Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихты таңдау отаншылдық сезімнен туындайды

2651
Тарихты таңдау отаншылдық сезімнен туындайды - e-history.kz
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің ұйымдастыруымен мектеп бітіруші жас түлектерге арналған «Ашық есік күні» өтті

«Адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін нәрсе – білім», – деп заңғар жазушы М.Әуезов айтқандай, республикамыздың әр түкпірінен келген, арысы дүниежүзіндегі қазақтардың шетел асып келген білімді жастары Елорда төріндегі  Лев Гумилев атындағы  ЕҰУ-нің тарих факультетінде білім алып жатыр.  Іргелі оқу ордасында Отан тарихын, ел тарихын Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеп жүрген ғалымдар мен жас тарихшы мамандардың алтын іргесі.

«Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын» деген шығыс ғұламасы Әл-Фараби. Ұлы дала тарихын сан ғасырлық мұрасын ұрпақ санасына сіңіру, Ұлт тарихының өзекті мәселелерін кеңінен насихаттау, жастардың ұлт тарихына деген көзқарастарын қалыптастыру ЕҰУ тарих факультетінің басты мақсаты.

Жылда тарих факультетінде «ашық есік күні» шарасы өтеді. Мектеп бітіруші түлектер мен жас тарихшыларды бакалавр, магистратура, докторантура бағыттары бойынша білім алуға шақырады. Тарих факультеті ел тарихын білуге құмартқан түлектерге тарихтың сан-саласын үйретіп келе жатқан оқытушылардың біліктіліктерін де арттырып келеді. Факультет ұстаздары оқу үдерісін заман талабына сай жетік меңгеріп, педагогикалық қабілеттіліктерін ғылыми-зерттеушілік бағытта да шыңдап келеді. Сол ұстаздар қауымы ресупбликамыздың әр түкпірінен келген жас тарихшыларға тарихты меңгертіп, қазақ халқының салт-дәстүрін, ата тарихын үйретуде мейлінше ықпал етуде. Оған дәлел тарих факультетінің студенттері білімнің бастауын осы ұстаздардан алып, биік белестерге көтерілуде. Міне, осындай кәсіби әрі білім беру әлемінде жоғары деңгейде аянбай еңбек етіп білім беретін – тарих факультеті.

Бүгінгі «ашық есік күні» аясында мектеп бітіруші түлектеріне, оқытушы ұстаздарға факультет тыныс-тіршілігі мен оқытушылық құрамы, жеткен жетістіктері туралы деректі фильм де ұсынылды. Аталған мазмұнды шараға Ақмола облысы және Астана қаласының мектеп бітіруші түлектері, тарих пәнінің мұғалімдері және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессор-оқытушылары, тарихшы ғалымдар қатысты. Алдымен жас түлектерге ақ жол тілеп, тарих мамандығының қыр-сыры туралы тарих факультетінің деканы Тілеген Садыков «ашық есік күніне» арналған шараның кіріспе сөзінде тоқталып өтті.

«Міне сіздер үшін толғанысы мол, қуанышы қатар келетін 2017 жыл келіп жетті. Ел тарихындағы әрбір жыл өзінің есте қалатын маңызды шарасымен халық жадында. Биылғы жыл, білесіздер еліміз үшін маңызды шаралардың жылы. Қысқы әлемдік универсиаданы өткізіп, еліміз табысты жетістіктерге қол жеткізді. Алдымызда әлемге Қазақстанды тағы танытатын үлкен шара тұр. Ол ЭКСПО-2017. Ал сіздердің жеке бастарыңыз үшін жеке қуаныш мектеп бітіру сәттеріңіз. Яғни үлкен өмірге қанат қағып, дербес өмірге, отанымызға қызмет істейміз деген талаппенен аяқ басатын кездеріңіз келіп жетті. Осы бір толғаныстарыңыз үлкен бір қуанышқа жалғансын. Бәріңізді шын жүректен құттықтаймыын. Мамандық таңдау деген оңай емес. Осында отырған докторлар, профессорлар, өздеріңе баталарын беретін ғалымдар ол кезеңдерден өтті. Өмірлеріңізге құтты қадам жасайтын мамандық таңдауда жүректеріңіз бен көңілдеріңізді тыңдағандарыңыз дұрыс. Сондықтанда толғаныспенен Еуразия ұлттық университетінің 13 факультетінің ішінде біздің бет бейнесі бар, орны бар тарих  факультетінің шақыруымен келіп отырған осы жас түлектер, олардың ішінде түлектерді ертіп келіп отырған біздің әріптестеріміз мектеп мұғалімдері сіздерге алғысымды білдіремін. Сіздерді біздің университеттің қабырғасынан білім алуға шақырамыз. Бүгінгі шараға тарих пәніне қызыққан талантты жастар келіп отыр. Қалай болғанда да қанаттарыңыз талмасын, биіктен көріне беріңдер»,-деді факультет басшысы.  

