Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Хас танкіші

2306
Хас танкіші - e-history.kz
«Вереиста деревнясы үшін болған ұрыста Қазақстан комсомолының өкілі, лейтенант Рахметов ерлікпен қаза тапты». Тверь облысы Оленин ауданының Аза кітабы (Ресей)

Әдетте «Батырлар жырын» оқыған сәттерде «хас батыр, хас сұлу» деген тіркестерді жиі естіп білеміз. Әскери саланың терминдер жүйесінде астар туралы сөз болса, ұшқыштар туралы айтылады. Танкіші батырларға осындай атауды қолдануға болады, бірақ біздің ұғымымызға өте жақын «хас» сөзі болғандықтан, орнына осы ұғымды қолданамыз. Бұндай құрметті атақ Ұлы Отан Соғысы жылдарында ұрыста жаудың бес немесе одан да көп жауынгерлік машинасын құртқан адамға ғана берілетін. Біздің жерлесіміз – Жұмаш Рахметов жауға үрей ұялататын осындай хас танкішілердің бірі болған.

Рахметов Жұмаш Рахметұлы – гвардия аға лейтенанты, 3-ші мехкорпустың 1-ші гвардиялық танк бригадасының 1-ші танк батальонының 2-ші ротасының взвод командирі. 1919 жылы Қарағанды облысының Қарсақпай ауданында дүниеге келген. Ұлты қазақ.

Ол 1939 жылы Сызрань танк училищесіне оқуға түсіп, оны дәл соғыс басталар алдында тәмамдайды. 1941 жылдың күзінде оны генерал Катуковтың әйгілі 1-ші гвардиялық танк бригадасына бағыттайды. Жұмаш Рахметов жөндеу ротасында қызмет атқарғандықтан, көп уақытқа дейін ұрыстарға қатыспайды. Ол алғы шепке сұранды, алайда басшылық ұзақ уақыт рұқсат бермей жүрді.

Әйтеуір 1942 жылғы шілдеде Жұмашты КВ танкісінің командирі қылып тағайындайды. Ол бірінші ұрыста-ақ, барлауға шығып жаудың атыс жүйесінің бекінісін аңғарады. Рахметовтың экипажы жаудың бес дзотын, екі зеңбірегін, 30-ға дейін гитлершіні жояды, оған қоса штабқа тұтқын алып келеді.

1-ші гвардиялық танк бригадасының ардагері Н.И. Тепов есіне алады: «Рахметов әрқашан ержүрек, көңілді, жігерлі және салмақты болатын. Ұрыс кезінде батыл болатын, ешқашан абдырап-саспайтын және атқанда дәл тигізеті. Мен оған өзіме сенгендей сенетінмін, ал бұндай адамдар ұмытылмайды».

1942 жылдың қыркүйегінде советтік қолбасшылық жау қорғанысын бұзу және Батыс-Оленинск тобын жою бойынша «Марс» операциясын дайындай бастайды. 25 қарашада танкистерге Михеево деревнясын алу және шабуылды әрі қарай жалғастыра беру туралы  тапсырма қойылады. Ауылда 40-қа дейін дзот, танкіге қарсы артиллерия, самоходкалар, жерге қазып орнатылған 11 танк және екі батальонға дейін жаяу әскер болған. Деревня алдында атқыланатын мина қойылған дала жайылып жатты. Бұл ұрыста Михеевоға бірінші болып кіріп, жаудың 13 дзотын, үш зеңбірегін және 50-ден аса гитлершіні жойған взвод командирі Рахметов көзге түседі, осы үшін ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

1942 жылдың 1 желтоқсанында Жұмаш Новая Боярщина деревнясы үшін болған ұрыста көзге түседі. Оның басқаруындағы 2 танк жау тылына өтіп, 12 дзотты, 80 гитлершіні жойып, қару, 3 миномет пен 5 пулемет қолға түсіреді. Осы батыл маневр совет жауынгерлеріне жаудың тірек пункті болып табылатын  Новая Боярщина мен Худулиханы басып алуға мүмкіндік берді. 19 желтоқсанда Жұмашқа гвардия аға лейтенанты әскери шені беріледі.

