 24 том кітап жарық көрді. Мұрағатшы Болатбек Нәсенов жинаған деректерде қазақ халқының XVII-XVIII, XIX-XX ғасырлардағы тарихи оқиғалары мен оның тұлғалары жайлы көптеген дәйекті деректер бар. Абылай мен Әбілқайыр хан, Қабанбай батыр мен дала маршалы Кенесары, Абай мен Шәкерім, Мәди Бәпиұлынан бастап тарих көшінің көрнекті өкілдері кешегі Желтоқсан қаһармандарына дейін шеру тартады. Осының ішінде өзінің туған ауылы Қайнар кентінде өмір сүрген қарапайым қазақтардың 1937 жылғы сталиндік репрессия кезеңіндегі талайлы тағдыры, талаулы мал-жаны жайлы құнды мәліметтер келтіре отырып, өз әкесі Нәсен Жарылғасынұлының сұм жүйеден көрген жәбір-жапасын естен шығармайды.

Есімі елге белгілі жазушы, деректі жанрдың майталманы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» атты деректі тарихи хикаятында «Болат Нәсеновтің «Абыралы қанды жылдарда» кітабының 442-бетін­де бір ғана Абыралы ауданынан 1937-1943 жылдар аралығында 58-баппен айыпталған 42 адамның, 527-бетте КГБ мұрағатын қарауда қосымша та­былған және 50 шерменденің тізімі берілген. Демек, 5 мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар шағын ауданнан «Социалистік құрылыстың зиянкесі» немесе «Жапонияның жасырын агенті» деген қаралаумен 92 адам атылған немесе ұзақ жылдарға сотталған» деген деректі келтіреді.

Арғынның Қаракесегінен тараған қалың ұрпақ Жалықпас деп аталып, бір шеті Қарағандының Қарқаралы, Қарағайлы, мына шеті Абыралы, Қайнар, Дегелең өңірі болып өмір кешкен. Осы Жалықпастың бесінші ұрпағы, яғни неменесі Құлынбайдың да бес баласы болған екен. Оның Бәжім, Кірпібайынан ұрпақ қалмай, тек Жарылғасын, Досмағамбет деген екі ата өседі. Ал Жарылғасынның үлкені ұлы Нәсен туған інісі Мұсатай мен Досмағамбет ұлы Әлнәсірді бас-көз болып қарайлап жеткізеді.

Нәсен досы Зайыт Әнежановпен

Нәсен Жарылғасынұлы бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданының 7-ауылында 1904 жылы дүниеге келген. Алғаш Тоқмет қажы ауылында сауат ашып хат таныған, кейін Қарқаралыдағы, Семейдегі оқу орындарын 1920-1921 жылдары тәмамдаған. Мұғалімдік қызметке ертерек араласқан.

«Ағайынды екі атамыздың ересектері өмірден ертерек қоштасып, заман астаң-кестең болған соң, ауылдың ендігі үлкені Нәсен болып қалады. Інілері Мұсатай мен Әлнәсір 10 жастай кіші: Нәсеннің еті тірі болып осы ұрпақтан тұңғыш болып оқуға ынта білдірген» деп жазады әулеттің үлкендері жайлы Б. Нәсенов.

Шаңырақтың беткеұстары әрі қолына бір қауым ел қарағандықтан, Нәсен өзі де жастайынан іске құмбыл, шаруаға пысық болып ер жетіпті. Әкесі Жарылғасын болса, бұл өмірден ерте кеткен, ағасы Досмағамбет те дүниемен жастай қоштасқан екен. Алайда, тұтас қазақ даласын шарпыған ашаршылықтың кесірінен бүкіл ауылды сақтап қалуға еш мүмкіндігі қалмаған. Әр үйдің өз ересектері елдің ортақ мүддесін қойып, әркім өз тіршіліктерін жасап 1923-1926 жылдары жан-жаққа тарай бастайды. Осы бір зұлмат жылдары Нәсен тек екі-үш отбасыны ешқайда шашыратпай бір жерде ұстап, аман алып қалады. Туған інісі Мұсатай мен Досмағамбет ағасының ұлы Әлнәсірді және төрт қарындасын өз қамқорлығына алған да осы Нәсен болатын.

Мұсатай Алматыға есеп-несие техникумына түсіп, есепші деген мамандыққа ие болған. Ал Әлнәсір Нәсен ағасы Қарқаралыда оқуда жүргенде Семейге бара жатқан кірешілермен бірге кетіп қалады. «Оқудан қайтып келген соң Нәсен немере інісін Семейден іздеп табады. Сөйтсе бауыры қаладағы тентек балаларға қосылып алып, бұзақы істермен айналысып жүр екен. Нәсен бауырын елге алып қайтады», – дейді Б. Нәсенов.

Елге оралып, бауырларын түгендеп, көңілі жайланған соң ол Семейдің Жарма, Шар өңіріне аты белгілі қайраткер Нұрғали Файзоллаұлының қарындасы Аққалиға үйленеді. Бұл кісі атақты академик, әдебиетші ғалым Рымғали Нұрғалидың апасы болып келеді. Осылайша басы құралып, ортаға берекесі кіре бастаған отбасыны 38 жылдың ызғары күтіп тұрады.