Факультеттің  «ашық есік күніне» қазақтың белгілі ғалымы, қимақтар тарихын зерттеген қыпшақтанушы, ҚР ҰҒА академигі Көмеков Болат арнайы шақырылып, мектеп бітіруші түлектерге ақ батасын берді. Ғалым ағамызда өз құттықтау сөзін арнай келе ұлттың рухани мұрасын насихаттаушы тарихшылар мен әдебиеттанушылардың қолында екенін айтты.

«Құрметті қонақтар! Құрметті ашық көз жасөспірім. Бүгіннен бастап сіздерде тағдыр шешуші жол басталды. Ол мамандықты таңдау. Жалпы ғылымдардың, мамандықтардың жаманы жоқ. Тек қана жақсы–жаман маман болуы мүмкін. Дегенмен жаратылыстану бағыттарының ұлттық қасиеті жоқ. Мәселен математика, химия, физика ғылымдары ол америкада да, еуропада да, Қытайда да бір бағыт, бір ғылым. Ұлттық қасиет тек қана тарихта, филологияда, әдебиетте болады. Осы мамандықтар арқылы біз мемлекеттің іргесінде қуаттаймыз. Байтақ жерімізді де сақтаймыз. Рухымызды да биіктетеміз. Тарих мамандығы бұл енді нағыз қазіргі тәуелсіздікке жеткеннен кейінгі біздің шаңыраққа керекті мамандық»,-деді Болат Ешмұхамедұлы.

Шара барысында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Молдажанова Асемгуль, ЕҰУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Аралханов Мақсат, жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі, «ҚР үздік педагог-2015» байқауының жеңімпазы Рахимова Гульнар, тағы басқа тарихшы ғалымдар, факультет оқытушылары атына жылы лебіздерін білдіріп, шексіз алғыстарын жеткізді.

Райқұл Әлихан, №58 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы:

Қазақта ұлттық болмысты жас ұрпаққа насихаттап, сіңіру үшін, ең басты талап етілетін дүние тарих пен әдебиет пәндері. Сондықтан да осы екі пәнді таңдауымныңда себебі осында. Әрбір мен сияқты жастардың отан алдындағы басты қағидасы мен мақсаты: еліне қызмет ету, ұлтын сүю, тарихын білу. Мемлекет үшін адал қызмет ету менің басты қағидам. Мемлекет үшін қызмет істеу үшінде сапалы білім алып, еліміздегі ең үздік ЖОО оқыған дұрыс. Менің таңдауым Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ. Оның ішінде тарих факультеті. Менің тарих пәнін таңдаймын деген шешемім 8 сыныпта пайда болды. Қазіргі уақытта алдымыздағы үлкен мемлекеттік білім сынағына байланысты дайындықты бастап кеттім. 5 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейінгі барлық тарих оқулықтарын парақтап оқып, дайындалу үстіндемін. Сынақты жақсы тапсырып, бүгінгі таныстырған ең жетістікті факультеттің қабырғасында студент атанғым келеді. 

Іс-шара ұйымдастырушылары факультетті таныстыруды қызықты концерттік бағдарламамен біріктірді. Факультетпен таныстыру барысында білім алушылар факультет жүйесі мен қызметінің негізгі бағыттарымен, профессор-оқытушылар құрамымен және мамандық түрлерімен танысты. Шара соңында келген қонақтар факультеттің көп жылдық тарихынан сыр шертетін мұражайды аралап, факультет жетістіктерін тамашалады.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?