1-ші танк бригадасының ардагері Петр Заскалько есіне алады: «Сонау алыстағы 1942 жылғы желтоқсанның 23-нен 24-не қараған түнін біз Жерносеково деревнясы жанындағы орманда қарсы алдық. Төбесі жоқ жеркепеде, дұрысырақ айтқанда, ортасында газойлдың бөшкесі жанұшыра түтіндеп тұрған жай шұңқырда отырдық. Сақылдаған аяз, жұлдызды аспан мен бұтақты қарағайдың қар басқан бұтақтары. Қара көзді, дөңгелек жүзді жігіт лейтенант Рахметов түнгі аспанға ұзақ қарап тұрды да, ақырында, ойланып тұрып: «Біздің Қазақстанның да төбесінде дәл осындай жарық ірі жұлдыздар, тек Жетіқарақшы бұнда аздап батысқа қарай жылжып кетіпті»  деген еді. Осы кезде: «Машина командирлері – комбатқа!» деген шабарманның дауысы шықты. Батальон командирлеріне сырттан айналып өту маневрімен, немістердің тылына кіре отырып, кенеттен Кореневканы шабуылдау және қоршау сақинасын бұзып шығу тапсырмасы қойылды. Жауынгерлік тапсырманы орындау үшін төрт танк экипажы айқындалды.

Лейтенант Рахметовқа топты бастауға бұйрық берілді. Бірнеше минут өткен соң, түнгі тыныштықты қырау басып тұрған отыз төрттердің зор қозғалтқыштарының гүрілдеген дауысы бұзды. Бірінен соң бірі танкілер сайға түсіп бара жатты. Кішкентай ғана өзенді жағалап отырып, өз нысаналарына қарай дәл бағыт алды. Кореневка деревнясы болуы керек орынға келіп жетеді. Машинасын тоқтатты да, Рахметов шығып, алдыңғы жаққа қарай бастады. Тып-тыныш, ештеңе көрінбейді. Осы уақытта автоматшылар да келіп жетті, олар төрт адамнан танкке отырғызылды.  Шабуылға бәрі дайын болды. Аспанға қызыл ракета ұшырылды. Танктердің моторлары гүрілдей жөнелді.  Әрең көрініп тұрған қар басқан төмпешіктерді екі рет атып, атысты тоқтатпастан, машиналар алға қарай жылжыды. Бұл жерде екі танкіге қарсы батареясы бола тұрса да, фашистер бұл жақтан шабуыл күтпеген еді, қарулары Осиновка мен Смольковоға бағытталып тұрған еді. Кореневкаға кенеттен соғылған соққы жоғары тұрған неміс қолбасшылығы үшін де күтпеген жағдай еді.  Бізді Кореневка тірек пунктін толығымен басып алды деп шешіп, олар Борятино жағынан жиілеткен артиллериялық-минометтік атыс ашуды бұйырады. Бірақ олардың снарядтары мен миналары біз жоқ жерге түсіп жатты. Біз алға қарай жылжи бердік».

Кореневкада қарсыластың 5 зеңбірегі, миномет батареясы, 6 дзоты, 8 атыс нүктесі жойылды. Жау шегіне бастады, ал танкистер Вериста деревнясына қарай жылжыды. Тағы да авангардта Жұмаш Рахметовтың танкісі болды. Вериста ұрыспен алынды. «Алайда біздің табысымыз ауыр қазамен күңгірттенді, – деп жалғастырады Петр Заскалько. – Рахметов деревняның орталығында жалғыз тұрған еменнің түбіне келіп танкін тоқтатты. Люктен белуардан шығып тұрып, басқа экипаждарға, деревняны атқылап жатқан неміс қаруы орналасқан жақты нұсқап, көрсете бастады. Осы сәтте найзағай жарқ етті де, гитлердің кесек болаты броняға келіп тиді. Рахметов баяу машинаға түсе бастады. Жарқын жүзді Жұмашымыздың өмірі майдандас жолдастарының қолында үзілді».

Ұрыстың жарты жылында Жұмаш Рахметовтың гвардиялық экипажы жаудың 11 танкін және көптеген техникасын жойды. Неміс басқыншыларымен болған ұрыстардағы ерекше батылдығы мен батырлығы, қолбасшылықтың тапсырмаларын тамаша орындағаны үшін гвардия аға лейтенанты Рахметов Жұмаш Рахметұлы өлгеннен соң Совет Одағының Батыры атағына ұсынылды. Жауынгер өлгеннен соң I дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Рахметовке және сарбаздың жоғары наградасы бұйырды – ол 1-ші гвардиялық танк бригадасының 1-ші батальонының қатарына мәңгілікке енгізілді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?