Шар қаласы аудандық атқару комитеті бастығының орынбасары Нұрғали Файзоллаұлының үйінде. Солдан оңға қарай: Аққали Файзоллақызы (Нұрғалидың қарындасы, Нәсеннің жесірі), Болатбек Нәсенұлы 12 жаста, Нұрғали Файзоллаұлы және оның алдында қызы Әсима, Төлеубек Мұсатайұлы, Нұрғайша және оның алдында 4 жастағы Жеңіс, ең шетте Рымғали. Екінші қатарда: Тұрсынғали, Үміткер, Нәзігүл.

Абыралы ауданындағы көптеген ауылдардың алғашқы мұғалімдерінің бірі Нәсен аудандық оқу бөлімінің инспекторы, меңгерушісі қызметтерін де атқарған. Қайнар орта мектебінің жобасын қолмен сызып жасаған. Сонысы басына бәле боп жабысқан.

«1941 жылдан бастап барлық колхоз орталықтарында орталау немесе бастауыш мектептер ашылып, мәдениет ошақтары бой түзей бастайды.  Ал «Қайнарда бес жыл бұрын бой көтерген орта мектеп үйі «қате салынған» деген ойдан шығарылған желеуге мән беріліп (Осы үшін күні кешегі зобалаңда сол мектептің алғашқы директоры Әрін Иманақышов пен оқу бөлімінің бастығы Нәсен Жарылқасынов «халық жауы» атанып, Сібірге жөнелтілген. Сол сапардан Әрекең екі-үш жылдан соң аман қайтып, Нәсен байғұстың Сібірде опат болғаны туралы қаралы хабар келген», – деп жазады қаламгер М. Сәрсеке.

Дәл осы аталған жағдайдың ісімен, қалың екі буманы құраған қылмыстық материалмен танысқан жазушы таңданысын да жасырмайды. Онысы – бір шаңырақтың ағайынды екі кісі бірін-бірі көрсеткен, бір ауылда, ауданда бірге қызмет ететін адамдар бірін-бірі ұстап беруге дейін барған. Осыдан он жылдай уақыт бұрынғы «Шұбартау, Дегелең, Абыралы көтерілістеріне мынау қатысқан», «анау да арасында болған», «сол жақтан қашып жуықта ауылға келді» деген көрсетінділер ел арасында беделі артып келе жатқан жақсылардың аяғына тұсау, жолына арқан болып тартылады. Мұндай нақақ жалалар ауданның НКВД бастығы Кайгородцевке күнбе-күн жетіп отырғандықтан, «құланның қасуына – мылтықтың басуы» дегендей, үштік органның «қырағы» сақшылары қапы қалмаған. Садық Рысымбетов, Сәлмен Бегежанов, М. Жөкембаев, Ә. Иманақышов сияқты білімді, білікті азаматтардың қатарында «Қайнар орта мектебін қастандықпен күн түспейтіндей етіп көлденең салдырған» және «жапонның жасырын агенті» деген жалған жаламен Жарылғасынның Нәсенін 1938 жылдың 8 шілдесі күні ұстаған. РСФСР Қылмыстық кодексінің атышулы 58-статьяның 2 және 7-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 1939 жылдың 6 ақпанындағы облыстық соттың шешімі бойынша Сахалин өлкесіне 10 жылдық түрме жазасын шығарған. Есіл ер 1941 жылы 37 жасында қайтыс болды.

Қайнардан шыққан мықты қайраткерлер салған сол мектеп алыстан менмұндалап тұрғанымен, шатыры орнатылмай, есік-терезесі мен едені салынбаған күйінде қалады. Кейіннен оның кірпішін тыңнан үй салғандар бұзып алды. Жазушы М. Сәрсекенің жазуынша,  өздері және олардан кейінгілер де жиырма жылдан астам уақыт «Қабырғасы көлденең салынған» делінген алғашқы мектепте оқып білім алған. Қазіргі еңселі, үш қабатты мектеп ғимараты 80-інші жылдардың ішінде салынды, ол көрнекті балалар жазушысы Сапарғали Бегалиннің есімімен аталады.

Нәсеннің екі ұлы: бірі біз есімін айтып өткен Болатбек, екіншісі Серікбек дегені энергетика маманы, ұзақ жылдар бойы теміржол саласында қызмет еткен. Болатбек аға екі рет отау құрған, алғашқы жары Бикеннен Несіпбай, кейінгі серігі Кенжеш Секенқызынан Асқар, Айгүл, Асан есімді балалар көрген. 90-ыншы жылдары есімі дүркіреп тұрған «Рыжий Алмаз» лақап атымен танымал Несіпбай осы репрессия құрбаны Нәсеннің немересі. Бұл азамат та тоқсаныншы жылдардың дүрбелеңінде аман қалмай, 37 жасында Испанияның Барселона қаласында өлтірілді. Ал Серікбектің Қанат, Нұргүл, Айнұр атты балалары бар. 

Бір ғана әулеттің басындағы мұндай оқиғалар кез келген қазақтың шаңырағына түскен ауыр қайғы еді. ХХ ғасырдағы сталиндік репрессия салдарынан қазқа халқы тұтастай оқыған, көзі ашық, елдің беткеұстары болатын азаматтарынан түгелге жуық айырылды. Мұнан аман қалған ұрпақтан санасы жетілген, ойы-көзқарасы қалыптасқан жаңа буын өскенше біраз жылдардың кететіні белгілі жайт. Қалай болғанда да қазақ тарихында сауаты бар кез келген қазақты түбірімен жойып жіберген репрессияның сұмдығы – келешек ұрпақтың дамуы үшін аса маңызды сабақ, тарих.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?